Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет76/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   107
ҚЫСТАУБАЙДЫҢ ЖАҚЫБЫ
Ауылдың қыз ұзату, келін түсіру, құда болу, бала сүндеттеу сияқты
тойларының көпшілігі жайлау көзінде болатыны мəлім. Осындай тойлар
Алуаны жағалай қонған ауылдарда да жаз бойына біріне-бірі ұласып
жатты. Бұл елдің жігіттерінің, той күндеріндегі үлкен бір ермегі көкпар
тарту. Той тарқай тартуға алған көкпарға аты бар жігіттің бəрі қатынасып,
күні бойы шапқылайды да, түнге қарай басылады. Кейде көкпар ертеңіне,
немесе екі-үш күнге созылады...
Алуаны жайлаған елдің жігіттеріне еліктеп көкпаршы болғым
келгенмен, ебім жетпейді, сондықтан, ойын-тойда менің араласатыным,—
жігіттердің күресу мен үйде болатын сауықта елен, айту. Осынын, екеуінде
де «кеуде жігіт» аталып жүрдім, əсіресе — соңғысында.
Мұхамметқали сияқты бірен-саран өте - өткен домбырашылар, Сыздық
сияқты бірен-саран шағың əншілер болмаса, бұл елде біздің Қабанбайдың
Ғабдолы, Жұбандықтың Кəсені сияқты ірі əншілер жоқ, сондықтан əн де
азғантай. Мен барған жылы бүкіл Алуаның басында «Əліпби» аталатын əн
жаңа шығып, жұртқа таңсық екен. Композитор Александр Затаевичтің
«Қазақ халқының мың əндері» аталатын кітабына менің аузымнан жазылып
кірген бұл əннің сөздері:
Базардан алып келген шай тостаған,
Тар жерде қиын екен əн тастаған.
Анаңнан сені тапқан айналайын
Бəйгеден келген кердей ойқастаған.
Базардан алып келген жезді құман,
Пəлеге ұшырайды сөзді қуған.
Бал шайнап, шекер жұтқан беу қарағым
Көзіңнен айналайын жаудыраған.
Базардан алып келген темір астау,
Сұрасаң біздің қалқа қиғаш қастау,
Алыстан ат терлетіп келгенімде
Əзілге жарамайды қалқам жастау,—
деген сияқты, ылғи «базардан алып келген» деген сөздермен басталады


екен. Екпіндей айтылатын бұл əннің қайырмасы:
О-оу, əліп-би, Лепсің тый
Лəмəсіли ти-тір тө-ө-өу,
Түрлендіріп салдым күй.
деп аяқталады екен. Мешіті, молдасы, қариы, хажысы көп бұл елдің
бозбаласының өлеңдерінде көбінесе:
Əуелі Хамит құдаға зікір сəнə,
Салауат Рəсуліне айтты жəне,
Бір Хамит қатеріме келе қалды,
Жағыма жəрдем бергей хақ тағала.
Тəухиттің көп айт деген кəлимасын,
Отына махаббаттың күйді басым.
Тəсбихбен зікір тəһлил көп айтсаңыз,
Болады хақ қасында сыйлы басың.
деген сияқты араб сөздері көп араласқан, діншілдік мазмұндағы сөздер
кеп болады екен.
Тіршілік тақырыбына арналған өлеңдерінің өзіне де:
Айтайын қысқа сөздің мен толғауын,
Дұшпанның өсегіне жоқ тұрлауым,
Біз түгіл пайғамбарға өсек болған
Болады деп əр Мұсаға бір ферғауын.
Тұтқын боп ғазиз Жұсып қанша жатты,
Шығарып ағалары құл деп сатты.
Анден сұқ Злиханың жаласынан,
Зынданда ғазиз Жұсып жапа тартты.
Неғылды Бани Исра-иль даналары,
Өздері жақсы үлкен бабалары.


Ұрлықшы, өтірікші, өсекші деп,
Жұсыпты қандай қылды ағалары..
Злиха Жұсыппенен болған көп жар,
Жақсыны жаманменен айлама пар.
Тағдырға тəдбир болмас дегендейін,
«Лəу-лə-күн лəммə халақ» деп хадиста бар,—
деп дін сөзін араластырмай қоймайды екен. Осындай əнге, өлеңге кедей
ауылдарға менімен еріп барған тың əндер мен өлеңдердің бағасы əрине,
жоғары болды. Мен «өлеңші мұғалім» атандым.
Алуа басында нелер бір əдемі түндер болады. Кейбір айлы, жұлдызды,
немесе, алашабыр бұлтты тымық түндерде ауылдан көлге қарай беттеп
шығып, жар қабақтана біткен жағадағы жұпар иісті жасыл шалғынның
арасына бауырлай жата кетіп, жан-жағыңа өзіңді тіксең де, құлағыңды
тіксең де нелер бір көркем суреттерді, нелер бір көркем дауыстарды
естисің... Əлдеқайдағы ауылдардан кейде екі əйел қосылып, кейде бір əйел
мен бір еркек қосылып, кейде əйелдердің я еркектердің бірнешеуі қосылып,
кейде бірнеше еркектер мен бірнеше əйелдердің дауыстары сапырылысып
кетіп, тымық түнде жұлдызды аспанға биіктей көтерілген əн құлағыңа
шалынса, ол алтыбақан тепкен қыз, бозбалалардың əндері екенін айтпай-ақ
шамалайсың... Əлдеқайдағы бір сайлардан кісінеген жылқылардың, əн
салған жылқышының дауыстары да кейде шаңқылдай, кейде баяулай
естіліп жатады... О да маған таныс түндер!..
Көл ше?! Алуа ше?!.. Жастық жалынымның шын мағынасында лаулап
жанғанын бірінші рет сол — Алуаның басында ғана білгендей болған
маған, бір қабат шетің ала сақиналанып айнала өскен қамысы бар, күндіз
болмаса, түнде ол шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін көлдің со бір кездегі
ыстықтығы, егер есіме алсам, дəл күні бүгінге дейін сондай ыстық боп
тұрады... Өйтпегенде ше?.. Көлдің теріскей жағасы мен күнгей жағасына
ескен жібек шалғынның арасында нелер түнді өткізбедім мен... нелер тəтті
қиялға батпадым!..
Неден мазасы кететінін кім білсін, қазы қаңқылдаудан, шағаласы
шаңқылдаудан, үйрегі барылдаудан, аққуы сұңқылдаудан, əупілдегі
əупілдеуден, жылқышысы ысқырудан жəне басқа құстары өз үндерімен
дауыстаудан Алуаның үсті бір сембейді... Желді күндері беті толқындаған
көл, түнде ерекше шулап кетеді, ал тымық күндерде жеңіл ғана қимылдаған
судың лықып жағаға кегі, жылжып қана кейін қайтуы, құлағыңа ақырын
ғана айтқан сыбырдай боп естіледі...
Алуаның арғы жағы ше?!. Онда — күні бүгіне дейін жазылмаған жəне


жазушысын тілеп тұрған үлкен бір драма жатыр. Екі ауыз сөзбен айтқанда,
мазмұны мынау: Алуа деген сұлу қызға, Жарылқамыс дейтін жігіт ғашық
болады да, елдің рушылдық тəртібі қатал кезде, əдет-салтын бұзып, алып
қашады. Екі ғашық осы көлдің шығыс жақ жағасына өскен қалың мойылға
жеткенде, арттарынан қуғыншылар да кеп үлгіреді... Жарылқамыс найзагер
батыр жігіт екен дейді. Қуғыншылармен ол соғысады да, кепке топырақ
шаша алмай өледі, оны көрген Алуа өзін - өзі өлтіреді... Ғашықтар сол
араға көміледі, көл содан Алуа» аталып кетеді...
Тас я кірпіш сияқты тұрғылықты материалдардан зират салуға бірен-
саран ғана адам болмаса, көпшілігінің шамасы келмейтін ескі көшпелі
ауылда «топырақ салу» деген болған ғой. Онысы,— көмген өліктің қабыры
жар боп кетпеу үшін, өлгеніне жыл толумен байланысты, бүкіл ел боп
үстіне топырақ үйеді екен, «оба» содан болады екен. Алуаның үстіне де елі
осындай оба салған. Ол биік оба күні бүгінге дейін алыстан көрінеді.
Обаның шұңқырайған ортасына бір бірімен айқаса жуан екі мойыл ескен.
Жұрт ол екеуін мəңгілік ғашықтардың бейнесі деседі... ескі қабырлардан
газ болып фосфорит шығатынын, оның түн мезгілдерінде жанған шамдай
жарқырап тұратынын ғылымнан білеміз. Жабайы халықтың ұғымында, бұл
— - иманды адамның үстіне жанған шырақ». Алуа обасының үстінде түн
мезгілдерінде үнемі жұлындай шаншылған шырақ жанады да тұрады.
Əрине, Алуа көлінің жағасында, жұпар иісті шалғынға бауырымды
төсеп түн мезгілдерінде мен бекерге жатқан жоқпын. Мені жағаға өлі
Алуаның «аруағы» емес, тірі «Алуаның» жалындай ыстық махаббаты
шақырған еді... Ол «Алуа» əлі күнге дейін тірі, үйлі-баранды адамның бірі
боп отыр деп есітемін. Сондықтан, сақал-шашы буырылданған жарының,
үйленген ұлдарының, тұрмысқа шыққан қыздарының көңілдеріне
жарықшақ түсірмеу үшін, көзінде де жұртқа жария боп үлгермеген бұл
драманың бетін əлі де ашқым келмейді... Тек қана оқушыларыма айтарым,
— ол адам, ол кезде он алты, он жетідегі үлбіреген жас қыз...
Қызбен мен ең алғаш алтыбақанда таныстым. Таныстықтың алғашқы
түндері алтыбақанға құрған жіпте қатар отырып, қосылып əн шырқаумен
етті... Бара-бара, қауызынан жаңа ашылған бұл ғажап гүл, мені көбелектей
қызықтырып өзіне тарта түсті... Оның отты қара көзінен жүрегіме түскен
ұшқын есіме түскен кезде жиілете алған демнің лебімен қоздана, жалындай
түсті... «Махаббат жалыны» дегеннің не екенін мен өмірде бірінші рет
сонда ғана ұққан сияқтандым...
Бірақ, гүлге қонған көбелек қандай үнсіз болса, мен де сондай үнсізбін,
көбелектің тіліндей менің тілім де күрмеулі... Махаббаттық қанаттарымды
қыз алдында көбелекше жеңіл ғана желпігенім болмаса, ішкі сырды сыртқа
шығарарлық қуат жүректе де жоқ, тілде де жоқ!.. Бұл қуат маған тек қыздан
оңашаланған уақытта ғана бітеді. Одан оңашалансам - ақ, басыма нелер
əдемі сөздер оралып, кейде қара сөзге, кейде өлеңге оралып жатады... Қыз
қазақша жақсы хат таниды... Оған арнаған хатымды өз қолымнан беруге


батылым жетпейді, бірақ менің сенімді почтальоным бар, ол — Сыздықтың
менен оқитын інісі Қази. Бала жүрсе жымын білдірмейтін ақылды, қу, епті.
Екеуміз өлердей доспыз...
Ғашық қызыма хатты мен осы баладан жібердім. Бірақ, көпке шейін
жауап ала алғам жоқ. Қауызынан жаңа ашылып, сəбилік бесігінен ересектік
Өмірге басын жаңа ғана көтерген күнəсіз жас қызға жауап бере қою оңай
боп па екен.
— «Аңдыған жау алмай қоймайды» демей ме қазақ. «Таң атпайын десе
де, күн қоймайды» демей ме?.. Ақыры, менің де таңым атты!.. Маған енді
Алуаның басы бақыт бесігі сияқтанды... Сондай аспандаған көңілімнің
қанаты бір кезде қырқылғандай болды. Неден күдіктенгенін кім білсін,
туыстары бір кезде қызды үйінен де шығармайтын болды, алтыбақанға да
жібермейтін болды. Еміс-еміс естуімше, қыздың ,бір дұшпаны (неге
дұшпан болатыны айтпай-ақ мəлім), қызға мен жіберетін өлеңдердің
біреуін қолына түсіріп алады да, мінезі қатал қыздың ағасынын, қолына
тигізеді...
Со күннен бастап, ауыл жата, қыз үйінің, есігі ішінен үнемі құлыптаулы
болды, шынжыр тістелейтін қабаған иті түн баласына байлауынан
босатылды... Сондай халде қыздың үйіне жақындап көр!.. Есігін ашып
көр!..
Хал осылай ауыр болғанмен, жүректе лаулаған махаббат отының
жалыны төсекке тыныш жатқызбай, далаға еріксіз шығарады... еріксіз
Алуаның басына əкетеді, еріксіз қыздың аулын күзеттіреді... Көп күзеттер
мағынасыз босқа өткенмен, аңдыған алмай қоймайды дегендей, кейбір
түндері «от пен судан өтіп» дегендей, нелер қиындықтан өтіп көңілімді
тындырып та қайтам...
Сондай сарғая таң күзеткен түндердің біреуінде, бір сайда Қази екеуміз
бұғып жатыр ек, жəне бір саймен еңбектеп келе жатқан адам көзімізге
ұшырай кетті... Бұл əрине, шаруа бағудың, не жолаушылаудың мезгілі
емес... Бұл, тек махаббат жорығының ғана көзі...
Қази екеуміз бұғып, бақылап жатырмыз. Еңкеңдеген адам «Қаратал»
аталатын ауылға қарай тартты. Ол ауылда неше үй бары, қай үйдің қай
жерде отырғаны бізге бес саусағымыздай мəлім... Біз отырған жер ылдилау,
танымайтын адам өрлеп баратқан бет өрлеу... Солтүстік жақта, əсіресе
Ленинград маңында «Ақ түн» аталатын жаз айларында жарық түндер
болатыны, ондай түндерде шамсыз кітап оқуға болатынын біз əдебиеттен,
əсіресе, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» жақсы білеміз... Менің туған
өлкем Солтүстік Қазақстанда, оның ішінде Алуа көлінің маңында, дəл «ақ
түндей» болмағанмен, соған ұқсастау «ақ таңдақ» аталатын бір ғажап сəуле
барын бұл арада айтпай кетуге болмайды. Ол сəуле де, «ақ түн» сияқты
июнь, июль айларында ғана кездеседі. Бұл айларда күн батқаннан кейін
алтын, күміс араласқан ақ - қызғылт шапақ аспанның, теріскей жақ жиегін


жағалай, жылжи береді де, алтын арай таңға ұштасады... Ақ шапақ
мезгілінде сəулеленген жаққа көз тігіп жата қалсаң, күндіз ғана көрінетін
алыстағылар бұлдырлап көзіңе шаншылып тұрады... Со бір ақтаңдақтың
сұлуы - ай, шіркін!..
Ақтаңдақ жақ беттегі «Қаратал» аулына еңкеңдей аяңдаған адам, бізге
таныс — Қозке дегеннің, үйіне барып кірді.
— Жақып, — деді Қази.
— Қай Жақып?
— Қыстаубайдың Жақыбы.
— Не дейді?! —деп қалдым мен.
Олай дейтінім: Қозкенің Зүбəйла атты қызына Жақыптың ғашық екенін,
екеуінің көңіл қосқанын мен естігем. Қызды мен талай рет көрдім. Ол
толықтау денелі, биіктеу бойлы, сопақтау толық бетті, қалын, қабақты, қара
сұр кескінді, еркек пішіндес қыз. Оған құда түсіп, қалың мал беріп отырған
Сақаудың Қазиы дейтін жігіт менің нағашым Жабайдан туған Мəржама
деген кісінің баласы, ендеше, Қази мен екеуміз бөлеміз. Қази да, шешесі де
меңі жақын тартып, туысқан көріп жүреді. Сондықтан, егер, туысқандық
жолмен қарасам, бөлемнің қалыңдығын басқадан қызғануым керек қой?..
Қозкенің үйіне Жақыптың кіруін алғаш көзім шалғанда, со қызғаныш меңің
көңілімде тұтанды да...
Сөйте тұра, аздан кейін мен оны аяп та кеттім. Неге аяғанымды Қазидан
жасырмай:
—Бұ жігітке не болған!—дедім мен, кейіп,— өзінің ақтардан қашып
жүруі қалай, сөйте тұра бозбалашылық құрып, үйге кіруі қалай?!. Жəне дос
емес, қас адамның үйі!.. Қапысын тауып ұстап берсе қайтеді?..
— Рас-ау,— деді Қази,— ақылды жəне сақ кісі дейтін еді, мұнысы несі
екен?!.
— Қызық болсын,— дедім мен,— өзін қорқытайық мұның.
— Қалай?
— Қозкенің үйінен шыққансын осы тұстан өтеді ғой, сонда, жатайық та
қуайық өзін.
Біз соны істемек боп ек. Жақып оған айылын да жиған жоқ. Ол біз
жатқан жырақаның тұсынан өте бергенде:
— Кім, əй, бұл?— деген дыбыс бердім мен.


— Кім керек еді?— деді ол тоқтай ғап.
— Сен керек! — деп мен тұра ұмтылып ем:
— Кел, керек болсам! — деп ол маған қарсы жүрді.
— Біз!.. Біз!..— деп дауыс берді артымнан жүгірген Қази,— біз,
Жақып!.. Мен Қази!.. Бұл — мұғалім.
— Дауыстама! — деп қалды, оған Жақып. Өзі селтиіп, жүгіре
жақындаған бізге қарап тұр.
— Иə, жігітім, аман?—- деп, қасына жақындаған маған ол қолын
ұсынды. Қол берген маған,— кім деп келесін, мені?— деді.
— Жақып деп.
— Мені қайдан білесің?
— Мең айттым,— деді Қази.
— Сен неге айғайладың?— деді Жақып оған.
— Мұғалімді атып тастайды екен дегем.
— Тапқан екенсің, бала, ақымақты,— деді Жақып күліп,— жоққа оқ
шығаратын!.. Неге атам?..
— Ұстай ма деп қорқып...
— Кім, ол мені ұстайтын?.. К., керек оған!..
— Расында да...— деп бастап, мен əлгі бір сəтте тиышсызданғанымды
айтып ем.
— Оныңа рахмет,— деді Жақып,— бұл көлдің басындағы байлардың
мені ұстайтын қақпаны сынған, тұзағы үзілген!..
Кеңесе келе ол мені сыртымнан жақсы біліп шықты. Əкесі Қыстаубай,
менің əкем Мұқанды біледі екен, екеуі жалшылықта жас шағында бірге де
тұрған екен.
Жақыптың айтуынша, Россияның Оралдан ар жағы жаудан тазаланып
болған. Оралдың бер жағында ғана өкімін жүргізіп отырған Колчактың
тағдыры қылға ғана салбырап тұр.
— Сен ойлама,— дейді Жақып маған,— партизан отряды осы маңайда
ғана екен деп. Бүкіл Сібірдің барлық қалың ағашының іші қаптаған
партизан. Ертең көрерсің, Қызыл Армия мынау Орал жақтан келіп, Колчак
Омбыдан сырғыса, ар жағында бас сауғалар жер таба алмайды,


партизандар оны бөлшектей ұрып құртады.
— Осыны халыққа түсіндіру керек! — дейді ол маған.
— Халықтың өзі де Колчактың саудасы бітіп келе жатқанын
шамалайтын сияқты,-— деймін мен.
— Алашорданы білемісің?— дейді ол маған.
— Білем.
— Кім деп білесің?
— «Байлардың жоқшысы» деп, «Совет өкіметінің дұшпаны» деп,
«Колчактың досы» деп.
— Оны білсең адам болады екенсің. Совет өкіметі біздің елде де сөзсіз
орнайды. Сені мен біздің, біз сияқты еңбекшілердің күні сонда ғана туады.
Байлар мен олардың асыранды иті алашордашыларға біз сонда көрсетеміз
Совет өкіметінің кімнің өкіметі екенін.
— Ленинді білесің ғой?— деп сұрайды Жақып.
— Естуім бар.
— Кім деп естідің?
— Бүкіл еңбекшілердің қамқоры деп.
— Уай жігіт,— деп Жақып мені арқаға тағы қағып қояды.— Шын адам
сол. Елді ұлтқа емес, тапқа бөледі. Барлық елдің еңбекшілерін жақсы
көреді. Соның бəріне теңдік əпереді.
— Социализм болады дейді ғой сонан кейін, ол не?
— Мені курстан келді деп отырсын, ба, оның бəрін біле беретін,— дейді
Жақып күліп.— Социализм еңбекшілерге болатын жақсылық дейді. Не
жақсылық екенін оқып білмесек, қайдан білеміз. Оқимыз əлі,— дейді ол аз
отырып,— тек, Совет өкіметі орнасын, одан арғы күн біздікі.
— Бұ жолға қалай түстің?— деген сұрауға:
— Бай мен кедей екі жақ боп күресіп жатқанда - дейді ол,.— таптық
намыспен кірісе қалған іс қой. Əйтпесе, қай бір білім тасып жатыр дейсің.
Қол қоюды зорға білем.
— Не себеп болды бұ жолға түсуіңе?— деген сұрауға:
— Білім де, жақсылық та орыста ғой,— дейді Жақып, — əділеттік те
орыстан шығады. Мені осы жолға сілтеген орыс жолдастарым.


Партизан отрядының ісін сұрағанымда:
— Оны айтуға болмайды жолдас,— дейді Жақып,— оның атын
«соғыстық сыр» дейді. Айтуға болмайды оны, егер керексінсең,— дейді ол
күліп,— жүр де жазыл, ала кетейін!..
Қоштасарда оның қолымды қысып тұрып айтқаны:
— Совет өкіметі туралы, Қызыл Армия туралы өзің ғана біліп қойма,
еңбекшіл көпшілік арасына тарат!..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет