Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет84/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   107
БЕСІНШІ ТАРАУ
«БЕТПЕ-БЕТ»
ҚЫЗДАР ҚАШАН ОҚИДЫ
«Оқуға барам» деген сөзді, мен Нұртазаға əлдеқалай айта салған
жоқпын. Жаманшұбарда, оқушыларға осы шығарманың бірінші кітабынан
аты мəлім Шəйін ағай Тілегенов тұрады. Ол, 1919 жылдың күзінен бастап
Омбыда «Кедей сөзі» деген атпен шыға бастаған қазақ газетін алдырады.
Нұртазамен келісе алмаған күндердің алдында, Шəйін ағайдың үйіне
келетін осы газеттен мен «июнь айынан бас¬тап, Қызылжарда қазақ
мұғалімдерін даярлайтын екі айлық курс ашылады, оған бастауыштан
жоғары білімі бар адамдар алынады, жатақ үй жəне стипендия мемлекеттен
беріледі» деген хабар оқығам. Осы курсқа Шəйін ағай екеуміз бармақ
болғамыз.
Бұл арада Шəйін ағай туралы аз сөз: балалық шағымда ажырасқан оны,
1920 жылға дейін көрген жоқпын да. Оған дейін естуімше, Шəйін ағай ел-
елді аралап іс тігіп, Жаманшұбарға анда-санда бір соғады, үй іші
Жаманшұбарда тұрады...
Шəйін ағай .соңғы сапарынан, 1920 жылдың басында оралған екен. Мен
көрмеген он шақты жылдың ішінде ол кескін, кейіп жағынан біраз өзгеріпті
бұрын шоқша қара сақалы, қою қара мұрты болушы еді, қазір сақалын
қырып, мұртын ғана қалдырған, бұрынғы көмірдей қара мұртқа біріндеп ақ
қылшықтар араласа бастаған: бұрын толықша ақшыл беті қызара бөртіп,
ерекше 
нұрланып 
тұрушы 
еді, 
сонысына 
қарап, 
қалжыңдайтын
«құрбылары «атын, да əйелге ұқсас — Шəйін, өзін, де шəйін кескінді əйел
сияқтысың» дейтін еді, енді қызғылт беті қуқылданып, етектеген жібектей
жылтырайтын деп, тегіс ажары əжімденіп қапты; бұрын толықшалау
болатын еді, қазір сидиған арық.
— Не болды, саған, аз жылда мұншама өзгеріп? —дегендерге.
— Өлмей тірі жеткенге қуансаңдаршы,— дейді Шəйін ағай.
— Е, өлетін не болды? — дегендерге:
— Оны сендер сұрамаңдар, мен айтпаймын,— дейді.
Көпшілікке айтпаған сырын, Шəйін ағай оңашада маған айтады: баяғы
бала жігіт көзінде, Бағлан мен Троицкийдегі большевиктердің жасырын
ұйымымен 
байланысы 
боп, 
елге 
таратуға 
олардың 
кейбір
прокламацияларын алып шығады екен. Бұл қылығын полиция көзбен керіп,
қолмен ұстамағанмен, сырттан естиді екен де, жауапқа шақыру сияқты


істермен мазалайды екен. Ақыры дүние жүзілік бірінші соғыстың алдында
полиция оны шақырып aп, Жаманшұбарда тұрмауға, күдікті қалаларға
жоламауға қолынан расписка алады. Оның бір орында тұрмай, он шақты
жыл ел кезуі осыдан екен..
— Жұрттан несін жасырасыз мұның?—деген сұрауға:
— Ұялам,— деп жауап береді Шəйін ағай.
— Неден?
— Большевиктік идеяны жаңа тани бастаған кезде, патша өкіметінің
қуғынына түстім. Содан, не большевик бола алмай, не оның пайдасына
елеулі қызмет атқара алмай, он бес шақты жылым əуре-сарсаңмен босқа
өтті. Пайдасыз өткен жылдардың жұртқа несін айтып мақтанам?
— Енді не істейсіз?
— Не істеуші ем? Мұғалім боламын да! Ес білгелі зор арманым —
сауатсыз еліме оқу тарату еді. Ондай күн енді туды. Жасым қырықтан
асқанмен, əлі біраз жыл бала оқытуға жететін күш-қуатым бар, қалған
өмірді соған сарп етем.
Газеттен Қызылжарда мұғалімдер курсы ашылатын хабарды оқығанда,
Шəйін ағай қуанып кетті де:
— Сен енді бұған барасың ғой? —деді маған.
— Əрине,— дедім мен.— Сіз ше?
— Мен де!..
Жасы қырықтан асқан Шəйін ағайдың оқуға баруын, ескілік мойнына
əлі мықты мініп отырған ауыл ерсі көргенмен, ол өз шешіміне берік бекінді
де, менімен бірге Қызылжарға аттанып кетті, көлігіміз — ылау.
Жолдағы Батпақ келде отыратын Жаман - тымақ аулынан бізге Тəтке
Омаров ерді. Жасында жетім қап, ағайындарының қолында өскен ол,
аулындағы ірі молда — Кəрібай хажының медресесінде дін сабағын коп
жыл оқиды да, араб тілінің сарф, нахуынан əрі кетіп, мантық пен ғақаидқа,
одан фиқһиға барады. Арабтың жəне фарсының тілін ол өте жақсы біледі.
Сондай «ғалым» бола тұра:
— Босқа өткен өмірім! — деп өкінеді ол.
— Неге?
— Ақыретке болмаса, тіршілікке түк пайдасы жоқ оқу.


— Сен дін кітаптарымен қатар, арабтан Əбу Ғала-əлмағарриды да, Имро
Əлқайсты да, фарсыдан Əбілқасым Фердауси мен Шайх Сағдиды да
оқыған боларсың? — деп сұрайды Шəйін Тəткеден.
— Əрине, оқыдым.
— Тамаша əдебиет емес пе, олар?
— Рас, көркем.
— Кəне, оқып көрші! — деп Шейін Тəткеге араб жəне фарсы тілінде
жазылған өлеңдерді оқытады. Мен ол тілдерге түсінбеймін, тек, Тəтке
ықластана оқыған өлеңдердің күйлі үндеріне, екпінді ырғағына, жатық
үйлесіне қызығам.
— Міне, қайда, тамаша өлеңдер! — деп тан, қалады түсінген Шəйін.
— Жақсысы жақсы,— дейді Тəтке,— бірақ, бұлардың бəрі атам-заманда
болған алыстағы өмірдің бейнелері. Мен соның бəрін жинағанда, жалғыз
Пушкинге айырбастамас едім.
— Сен орысша да оқып па едің? — деп сұрайды Шəйін Тəткеден.
— Өз бетіммен...
Тегі, Тəтке өте зирек адам болу керек, өз бетімен оқыған ол орыстың
тілін де тəп-тəуір біледі, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың көп
өлеңдерін жатқа айтып кетеді.
— Міне, қайда, жақсы өлең! — дейді ол.
Шəйін орыс тіліне шалағайлау екен. Тəтке оқыған орыс өлеңдеріне ол
еркін түсіне алмайды. Орыстың жəне араб пен фарсының тілін білмегенге
мен, əрине, іштей қорланам, бірақ сырттай сыр бермей, серіктерімнің
алдында мақтанғым кеп, өз елеңдерімді оқимын. Өйтетінім: Шəйін де,
Тəтке де ептеп өлең жазады, олардың өлеңдерінен менің, өлеңім өзіме
артық сияқтанады...
Жолшыбайғы Өтей - Дəуіш аулынан естісек, Баймағамбет Ізтөлин, одан
əрі он бес шақырым жердегі аулында жатыр екен. Курсқа ол да барады
екен, ендеше біздің оған соға кетуіміз керек.
Өтей - Дəуіштен бізге ерген Жұманның Іскейі:
— Ал, енді біз Баймағамбеттің үйіне барамыз ғой,— дейді жолшыбай
əңгімелескенде,— сонда сендер оның тамаша сұлу қарындасын көресіңдер,
аты Айтжан. Ал, енді бар ғой, бұл маңайда одан сұлу қыз жоқ. Өзі
талшыбықтай бұралған жасөспірім. Орташа талдырмаш бойлы, бұрымы
санына түскен қолаң шашты. Əдемі қыр мұрынды, мөлдір қара көзді...


Іскей осы арада Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең, маңдайлы» деген
өлеңін оқып:
— Дəл осы сипаттың бəрі осы қыздың бойында! — дейді.
Қызыға тыңдаған біз:
— Кімге атастырған оны? —деп сұраймыз.
— Қапсытта Байжан деген кісінің баласына атастырған екен, ол былтыр
өліп, басы қазір бос отыр.
— Онда, мына Сəбитке алып беру керек! — дейді Шəйін қалжыңды
кескінмен.
— Қалыңды қайдан табады бұл? — дейді Тəтке.
— Əйелдің басына бостандық беретін советтік заман туып жатқан жоқ
па? Қыз енді қалың малға сатылады деймісің? — дейді Іскей.
— Солайы солай ғой,— дейді Шəйін.— Совет өкіметі қалыңмалды
жоюға заң да шығарар ғой, бірақ, онымен, қалың мал біразға дейін
жоғалмайды ғой деймін.
— Неге? — дейді Тəтке.
— Ғасырлар бойы қазақ елінің сүйегіне сіңген əдет қой ол, аз жылда
сылып тастау оңай емес оны. Ол əдет сылыну үшін, ең алдымен,
қыздардың өзін оқытып, дүниеге көзін ашу керек. Өз құқығын қыздың өзі
ұғынғанша, оны жаппай азат ету қиын жұмыс.
Көңілге қонымды бұл сөзге біз таласпаймыз.
Іскей Айтжанды одан əрі мақтай жөнеледі.
— Мейлінше ақылды жəне ашық, ақ жарқын мінезді қыз,— дейді ол, —
ауыл қызындай өзін қымсынып ұстамайды, үйіне барған адаммен сөйлесіп,
күліп-ойнап отырады.
— Əке-шешесі бетке қақпай ма? — деймін мен.
— Жоқ,— дейді Іскей,— қағуың " сол,— құрбыларымен қалжыңдасып
отырғанын жақсы көреді. Шешесі — Кесте азырақ тартпақтайын десе,
əкесі — Қанапия «ойнасын, күлсін, осы он, жақта ойнап күлмегенде қашан
ойнап күледі?» деп əйеліне ұрсады.
— Баймағамбеттің əсері болар,— деймін мен,— қала, далаға көп
жүрген, оқыған, заманның алдыңғы қатардағы пікірін қолдайтын ол,
əкесіне қызды қалай ұстауды айтқан болар.


— Өз ықласы шаппаса, біреудің айтқанын тыңдай ма адам? —дейді
Іскей,— талай оқыған азаматтың апа-қарындасын əкесі қыспақта ұстап,
малға сатып жүрген жоқ па? Мысалы,— мына Тəткенің ағайыны —
Есілбай хажы. Оның баласы — Ғалауеттенен орысша көп оқыған адам бұл
маңайда жоқ. Соның жалғыз қарындасын, көзін бақырайтып қойып, əкесі
əнеукүні ғана бай Көшкенің баласына малға сатты...
— Рас,— дейді Тəтке.
— Ал, енді Айтжан бар ғой,— дейді Іскей, оны тағы да мақтай жөнеліп,
— ашық мінездігінің үстіне, ағып тұрған əнші. Даусы күмістей
сыңғырлайды. Өзі, қазақша əнді де, татарша əнді де бірдей айтады...
— Татаршаны ағасынан үйренген болар?
— Əрине...
— Домбыраға да керемет!.. Бармағынан бал тамады!..
— Мақтауын жеткіздің! — дейді Тəтке,— өзі сауатты қыз ба?
— Ауылдық мектепте оқыған. Хатты жақсы таниды. Зерек қыз. Мысалы
бүкіл Абайды басынан аяғына дейін жатқа біледі, оның өлеңдерін əнімен
айтады...
— Бұл бір, оқиын деп тұрған қыз ғой,— деймін мен,— мүмкін,
Баймағамбет оны өзімен бірге Қызылжарға ала кетер?
— Əкетер! — дейді Шəйін кекетінді дауыспен,— əкесі жіберер оны!..
— Неге жібермейді?
— Барған соң көрерсің,!..
«Шəліңке» аталатын Баймағамбеттің аулына біз күн түс ауа жеттік.
Бұрын бұл ауылға келіп жүретін Іскей:
— Қанапияның үйі анау,— деді, қоңырлау ауылдың төріне тігілген
бозамық үйді нұсқап,— анау төрт-бес құлын байланған желі, сол —
Қанапиянікі.
Баймағамбет, бізді, тегі алыстан көрген болу керек, тарантас жеккен
атымыз жақындай бергенде, үйінен жүгіре шықты да, құшақтаса сүйісіп
қарсы алды.
Оның бастауымен үйіне кірсек, төрде зор денелі, сирек сақал-мұртты, ақ
бұжыр кісі отыр екен. «Қанапия осы болар» деген оймен, серіктеріме
қосыла мен де сəлем беріп қолдастым.


Оң жақ босағаға жиналған ағаш төсектің алдында, үстінде жаға - жеңі
кестелі қос етек ақ көйлегі, оның сыртында қызыл бүліш жеңсіз камзолы,
басында үкілі тақиясы бар сұлу қыз кесте тігіп отыр екен. Айтжан, əрине,
осы! Оған таяу отырған мосқалдау көркем əйел, шешесі — Кесте болу
керек. Біз үйге кіре бергенде, Айтжан мөлдір қара көзін сүзілдіре қарап
қойды да, кестесімен шұғылдана берді... .
Ол кездегі ауылдың ғұрпында, əйелмен қолдасып амандасу жоқ. Сол
ғұрыпты бұза алмаған біз, Қанапияға қолдасқаннан кейін төрге отыра беріп
ек:
— Ағаларыңмен неге амандаспайсың, Айтжан? — деді Қанапия.
— «Амандық ағадан» емес пе, əке, — деді Айтжан,— ол кісілер маған
амандассын!..
— Дұрыс сөз! —деді Шəйін,— бірақ отырып қалдық, қайта тұрып
қолдасу ерсі. Денің сау ма, шырағым?..
Бұл үйде байлық да белгі жиһаздар болғанмен,. үй іші сыпайы, сəнді
жиналған екен. Ол бізге Айтжанның қол өнері сияқтанды...
Кешті біз зор мəжіліспен өткіздік. Қонақ асыға сұрасқан бұл үйдің асын
ішкенге дейін, үй ішінде сауық басталды. Оны Қанапияның өзі бастап
жіберді. Ен, алдымен қымыз ішіп сусындап алғаннан кейін:
— Біздің Айтжанның əнші, домбырашы екенін бұл қонақтар, əрине,
естіді,— деді Қанапия.
— Естідік,— деді Шəйін, — соны естуге құмармыз енді.
— Ал, қарағым,— деді Қанапия Айтжанға, — домбыраңды ал да, мына
ағаларыңа аздап қызмет қыл!..
— Лебізді əуелі ағалардың өздерінен естиік,— деді Айтжан.
— Ол да дұрыс,— деді Шəйін.-— Баймағамбет, онда домбыраны, мына
Сəбитке бер!..
Домбыра берілгенмен, əдейі, Айтжанның қосылуын тілеген мақсатпен,
Абайдың «Айттым сəлем Қаламқасының» бір ауызын домбыраға қосып
айттым да:
— Ал, енді, осыған бəріміз де қосылайық,— дедім Баймағамбетке.
— Хұп! — деді ол.
— Айтжан да!..


«Қалай қарайсың?» дегендей, Баймағамбет Айтжанға қараған еді:
— Қосылам! — деді ол.
— Балалар, бір-біріне жақын отырыңдар, онда! — деді Қанапия.
— Онда, Айтжанға жақындаңдар, балалар! — деді Шəйін бізге.
Іскей, Баймағамбет үшеуміз түрегеп Айтжанның қасына барып отырдық.
— Сен неге бармайсың? —деді Шəйін Тəткеге.
— Мен əнге шорқақпын,— деді ол.
— Əттең жас емеспін,— деді Шəйің кеудесін кере дем алып,— əйтпесе,
Айтжан сияқты қарындастың əніне, шорқақ болсам да қосылар ем...
«Айттым сəлемді» мен тағы да бастап ем, Іскей, Баймағамбет, Айтжан
үшеуі қостай кетті... Менің құлағым өзгелердің үнінде емес, Айтжанның
үнінде... Жарықшақсыз оның сыңғырлаған таза даусы, не деген əдемі еді!..
Сол қосылғаннан қосылып, біз Абайдан да, халық əндерінен де
бірталайын айтып тастадық. Əр кездегі əдеті болу керек, ауыл адамдары
бұл əнге тегіс жиналып, тек, біз асқа отырарда ғана тарады.
Астан кейін Баймағамбет «Алтыбақан» ұйымдастырды. Оған, сол
арадағы «Қырғызбай» көлін жағалай отырған ауылдардың қыз-
бозбалаларын шақырды.
Ауылдан алысырақ тігілген алтыбақанның төңірегіне, айлы, тымық
түнде жиналған қалың қыз-бозбала, қысқа түнді əнмен өткізді. Осы ұзаққа
созылған кеп əннің өзегі де, ажары да Айтжан. Қай əн болса да, алдымен
сол бастап, өзгеміз соған қосыламыз. Не деген қарлықпайтын дауыс, не
деген тəтті үн!..
Мен бұрын татар əндерін естігенім болмаса, өзім айтқан кісі емес ем.
Мана Айтжанға қосылып отырып, мен татардың «Ғалия Бануы» мен,
«Тəфтилəуін» үйреніп, қосылатын боп алғам. Ал, м.ен былтыр Омбыда
жүргенде үйренген «Қарғаш» жəне «Ғайни» деген əндерді бұл ауыл
білмейді екен, ол əндерді Айтжан менен үйренген. Сондықтан, ауылдың
алтыбақанға жиналған қыз бен жігіттері өздері білетін əндерге қосылады
да, Айтжанмен мен ғана білетін əндерде аңырып қап, қосылған бізді
тыңдайды.
Айтжанмен мен, бұл əндерді алтыбақанның арқанына қатар мініп
отырып айтамыз, қарсымызда тағы бір қыз бен жігіт. Арқанды жерде
тұрған жігіттер қатты шайқап аспандатып жібереді, сонда, əнге қосылған
Айтжан екеуміз, əн - мəнімізбен, жиі жұлдыздарды жарқырай тұнған,
толған айы жүзген биік аспанға ұшып бара жатқан сияқтанамыз!.. Сол бір


рақат сағат - ай!..
Алтыбақаннан біз таң сіберлей қайттық. Мені Айтжанмен оңашалағысы
келгендей, Шəйін ағай Баймағамбетке «оңаша сөзім бар еді» деді де, бір
бүйірге қарай алып кетті. Іскей мен Тəтке де Шəйіннің, ойын ұққандай,
бізден оңашалана қалды.
Ауылға қарай оңаша, қатар аяңдап келе жатқан Айтжанға айтар сөзім
ішіме сыймай келеді, бірақ ол сөздер көмейімде əлденеге буылып, бері
қарай аса алмайды. Мен іште сапырылған сөздерге булыға, тұншыға
түсем... Сонымды сезгендей, халімді жеңілдеткісі келгендей:
— Сəбит! —дейді Айтжан.
— Əу,— деймін мен дірілдеген дауыспен...
— «Айттым сəлем Қаламқасты» ақырын ыңырсысақ қайтеді...
— Болсын...
Екеуміз баяу ғана үнмен қосыламыз. Əн мен сөз, менің Айтжанға деген
ойымды түгел айтып береді. Маған енді, Айтжанның ойын айтқызу керек.
Оған да сылтауды Абайдың елеңінен тауып:
— Сіз Абай аударған «Татьянаның хатын» білесіз ғой? — деймін мен.
— Білем,— дейді Айтжан.
— Əнін ше?
— Оны да білем.
— Ендеше,— соған қосылайық.
— Қосылсақ қосылайық...
Екеуміз оған да қосыла жөнелеміз. Бұл хат, əлдекімге өзінін, жазған хаты
сияқтанып, 
Татьянаның 
зары 
өзінін, 
зары 
сияқтанып, 
Айтжан
мұңайыңқыраған дауыспен, əнді кеудесін кең, керген тыныспен айтады...
Осыдан сөз туғызғым кеп, мен:
— Неге көңілсіз айтасыз, бұл əнді? — деймін мен...
— Қыз атаулыға ортақ мұң болғансын да,— дейді Айтжан жеңіл
күрсініп.
— Сонда, сіздің Онегиніңіз кім екенін білуге болар ма екен?
— Жоқ болса қайдан табам? — дейді Айтжан күліп.


— Онда, табуға жəрдемдесейік...
— Рахмет,— дейді Айтжан,— көп болып қарайтын жоқ емес қой ол,
əркімнің өз жүрегімен ғана табатын жоғы ғой...
Біз сол кезде үйге де келіп қалдық. Менің серіктерім де келді. Тан,
бозарып қалды... Үйдің іші де жап-жарық екен. Төсек бізге төрдің алдына
салыныпты.
— Қалай, жақсы өтті ме кештерің? — деді оянған Қанапия.
— Өте жақсы.
— Онда, дамылдаңдар. Бие бауына дейін ұйықтаңдар!..
Айтжан түсірулі шəйі шымылдықтың ішіне кірді. Оның бір əдеті —
ауыл қызындай, қадаған күміс, шашына таққан шолып, құлаққа таққан
сырға, білекке киген білезік... дегендей, үсті - басында сылдырмақ жоқ
екен, сондықтан, шымылдыққа кірген соң-ақ, оның шешінген сыбдырынан
басқа дыбыс естілген жоқ. Төсегіме киімшең қисайған менің есіме нақ сол
арада, халықтың аузында айтылып жүретін:
Сары белден сарғайып таң атады,—
Ах - хау,
Бидай енді құбаша түн қатады,—
Сəулем - ай,
Ұзақ түнге бозбала қалай шыдар —
Ах-хау,
Сары майдай толықсып қыз жатады,—
Сəулем - ай,
Екі ғана жирен - ай,
Өңшең манат, кигені - ай,
Оймақ ауыз, күлім көз,
Ғашық жардың сүйгені - ай! —
дейтін əні мен өлеңі түседі, мен төсегімде аунақши түсем...
Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін. Біреу түрткенге оянсам,— Кесте екен.
Менен өзге жұрт тұрып, киініп далаға шығып кетіпті. Айтжан түрулі


шымылдықтың ішінде ұзын қолаң шашын тарап тұр.
— Тұр, шырағым! — деді Кесте маған,— күн түске тармасып қалды.
Жүретін уақыттарың да жақындады дейді Баймағамбет.
— Ұйқыңыз қанбай-ақ жүр екен, — деді басымды төсектен көтерген
маған Айтжан қалжыңдап,— неменеге мас болдыңыз, осынша өле
ұйықтап?
— Өзге біреу болмаса, сіз сұрайтын сөз емес қой ол!.. Түсінікті ғой сізге,
неменеге мас болғаным!..
Одан əрі əзілдесуге, үйге Қанапия кіріп келді. Мен тысқа шығып кеттім.
Баймағамбет бізге осы ауылдан берілетін ылауды даярлату қамында жүр
екен, кескіні солғын. Өзге серіктерім, ауылдан алысырақ жерде серуендеп
жүр.
— Неге көңілсізсің? — деген сұрауға.
— Əкеммен ренжісіп қалдым,— деп жауап берді Баймағамбет.
— Неге?
— Айтжан туралы.
— Не жайында?
— Айтжанның қалпын байқадың ғой өзің. Еркін өскен жəне оқыса
жақсы адам боп кеткелі тұрған кісі ғой. Осы жайды əкеме айтып,
Қызылжарға оқуға ала кетейін десем, зыр қағып маңайына жолатпайды.
— Неге?
— «Өзге қыз оқып, осы ғана қалып пa? деп, «елден бөтен біз ғана
оқытамыз ба?» деп, «жасы жеткен қызды, қаптаған еркектің ішіне жалғыз
қалай апарасың» деп...
— Мен айтып көрсем қайтеді?
— Айтам десең айт, бірақ, көндіре алмайсың...
Қанапияға бұл сөзді мен өзім айтқан жоқпын, тыңдаулы, жасамыс кісі
деп Шəйін ағайға айтқыздым. Шай үстіндегі Шəйіннің сөзін Қанапия
сабырмен түгел тыңдап алды да:
— Қызды да оқыту керек екенін білемін, Шəйін,— деді,— бірақ, жалғыз
мен оқытқанмен не болады, бүкіл ел боп оқытпаған соң? Ауыл түгіл
қалаңда да қазақтан оқыған қыз бар ма? Жоқ қой ол?


— Рас. Бірақ, біреу бастау керек қой, осы игілікті істі? Мен - ақ бастар
ем, қызым жас. Бұл балан, оқыса дыңдай кісі боп кеткелі тұр,— деді
Шəйін, шай құйып, мұңайыңқыраған кескінмен отырған Айтжанды иегімен
нұсқап,— өзі қандай жақсы бала жəне киіктің асығындай!.. Осындай
балаларды, мынадай жағдай туып тұрған кезде оқытпай, қазан-ошақты
ұстатқанда не түседі?..
Көзіне жасы іркіліп қалған Айтжан теріс қарап түрегелді де, тысқа
шығып кетті.
— Көрдің бе, Қанеке, балаңның көңілі бұзылғанын? — деді Шəйін,—
оқуға ықласы барлығы ғой сол. Обалына қалма, жібер!..
— Менің екі сөйлемейтінімді білесін, ғой, Шəйін сен,— деді Қанапия,—
сөздің қысқасы, жұрттан ала-бөтен, қызымды мен оқуға жібере алмаймын...
Шайдан кейін біз аттанып кеттік. Айтжан бізге көрінбей қалды.
— Ол отауға барып жылап жатыр,— деді, аттанарда əкесінің інісі —
Жəкенің үйіне кіріп шыққан Баймағамбет,— сол жылаумен өтеді ол.
— Неге? — деді Тəтке,— теңіне қосылса неге жыласын?
— Бəрі бір,— деді Баймағамбет,— ерте шыққан соң, салды-балақ ауыл
əйелінің біреуі болады да қояды...
— Мүмкін оқыған біреуге берерсіздер,— деді Шəйін.
— Қайдам, реті қалай келетінін!—деді Баймағамбет күрсініп.
— Өзін, оқыған, өзін, коммунист — сенің қарындасын, оқи алмағанда,
өзге қазақтың қыздары қашан оқиды? — дедім мен.
— Мəселе осында,— деді Шəйін,— бұл да көп күресті керек қылатын,
көп күндердің ісі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет