Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет77/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   107
БАҚЫТ САПАРЫНА
Жаңбырмен басталған күздің ауа райына еліктегендей, саясат ауасының
да райы со мезгілде қатты тиышсыздыққа айналды. Колчак пен Алашорда
газеттері «Қызылдар пəлен майданда, түген майданда қырылып жатыр,
шегініп қашып жатыр... өлер көзі жақындады...» деп көптіргенімен,
тыныстары күн сайын тарыла түсуін жағдайдың өзі-ақ дəлелдей бастады.
Батыстағы майданға бұрын темір жолдын, бойымен ғана ағылатын Колчак
əскерлері, енді темір жолдан алыс, далалық жерлермен де жөңкіліп кетіп
жатыр, «Қызылдар Оңтүстік жақта Түркістанды басып, Жетісуға қарай
орап етіп кетіпті... Батыс жақта, мына жағы Орынбордан өтіп, Торғай кеп
қапты... Мына жағы Уфадан өтіп Челябіге таяныпты... Ана жағы
Екатеринбургтан өтіп, Тюменьге беттеп бара жатыр...» деген хабарлар ел
ішінде дүңкілдеп кетті.
Бұл сөздің растығы, Колчактың тынысы күн сайын тарыла түсуінен - ақ
байқалады: ілгерірек кезде елден жинайтын шығынын, «налог» деп қана
аталатын. Колчак, енді көзіне түскен малды айдап əкетуге, көзіне түскен
көлікті, арбаны жегіп əкетуге, бұлардың бəрін иелерінен сұрамауға
айналды... Бұндай озбырлықты көрген жұрт, мал-мүлкін қайда тығуға
білмей жанталасты... Малдар бұрынғыдай далаға жайылмай, үнемі
ағаштың ішіне қамалады...
Даланын, көз келген жерімен майданға қарай ағылған Колчак
армиясының да бұзықтық қылығы бастан асып кетті. Олар кім көрінген
адамды бейсəубет жүрсе - ақ атады, көлікті, арба - сайманды, ылаушыны
еріксіз əкетеді... Көз келген үйлердің астарын сұраусыз тартып ішеді,
киімдерін сұраусыз тартып киеді... Басқа мүліктерін де талайды,
ақтармаған жүк, ақтармаған сандық қалмайды... Іске татыр дүние болса,
қойындарына салады...
Олар озбырлықты өлі бұйым түгіл, тірі адамға да қатты көрсетеді.
Таланған мал - мүлкіне қарсылық білдірген адам болса, ең жеңілі — дүреге
жығып кетеді... Əйелдерді зорлау Колчак əскерлерінің дағдылы ісіне
айналғандықтан, олардың төбесі көрінген кезде, ауыл-ауылдың əйелдері
бет-бетімен бытырай қашып, бойын жасыратын жер іздейді... Жасырына
алмай қалса масқара болады, кейде мазақтауымен қоймай кескілеп өлтіріп
кетеді.
Осынша бүліншіліктің көзінде Колчак өкіметі «тəртіп» орнатпақ боп, əр
ауылға өз адамынан «охрана» қояды. Олардың бəрі əр ауылдың не
байының, не байшігешінің балалары. Атқаратын міндеттері: ағылып өтіп
жатқан Колчак армиясының жолына қажетті ылауларды, кісілерді, азық-
түліктерді даярлап қою, қызылдарға тілектес адамдар болса бақылап,
Колчак өкіметіне хабарлау.


Сентябрьдің бас көзінде майдан жайы тіпті ауырлап кетті. Енді, Колчак
пен Алашорда газеттері «Большевиктерді қуып бара жатырмыз» деуді
доғарып, майданның шегі Қостанайға, Қорғанға, Тюменьге мына жағы
Атбасарға жақындап қалғанын жазатын болды. Мен тұрған ауылдың
маңына - бұл кезде Колчак əскері қаптап кетті. Енді, олар осы тұстан
окоптар қазып, телефон сымдарын тартып, зеңбіректерін орната бастады.
Білемін дейтіндердің айтуынша, Колчак армиясы осы тұста қызылдарға
қатты соққы бермекші. Бұл кезде тұрғын халық пен армия адамдары
сапырылысып кеткендіктен, ауыл мен ауылдың арасындағы қатынастар
үзілді, енді əркім өз басымен қайғы боп, өз жанын сақтауға тырысты...
Ел басына түскен аса бір ауыр жағдайды бейнелеп айтқанда, қазақтар
«бір тарының қауызына сыйды» дейтін еді, сондай бір «қауызға», со бір
кезде мен мұғалім болған маңайдағы ауылдардың қалай сыйып тұрғанына,
осы күні ойласам қайран қалам. Алуа көлі мен Балтабай қыстауының
арасында, «Алтай» аталатын кішкентай ғана көлемді шоқ ағаш болушы еді.
Оның ығында, бізге мəлім домбырашы Мұхаммедқали мен оның ағайыны
Əбділман үйі ғана қыстайтын. Жайшылықта бауырына сол екі үй əрең
сыйып отыратын «Алтайдың» ішіне, Колчактың қалын, əскері лықып келіп
қалып, елді бүрістіре кеп жөнелгенде, Алуа сыртындағы ел түгел сыйып
кетті.
Мұндай халде бала оқыту қайда!.. Колчактың талан - таражы басталған
соң-ақ, оқитын балалар тарады да, Балтабай аулында сорайып бос қалдым...
Енді не істеу керек?..
Бүр күні Балтабай аулына менің туған жерімнен таныс екі адамым келе
қалды, біреуі Қиналған, екіншісі Мырзахмет. Бұларды Колчактың ерсілі-
қарсылы ағылған əскерлері аттарымен ылауға алып шығыпты да, аттары
болдырып, жүріске жарамайтын болған соң, қолдарына пропуск беріліпті
де қайтарып қоя беріпті... Қызметке аттары жарамағанмен, өздері жараған
адамдарды Колчак жібермей əкетіп жатыр. Мына екеуін жіберуі—
Мырзахмет 
сол 
аяғынан 
шойнаңдаған 
ақсақ, 
қиналған 
аяғынан
қиқалаңдаған ақсақ. Екі ақсақты Колчак не керегіне жаратсын!..
Қиналған мен Мырзахмет келгенде, мен жұмыссыз іш пысумен қатар
туған жерімді де сағынып жүр ем, сондықтан олардың бауырсынып «бізбен
елге қайт» деген сөзіне еліге кеттім. Біреулердің «мынадай аласапыран
кезде атылып қап, масқара боларсың, дүние бір жайлы болғанша
шыдасайшы» дегенін тыңдамадым. Екі ақсақтың қарамағында үш көтерем
ат келеді екен, солардың біреуіне мен ие боп, елге беттеп кете бардық...
Болдырған арық атпен қанша жер жүре аласың,. Аттарды кейде мініп,
кейде жетектеп отырып, күніне «қозы көш» аталатын мөлшерге жылжып
кейде жете аламыз, жете алмаймыз. Сол жүріспен, біз ілгерілеген сайын,
Колчак əскерінің қимылы қоюлана, қатары қалыңдай түседі...
Міне, енді, майдан жақындап та қалған сияқты, өйткені əуелі алыстан


талып қана күмбірлеп зорға естілетін зеңбірек даусы, күн сайын
жақындаңқырай, 
қатайыңқырай 
күмпілдейді. 
Менің 
серігімнің
жобалауынша, бұл гүрсіл əрі салғанда біздің ауылдың маңындағы Стап,
Кпитаннан əрі емес, немесе — бері!..
Қалың əскердің ішінде көп жүріп еттері өлген бе, əлде соғыс дегеннің не
екенін 
білмегендіктен 
қорықпай 
ма, 
немесе, 
қалталарындағы
пропускаларына сене ме,— мені серіктерім қимылдағы қалың əскердің
ішін жара тура тартқылары келеді, ал пропускасы жоқ мен мүмкіндігі
болғанша ағаш араларымен, саяңдау жерлермен жүріп, Колчак əскерлерінің
тексеруіне ілікпегім келеді...
Қысыла-қымтырыла əрең жылжып келе жатқан біз, бір кезде Колчак
армиясының ішінен аман өттік - ау!.. Олай дейтінім,— біз беттеп келе
жатқан жақта, «Меңгесер» аталатын сордың маңында, маңдайларында
қызыл жұлдыздары бар бір топ салт атты кездесе кетті.
— Апыр-ау,— дестік біз,— мынау қызылдар болмағай еді!.
Расында солай екен. Олар бізді тоқтатты да тексеруге кірісті. Қасымдағы
екі жолаушыға ешбір күдік болған жоқ, өйткені олардың қайдан келе
жатқандарын дəлелдейтін пропускалары бар. Ал, мен ше?! Менің
документім де, өзім де күдікті көріндім. Документім—Омбыдағы курстан
«оқушы» деп алған справка. Одан бері қайда болғаныма, не істегеніме
ешбір кепілдеме жоқ, өзім болсам,— қалаша киінген, жас жігітпін жəне
Колчак армиясының ішінен келе жатырмын... Осының бəрі қызылдарға
күдік туғызды да, мені Меңгесер сорының батыс жағында жиырма
шақырымдай жердегі қазақша Майбасар, орысша Рождественка аталатын
поселоктегі штабқа жолдауға ұйғарып, қасыма мылтықты охрана қосты...
Серіктерімнің мені қимайтынын, тексеруге түскеніме іштері ауырып, не
боларыма қауіптенетіндерін кескіндерінен ұғып-ақ тұрмын, «сендерге
рұқсат» дегенде, мені тастап кете барды...
— Ертеден түске дейін, Майбасардың ар жағындағы шыға беріс ағашта
болармыз, босасаң соған жет! — деді олар маған.
Салт атты күзетші мені Майбасарға жаяу айдап əкелді. Жолшыбай ойым
мың құбылып, жүз толқиды. Жолда соққан елдерден естуім,— мен сияқты
жүрісі күдіктілердің көбін шпионға жорып əскерлер атып тастайды екен.
Күдікті адам боп ұсталған минутта, «мені де атады екен» деген оймен,
жаным тас төбеме шыққан еді. Ол арада атылмай, Майбасардағы штабқа
жөнелтілгеннен кейін, «мəн-жайымды айтсам ұғар» деп үміттендім.
«Майбасар» деген «П» əрпі сияқты боп, қамыстылау көлді қоршай
салынған ұзын көшелі поселке екен... Көшелердің бойлары толған қару-
құралдар, ат-арбалар, ығы - жығы сапырылысқан кісілер... Əлдеқайда,
əлдекімдер сырнайлатып, əндетіп, ысқырып сауық жасап жатқаны естіледі.


Əрбір əскердің маңдайында қызыл жұлдыз. Кейбіреулерінің киіміне, жаға -
жеңіндегі қызыл жұлдыздарына қарап «бұлары офицерлері болар!» деп
жорамалдаймын...
Поселкенің ортасындағы алаңда, өзге үйлерден жекеленіп, көп терезелі
биік еңселі қарағай үй тұр, маңдайшасында желкемді күнге желбіреп,
лаулаған жалындай жайқалған қызыл ту... Күзетшім мені соған қарай айдап
келеді. Ішімнен,—«үй — мектеп болар, штаб осында болар» деп жоримын,
не боларымды біле алмай толқып келе жатқан жүрегім қобалжи түседі...
Штаб үйінін, бір бөлмесіне кіргізген менімен, жағасында екі қызыл
кубигі бар, орта жасаған, кішірек талдырмаш денелі орыс ұзақ сөйлесті.
Сұрауларының түріне қарағанда ол да мені алғаш ақтардың шпионы болар
деп күдіктенген сияқты болғанмен, артынан сене бастаған қалпы
байқалады. Сондықтан, мен де асықпай, саспай, білген тіліммен кім
екенімді толығырақ айтып отырдым. Өз жайымды біраз сұрастырғаннан
кейін, командир менен Колчак тылынан білетіндерімді, ол жақтағы
елдердің хал-жайын ұзақ сұрады... Бір көзеңде командирге Қыстаубайдың
Жақыбын атап қап, онымен қалай жолығысқанымды айтып ем:
— Кім?.. Кім дедің?..— деп құлақ түре қалды командир. Мен: «Жақып
Қыстаубаев» деп сөзімді қайталап ем:
— Бізде аты, фамилиясы сондай жігіт бар,— деді командир.
— Оны көруге болар ма екен! — дедім мен қуанып кетіп.
— Əрине, болады... Шақыртайын...
Жақып ұзамай-ақ кеп қалды. Мен тани кеттім,— өзіміздің Жақып!.. Тек,
киімі ғана басқа: үстінде белін қынай буынған сүр шинель, басында шошақ
төбелі, 
маңдайына 
жұлдыз 
қадаған 
шлем!.. 
Мына 
түрінде 
ол
бұрынғысынан да сұңғақтанып, сұлуланып кетіпті. Оның қазіргі түр-
тұлғасына қарағанда, «шіркін, жігіт болса осындай болсын!» деп
сүйсінерліктей!..
— О-оу, пұшық, сен қайдан жүрсің?—деп түрегеле берген мені Жақып
құшақтай алды... Мен кеудеме сыймай кеткен қуанышты көтере алмай
жылап жібердім...
— Сен таниды екенсің ғой, жолдас Қыстаубаев, бұл жігітті?—деді
командир жымиып.
— Енді қалай, Владимир Иосифович, ол менің танысым да, туысым да...
— Ақтардың шпионы емес қой бұл?— деді командир жымия түсіп...
— О не дегеніңіз, жолдас Гозак... Қызыл Армияның бостандық беруге
келе жатқан адамының бірі осы... Өзі ауылдық учитель...


— Солай ма?!—деді Гозак,— сенін, білгенің жақсы болды, əйтпегенде
көп тексеретін ек мұны. Колчактың курсынан жылдың басында алған
справкасынан басқа түк документі жоқ...
Тағы да аз қалжың сөздер айтқаннан кейін, Жақып Гозактан мені
бүгінше қасында болуға сұрап алды, ертеңіне штабқа қайта əкеп маған
еліме қайтатын пропуска алып беретін болды.
Ол кеш қызыл əскерлердің ойын-сауығымен аса көңілді өтті. Сауықтан
кейін пəтеріне əкеліп қондырған маған, көзіміз ұйқымен жұмылғанша,
Жақып басынан өткізген уақиғаларын қысқаша айтып берді. Ол, əрине
шығарма ғып жазбай, ер Жақыптың алдында, менің мойнымнан еш
уақытта түспейтін борыш...
Жақып ішінде болған партизан отряды, қызылдарға Қорған қаласында
қосылып, Қызыл Армия қатарына кіріпті...
Қызылдардың кім екенін енді ғана біліп, Жақыпқа.
— Сендермен ере кетсем қайтеді?—деп ем:
— Піскен асқа ие болмас болар,-— деді ол күліп,— жекіп келе жатқан
Қызыл Армияға сенің қазір қажетің аз. Жəне керек қылғанмен, сен мылтық
ұстай білмейсің... Бұл қалжың сөзім,— деді ол, аздан кейін,— туған еліңе
барып қайтсайшы. Бірақ, көп жатып алма. Қызылжарға кеп қызметке кіріс!
— Сен ше?
— Менің сапарым ұзақ... Россияның шығыс жақ шеті əлі алыс деседі.
Соны жаудан тазартқанша, осы армияның қатарында болам...
Ертеңінде Жақып мені штабқа əкелді де, кешегі штаб начальнигі —
Владимир Иосифович Гозактың қолынан «еліне қайтып бара жатқан
мұғалім, бұған барлық совет жəне əскери ұйымдар көмек көрсетсін» деген
пропуска жаздырып берді.
— Ал, қош болыңыз, жолдас Мұқанов,— деді Гозак маған, пропусканы
бергеннен кейін қолымды алып, — азаттыққа алған путевкаңыздың
бастамасы осы пропуска болуына сенем. Бақытты сапар болсын!..
— Рахмет сізге, жолдас Гозак! — дедім мен.
Расында осы пропуска менің бақыт сапарына аттануымның басы болды.
Сол сəттен бастап, мен азап тауынан астым да, бақыт тауына өрледім...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   73   74   75   76   77   78   79   80   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет