Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет83/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   107
АПАТТЫҢ САЛДАРЫ
Біз елге қайтатын болдық. Жуықта ғана партияға өткен он шақты
тілектестер — біздерге Ояздық Пария Комитеті мен Ояздық Ревкомның
жүктеген міндеттері,— солардың атынан белгілі бір болыстарға шығып,
үгітші болу жəне со кезде басталғалы жатқан продразверсткаға жəрдемдесу.
Менің сыбағама Қызылжар мен Қостанай оязының шекарасындағы
Қараоба, Қаратал жəне Пресногорьков аталатын қазақ болыстары тиді.
Олардың Қызылжардан алыстығы,— шамасы екі жүз елу, үш жүз
шақырымдай, сонша алыс жерге қыс ішінде атпен бару керек.
Баймағамбет те, басқа инструкторлар да өздері баратын болыстарға,
Ояздық Ревкомнан алған «открытый лист» пен ылаулатып кететін болды,—
мен өзім мініп келген атпен кететін болдым, қасымда — Молдағазы.
Врачтардың айтуынша, Молдағазының сырқаты меңдеп алған, ол ен, əрі
кетсе көктемге жетеді, əйтпесе одан бері өлуге тиісті. Елден ертіп əкеткен
Молдағазыны өлім халінде больницаға жалғыз тастап кетуге обалсындым,
халін түсінген оның да аулына қайтқысы келді.
Қызылжарда бір жұмаға жақын тұрып күтім көрген ат тынығып қалған
екен. Қызылжардан таң біліне шыққан Молдағазы екеуміз жетпіс-сексен
шақырым ?кердегі менің туыстарыма со күні кешке барып қондық. Сол
маңдағы туысқандарымның бəрі жиылып маған жиырма - жиырма бес
пұттай бидай берді, соны шанаға тиедік те, əрі қарай жүріп кеттік... Мұнша
жүк бір атқа ауыр, бірақ жүкті де, Молдағазыны да тастап кетуге болмайды.
Қалың қарлы жолда, ауыр жүкпен жылжып қана жүріп отырып,
Молдағазының ұзатқан апасы — Рабиғаға, жұмадан артық уақытта əрең
жеттік. Ұзын жолдын, көп жерінде мен атты жетектеп жаяу жүрдім.
Молдағазыда шанадан қозғалар хал жоқ. Қонған, түстенген немесе ат
шалдырған жерлерде мен оны шанадан көтеріп түсірем, көтеріп мінгізем.
Молдағазының бағына, Рабиғаның үйінде оның туыстары кеп жатыр
екен. Сол арадан екеуміз айрыламыз: мен астық апара жатқан апамның
аулына кетем ол туыстарымен ауылына қайтады.
Жасымыздан бірге өсіп, біте қайнаған, сырлас - мұңдас болған, мына
ұзақ сапарға бірге барып қайтқан Молдағазымен айрылу, маған да оған да
жеңіл болған жоқ.
Əсіресе оған!.. Бұл сапардан ол аса қайғылы қайтты. Өйтпегенде ше?..
Аңсап барған бостандығының жемісін жеуге сырқаты мүмкіндік бермей,
деніміз сау — біз бақытты өткізген күндерде, ол төсек тартып больницада
жатты...


Мен Молдағазыға күн сайын барып, естіген - білгенімді түгел айтып
жүрдім. Оған Молдағазы қуанды да, қайғырды да. Қуанышы — жақсылық
хабарлар естіді, қайғысы — сол жақсылықтарға ол араласа алмайды...
Осы қайғының үстіне, енді өлім қайғысы қосылды. Ақылды, зирек,
ғылымнан хабары бар Молдағазы, врачтар сыр жасырғанмен, жазылмауға
бет алғанын, Қызылжардан емделіп жазыла алмай ауылға қайту, көрге
қайту екенін жақсы түсінеді, сондықтан, жолшыбай, дем алған оңаша бір
уақыттарда ол өлім зарын жəне жете алмай кетіп бара жатқан армандарын
айтып жылап алады. Ол зарға менің сай сүйегім сырқырап, кеудемді жара
күрсінем, кейде жылаймын да.
Рабиғаның үйінен айрыларда да, ол маған осы зарын айтып біраз жылап
алды. Содан кейін:
— Саған соңғы өтінішімді айтам,— деді ол.
— Қандай?
— «Мені ауылға апарып сал» дер едім, жетім жесір ашығып отырған
апаңның үйіне астық апарасың. Жəне ат пен шана да солардікі, сондықтан,
онда бармай болмайды. Ал, мен, өзімнің ұзақ жасамауымды көріп келем.
Менің де өзімше жазып жүретін өлеңдерім жəне күнделігім болушы еді,
жинаған біраз кітаптарым да бар еді, солардың бəрін саған тапсырайын деп
ем. Егер мүмкіндігін, болса, апаңа ат-шанасын, астығын тапсырғаннан
кейін, ауылға кел де, менің аманаттарымды алып, менімен ақтық рет
бақұлдасып кет!..
— Жарайды,— дедім мен, аз ойланып.
Шанаға толтыра тиеген астықты алып барғанда, ашытуға жақындап
қалған апам үйінің өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанды. Тек қана апам
оңаша шығарып: «Қызылжарға бардын, ба?» деп сұрайды да, «бардым»
десем, «Қызылдарға жазылған жоқсын, ба?» дейді, «жазылдым» десем,
«көтек - ай, не дейді, қарағым - ау, ойынын, ба, шынын, ба?» деп
күдіктенеді. Мен «рас жазылдым» деп иландырсам, апам, «құдай-ау,
обалыңа біз қалдық қой!.. Бізге астық іздемесең ғой, Қызылжарға
бармайсың, бармасаң ғой, қызылға жазылмайсың, енді не дейін құдай-ау»
деп жылайды. Мен апама қызылдар туралы байлар мен ақтар таратқан
өсектің мəн-жайын айтсам, апам ұғынғандай болады да, «жазылып қойсан,
амал нешік, бірақ баданадай баттиып көзге түсе бермей, əзірге тиыш жүре
тұр, заманның не боп кетерін кім біледі, осы бетімен түзеле берсе
көрінерсің, əйтпесе, бүркенген қалпыңмен қала берерсің» дейді.
Апамды əрең дегенде көндіріп, ол ауылдан ылаумен аттандым. Уəде
бойынша жолшыбай Жаманшұбарға соқсам, Молдағазы əл үстінде екен.
Екі-үш күннен кейін ол жас өмірмен біржола қоштасты!..


Бұған қосымша, мен тағы бір зор қайғыға кездестім. Орысша «холера»-,
қазақша «тырысқақ» атанған аурудан ауыл адамдары өліп жатыр. Дəулет,
Тоғанас деген үйлердің бар жаны қырылып, есіктері ашусыз қапты...
Дəрігер ауыл түгіл, маңайдағы селоларда да жоқ... Ең жақын больница
Пресногорьков пен Макарьевкада, олар Жаманшұбардан жүзден аса
километр, сондықтан, қыс ішінде оларға жету оңай емес.
Дегенмен, бұл уақиғаны телеграсры бар қаладан өкіметке хабарлауға
жиналып жатыр ем, жақсы көретін немере ағам Қамза Мұстафин
«тырысқақпен» ауыра қалды. Қызу аурудың салдары ма, əлде, жан ашуы
ма, со күннің кешіне ол есеңгіреп, сандырақтай бастады. Телеграф үш -
төрт күндік жерде. Оған барып қайтқанша, Қамзаның өліп кетуі мүмкін!..
Бұл халді көріп, не істеуге білмей мен де састым, Қамзаның ауру əкесі
мен кəрі шешесі де, тетелес інісі — Ғаббас та састы.
Əке-шешесінің сасуы, бір жағынан, іштен шыққан баласына жандары
ашудан болса, екінші жағынан, осы Қамза осы үйді асырап отырған адам.
Жасы сол жылы жиырма беске шыққан, дені сау, балуан денелі боп
өскен ол, соңғы бес-алты жылда «басын тауға да, тасқа да соғып» дегендей,
ойға - қырға шапқылап, табысқор жігіт боп кеткен. Сонда оның баратын
қаласы — Жаманшұбардан екі жүз километрдей жердегі Қорған, істейтін
кəсібі,— элеваторға астық тиеген қаптарды көтеру. Кəсіптес боп бірге
барған жігіттердің айтуынша, Қамза ерегіскен уақыттарда əрқайсысы алты
пұттан, үш қапты, жетпіс бес баспалдақты басқышқа еркін көтеріп шығара
берген, екі қапты көтеру оның дағдысына айналған. Сол үшін ол ауыл
арасында да көрсетіп, атақты балуанның бірі бола бастаған. Оның үстіне
ақылды, əдепті, ұжымшыл жігіт боп ескен.
Ар жағында шаруашылық күйі аса жүдеу боп келген Мұстафаның үйі,
Қамза жалға жүруге жарағаннан кейін түзеле бастайды: тамақ тоғаяды,
киімдері бүтінделеді, тозығы жеткен үйдің іші-сырты жаңарады,
малдарының басы құралады... Осындай асырап отырған адамның басына
елім қаупі төнсе, ауыздарын балапандай ашып, оған қарап отырған
бейшаралар қалай саспас!
Мұстафа үйінін, сасуы шектен шықты. Есінен тана ауырып, денесі от
боп жанған Қамзаның балуан денесі тар жер үйдің ішінде дөңбекшігенде,
оған ие бола алмаған əке -шешесі мен екі інісі — Ғаббас пен Шəкең,
кішкене қарындасы Мəржам, қорқыныштан жынданып кетуге жақындады.
Бұл үйдегі есі дұрысырақ адам менмін, мен де бұл халді қайғыра отыра,
ауру адамға жəне оның үй ішіне жəрдемдесу үшін, өзімді өзім берік
ұстаймын.
Қуаты бар шақта жанталасып арпалысқан Қамза, сырқат жеңіп болған
кезде, солғын тартып, жұлқынған денесі баяулай бастады... Оның аты —
өлімге бой сұлу екені көрініп тұр...


Не істеу керек? ..
Мұстафаның діншіл адам екенін біз білеміз. Ол құдай, пайғамбар түгіл,
дұғалықтардың өзіне де сенеді. Ол кезде «Есмағзам» атты, дұғалықтар
жиналған кітапша бар. Сырқат Мұстафа оны ылғи жастығының астына
қойып, жəрдем тілеп жүреді.
«Есмағзамның» кіріспе сөзінде «осыны қырық мəртаба оқыған кісі, ен,
ауыр сырқаттан да төз жазылады» деп көрсететін дұғалық бар. Қамзаның
өлімге беттегенін көрген Мұстафа жылап жіберіп:
— «Есмағзамды» əкел, «Есмағзамды!»—деді, мұсылманша сауатты
баласы Ғаббасқа.
Ол дұғалықты Ғаббас, бұрын да сан рет алып жүрген болу керек,
əкесінің жастығының астынан суырып алды.
— Пəлендей дұғаны оқы! — деп бұйырды Мұстафа.
Көзінен жасы сорғалаған Ғаббас дұғалықты жалма-жан оқи бастады...
Қамза солғындап барады...
— Тағы оқы!?—деді Мұстафа өкіре жылап Ғаббасқа,— тағы!..
Дұғалық бірер қайталанғанда, Қамза жан кешті...
Сонда, есінен адасты ма, əлде, түк жəрдемі тимеген дұғалықтан біржола
күдер үзді ме, Мұстафа Ғаббастың қолынан «Есмағзамды» жұлып алды да,
турап-турап, оты жанып тұрған пештің ішіне лақтырып жіберді, өзі өкіре
жылап, сол араға шөкесінен түсіп жата қалды!.. Үй іші азан - қазан жылау...
Ертеңіне Қамзаны көмісушілердің ішінде мен де болдым. Біз оны
бетімізге мұз боп қатқан көз жасымен жөнелттік... Сондықтан ба, əлде, мен
де «тырысқақ» жұқтырдым ба, келер күннің кешіне мұрттай ұшып
құладым... Ауруымның түрі дəл Қамзанікі...
Мен де жалындай жанып, жаныммен арпалысқан түні, жиналған
адамның ішінде, Түркенің Қантайы деген адам отыр еді. Ол «бейшара-ай,
біреудің жетім баласы еді, жылап-сықтап жүріп жігіт боп жетіп еді, бір
шаңырақтан қалған жалғыз ұрпақ еді, мұның халі да былай болды-ау!» деп
аяушылық сөздер айтып отырды да:
— Мен бір ем естіп ем, соны осы балаға қолданып көрсек қайтеді? —
деді.
— О, не ем екен? — десті əркімдер.
— Бұл ауру,— деді Қантай,— біздің араға жоғарғы жақтағы Қанжығалы-
Күрлеуіттен келді ғой. Оларға бұл дертті қызылдан қашқан ақтар тастап


кетіпті ғой. Ақтарда «кəнсер деген болады екен, онысы қаңылтыр
қалбырдық ішіне салған балық екен. Өзі сонау Америка деген елден келген
кəнсер дейді. Америка ма, əлде ақтардық өздері ме, кəнсері құрғырының
осы аурудың тұқымын қосып берсе керек, соны кім жесе, тырысқақ ауру
боп өле беріпті. Осы аурудан жоғарғы елдер қырылып жатқанда, бақсы ма,
дəрігер ме біреу кеп, «ыстық қарамай ішкен ем» депті. Соны ішкен кісілер
өлмей қапты. Осы балаға осы емді қолданып көрсек қайтеді?..
Біреулер «қой, қарамай ненің емі болсын» деп сенбеп еді, енді біреулер,
— «ажалы жетсе бəрібір өлер, əйтпесе, тəуекел деп көру керек» деп, əр
түрлі сөз айта бастады. Жаным қысылып жатқан мен, басымды төсектен
жалма-жан көтеріп алдым да,— «ішем қарамайды!» дедім.
— Өз ықласы шапса беру керек! — десті бірнеше адам.
Мұстафаның үйінде тарантасын майлайтын қарамай құюлы кішкене
ағаш шелек болатын. Ол босағада тұратын. Үйде отырғандардың біреуі
шелекті алып келді, енді біреуі маздап жанған пештің қасында тұрған
қаңылтыр бақырашты тосып, «кəне, құй, мынаған!» деді. Бақырашқа
құйған қарамай ысыған кезде:
— Қаңылтырдан аузы күйер, мына аяққа құй! — деп біреу кетіктеу ағаш
аяқты тоса берді. Аяққа шүпілдеген ыстық қарамайды алдыма əкеп
тосқанда, мен көзімді жұмып жібердім де, сіміріп жұта салдым!..
Қарамай себеп болды ма, əлде ауруды мықты денсаулығымның өзі жеңді
ме, мен аз күнде айыға бастадым... Бірер жұманың көзінде таяққа сүйеніп
тысқа шығып келуге жарадым...
Бірақ, мезгіл əлі ызғарлы қыс, соған қарамай сүлдерімді сүйреткен əлсіз
қалпыммен, жаным ашитын бір адамның жаназасына барам деп, өкпемді
суыққа қабындырып аппын...
Ал, тағы да ауыр!.. Ал, тағы да жат!.. Бұл жолы ауыр жөтел кеп
жабысты... Оның арты қан қақыруға соқты... Ақыры, төсектен басымды кісі
сүйемей тұра алмайтын халге жеттім, етім таусылып, терімнің ішінде
салдыраған сүйек қалды...
Сондай күндердің біреуінде, Нұртазаның баласы Мырзағазы келіп,
маған жаны ашыған сөздерін айтып отырды да:
— Біздің тұқымда осы екеумізден басқа жігіт қалмай баратқанын
байқаймысың, Сəбит? — деді.
— Байқағанда не істейін,— дедім мен.— Есептеп жүрген біреуден
жақын арада естуімше, тырысқақ салдарынан, Жаманшұбардан жүзден аса
адам өліпті, солардың қырық екісі — өндір жігіттер, ішінде Қабамбайдың
Ғабдолы, Тоғанастың Нəзірі, біздің Қамза сияқты, бір - біреуі рулы елге


тұлға болатын сабаздар да бар!..
— Маған бір ой кеп отыр,— деді Мырзағазы, күрсініп ап.
— Қандай?
— Жамбура — Самайда Мəніштің Құсайыны деген аса бір тамыршы
адам бар. Қарт кісі. Былай емшілік құрмайды, біреу іздеп барып ем сұраса,
білгенін ғана айтады. Сенің сырқатың сияқты — жөтелді со кісі жұлып
алады деседі. Соған апарсам қайтеді?
— Осы қыс ішінде ме?
— Жазға қарауға уақыт боп тұр ма?
— Жақсы, Мырзағазы,— дедім мен, аз ойланып,— апарсаң апар.
Əйтеуір өлетін болсам, үйде өлдім не, түзде елдім не.
Ертеңіне Мырзағазы өзінің семізден жараған құла - торы атына əкесінің
жөкемен қаптаған көк ала сырлы кашева шанасын жегіп, шананың ішіне
кигіз, оның ішіне жабағы бөстек салып Мұстафаның үйіне жетіп келді.
Жұрт мені киіндіріп, үйден көтеріп алып шықты да, шана ішіндегі бөстек
пен кигізге орады, Мырзағазы екеуміз жүріп кеттік...
Мəніштің Құсайыны Жаманшұбардан елу-алпыс шақырымдық жерде
екенін білем. Аттың бабына қараса, қысты күні ара қонып бару керек.
Бірақ, Мырзағазы ол бапқа қарамады. Біздің бағымызға қарай күн де со
кезде жалған, болды, жол да даңғыл. Семізден жараған ат Мырзағазы
екеумізді ұшыра жортып отырып Құсайынның үйіне со күні кешке алып
барды. Ол бізді сөзсіз қабылдады...
Құсайын деген кісіні естуім болмаса керген жоқ едім..: Үйге кəрəсін
шамы жағылғаннан кейін көз салсам, Құсекең, қою, ұзын ақ сақалы бетінің
мұрны, көзі, маңдайы сияқты жерінен басқасын тұтас жапқан, қабағына
желкілдей біткен қалың, ұзын қастарының өзі анау-мынау кісінің
сақалындай бар, еңкиген зор денелі, басы қазандай, мұрны таудың
бүркітіндей қоңқиып орала біткен, кішірек көзі үн,- гірде жатқан, түр-
тұлғасы да, кескін -кейпі де аса ұсқынды адам екен!...
Біз жайланғаннан кейін, шал төсекте жатқан маған келді де, жуандығы
жас баланын, білегіндей, сырты түкті сау - сақтарымен шілбиген білегімді
ұстап, тамырымды басты... Екі қолымның жəне екі шөкімнің тамырын
үнсіз кескінмен кезек-кезек ұстап біраз отырғаннан кейін, сол баяғы
орнына барып отырды да, Мырзағазының:
— Баба, қалай екен?—деген сұрауына:
— Ештеңе етпес, — деп қысқа жауап қайырды. Одан кейін Мырзағазы
сыпайылық қып жауап қатқан жоқ...


Жол соқты боп шаршағандықтан ба, əлде, шалдың «ештеңе етпес» деген
сөзі көңіліме медеу болды ма,— мен ол күні аса тиыш ұйықтап шықтым.
Ертеңіне тұрып шай ішіп, жиналғаннан кейін:
— Нұртазаның баласы құлақ сал,— деді Құсайын Мырзағазыға,— мен
бақсылық құрып қағу - соғу жасаған кісі емеспін. Менікі тек, кешегі
өзімнен бұрын еткен Аю дейтін атамыздың қара тəжрибесінен үйреніп
қалған жұғын. Ол бабамыз шөптің тамырымен емдейтін еді. Оны біз
«тамыр дəрі» дейміз ғой.
— Қалай емдесеңіз де тек шипасы болсын!—деді Мырзағазы.
— Əмин! — деп Құсайын күңк ете түсті де, төсегінің бас жағынан сірі -
талысты суырып aп, таспамен бүрген аузын шешіп, ішінен əлде не
шөптердің жуандылы, жіңішкелі тамырларын алып шықты. Содан кейін,
кəдімгі дəрігерлер аптекада даярлайтын дəрілердей əр түрлі тамырды əр
қағазға порошокше турамшалап бөлшектеп салды да, сондай бөлшектің
жеті түйінін бүктеп Мырзағазыға берді.
— Сенің үйің — деді ол,— дəулетті ғой. Əкең, соғымды жақсы соятын,
биыл да солай шығарсыңдар?
— Е, құдайға шүкір,— деді Мырзағазы.— Соғым бар.
— Ендеше, əке-шешеңе сəлем айт, осы тамыр дəрілерді қазанға құйған
суға салсын ішіне семіз жылқының қартасын салсын, сөйтіп, су суалғанша
қайнатсын. Сонда дəрінін, бар қасиеті қартаға сіңеді де, жас қартаның сары
майы сүр қарта сияқтанып көгеріп кетеді. Содан бұ балаға əуелі тырнақтың
басындай ғана беріп, одан асықтай ғана беріп, содан кейін күн сайын аздап
өсіре беру керек те, артынан балалық көңілі шапқанша жегізу керек.
Шипасы түссе, бұл сырқаттың беті осыдан қайтар. Содан көктемге ілігіп,
ар жағында тосапқа аузы тисе, еншалла айығар... Тосап дегенді білесін, бе,
сен?—деді шал Мырзағазыға.
— Білем, Құсеке,— деді Мырзағасы,—« ол майдың қымызы ғой.
Қымызды жан торсыққа құямыз да, ішіне жылқының ұлпа қазысын салып,
түнде күзетке кеткен жылқышының қанжығасына байлап жібереміз. Түні
бойы шайқалған қымызға қазының майы сіңіп қоймалжың боп кетеді. Осы
болар тосап дегеніңіз?
— Білдің бала,—деді Құсайын.— Ал, енді осы екеуінен басқа менің
айтар емім жоқ.
Мырзағазы «орамал» деп ақша ұсынып еді.
— Жоқ, шырағым,—деді Құсайын алмай.—Мен ондайды кəсіп қылған
адам емеспін. Шапанын өзіңе, атын əкеңе сыйладым. Жетім бала деп
отырсың, тек қолым шипа болса, менің сенен де, бұл баладан да мінген ат,


киген шапаным со болсын!
«Не деген жақсы кісі еді бұл қарт!..» деп ойладым мен.
Қарттың айтқан емі маған қона кетті. Тамыр дəріге қайнатқан қартаны
жеген сайын жазыла түстім, жазылған сайын қартаға құмарта түстім...
Бірақ, Құсекеңнің айтуынша дəріге қайнатқан қартаны аз-ақ күн жеу керек
те, ар жағында дəрісіз қартаның өзін жеп, қымыз шыққанша жылқының не
қойдың майын сапырған ыстық сүт ішу керек...
Біздің ауылдар қорадан көшіп, жасыл шалғыны жайнаған қырға киіз үй
тіккенде, мен салт атқа мінуге жарадым... Жүз шақты жылқысы бар
Нұртазаның, үйінде ол кезде қырық-елу бие құлындайды. Солардың он бес
- жиырмасын Нұртаза сауынға байлайды. Биелердің көпшілігі жүген-құрық
тимеген, мініс көрмеген жылқылар, сондықтан, біразы құлындарды
байларда ойқастай қашып, желі маңайына жолағысы келмейді. Жыл сайын
солай болғандықтан, Нұртазаның үйі желіден қашқан биелерді қорғалап
əкелуге жүйрік байталдармен, жүйрік аттармен, жүйрік айғырларды күн
бұрын жаратады, ыңғайлы жігіттер қашаған биелерді құрықтап отырып
желі басына қорғалатып тығады... Биыл бие байларда менің сауығуым
сонша, жүйрік байталдың біреуіне мініп қашаған қуыстым!..
Бие байланып аз күн тосап ішкеннен кейін мен тіпті құлан таза боп
жазылып кеттім, жөтелім біржола басылды...
Енді не істеу керек?
Ояздық басқарушы мекемелерден кең мандат алып, атқаруға шыққан
қызметтерімді, ауылыма əлдеқалай келген апаттың салдарынан орындай
алған жоқпын. Енді соны орындауым керек. Бірақ, ол үшін Қызылжарға
барып қайтуым керек, өйткені, естуімше, Советтік құрылыстың
тіршілігінде толып жатқан жаңалықтар болған, соларды біліп алмасам,
қызметті қалай атқарам?
Бұл кезде тату боп жүрген Нұртазаға осы айымды айтып ем, ол өз
ұсынысын жасады:
— Шырағым,— деді ол, — құданың бұйрығымен, біздің Молдағазы
қайтыс болды. Артында көп құран, кітаптары қалды, соларға бұл үйде ие
жоқ. Егер, риза болсаң, сені ие
қылайын деп ем. Бұған көнсең, тағы да айтқалы отырған бір сөзім бар.
— Айтыңыз! — дедім мен.
— Айтсам, мына көршілес отырған Асуат - Алдайдағы Ақатай хазіреттің
Əлғалінің бойжеткен қызы бар, со баланы Молдағазыға атастырғалы жүр
едім, оның жайы былай боп кетті. Хазіреттік де, менің де бір-бірімізден


айрылғымыз келмейді. Егер, ризалассаң со баланы атастырып, қасыма бір
отауым ғып қондырайын деп ем.
Жалтарыс сөзге салған мен, шешен жəне ақылды Нұртазаның мені
құтқармайтынын білем. Сондықтан, мен турасын айттым:
— Кішкене аға, мен əлі бүтін кісі емеспін, жарты кісімін. Бойым бүтін
болғанмен, ойым жарты, білімім жарты. Ендеше, əуелі бүтін адам боп
алып, үйлену жайын содан кейін силауым керек. Оқуға жағдай туып тұр.
Сіз ренжімесеңіз, мен толық білімді адам боп келмей, үйлене алмаймын.
Нұртаза бұл жолы маған бұрынғыдай ақыра сөйлемей, жəй ғана бетіме
сүзіле қарап отырды да:
— Əй, бала, бала!.. Өз пайдаңды білмеген саған не дейін,— деп, тұрып
жүре берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет