5. Қазынагерлік жүйе және міндетті атқарылатын борыштар. Осы кезден бастап Қазақстанның бүкіл аумағында біртұтас салық - «түтін салығы» енгізілді. Ол жыл сайын бір рет әрі үй басынан ақшалай алынып тұрды. Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығындағы қазақтар 3 сомнан, ал Түркістан генерал- губернаторлығындағы қазақтар 2 сом 75 тиыннан төлеп келді. Мал санағы 3 жылда бір рет өткізілді. Басқа жаққа барып жұмыс істеп, табыс тапқысы келгендер болыстардан төлқұжат алуы міндетті еді.
Көшпелі қазақтар бірқатар борыштар атқаруға, атап айтқанда, олар көпірлер мен жолдарды тегін жөндеп тұруға міндетті болды. Дала тұрғындары осы кезден бастап науқас адамдар жататын және іссапарға келген шенеуніктер тоқтайтын киіз үйлер бөліп тұруға міндеттелінді. Қазақтарға оларды отын-сумен және шенеуніктерді жолға мінетін ат-көлікпен қамтамасыз ету де жүктелді. Қазақтар міндетті әскери борыш өтеуден босатылды. Басқа сословиеге өтетіндерге бес жылға дейін мемлекеттік міндеткерліктерден босатуға уәде берілді. Мұнымен патша үкіметі көшпелілерді шаруаларға айналдыруды көздеді. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспады.
6. Денсаулық сақтау саласындағы реформа. Әр облыста облыстық дәрігер тағайындалды. Әрбір уезде бір дәрігер мен акушер кіндік шеше болатын болды. Уездік дәрігерге шешекке қарсы егу шараларын қамтамасыз ету міндеті жүктелінді. Ол науқас адамдарға медициналық көмек көрсетіп, оларды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етуі тиіс болды. Қазақтар әскери және азаматтық мекемелердегі емдеу орындарында да дәрігерге тексеріле алды. Солай бола тұрса да, дәрігерлердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтардың бұл мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді толық пайдалануы мүмкін болмады. Кеңес өкіметі орнағанға дейін қазақ халқының арасында, әсіресе балалар арасында өлім-жітім белең алды.
Жерді пайдалану мәселелері. Қазақтардың қоныстанған жерлері мемлекет меншігі саналды. Ол жерлер қазақтарға қоғамдық пайдалану құқығы негізінде ғана берілді. Жаңа реформа бойынша ормандар да мемлекет меншігі деп жарияланды.
Қазақтарға жерлерін Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген орыс шаруаларына белгілі бір мөлшерде жалға беруіне рұқсат етілді. Ал мұның өзі олардың ежелден келе жатқан атамекенінен айырылып, өздерінің жерсіз қалуына алып барып соқтырды.
Қоныс аударып келген орыс шаруалары бірқатар елеулі жеңілдіктерді пайдаланды. Мәселен, олардың әрқайсысы уездік билік орындарынан үй салып алу үшін жер телімін, сондай-ақ құрылыстық ағаш материалдарын тегін алды. Олардың сауда жасаумен, қолөнер кәсібімен, өнеркәсіптік қызметпен және егіншілікпен емін-еркін айналысу құқығы болды.
Ал башқұрт, татар, Орта Азия халықтарының өкілдері сияқты мұсылмандар мұндай жеңілдіктерді пайдалана алған жоқ. Өйткені патша үкіметі ислам дінін ұстанатын өзге халықтар өкілдерінің қазақ даласына шоғырлана түсуінен қорықты.