6. Жалпыұлттық «Қазақ» газеті. 1905 жылы патшаның қол қойған манифесі бойынша елде сөз бостандығы мен баспасөз бостандығы жарияланды. Мұның өзі Қазақстанда қазақтың өздері шығаратын демократиялық басылымдарды - газеттер мен журналдарды шығаруына мүмкіндік берді. 1907 жылы Санкт-Петербургте қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси газеті «Серке» жарық көрді. Ол татар тілінде шығатын «Ульфат» газетінің қазақша қосымшасы ретінде шыға бастады. Алайда ол елде саяси реакцияның күшеюіне байланысты жабылып қалды.
Содан 1913 жылы ғана жалпыұлттық «Қазақ» газеті апталық басылым болып жарық көрді. Ол Орынбор қаласында шығып тұрды. Газеттің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынов болды. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхандар барша қазақ елінің мүддесін білдіретін XX ғасырдың ұлттық газетін құра білді. Олар осы газеттің белсенді авторлары болды. Атақты баспагерлер «Қазақ» газетінің төңірегіне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Қайретдин Болғанбаев, Ғұмар Қарашев, Мұхтар Саматұлы сияқты көптеген көрнекті қайраткерлер мен ақындарды топтастыра білді.
Газеттің әр нөмірінің таралымы орта есеппен 3 мың данаға, кейде тіпті 8 мың данаға дейін жеткен. «Қазақ» газеті XX ғасырдың басындағы азаттық қозғалыстың стратегиясын анықтап берді. Газет өз беттерінде халық ағарту, кітап шығару мәселелеріне басымдық берді. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары отаршылдықтың мәнін ашып көрсетті, газет ислам діні мәселесі бойынша, ғылыми негізделген бағыт ұстанды. Газет бетінде жарияланған мақалалардың едәуір бөлігі тіл мен әдебиет, мәдениет пен тәрбие, халық санасын жетілдіруге арналды. «Қазақ» газеті қазақ халқы тарихының бетбұрысты кезеңінде шығарылды, өз ұлтының көкейтесті мүдделеріне адал қызмет етті. Ол бүкіл қазақ халқын өзінің төңірегіне топтастыра білген ұлттық-саяси және ғылыми-әдеби басылым болды.
7. Қазақ тілінде кітаптар шығару.XX ғасырдың бас кезінде қазақ арасында рухани-діни және зайырлы мазмұндағы кітаптар пайда бола бастады. 1900 жылдан 1917 жылға дейін қазақ тілінде 400-ге жуық кітап басылып шықты, олардың жалпы таралымы 60 мың данаға дейін жетті. Кітаптар Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор, Уфа, Троицк, Орал, Астрахан, Верный, Ташкент қалаларындағы баспаханаларда араб әрпімен шығып тұрды.