1909 жылы Санкт-Петербургте - ұлы Абайдың өлеңдері мен А. Байтұрсыновтың «Қырық мысал» атты кітабы жарық көрді. Ал 1909 жылы Қазанда М. Дулатовтың атақты «Оян, қазақ!»өлеңдер жинағы басылып шықты. «Бақытсыз Жамал» романы, «Азамат» және «Терме» атты шығармалары жарық көрді.
1911 жылы ұлы Абайдың шәкірті, данышпан Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітабы жарық көрді. Шәкәрім өз бетімен білім алды, араб, парсы, түрік және орыс тілдерін еркін меңгерді. Ол бүкіл ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы өзіндік орны бар көрнекті ақын, ойшыл, тарихшы, ғұлама ғалым әрі композитор ретінде де танылды.
1911 жылы Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңдер жинағы жеке кітап болып шықты. Бұл шығарма қазақ халқының құқықсыз мүшкіл халіне арналды. 1912 жылы ол араб графикасы негізінде «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліппе» және «Тіл құралы» деп аталатын әдістемелік оқу құралдарын қазақ тілінде жазып шықты. Мұндай басылымдардың жарық көруі қазақ үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл түркі тілдес халықтар үшін зор жаңалық саналды.
Қазақ газетінің, журналдары мен кітаптарының жарық көруі қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда, қазақ зиялыларының ұлт мүддесі үшін тығыз топтасуында елеулі рөл атқарды. Қазақ халқы бұл кезде түрлі әдеби шығармаларды тек қазақ тілінде ғана емес, татар және орыс тілдерінде де оқи алатын дәрежеге жетті.
Реакция - қоғамдық прогреске белсене қарсы күрес жүргізу саясаты.
Қаражүздіктер - патшалық Ресейдегі барып тұрған реакционер, шовинист әрі монархистер тобы.
«Қазақ» газеті - 1913-1918 жылдары шығып тұрған жалпыұлттық апталық басылым.
Мұстафа Шоқай (1890-1941) - ойшыл, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері. Қоқан автономиясының президенті, XX ғасыр басындағы еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлердің ірі өкілі.
Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеров (1896-1937) - қазақтың белгілі қоғам қайраткері, тарихшы, жазушы, драматург. Ол Ақмола облысының Омбы уезіндегі Теке болысының Қаржас ауылында туған.