Бақылау әдісі. Бақылау кезінде зерттеуші баланың мінез-құлқын табиғи жағдайда белгілі бір мақсат көздей отырып қадағалайды және көріп байқағандарын көзден таса қылмай есепке алады. Бақылаудың табысты болуы оның мақсатының қаншалықты дұрыс тұжырымдалғандығына байланысты. Егер зерттеуші бақылау басталмас бұрын бала мінез-құлқының қай жағына көбірек көңіл аударуы керек екенін анықтап алмаса, онда әсері бытыраңқы, тұрақсыз болады.
Өзін бақылап жүргенін бала сезбеуге тиіс. Әйтпесе ол табиғилығын және еркіндігін жойып алады да, оның мінез-құлқы өзгеріп кетеді. Сондықтан бақылауды бала үйреніскен, баламен күнделікті болып жүрген адамның жүргізгені дұрыс. Бала психологиясына кейде жасырын бақылау да қолданылады. Ол үшін бала орналасқан мен бақылаушы отырған бөлменің екі арасына бір жақты көруге ғана арналған ерекше әйнек орнатылады. Бала жақтағы бөлмеден бұл әйнек айна сияқты болып көрінеді де, бақылаушы жақтан терезеге ұқсайды. Жасырын бақылау үшін телевизиялық қондырғылар да пайдаланады.
Бақылау үдерісінде зерттеуші бала мінез-құлқындағы сыртқы белгілерді, оның әр түрлі заттармен іс-әрекетін, сөйлеген сөздерін, мәнерлі қимылдарын т.б. қадағалай алады. Бірақ психологты сыртқы көріністер ғана емес, соның астарында жасырынған психикалық үдерістер, сапалар, көңіл-күйлер де қызықтырады. Өйткені белгілі бір көріністердің өзі түрлі ішкі жай-күйді білдіруі мүмкін ғой. Мысалы, қандай да бір жағдайда бір бала қалжыңдап күлуі, ал екінші бала жолдасына еліктеп қана қоймай, оны дұрыс түсінуі мүмкін.
Бақылаудың жаппай және ішінара бақылау деген екі түрі болады. Жаппай бақылаулар ұзақ уақыт бойы жүргізіледі де, бала мінез- құлқының көп жағын қамтиды. Ол бір немесе бірнеше балаға қатарынан жүргізіледі және бала психикасын түгелдей қамту жүзеге асырылады. Әрине баланың әр қимылын, әр сөзін қалт жібермей, есепке алып отыру мүмкін емес. Жаппай бақылаулар әрқашан азды-көпті іріктеліп жасалады, яғни бақылаушыға маңызды, көңіл аударарлық болып есептелген, баланың жаңа сапасы мен мүмкіндігін көрсететін жағдайлар ғана жазылып отырылады.
Жаппай бақылаулар нәтижелері әдетте күнделік ретінде сақталады, олар баланың псикикалық даму заңдылықтарын анықтау үшін
пайдаланылатын фактілердің маңызды қайнар көзі болып табылады. Көптеген белгілі психологтар өз балаларының даму күнделіктерін жүргізген. Соның бірі неміс психологы В. Штерн (1871-1938) әйелі (К. Штерн) екеуі жүргізген күнделігіндегі жазбаларды баланың психикалық дамуына әсер ететін себептер жөніндегі болжамына талдау жасауға және көркемдеп көрсетуге пайдаланған. Белгілі швейцар психологы Ж. Пиаже (1896 ж) сәбилік шақтағы балалардың ақыл- ойының даму кезеңдерін бөліп көрсете отырып, немерелерін бақылаған қорытындыларына жиі сүйенеді. Кеңес зерттеушісі Н. Н. Ладыгина Корс (1889-1963) кішкентай Шони шимпанзе мен өз ұлы Рудиге жүргізген ыждағатты бақылаулары нәтижесінде бала мен жануарлар балалары дамуының ерекшеліктерін салыстырды.
Ішінара бақылаулардың жаппай бақылаулардан айырмашылығы сол, мұнда баланың мінез-құлқының бір жағы немесе оның белгілі бір мерзімдегі (мысалы, тек ойын кезіндегі, тек тамақтану кезіндегі) мінез- құлқы немесе бір ғана үдерістің кемшілігі есепке алынады. Ч. Дарвиннің өз ұлының эмоцияларды білдіруін бақылауы ішінара бақылаудың классикалық үлгісі болып табылады. Осындай алынған материалдар «Адам мен жануарлардың сезім білдіру белгілері» (1872) деген кітапта пайдаланылды. Екінші мысал, кеңес лингвисі А. Н. Гвоздев (1949) өз ұлының тілі шығуын сегіз жыл бойы күн сайын бақылап, содан кейін «Балада орыс тілінің грамматикалық құрылысының қалыптасуы» деген кітап жазды.
Фактілерді алғаш рет жинақтау үшін бақылау әдісі өте тиімді. Бірақ ол уақыт пен күшті көп жұмсауды қажет етеді. Көптеген зерттеушілер біз бақылау жүргізе отырып, өзіміз білетіндерімізді ғана көретінімізді, ал белгісіз нәрселердің әлі де назардан тыс қалатынын байқаған.
Бақылау әдісін қолдана отырып, бірнеше жағдайларға сүйену керек: міндеті неғұрлым нақты қойылса, соғұрлым бағытты болады, талдауы соғұрлым дәлелді болады. Бақылауды жоспарлы түрде жүргізе білу керек: нақты және объективті түрде зерттеу. Бақылау таңдаулы болуы тиіс, бірақ сол мезетте жалпы және нақты болу керек. Бақылауды тек жүйелі, бірізді түрде жүргізсе ғана өз мақсатына жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |