Бала психологиясы - жас ерекшелігі психологиясының негізгі бөлімі. Ол адам өміріндегі тұтас бір кезең болып табылатын балалық шақтың психикалық даму заңдылықтарын зерттейді. Жас ерекшелігі психологиясының іргетасы болған бала психологиясы XIX ғасырдың аяғында дербес пән ретінде өмірге келді. Бала психологиясының негізін қалаған - неміс ғалымы В. Прейер. Ол Бала психологиясын зерттеуде тұңғыш рет интроспекция әдісінен объективті бақылауға өтуді жүзеге асырды. В. Прейердің «Бала жаны» атты кітабы (1882) бала психологиясын жүйелі зерттеуді бастап берген психологиялық еңбек болды. Бала психологиясының пәні - балалық шақтағы психикалық дамудың жалпы заңдылықтарын онтогенезде ашу, осы дамудың жас кезеңдері мен оған өту себептерін анықтау. Бала психологиясы үшін басты мәселе - баланың психикалық дамуының факторларын, психикалық даму шарттарын түсіндіру. Психология ғылымында баланың психикалық дамуын түсіндіретін теориялар шартты түрде 2 үлкен бағытқа бөлінеді:
биогенетикалық;
социогенетикалық.
Бұл бағыттар бір-бірінен бала дамуының негізіне қандай факторды (биологиялық не әлеуметтік) алуымен ерекшеленеді. Бала психологиясы баланың дүниеге келгеннен мектепке барғанға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Балалар психологиясының пайда болуы мен бала психикасының даму заңдылықтарын зерттеу биология ғылымының жүйесіне енген үлкен бір жаңалық болды. XIX ғ. Чарлз Дарвиннің жасаған эволюциялық ілімі аса маңызды кезең болды. Адам соған сәйкес органикалық дүниенің дамуының тұтас жүйесіне енді. Өйткені ол психикалық өмір эволюцияның нәтижесі деп танылды. Мұның өзі ғылымға баланың әр жас кезеңіндегі психологиялық даму өзгешеліктерін бақылауға мүмкіндік туғызады. Бұл жөнінде Чарлз Дарвин Ламарк жұмыстарының маңызы ерекше болды және ол бақылаулар бала психикасының дамуы мен ойлау әрекеті туралы ғылымның бастапқы жаңалықтары болды.
Көрнекті чехтың ұлы педагогы Ян Амос Коменский (1592- 1670ж) балаларды сезім ерекшеліктеріне байланысты оқыту жүйесін құру керектігі туралы ең алғаш өз пікірін ұсынып, мектепке дейінгі тәрбиенің алғашқы жүйесін жасады. Осы негізде «Ұлы дидактика» «Суретті көрнекі әлем» еңбектері шықты.
1712-1778 жылдары мектеп жасына дейінгілердің психикалық ерекшеліктерін егжей-тегжейіне дейін толық байқаған Жан-Жак Руссо баланың өздігінен дамуына ерекше мән беріп, оның дүниені танып білу негізі табигат болуы керек деді. Табиғаттың өзі баланың ақыл-ойын дамытудың негізі. Ал тәрбиешінің рөлі - іс-әрекет барысында әрі қарай ұйымдастыру. Өйткені үлкендер мен ересек балалар барлық уақытта мектеп жасына дейінгі балаларды түсіне бермейді. Бала ақылының, ықылас тілегінің сезімінің өзіндік ерекшелігі болады. Сондықтан баланы барлық уақытта бала деп қарауға болмайды. Үлкендердің көңіл бөлмей, қалай болса солай араласуы баланың табиғи дамуына керісінше зиянын тигізуі мүмкін.
1746-1824 ж Генрих Пестолоций баланы үлкендердің жүйелі түрде үйретіп отыруына үлкен мән беру маңызды мәселе деп қарастырды. Ол кісі баланың жеке басын қалыптастыруда отбасының, әсіресе анасының рөлі ерекше деп багалаган. Онда табиғи дарындылық принциптерін басшылыққа ала отырып, баланың жас ерекшелігін ескеруді талап етті. Г. Пестолоций танымның басталар сәті танымдық қабылдау деп есептеді де, баланың бойында бақылау мәдениетін қалыптастыруды талап етті.
Жеке адамды қалыптастырудағы тәрбие рөлінің құдіреті туралы көзқарасты XVIII ғасырдағы Ресейдегі алдыңғы қатарлы ағартушылар да жүйелі түрде қолдады. Мысалы, В. И. Татишев өзіндік ақылдың даму көзі жас адамға өзгенің іс-тәжірбиесін меңгеру болып табылады деп
атап көрсетті. Бұл тәжірбие тіл арқылы немесе жазбаша түрде беріледі. Сондықтан адам екінші бір адамның еңбегінің көмегінің жемісі болып есептеледі. Ең алғаш балалық шақтың психикалық дамуының жас кезеңдерінің түп нұсқасын салған осы В. И. Татищев болды.
Тәрбиелеудің бұл идеясын ары қарай жалғастырып, адамгершілік сапасын жүйелі түрде қалыптастыруды қолдаған Н. Новиков болды. Ол 1744-1818 жылдары ақыл-ой адамгершілік мәселелеріне және эмоциялық сезімдік мәселелерге жол ашып көрсетті. Н. Новиков баланың ақыл-ой, эстетикалық сезімнің, адамгершілігінің дамуы қоршаған ортадағы заттарды қабылдап, айналасындағы үлкендерге еліктеуге байланысты деп сенім білдірді. В. Г Белинскийдің 1841- 1848, А. И. Герценнің 1812-1870, Н. А. Добролюбовтың 1836-1861, Чернышевскийдің 1828-1889 жылдардағы еңбектерінде баланың жеке басының қалыптасып дамуы тікелей дене тәрбиесі мен ақыл-ой тәрбиесіне байланысты екендігі туралы айтылған.
Бұдан кейін балалар психологиясының дамуына XIX ғасырдың ұлы педагог-психолог ойшылдарының еңбектерінің де мәні ерекше болды.
XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезінде шетел психологтары
В. Штерн, Э. Мейман, А. Бине, К. Коффка, К. Бюллер, т.б өз еңбектерінде балалар психологиясы туралы мәселелерді қорытындылап, негізгі бағыттарға қысқаша талдау жасады. Революциядан кейінгі қайта өрлеу жылдарында диалектикалық материализм негізінде де бала психикасының дамуы туралы Ресейде эксперименталдық балалар психологиясы ерекше қарқынмен жұмыс жасады. Атап айтар болсақ, А. Ф. Лазурский, А. П. Нечаев, И. Кросногорский, В. М. Бехтерев, Н. М. Шеловановтардың физиологиялық зерттеулері соның дәлелі.
Ал Лев Семенович Выготскийдің «жоғарғы психикалық функцияның тарихи мәдени даму теориясы», «Психикалық дамудың жас дағдарыстары» атты зерттеу жұмыстары балалар психологиясы ғылымы үшін теңдесіз құнды материалдар болып есептелуде.
Баланың ақыл-ойының дамуының негізгі күші мен себептері жөнінде де түрлі педагогикалық ой-пікірлер айтылды. Мұндай негізгі себепші күшке баланың үлкендерге еліктеуі, үлкендерден оқып үйренуі жатады. Сонымен қатар баланың адамгершілік сезімі мен ақыл-ойының дамуы үшін тілінің шығуы сөздік қорының дамуының рөлі ерекше екенін атап көрсетті.
Балалар психологиясының отандық ғалым болып бөлініп шығуына И. М. Сеченов пен К. Д. Ушинский еңбектерінің де өзіндік үлесі бар. Мысалы, И. М. Сеченовтың 1829-1905 «Бас миының рефлекстері»-
деген еңбегінде кішкентай балалардың рефлекторлық әрекетінің алғашқы даму барысын бақылай жүріп, сезгіштігінің даму бағытын, қимыл-қозғалысын, олардың ойлауының алғашқы формасын, ес, ерік, зейіннің сөйлеген сөзінің және өзін-өзі танып білу өзгешеліктерін көрсетіп берді.
Ұлы психолог, физиолог Иван Петрович Павлов 1849-1936 жылы өзінің «Ой элементі» - деген еңбегінде сөз туралы екінші сигналдық жүйе, - деп баланың психикалық әрекетінің қалыптасуы туралы тұңғыш рет бағалы материалистік түсінік берді.
Баланың жеке басының дамуындағы оқыту мен тәрбиенің рөлі туралы әлде қайда прогрессивті ойды дамытып, жақсы негізін салған И. М. Сеченов пен К. Д. Ушинский «Адам тәрбиенің тиегі» - деген еңбегінде баланың жеке басының жан-жақты даму жағдайларының басты себептерін барлық жағынан көре отырып, баланы оқыту жүйесіне бағалы педагогикалық кеңес берді. Тамаша педагог әрі психолог К. Д. Ушинский баланың дамуын жеке өзінің белсенді ойлауы мен таным әрекеті еңбегінің жемісі деп атап көрсетті.
К. Д. Ушинский баланың сезімдік танымына ерекше көңіл аудара отырып, баланың тілінің шығуы, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беру арқылы адам болып қалыптасады, - деп атап көрсетті. Бала тіл арқылы өз ойын нақты бейнелеп бере алады. Қандай еңбекті болса да өз ана тілінде барлық ынта-ықыласымсн терең танып бере алады. Сондықтан ана тіліндегі еңбектерді оқып беру арқылы тек адамгершілігі мен ақыл- ой жағынан дамытып қоймай, азаматтығы жағынан дамытуды ескеру керек. К. Д. Ушинскийді балалар психологиясының негізін салушы деп қарастыруға болады.
Қазақстанда Бала психологиясына қатысты еңбектер жазған психологтар: С. Балаубаев, Е. Суфиев, Ш. Әлжанов, А. Темірбеков, М. Мұқанов, Қ. Жарықбаев, т.б. (Қазақ энциклопедиясы, 2-том).
Балаларды жан-жақты зерттеумен басқа ғылымдар да айналысады. Әр ғылым өз зерттеу мақсатарына қарай түрлі бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Баланың бойының өсуін, салмағының артуын, дене пропорциясының өзгеруін, нерв жүйесінің құрылымы мен жұмысының жетілуін, ішкі секреция бездерінің жұмыс атқару өзгерістерін - жас ерекшелігі анатомиясы мен физиологиясы зерттейді.
Қазіргі балалар психологиясының теориялық және
практикалық міндеті.
Қазіргі балалар психологиясын зерттеудің педагог үшін теориялық та, практикалық та маңызы зор. Өйткені баланың жас кезеңіне
байланысты айырмашылық дағдарыстарын зерттеп білу педагогқа программалық материалдың көлемін анықтауға септігін тигізеді. Психологияны жете игеру тәрбиешілерді көптеген қателіктерден сақтануға жөне балалармен дұрыс байланыс қарым-қатынас орнатуға көмектеседі және педагогтарға тек баланы түсініп қана қоймай, қолдап, жақсы қасиеттерін дамытуға, баланың жан дүниесін сезе білуге көмектеседі. Оқу-тәрбие жұмысы, ғылым саласында болып жатқан реформалық жаңалықтарды ғылыми тұрғыда зерттеу осы ғылымның негізгі міндеті. Мысалы, баланы мектепке 6 жастан бастап оқыту, басқа ұлт мектептерінде қазақ тілін кеңінен игерту немесе мүмкіндігіне қарай бастауыштан бастап шет тілдерін игерту. Ауылдық жердегі мектептің оқу-тәрбие үдерісінің ерекшелігі халықтың бала тәрбиесіне байланысты жинақтаған бай тәжірибесі, психологиялық идеялар ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдауды талап етеді. Осының бәрін балалар психологиясынсыз шешу мүмкін емес.
Бала психологиясын білу балаларды оқытып, тәрбиелеу практикасы үшін де керек. Балдырғанның психикалық даму заңдылықтарын түсіну, балалардың эмоциялық және ақыл-ой ерекшеліктерін, сондай- ақ олардың бейімділігі мен ынтасын білу балабақшадағы оқу-тәрбие жұмысын ойдағыдай жүргізудің маңызды шарты болып табылады. Психологияны білу тәрбиешіге баламен дұрыс байланыс орнатуға, олардың дамуын басқаруға, балабақша қызметкерлерін тәрбие жұмысындағы көптеген қателіктерден сақтандыруға көмектеседі. Психология ойшыл тәрбиешіні үйірсек балалармен ғана емес, сонымен бірге адаммен көп байланыс жасамай оқшау жүретін қиын балалармен де тез, ортақ тіл табысуға көмектеседі.
Психологияны оқып үйрену тәрбиешінің өзін де баланы түсініп қана қоймай, оны қолдап, оның бүкіл жақсы қасиеттерін дамытуға әзір, неғұрлым сезімтал бақылаушыға айналдырады. Сонымен қатар психикалық дамудың маңызды жағын балалардың бойындағы психикалық процестер мен сапалардың қабылдау мен түйсік, ес, зейін, қиял, ойлау, мінез, ерік, сезімнің жас ерекшелігіне байланысты фазаларының пайда болып өзгеруі және жетіліп дамуын зерттейді.
Балалар психологиясы балдырғанның басқа адамдармен қарым-қатынас жасай алатын, еңбектенетін, жаңалық ашатын, өнер туындыларынан ләззат ала білетін ересек адамға қалай айналатынына көңіл бөледі.
Баланыңбарлықіс-әрекетіүлкендерден өзгеше қалыптасады. Мәселе оның білімін үлкендердің білімімен салыстыруға болмайтындықтан емес, қарапайым күнделікті бақылауларынан баланың сезінуі, ойлауы
үлкен кісілердей емес екендігін білеміз. Сәбидің сезімдері күшті, бірақ көбіне тұрақсыз болулары мүмкін. Бүгін құштар болған нәрсесін ертең ұмытып кетуі ғажап емес. Үлкендердің астарлап сөйлегенін балалар түсіне бермейді. Жас бала өзін қызықтырмаған істі зорлап орындай алмайды.
Баланың қолынан келмейтіні көп. Бірақ біз тек сәбидің әлі де қолынан келмейтініне, әлі де істей алмайтынына ғана көңіл аударатын болсақ, онда біз ересектерге тән жаңа қасиеттердің, сапалардың қайдан пайда болатынын ешқашан түсінбес едік. Сондықтан баланың бойында не бар, ол не істей алады, жасы өскен сайын ол қалай өзгеріп, нені үйреніп келеді дегенді анықтау әлдеқайда маңызды.
Баланың дамуы үлкендерді үнемі таңдандырады, әрі қуанышқа бөлейді. Ол бүгін кешегісіне, ал ертең бүгінгісіне ұқсамайды. Ілкіде басын жерден шаққа көтеретін ол, бірнеше айдан кейін отырып, шылдырмақтармен ойнайды, ал тағы да бірнеше айдан соң тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасайды. Бұл қадам әлі сенімсіз, қадам басу болғанымен, ең маңыздысы оның басталуында. Енді оның алдынан жаңа кең байтақ дүние - бұрын ол ағаш бесіктің тал қоршауының ішінде отырған кезде ойына кіріп те шықпаған жаңа дүние есігін ашты. Міне, ол түрліше дыбыстар да шығарады. Енді бір-екі айдан соң бөбекке тән ғана былдырды еститін боламыз. Тағы да бір сыпыра күндерден кейін ата-анасының ет-бауырын елжіретіп «ма-ма», «ба-ба-ба» дегенді айтады. Содан соң сәби «мама», «папа», «бер», «ал» деп айта бастайды. Әлі де сөз қоры аз болғанымен, бұл жердегі ең бастысы оның сөйлей бастағаны, оның адамзат тілінің бай қазынасына жол ашқаны.
Үлкендер кейде баланың «ақылына» таң қалады. Шынында бұл жердегі құпия ақылда емес, табысқа тез жетуде, бала кеше қолынан келмегенді бүгін үйреніп, үлгермегендігінде жатыр. Баланың үнемі ілгері ұмтылуы, оның мінез-құлқында, іс-әрекетінде, жаңалықтың пайда болуы қарапайымдылықтан неғұрлым күрделі, ойланып атқарылатын қимылға ауысуы, сөйлеуді игеруі дербестілігінің алғашқы көріністерінің пайда болуы, міне, осылардың бәрі сәбидің дамуын сипаттайтын дәлелдер болып есептеледі. Бұлар бала психологиясының қорытынды шығару үшін пайдаланылатын материалы болып табылады. Жеке балалардың дамуындағы өзгешеліктерге, олардың өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, бүкіл сәбилердің бәріне ортақ қасиеттер болады. Олардың барлығы да дамудың бір кезеңдерінен, сатыларынан өтеді. Осы жағдайларды ескеріп тәрбиешінің балалармен жұмыс жасауы тәрбиешінің білімділігін талап етеді.
Балалар психологиясының басқа ғылым салаларымен
байланысы
Балдырған психикасының дамуын зерттеген кезде бала психологиясы кейбір басқа да ғылымдардың мәліметтерін пайдаланады және өз кезегінде, олар үшін маңызды мәні бар материал беріп тұрады.
Сонымен бірге баланың дамуын, әсіресе баланың өзін қоршаған дүниені қалай танитынын мұқият зерттеу адамзат танымының жалпы табиғатын терең ұғынуға мүмкіндік береді.
Балалар психологиясы жалпы психологиядан тарайтын даму психикасы туралы білімге сүйенеді. Мысалы, балалар психологиясын зерттеудің, оның іс-әрекеті, психикалық үдерістері мен жағдайлары, жеке басының қасиеттері сияқты жағдайларды бөліп көрсету, олардың бұрын жалпы психологияда бөліп көрсетіліп, сипатталғандығынан ғана мүмкін болады.
Балалар психологиясы жас ерекшелігі анатомиясы мен физиологиясының жетістіктерін, әсіресе баланың жүйке жүйесі мен жоғарғы жүйке қызметінің дамуы туралы мәліметтерді үнемі пайдаланып отырады. Жүйке жүйесінің дұрыс жетіліп жұмыс істеуі - психикалық дамудың маңызды шарты. Психика органы болып табылатын мидың жұмысын жетілдірмейінше психикалық даму жалпы мүмкін болмас еді. Психолог мұндай жетілдірудің қалай жүзеге асатынын білуі тиіс.
Жоғарғы жүйке жүйесінің қызмет құрылымы бойынша жүйке жүйесінің жетілуі, ішкі секреция бездерінің қызметі, ондағы өзгешеліктерді анотомия мен физиология ғылымының негізіне сүйене отырып зерттейді. Балалар психологиясы жалпы психологияның құрамды бір бөлігі. Баланың психикасының даму заңдылықтарын зерттегенде балалар психологиясы басқа ғылымдардың ғылыми мәліметтерінің негізіне сүйенеді.
Балалар психологиясы табиғат пен қоғамдағы құбылыстар дамуының заңдылықтарын ашатын сананың қоғаммен сабақтастығын дәлелдейтін философия, диалектикалық материализм негізіне сүйенеді. Дамудың жалпы заңын білу бала психологиясын зерттеуде дұрыс жол табуға, дүниеге келген тіршілік иесінің қоғам мүшесі болып қалай дамитындығын айқындауға көмектеседі. Ал, жалпы психологиямен байланысты дейтін себебіміз, ересек адамдардың психикасының қалай қалыптасып, дамитындығын білмейінше, балалар психологиясы ілгері баса алмайды.
Бала психологиясы саласындағы білім педагогиканың ғылыми негіздерінің құрамына кіреді. «Егер педагогика адамды барлық қарым-
қатынаста тәрбиелегісі келсе, - деп жазды К. Д. Ушинский, - ол ең алдымен оны да барлық қарым-қатынаста білуі тиіс». Педагогиканың негізгі міндеті - балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, қоғамда өмір сүруге әзірлеу. Бірақ бұл міндетті орындау үшін дамудың жалпы заңдылықтарын, оған әсер ететін түрлі жағдайларды, педагог қолданатын тәрбие құралдары мен әдістерін білу қажет.
Балалар психологиясы тек балдырғандардың психикалық дамуын, психологиялық дамудың әрбір сатысын сипаттайтын негізгі компоненттерді зерттейді. Яғни, балалардың бойының өсуін, салмағының артуын, дене пропорциясының өзгеруін, жоғарғы нерв жүйесінің құрылымы мен жетілуін, ішкі секреция бездерінің қызметін, оның өзгерісін анатомиялық-физиологиялық негізіне сүйене отырып зерттейді.
Психологиялық жас кезеңдерге бөлу
Психология ғылымында жас шамасына қарай кезеңдерге бөлу мәселесімен жас ерекшелігі психологиясы ғылымы тереңірек шұғылданады.
Жас ерекшелігі пәні бойынша балалардың даму кезеңдерін жас шамасына қарай бірнеше кезеңдерге бөліп оқытады.
Мектеп жасына дейінгі кезең:
жаңа туған немесе нәрестелік кезең;
сәбилік кезең;
мектеп жасына дейінгі кезең.
Бастауыш мектеп шағындағы кезең.
Жеткіншектік кезең.
Жасөспірімдік кезең.
Ересектік кезең.
Қарттық кезең.
Мектепте оқыту үдерісіне байланысты біз жоғарыдағы 4 кезеңді қарастырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |