Генотипоскопиялық әдіс Бұл әдістің негізін салған ағылшынның ғалым-биологі А.Джеффрис болды. Ол алғаш рет 1983 жылы ДНҚ молекуласында орналасқан азотты негіздердің қатарлары бірнеше рет қайталанатынын тапқан. Бұл негіздер геннің генетикалық ақпаратты тасымайтын бөлімінде нитрондарда орналасқан. Олар ДНҚ тізбегінің бойына 3-тен 30 есе қайталанатын нуклеотидтерден тұратыны белгілі болды. Адам ДНҚ-ның бір участегінен бірдей нуклеотидтердің 10 есе, екінші бір жерінде 20 есе, үшінші бір жерінде 30 есе қайталанатыны анықталды. Бұл учаскелерді ДНҚ-ның минисателлиттері деп атады. Минисателлиттердің мөлшері, пішіні және оны құрайтын нуклеотидтердің саны әр адамның өзіне ғана тән. Бір адамның мүшелерінің (жүрек, өкпе, бауыр, қан, ми, тері және басқа) клеткаларының ДНҚ-ның минисателлит учаскелері бірдей болады. Адам баласы қартаюдың, аурудың, өмірдің қиыншылықтарының әсерінен келбетін, түрін өзгертуі мүмкін. Бірақ оның денесінің әр клеткасының ДНҚ тізбегінің құрамы анасының құрсағында жатқаннан бастап өлгеннен кейінде сол күйінде сақталады. Тек генотипі бірдей бір жұмыртқалы егіздерде минисателлиттер бірдей болады.
Әдістің орындалу тәртібі төмендегіше: қаннан, сілекейден, спермадан, шаштан, терінің аз бөлшегі клеткаларынан алынған ДНҚ молекуласы төрт шыны түтікшеге (пробиркаға) бөлінеді. Әр түтікшеге рестрикциялық ферментті қосады. Бұл фермент ДНҚ тізбегіндегі төрт азотты негіздің біреуін ғана талқандайды. Осының нәтижесінде ДНҚ тізбегі толық минисателлитті бөліктерге бөлінеді.
Жұмыстың келесі кезеңінде бөлінген минисателлиттерді мөлшері бойынша сұрыптайды. Бұдан соң әр пробиркадан ферментпен өңделген ДНҚ гельмен беті жамылған пластинкаға көшіріп, электрофорез әдісін қолданады. Мұнда көлемі жағынан кішкене бөліктер ірі бөліктерге қарағанда жылдам ауысады. Он шақты нуклеотидтері бар минисателиттер арнайы радиоактивті «зондтар» арқылы бөлініп алынады. Зондтар радиоактивті болғандықтан, минисателиттің көшірмесін жарық сезгіш пластинкаға көшіріп электрофореграммасын зерттеп оқиды. Сонымен, генотипоскопия әдісі ДНҚ тізбегіндегі нуклеотидтердің қатарлары арқылы кез келген тұлғаның бір-бірімен туыстық жақындығын және қылмыстық істерге қатынасы бар немесе жоқ екенін анықтайды. Криминалистикалық зерттеулерде кеңінен пайдаланады. Бұл әдістің нәтижелері нақты, қатесіз. Тағы бір ұтымдысы анализге алынатын биологиялық материалдар аз мөлшерде алынады. Қазақстанда генотипоскопиялық әдісті сот экспертиза орталығында 2001 жылдап бастап қолданып келеді.