Қасым аманжолов



Pdf көрінісі
бет2/8
Дата01.01.2017
өлшемі38,48 Mb.
#931
1   2   3   4   5   6   7   8

Екінші сөз
 
Есімде жөнелгенім  қанды жолға:
Туған жер қимағандай мені сонда.
Жалтақтап, жалпақ дала, қарай бердің,
Жүгіріп, еріп зорға эшелонға.
Сықылды сынып-құлап аққан жұлдыз,
Мен кеттім қарауытып үнсіз-тілсіз.
Білмедім қош дерімді, күт дерімді, –
Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.
Айнала нұрға  шомып бір керемет,
Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет.
Болдым мен туып өскен тау, даламды
Көргендей тұңғыш рет, не соңғы рет.
 

34
Үшінші сөз
 
Мен кеттім, сол кеткеннен кеттім ұзақ,
Базарға келіп түстім қанды қасап.
Бір долы от ауызды, темір тісті
Қыршын жас өмірлерді жатты асап.
 
Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,
Кәсібім – соғыс болып, атым – солдат.
Қан жалдап, шалпылдатып кете бардым
Серігім болды менің азап-михнат.
 
Түткілеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушы ем аянышпен сорлы еменге:
Жанымның жанат нуын жалын шарпып,
Достарым, сол емендей болдым мен де.
 
Қансоқта арасында өліктердің,
Ажалды өз көзіммен талай көрдім.
Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,
Астында бірге ұйықтадық сұр шинельдің.
 
Немене айтып-айтпай көрген азап,
Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадіріңді,
Атыңнан айналайын, ата қазақ.
 
Төртінші сөз
 
Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы.
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,
Өртеніп күп-күрең боп таудың шыңы.
 
Сырылдап қос өкпесі, іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп, келсе жетіп.
Бұлттағы долы сайтан  найзасындай
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.
 
Жылытып бауырымды ып-ыстық қан,
Кезімде өлі досты барып құшқан.

35
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ
Болушы ем, атамекен Қазақстан!
Ес жиып тұрушы едім мен орнымнан,
Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.
Шегініп сен кетуші ең білдірместен,
Бұлтқа ұсап аспандағы аударылған.
 
Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,
Көруші ем сонда анық көз құмартып.
Алтын ту, арайлы таң төккен нұрын,
Шұғыла боп аспанында жүзген шалқып.
 
Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген қасиетті бір махаббат
Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң.
 
Бесінші сөз
 
Кең далам – дастарқаным – атамекен,
Зейінді асқар тауым көкірегі кең.
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені әкем.
 
Жалбыр тон жетім болып жүргенімде,
Көтеріп, қаратып ең мені күнге.
Әкем де, анам да сен, туған елім,
Сен үшін ырысым да, қасіретім де.
 
Білмеймін не күтіп  тұр мені алда,
Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?
Сені ойлап қиналам ғой, туған елім,
Қызыл от, жатсам-дағы батып қанға.
 
Алшы деп мен ажалға бермен арыз,
Сен маған айтқан жоқсың «өл» деп уағыз.
Талпынған жаңа ғана екеумізге
Өлші деп әмір етер қандай жауыз?
 
Болғанда сен жас әке, мен сәбимін,
Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.
Бәрібір құтылмайсың десе-дағы,
Келмейді сұм өлімге еш бас игім.

36
Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап.
Туған жер топырағында тіп-тік өскен,
Қара емен қасарысқан мен бір қазақ.
Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,
Білмеймін достарымнан кім жоқ, кім бар?
Құс болса, ұшырар ем жүрегімді,
Ап кел деп туған елден сен бір хабар.
 
Сарыарқа самалды тау, сырнайлы өзен,
Сағындың сен де мені, айтпай сезем.
Айбарлы ақсақалым – Алатауым,
Күт мені, сабырлы оймен, түңілме сен.
 
Құс болып ұшар жырым ой-қырыңда,
Қонақтар сенің алтын тұғырыңда.
Қымбаттым – халқым деген махаббатым,
Сенемін қалмас шіріп қабырымда.
1944
 
  

37
ҰЛЫ КҮТІС
 
Күтудеміз! Асығып эшелондай:
Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай.
Күтудеміз тықыршып, мың құбылып,
Қазір, қазір бар тілек болатындай.
 
Тұтылған күн дәл қазір шығатындай,
Талып жатқан досың ес жиятындай.
Ауыр азап үстінде  қиналған жан
Рахат тауып, талықсып тынатындай.
 
Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,
Арпалысып жүрсек те қан сел кешіп.
Күтудеміз сонау сұр окоптарда,
Өліп бара жатсаң да талып өшіп.
 
Мейлі, күтіп, шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,
Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.
Жараланған жауыздық қашты аң боп,
Атылса екен тезірек ең соңғы оқ.
Әділ сағат, сын сағат сенсің жүрек,
Сезіп-біліп тұрсың ғой, қаттырақ соқ!
 
 

38
***
Дүние қандай жап-жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып,
Ойдың тапшылығында.
 
Дүние қандай жап-жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып
Кетті ме соғыс, япырм-ау?!
Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы –
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып,
Жарқылдайын мен-дағы.
 
 
ҮСТІМДЕ СҰР ШИНЕЛІМ
 
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мен өлім.
 
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
 
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.

39
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім.
1944
 
***
Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далада түйе бақтым.
 
Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға»  деп.
Егер де мен түссем қолға,
Қамар ең-ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.
 
Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Таңқаларсың, «философым»
Ғажабына табиғаттың.
1944

40
***
Соғыстың, қыстың ызғары
Бойымнан кетпей, боп сырқат.
Емендей жалғыз құздағы,
Айналаға болдым жат.
 
Қайсарлықпен сыр бермей,
Отырмын қарап биікке.
Ұшқан құстар тау көлбей,
Қиялда жортқан киікке.
1944
 
***
Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз.
Алтын жұлдыз алысқа
Кетті ағып,
Кетті ағып, жас қызға
Бір ой салып.
Алтын жұлдыз зымырап
Кетті  алыс.
Кетті алыс, мылтық ап
Бір жап-жас қыз...
Майдан кешті  мылтық ап
Әлия қыз, –
Өр төсінде жарқырап
Алтын жұлдыз.
 

41
СЫРЛАСЫМ
 
Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да,
Шынымен-ақ  шіркіндер ұмытқан ба?
Жап-жалғыз тұңғиық ойға батып,
Ұқсаймын су түбінде отырғанға.
 
Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең
Ақын жары, туысы, досы – өлең.
Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі,
Жырлап  тудым анадан, жырлап өлем.
1944
***
Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді.
Көзімнен жас домалап,
Төктім сонда өлеңді.
 
Жырымды да жасымды
Бір сығып мен тастадым.
Жайнап қайта ашылды
Ойым менің – аспаным.
1944

42
  БҮГІНГІ КҮННІҢ ТОЛҒАУЫ
Сапырды соғыс дауылы 
Өмірдің бейбіт теңізін. 
Солқылдап дала сауыры, 
Қаптады бір өрт жер жүзін. 
Қасқара шықтық майданға, 
Қасақы жауды мерт қылдық. 
Халқымыз серттен тайған ба! 
Құлшына түстік, серт қылдық: 
Қираған сәнді қаламыз, 
Қаусаған алып заводтар, 
Құлпыртып қайта саламыз, 
Жағамыз, дедік, жаңа оттар. 
Өртенген орман, күйінбе, 
Сені де қайта егеміз, 
Баяғы болған күйіңе 
Келесің қайта, дегеміз. 
Қанқұйлы дұшпан фашистер 
Аяусыз қорлап, таптаған. 
Қаралы, қайран, жатты жер 
Егінін, нуын өрт алған. 
Қайғырма бұған, жеріміз, 
Жиренген жауың жеңілді, 
Бөлейміз нуға сені біз, 
Жайқалтып алтын егінді. 
Қанымыз тамшы тамған жер 
Қызғалдақ атар құлпыртып, – 
Деп іске басты халық ер, 
Өмірді алға ұмтылтып, 
Сталин бастап, біз қостап, 
Кірісіп кеттік еңбекке, 
Дүниеге бүкіл ой тастап. 
Даңқымыз кетті жер-көкке 

43
Ақылды, ойды, қайратты 
Қасқара салдық қиынға, 
Қаһарман елміз айбатты, 
Қиындық деген бұйым ба! 
Күйреген, әбден күл болған 
Тірілді қала, заводтар, 
Толқыды қайта нулы орман, 
Егінжай болды окоптар. 
Бесжылдық біздің төрт жылда, – 
Қашаннан қалған дағдымыз, 
Қимылда, достар, серт қыл да 
Төкпедік босқа қанды біз! – 
Деп бастық іске ер халық 
Қалпына келді улы өмір; 
Әніміз жатыр шырқалып, 
Жүзіміз жалын, кеуде нұр.
 

44
1945  ЖЫЛ
Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші,
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші!
 
Тілемен жетсе екен деп  жасым жүзге,
Тілемен нұр жаудыр деп көктен бізге.
Жаңа жыл, жаршысы боп игіліктің,
Жауды жеңіп қайтқандай елімізге.
1945
 
ДОСТАР,  ҚАЙДА ЖҮРСІҢДЕР?
Достар, қайда жүрсіңдер, қай майданда?
Мен де келе жатырмын малтып қанға.
Ең болмаса біреуің кездессең ед,
Ыстық, суық күндерде сағынғанда.
 
Күндер өтті, үңілдім сендерді іздеп,
Айлар өтті: «Көрмедік, білмейміз» деп,
Жылдар өтті, таппадым, қайдасыңдар?
Мені қуантсаңдаршы, –  бірің кез кеп?
1945

45
 
СЕН ЕДІҢ МЕНІ АЙЫРҒАН
Сен едің мені айырған достарымнан,
Долы жау, дүниеге салған ылаң!
Бөбегін махаббаттың жалынға атып,
Кеудеме қан аралас мұз қатырған,
Орыстың  ойран салып орманында,
Қазақты қуғандай ең даласынан...
 
Дариға, бізге де бір тиді кезек!
Сені өртеп жатыр міне ызалы кек,
Енді ме есің жаңа есер дұшпан,
Етесің енді неге безек-безек?...
Алайық ту сыртынан сығып жанын,
Қайта бас көтермесін өлікті жеп!
1945
 
АҒАЙЫМА
Жан аға, жазыпсыз хат, жан елжіреп,
«Қайда жүр, қайда менің бауырым» деп.
Дариға, бар екен ғой есіркеушім,
Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп.
 
Жан аға, сізден жақын табам кімді?
Тебірентіп жібердіңіз көкірегімді.
Есіме еріксізден түсірдіңіз
Жылдардың артында ұмыт қалған күнді.
 
...Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,
Ерттеулі аттар толы қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.
 
Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге, –

46
Сұп-сұлық жатты әкем алдыңызда,
Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде.
Көл-көсір жылау-сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен-кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен әке күйініші.
 
Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз әкем ұқсап...
Дариға, енді бүгін қан майданда,
Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.
 
Арқалап долы соғыс қанды жүгін,
Алдыңғы сапта жүріп келеді інің.
Шығыстың шолпанындай тартады көз
Жұққан қан өңіріне  шинелінің.
 
Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ.
Қарая түсті қайта шашым менің,
Естірек болдым енді, ақылдырақ.
1945

47
ЕРКІН ІНІМЕ
Ойлаймын да жүдеймін,
Сағындырдың, Еркінім.
Тез жетсін деп тілеймін
«Аға келді» дер күнің.
 
Жалаңаяқ жарысып,
Ойын салып, ойнақтап.
Жас шағыңмен алысып
Жүргеніңде, кілт тоқтап,
 
Қарайсың ғой, білемін,
Әрбір өткен солдатқа.
Шым етіп жас жүрегің,
Мені ойлайсың сол уақыта.
 
Сәл тұрасың елжіреп,
Қабақ шытып, ойланып.
«Ағам менің келді» деп,
Мақтана алмай, қорланып.
Ойлаймын да жүдеймін,
Жеткіншегім, Еркінім!
Тез жетсе екен, тілеймін,
«Аға келді» дер күнің.
1945
 

48
АҚШАЛЫҚ
Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық
Ой салғандай адамға?
Бір жапырақ былғары
Құрай салған әлдекім.
О, дариға, бұл-дағы
Болды менің ермегім.
Төрт жыл болды, қалтамда
Келем сақтап, жоғалтпай.
Мені қорғар майданда
Тілсіз туыс болаттай.
Жанталаста жоғалып,
Не қадірлі қалды зат.
Тек осы бір ақшалық!
О, құдіретті махаббат! 
Төс қалтамнан орын ап,
Жүр ілесіп жоғалмай.
Көкірегіме ұя сап,
Паналаған торғайдай.
Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық,
Ой салғандай адамға?
Қолға аламын, қараймын,
Қараймын кеп күрсініп.
Сенде туған ағамның
Махаббаты тұр сіңіп.
 

49
АҚША БҰЛТ
(Бір ақынның өлеңі жайлы)
Асқар тауда ақша бұлт
Жүзуші еді жалтылдап,
Кеттім алыс, қалды ұмыт,
Бір жалтылдақ қызға ұсап:
Қызыл майдан, алтын ту,
Қыза жортып келем мен,
Бұлдыр бұлттар, қыз-қиқу
Алдағандай жас емен.
Ақын қиял – ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал.
Ақша бұлт – ақ орамал
Шын жіберсе сүйген жар.
Түссін жерге үлбіреп,
Таңайын мен жарамды,
Не жаңбыр боп сіркіреп,
Бассын өрт пен тозаңды.
Не тері боп солдаттың
Сіңсін туған жеріне,
Не жасы боп сан қарттың
Құйсын қасірет көліне.
Аспандама, ақша бұлт,
Алдандырма ақынды.
Жер деп жанын тосты жұрт,
Жерде оқтар атылды.
1945
 

50
ЖЕҢІС ДАУСЫ
1
Казарма лық тыныштық,
Жатыр ұйықтап солдат достар.
Жоғарғы нар қандай ыстық,
Жан екем бір моншақұмар.
 
Әм дөңбекшіп, әм күркілдеп,
Арпалысып ұйқылы-ояу...
Тамып-тамып, тамылжып кеп,
Естіледі бір күй қоңырау.
 
Естіледі бір күй қоңырау,
Әлдилейді жүрегімді...
Мезгіл еді таңға таяу,
Неткен күй бұл, кім не білді?
 
Неткен күй бұл, жанға тәтті,
Неткен күй бұл, тым мезгілсіз?
Кім жіберді бұл ләззатты?
Жаным-жаным, рақатқа жүз.
2
Қайда, қайда кеттің күйім,
Таусылдың ба, сарқылдың ба?
Енді қанша дөңбекшиін...
Тыныштал, жаным, тыңда-тыңда:
 
Болды маған  естілгендей
Ұлы Москва дем алысы!
Кетші әрі ұйқы, түнше төнбей!
Япыр-ай, бұл диктор даусы –
 
Күйі  ғой бір қуаныштың!
Саңқ-сұңқ етіп сонау көктен.
Қиқуындай қыран құстың,
Ғажап дауыс шығады өктем.
 

51
Жалғыз кезген жер-жаһанды
Күй қанатты бір жолаушы.
Тірілткендей өлі  жанды,
Саңқылдайды жеңіс даусы!
 
Жеңіс даусы – құдіретті үн
Құйылды кеп кеудемізге,
Қалдық  ұйып. Дүние шіркін,
Өліміз бе, тіріміз бе?
3
Тік көтеріп шаттық дауыл,
Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.
(Өскен қала, туған ауыл
Не күйде екен осы уақытта?)
 
Көк төсінде жүзді оттар,
Қуаныштай жарқылдаған.
Кетті атылып ақтық оқтар
Винтовкадан, нагандардан.
 
Кетті атылып ақтық оқтар,
Кетті атылып ақтық ашу –
Кешегі қол – қанды шоқпар
Қызыл қанат ұсташы ту.
Келеді атып ғажайып таң,
Асыққандай игілікке.
Көрдім сені, байтақ Отан,
Шығып сол кез бір биікке.
 
Көрдім сені, жайдым құшақ,
Тоқтата алмай көз жасымды.
Құштым, сүйдім, ғашыққа ұстап,
Майдандас бір жолдасымды.
4
Жеңіс даусы – құдыретті үн,
Саңқылдайды, тебірентеді.
Шіркін адам, ұқтым бүгін,
Жаны қандай нәзік еді.
Көңілі қандай нәзік еді.
 

52
Көңілі қандай шалқар еді?!
Нендей ыстық махаббаты!
Құшақтасып ұшар еді,
Әттең ғана жоқ  қанаты.
1945
ЖЫЛҚАЙДАР
Берлиннің тар көшесінде
Салып жөнге фашистерді.
Жайнап жұлдыз кеудесінде,
Кезей ұстап көк семсерді,
Орнатып нық  өз тәртібін,
– Олай емес, бұлай жүр! – деп.
Асауының басып желін,
Шабандарын етіп жүрдек.
Жылқайдар жүр өзіміздің,
Жау ырқына мініп аттай.
Тигеннен соң қолға тізгін,
Қоюшы ма ед майпаңдатпай!
1945
 

53
ҚЫЗҒАЛДАҚ
Өртенген үй орнында
Өскен жалғыз қызғалдақ.
Кез боп қалдың жолымда,
Аялдаттың азырақ.
 
Өртенген үй жұртында
Қып-қызыл боп желбіреп.
Қалай өстің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп?
 
Қансың ба әлде тамған бір
Күнәсіз жас жүректен?..
Сен екенсің жас өмір
Ескі жұртты күзеткен?..
 

54
ДОСТАР
I
Біз көп едік отырғанда,
Демалыс күн мәжілісте. –
Жау тиді де Ұлы Отанға,
Бұзды шырықты шаңқай түсте.
 
«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді,
Ап-ауыр ғып түсіртті тез
Қолымыздан кесемізді.
 
Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй.
Ауыртты да ақын жанын,
Тынды сұлық қайран «Мәди».
 
Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы.
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?
Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп.
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар
Жар өзегін тіліп-тіліп.
 
Шала жиып дастарқанды,
Қоштасарда сәл кідіріп.
Сақтаймыз деп Ұлы Отанды,
Қан майданға кеттік жүріп...
 
II
Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық  қара селдей.
Келіп жаумен бетпе-бетке,
Араласып кеттік сеңдей.
 

55
Араласып кеттік сеңдей.
Өзенінде қан майданның
Солдат болдық кәдімгідей,
Білер парқын қара нанның.
 
Сапырылды ерсіл-қарсыл
Жорық жолы – майдан теңіз.
Айлар сынып, таусылды жыл,
Айрылысып қалыппыз біз.
 
Жүдемедік сонда бірақ,
Жарқылдадық салған жерден.
Жаңа достық алдық құрап,
Шартараптан келгендерден.
 
Жауды жауша  қарсы алдық біз,
Шынықтырып алдық жанды.
Тулап теңіз, шайқалды құз,
Алдық барып не қамалды!..
 
Жүрдік аңсап өткен күнді,
Шала жиған дастарқанды,
Кілт үзіліп қалған күйді,
Аяқсыз ән, мұңлы жарды.
 
III
Жеңдік  жауды, алдық кекті,
Мөңкіп  тулап, басылды апат.
Мең-зең етіп жер мен көкті,
Тынды-ау ақыр бір ғаламат.
 
Ескі дозақ орынындай
Қирап, қаусап қалды қала.
«Күміс күмбез, алтын сарай»
Қалды сонан төрт бағана.
 
Көнбіс  ана  бұл қара жер
Сезе ме екен мың жарасын?
Сезер болса, едік сүйер
Әр төбесін, әр құз, тасын.
 
Не деген біз қайратты елміз,
Болса-дағы не ғаламат.
Күліп тұрып көтергенбіз,
Жанымызға  жабырқау жат!

56
Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке-жеке.
Шалқып тағы бастық күйге,
Бейбіт өмір – бір жәрмеңке.
 
Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді.
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!
 
Домбыраны бұрап қайта,
Құшырлана сүрттік шаңын.
Бір жарқ етер осындайда
Өткен шағың, болашағың!
 
Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін.
Өтті, кетті қатал күндер, –
Көңілге бір тастап түйін.
 
Көп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте.
Біз әлі де көп екенбіз, –
Кел, достарым, кеттік іске!
1946
 
БАЛДАҚТЫ ЖІГІТ
Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
«Ғафу, жолдас! Көрінбейд бір аяғың,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?»
 
Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан, –
(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде):
– Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,
Екіншісін тұрмын басып Берлинде.
1949
 

57
ЖАЙЫҚ
 
Жарқын жүзбен  жайраңдап
Жатырсың ағып, Жайығым.
Жағаңда ойнап, сайрандап
Ескенмін заман қайығын.
 
Сырғып аққан сынаптай
Сабырлы өзен, салқын су.
Толықыныңды  құшақтай
Келіп қонды бір аққу.
 
Қанаттанып жағаңда
Еді-ау бір кез ол ұшқан.
Сол бір аққу мен едім,
Келіп тұрмын алыстан.
 
Есіңде ме, Жайығым,
Қалмадың ба жатырқап?
Жамылып кеш сағымын,
Келмеуші ме ем ән шырқап...
 
Ойын, күлкі әзілмен
Бойыңда өткен талай күн...
Жайық, саған қазір де
Риза бола қараймын.

58
 
МЕН - ТАБИҒАТ БӨБЕГІ
 
Мен – табиғат бөбегі,
Еркін жанмын еркемін.
Аузымда жастық өлеңі,
Еркелеп күйім шертемін.
Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем.
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен Айдан үйренгем.
Тәкаппарлық ерлікті
Асқар таудан үйренгем.
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім
Өз еркімше сілтемей
Қашан ғана имендім?!»
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу,  қайғы  үйрендім.
Өз еркімше сілтемей,
Қашан ғана имендім?!
 
 

59
ХАН ТӘҢІРІ
Хан тәңірі –
қарт Таянь-Шаньнің жүрегі...
Хан тәңірі –
көк аспанның тірегі...
Хан тәңірі –
көп жасаған қария, –
Хан тәңірі –
жер жүзіне жария.
Хан тәңірі –
жүрегі – тас, қаны – сел,
Хан тәңірі –
лебі – боран, демі  – жел.
Хан тәңірі –
қабағынан қар жауған,
Хан тәңірі –
балағынан қан тамған.
Хан тәңірі –
бұлт жамылып, мұз киген,
Хан тәңірі –
көкті құшып, Күн сүйген.
Хан тәңірі –
жерге басын имеген,
Хан тәңірі –
көк әлемін билеген.
Хан тәңірі –
қаһарынан қайтпаған,
Хан тәңірі –
ешкімге сыр айтпаған
Хан тәңірі –
ешкімге бой бермеген,
Хан тәңірі –
еш бағынып көрмеген
Хан тәңірі –
бағынбасқа серт қылған,
Хан тәңірі –
қарсылассаң, мерт қылған.
Хан тәңірі –
Күнге ғана табынған,
Хан тәңірі –
хабар алған сағымнан.

60
БУРАБАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ
 
Баурында «Оқжетпестің» тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.
Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,
Қайықпен келе жатты аққудай қыз.
Шақырдым: «қарындасым, кел бері» – деп,
Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.
Көрмеге ол отырып, мен ескекке,
Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.
Жел  соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай.
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,
Біресе бүкететіліп айдаһардай.
Көк ала  арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан  қуып, жағалайды.
Біресе ауға түскен шортандай боп,
Құйрықпен қайығымды сабалайды.
Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.
Лап беріп ұмтылады қайығыма,
Шегініп тұрады да аз кеңесіп.
Ентелеп келеді де, кері кетеді,
Біресе ойнаған боп тербетеді.
«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,
Сынамақ болад білем мені тегі.
Толқыннан мен бе болар қорқынышты,
Толқыны өз жанымның одан күшті. 
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.
Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңлі толқығанын.
Қауіптің қара құйын желі соғып,
Қашырып бара жатыр беттің қанын.
Үрпиген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді.

61
Үстінде толқып жатқан кеудесінің
Қара шаш қара бұлтай желпілдейді.
– Ағажан, бұзылды ғой күн райы,
Ежелден белгілі ғой толқын жайы.
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда
Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.
Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен.
– Сескенбе, қарындасым, ән шырқай бер,
Бұдан да зор толқынды жарып өткем.
Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап.
Таң  қалып бұл қызыққа қарағандай,
Төбеде тұрды бұлттар будақ-будақ.
Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алмау керек ашулантып.
Қасқырдай қамады кеп жан-жағынан,
Жіберді қайғымды қалтылдатып.
Қорқаудай  көк жал толқын жетті екпіндеп,
Белінен қайығымның секірді кеп.
Құп-қу боп қыз үрейі кетті қашып,
Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.
Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім.
Көлденең келгенінің белін жаншып,
Ескекпен ентелесе, басқа пердім.
Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап, көк  төсіне шықты  жалт-жұлт
Гүрілдеп тұрды-дағы шарт етті ол,
Жаңғыртты, болғандай-ақ аспан быт-шыт,
Су ішпек болғандай-ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойнын айнадайдан.
Ту асау толқындарға мініп алып,
Ән салып, Бурабайда салдық сайран.
1939

62
КӨКШЕТАУ
Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.
 
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар  ма екен  Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне-Рейнін, Гомер-Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
 
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін  тартар.
Көктемде көреміз деп Көкшетауды,
Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар. 
 
Екі уақ ерсіл-қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар,
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі.
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
 
Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.
 
Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте-кеші.
 
Секілді тоқсан ауыл тоқсан көлі,
Жалтылдап қарар-дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай-саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.
Тұп-тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды Ай.

63
Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздары.
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,
Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.
 
Кербез  тау  көрінеді түстегідей,
Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп-бұйра төбелері қызықтырар,
Сұлудың сүп-сүйкімді бөбегіндей.
 
Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шолпан.
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сен болып аң-таң.
 
Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап.
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей-ақ,
Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.
 1939

64
КӨКТЕМ
Төбеден төнген аспан, күн мен айы,
«Тамаша» жанға жайлы күн райы.
Ақырын жылжып қана көктем келед,
Сықылды жас жігіттің сәулетайы.
 
Күлімдеп кел тезірек, кел, көктемім,
Өмірдің «рақатына» тең көктемім.
Тігілген он бір қанат ұлы ордама,
Сұлудай тәжім етіп ен, көктемім.
 
Мен биыл он бір қанат орда тіктім,
Төрінен орын қойып сені күттім.
Жырыммен бетіңді ашып енгізейін,
Тезірек кел, көктемім, кел, сүйіктім!
 
Масайра, гүл-гүл жайнап, кел тезірек,
Сағынған жер анаң да тұр елжіреп,
Сүті  ағып, «алпыс екі тамыры иіп»,
Жадырап, жаны жібіп, күлімсіреп.
 
Жер күліп, аспан төніп құшақтасып, –
Бейне бір қосылғандай  екі ғашық.
Асқандай аясынан айдын шалқып,
Кербез бел күнге қарап қойнын ашып.
 
Аспанда қаз бен үйрек қиқуласып,
Жерде еңбек ерлері жүр ән шырқасып.
Жайраңдап, қыза қайнап, күшін сайлап,
Маржандай, егінжайға, тұқым шашып.
 
Құлпырып ұлан-байтақ сәнді дала,
Тамаша думан-тойлы сансыз қала.
Бәрі де: «көктем келед!» дейді күліп,
Көктемге көңілдене, құмарлана.
Көңлі шат, жүзінде нұр бәрінің де,
Қайғыдан хабары жоқ кәрінің де.
Бақыттың  дариясы шалқығандай,
Қарайды қуанышпен алтын Күнге.

65
Кел, көктем, күлім қағып қарсы алайық,
Арудай аймалайық құшақ жайып.
Қосылған сүйгеніне жас сұлудай –
Көктемім, көңілді елге, сен, лайық!
 
Көктемім – көңіл қошым, кел тезірек,
Көріктім көзің күн де, жүзің жібек.
Өмірді нұрға бөлеп, гүлге орайық,
Жаннаттай, жиһазыңды бер тезірек.
 
1937.   Алматы
 
ДАУЫЛ
Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға.
Жүгіруші ем жарысып.
Сарыарқаның желімен,
Ойнаушы еді алысып,
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп.
Аспан тұрды төбемде,
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім,

66
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ержеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.
 ТАЛҒАР
 
Түксиіп, қабақ түйіп, бұлт үстінен
Даланың патшасындай қарайсың сен.
Не деген ызғарлы едің, тәкаппар ең,
Басқандай бар әлемді сенің еңсең.
 
Тау жоқтай бұл дүниеде сенен  артық,
Мен саған қарай  бердім көп құмартып.
Қайтер ең қаһарлы хан, кәрі Талғар,
Бойыңнан өрлігіңді алсам тартып?!
 
1940
 
 АТАМЕКЕН
Сүйем сені туған ел – атамекен.
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық  не табам, қайда кетем.
Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қобызымен сырласып күңіренген.
Іздеймін деп «Жерұйық» желдей желген,
Қорқыт та емен, елсізде, көр басында.
Қобызымен сырласып күңіргенген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін.
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін, осы сертім.
 1940
 

67
 
ЕРТІС
 
Арқада аққан күміс алтын арна,
Ер ерке Ертісімдей өзен бар ма?
Суылдап,  сабырлы ойымен жатыр ағып,
Жарқырап көз жіберіп айналаға.
 
Күй төгіп, кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс.
Ертісім –  еркіндіктің бесігі бұл,
Ер жігіт, ерте тұр да, Ертіске түс.
 
Жерімнің жатқан бұл бір көк  жойқыны,
Үстінде ойнақтаған өр толқыны.
Болаттай суарылған осы Ертісте 
Қайтып те ер болмасын қазақ ұлы!
 
1943
САРЫАРҚА
 
Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.
 
Көтеріп ән мен жырдың күй қанаты,
Жүрегің ұшар құс боп  аспанында.
Әлемнің саған ауып махаббаты,
Сарыарқа орнар сенің жас жаныңда.
 
Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда.
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.
 

68
Арқа  ару ашып нұрлы күн бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді.
Аулақтап сұр бейіттен әкетуші ең,
Не дермін, сенің сол бір құдіретіңді?
Сарыарқа, сағындырдың  атамекен,
Сардала анам  едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта – сен, алда – майдан қайтсем екен?
 
 СІБІР
 
«Сібір» деген  жалғыз сөзден
Соғушы еді үскірік.
Анықтап бір көрмей көзбен
Бал ашыппыз түшкіріп.
Кімдер екен жылы іздеген,
Ата қоныс жерден безген,
Қазақ түбі деп түрік?
 
Жер екенсің, шіркін Сібір,
Жас өскендей жүгіріп,
Ер өскендей салып дүбір,
Қызды ауылда кідіріп.
Алтын жайлау, ата жұртым
Әкеткендей жерсің ыстық
Қыртысыңды сындырып.
1943
 
 

69
СОВЕТТІК МЕНІҢ ӨЗ ЕЛІМ! 
Өмірге ендім еңбектеп, 
Шалқалап әкем шықты үйден. 
Жетімдік тағдыр жетті ептеп, 
Қабағы қату түксиген. 
Өмірден үміт жоқ өзге, 
Даланың тердім тезегін. 
Әкем боп таптың сол кезде 
Советтік менің өз елім! 
Галстук қызыл мойнымда 
Мектепке қарай жүгірдім. 
Қолымды тұңғыш қойдым да 
Бетін бір аштым білімнің. 
Сапқа да тұрдым, ту алдым, 
Келді деп менің кезегім. 
Әкемдей сонда қуандың 
Советтік менің өз елім. 
Жүрегімді ұстап қолыма, 
Жүрегімді емес, билетті, 
Қосылдым жастар тобына 
Ақылды, адал ниетті. 
Сүйсінтіп досты, ержеттім, 
Өртедім жаудың өзегін. 
Қуатын бердің жер-көктің, 
Советтік менің өз елім. 
Дүние бүкіл дөңгелеп, 
Көзімнің келді алдына, 
үстіне шықтым өрмелеп, 
Қарадым ойлап арғыға. 
Ой жетер жерге көз жетті, 
Арғысын және сеземін 
Жатырсың алып жер-көкті 
Советтік менің өз елім! 
Тауға да шықтым, жер бастым, 
Аспанға ұшып, көк көрдім, 

70
Өмірге құлаш кең аштым, 
Бәрін де көзбен өткердім. 
Жарқылдап жаһан-кең сарай 
Аралап оймен кеземін. 
Таппадым сенен артық жай, 
Советтік менің өз елім! 
Бұлбұлым, сайра кеудемде, 
Бұлбұлым менің жүрегім! 
Көңілдің күйі келгенде 
Ағыл да тегіл жыр едім, –
Ағыттым ойдан ел үшін 
Өлеңнің ерке өзенін 
Ақының болдым сен үшін, 
Советтік менің өз елім 
1948 ж.

71
БАЙҚАЛ

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет