ТУҒАН ТІЛ – ТҰҒЫРЫМ
86
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ
Баба рухын
адақтау
Үмітбек Бағдат
Қытай Халық Республикасы
Ай-хай,
Бабамның бағзы даласы,
Көненің көзіндей от шашып,
Ескінің сөзіндей шоқ басып,
Айбарлы арыстан жүрекпен қарашы.
Сенің қоп-қоңыр, қып-қызыл тарихың
Сыр шертіп абадан ғасырдан,
Ақшағырмақ аспанның астында
Көкпен-көк аршаның бүріне,
Орхондық көк тастың тіліне,
Балбал тас үніне,
Қария шоқылар түніне
Айзайра түркінің ерлігін жасырған!
Қыран көз, азулы бабамның рухы
Аумайды ойнаған жасыннан.
Қара жер теңселіп,
Күллі әлем күңірене сөйлейтін,
Алқаса – ел қылып, қарғаса – жер қылып,
Әз басын ешкімге имейтін.
Түкірсе – түйме алтын,
қақырса – қайма алтын,
От ауыз билері бүй дейтін.
Солардың жалғасы –
Ақмылтық бабамның мұрасы
һәм асқақ мұраты:
Қасымдық қасқа жол – алдаспан,
жарқылы күн жарған,
Есімдік ескі жол – бәсірем,
жеткен ол еп-ескі жылдардан.
Әз Тәуке жарғысы – даналық бүр жарған.
Нұрлы жол – кеше мен бүгіннің жалғасы,
Қысаста бел асқан сенімім,
дауылда жол нұсқар серігім.
Сүрлеуі көненің – толағай тарих,
Күн-түні жортқан
іздері бөрінің!
Ағылескер ұстара жүзіндей,
Бұланкөз ұлы Абай сөйлейді
Домбыра тіліндей тілдесіп.
Қоп-қоңыр қыраттар боздайды
Ескі бір елесін құшақтап,
Қобыздың үніне үн қосып.
Біз осы келеміз, күңіренген дауыстай
Сұп-сұрғылт, күп-күрең күн кешіп.
Адақтап көгілдір дұға оқып берейін
Ел үшін кесілген
Кененің басымен тілдесіп...
Барайын Махамбет ақынға
Тіліндей шындықтың қан тамған.
Исатай досын да іздейін
«Еңку де-еңку жер шалған».
Үш бидің билігін тыңдайын,
Тәні өлген абыздар, – бақилық қарт арман!
Ай-хай, ай мүйіз бабалар,
Алтын бастары тігілген бәйгеге.
Қайран Шәкерім құдықта қалды, әне,
Мағжан шер болып өлді, әне,
Мәдидің тағдырын күй тілі шалды, әне,
Абылай қорыққан түсінен,
Түсіне кіріпті әлдене...
Қарашы,
Күрсініп жылайды Ай неге?
Өйткені,
Кеудемде – шер толы зарлы мұң,
Еске алсам бабамның қан соқта тарихын
Һәм шерлі тағдырын,
Алпыс екі тамырым бусанып,
Жылайды тарамыс тағдырым мұң шағып...
Анамның жасымен,
Бабамның қанымен
Бұғаулық құрсауым шешіліп,
Күреңдей кісінеп,
Қыл мойында құрығым кесіліп,
Мендегі еркіндік жетті әйтеу
көбеңсіп кешігіп.
Қып-қызыл қанымның айғағы –
Көгімде күн сүйген тәуелсіз қыраны,
Елдіктің, ерліктің тұғырлы жыр әні –
Тілімнің, дінімнің, ділімнің
азаттық ұраны,
Көк туым ғарышта шаншулы тұрады.
Ай-хай, Күллі әлем тамсанып,
Көк туым ғарышта шаншулы тұрады!!!
87
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ
Барам сенен
тұнған сырды қуалап
Ерзат Асылұлы
Қытай Халық Республикасы
(Көшпелілер ерлігінің төл бесігі саналатын
Ұлы дала рухына тағзым немесе
Қазақ хандығының 550 жылдығына)
Естілгенде ескі жырдың сарыны,
Мұңлы әуенге бас ұратын барша қыр.
Ақ бас шыңдар аза мұңын жамылып,
Қарауытып жататұғын Хантәңір.
Қандай ғажап туған дала іңірі!
Өз далаңды өлгеніңше сүй жүрек.
Ымырт кеште тұлпарлардың дүбірі
Рухымды кететін ед түйгілеп.
Тамырында тарих қаны тасыған,
Дейтіндей бір дала дастан жырласын.
Отқа оранып отыратын жас ұлан,
Ойына алып бабалардың сұлбасын.
Көкірегін жарып аспан көгінің,
Беу, замандар шежіресін безбендеп.
Жер бауырлап келе жатты қоңыр үн,
Ақын сезді, ал пенделер сезген жоқ.
Аспан кезіп бара жатты қоңыр үн
Мәңгі ұлы еткен Қорқыт баба өлімін.
Нені айтасың құндақтағы сәбиге,
Қоңыр үнге қосақталған өмірім?
Жалын жыры жатар көкпен шарпысып,
Сені жырлар жалғыз жүрек бар мұнда.
Тұрды жүрек, тұрды жүрек ант ішіп
Тәңір таудың алдында.
Далам менің – дастанымның жыр тілі,
Баба таулар батаңды бер дұғалап.
Ілінгенше ғұмырымның кірпігі
Барам сенен тұнған сырды қуалап.
88
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ
Қара сағыныш
Мүбарак Қизат
Қытай Халық Республикасы
Керей мен Жәнібек бізді ұмытпайды,
Қозыбасыда кеңес бастап ек.
Тарғалаң жолдар із суытпайды,
Ғасырлар қашты тастап өрт.
Тұма басына найзалар жабылды,
Іленің басын, тұнығын қорғап жатырмын.
Бейбарыс болып Мысырда қанша
таңымды,
Дешті-Қыпшақ деп атырдым.
Мұстафа Шоқаймын Стамбул сүйген,
Парижді сандалтқан жанары.
Құс болып тербеліп ұшқан күн үйден
Балқаш шабылып мені табады.
Әл-Фарабиім дедім, сағынам сені,
Кешірші мені Отырар!
Жиделі Байсынның бағлан көлі,
Көз жасым толқыныңды жапырар.
Кеудемнің мұзын жылата да алсам,
Бақытымды етер күн жария.
Ташкентте, Шыршық, Нұр-Атада болсам,
Менің де ішкенім, Сыр-Дария.
Ірімшіктей төртке бөлінген ұлы Алтай,
«Төртеу түгел болыңдар», – деді.
Сағымды түйреп көрінген қырандай,
Айдаһардай буырқанып жалындар демі.
Омбының арқырап жолы қарады,
Орынборға шана жарыстырып.
Мен Астыраханыңмын, Еділ ағады
Сағынышымды Каспийге қауыштырып.
Сенадан ат суарып батыста,
Ыстықкөл жайлап келдім мен.
Қаншалаған ұлы соғыста
Аттила болып жеңдім мен!
Алматы болып құлпырып,
Отырар болып күйрегем.
Бөлтірік болып кеп тұрмын,
Бөрі болуды сенен үйренем!
Жаса, Қазақстан!
Туған жер тағдыры
Нұрбек Кеңесбай
Қытай Халық Республикасы
Сағыныш кеуде шерменде болып,
Үдеп барады кеудемде желік.
Туған жер, менің мауқымды басшы,
Еміреніп бір емгенде келіп.
Жүректе толқын толағайланып,
Тулаймын бір сәттер ойланып.
Баурайы бақыт ырысты өлкем,
Құлазып тұрсың моладай нағып?..
Бағзыда сенде Түркінің елі,
Төсіңде тұлпар дүркіреп еді.
Түріңді көріп, түңілу болды,
Ұлыңның сенде бір түнегені...
Үзілгендейін тіршілік тыныс,
Арайланбайды күн шығып шығыс.
Үйсіннен қалған құба жондары,
Мүлгиді баяу күрсініп тыныш...
Төсінде дала шалғынын бойлап,
Қуандым бір сәт бал күнімді ойлап...
Еріксіз мені мұңайта берді,
Жат қолындағы тағдырың бейбақ...
Тұрушы ең асқақ көрікпен дара,
Тозығы жеткен неліктен дала?
Тілінбегені, бүлінбегені
Атамдар жатқан бейіттер ғана.
...Құдай сақтай көр...
ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ АҚЫНДАРЫ
Мен
Дәулетберді Жекейұлы
Моңғолия
Мен – ҚАЗАҚ – Жылқымын.
Жылқыда жорғамын.
Жорғаның ізіндей әрқилы жолдарым,
Азия төсінде Түркіден туғанмын.
Ең текті тұқымы ем Сақтар мен
Ғұндардың.
Дос болған жандармен кісінеп табыстым.
Ешкімге бермедім бәйгесін намыстың.
Жаманға жалынан сипатпас тектімін.
Талайын көрсем де тірлікте тепкінің...
Кей кезде тағдырым тым қатал тіл қатып,
Арымның алдында ақсадым бір уақыт.
Далалық Рухыма түскенде қыл бұрау,
Тағдырға еріксіз мөлтектеп тұрдым-ау...
...Уақыттың алдында түссем де күйге мың,
Тек қана Еркіндік,
Еркіндік – сүйгенім!
Тарихтың бетінде ізім қап, қарағым,
Мәңгілік Елдікке тайпалып барамын...
Көк дөнен тұлпардың
дүбірі
Жандос Аманжолұлы
Моңғолия
Алтайдың түнінде бөрі ұлып,
Сахара төсінен мұң көшкен.
Байырғы даланың төрі – құт
Таулардың тілінде үндескен.
Рухы баһадүр бабаның
Көк аспан кейпінде жебеген.
Төсінде алып қыр даланың
Ту тігіп жайылған керегем.
Ел үшін қан төккен ерлерді
Түркінің бесігі тербеткен.
Күллі Алаш бабама төр берді,
Көк бөрі дарыған жөргектен.
Заманның естілген күбірі
Ұлтыма сыйласа ғасыр бақ.
Көк дөнен тұлпардың дүбірі,
Тұрады жадымда тасырлап.
90
Күзетші Ыбырай шал өз жөтелінен оянып
кетті. Таңғы қара суықтан болар, қалтырап
тоңып жатыр екен. Жайы келіспегеннен
кейін жатып несі бар, екі көзін уқалай есінеп,
жыртық шапанымен қымтанған қалпы төсегін
сықырлата самарқау ғана орнынан тұрды да:
– Осы жөтелі құрғыр-ақ жеп бітіретін
болды ғой,– деп кейіп алды. Жаңағы түсімнің
жалғаспай қалғанын қарашы!
Таң сыз бере бастаған уақ екен дейді.
Жайдары жаз. Таңмен таласа ұйқыдан тұрып,
киіз үйдің түндігін ашпаққа түндікбауға
ұмтыла бергені сол еді, – күншығыс жақтан
шырқыраған жас нәрестенің дауысы шықты.
Көзіне күн сала қараса, міне, қызық, сона-ау
төбенің басында күн шұғыласына шағылысып,
күн нұрына малынып күміс бесік тұр. Әулие,
әмбиесіне сыйынып, Тәңіріне жалбарынып,
төбеге қарай тұра жүгірген еді, бесікке таяған
сайын аяғы тайғанап, сүріне берді. Сәби үні сай-
саланы жаңғырықтырып, күн шұғыласымен
бірге жан-жаққа шашырап жатқан сыңайлы.
Қайта-қайта сүріне берген соң өкпесі алқынып,
күрк-күрк жөтеле бастаған.
Сөйтсе – өңінде де өкпесін жаулап алған
өзінің үйреншікті күркілі екен. Шал көрген
түсін жаманшылыққа жорығысы келмеді.
Иә, төбе басындағы бесікке жете алмаса да,
шырылдаған сәби іңгәсін естігені бір ғанибет
болды емес пе?!
Лезде-ақ көңілденіп шыға келген шал
Тәңіріне тағы бір рет сыйынып алды да ұлының
үйленер шағы мен алдан күтер немересінің
шілдеханасын қиялдап, өзі білетін бір ауыз қара
өлең шумағын әнге қосып, ыңылдап қойды:
Әуедеай ұшып жүрген ала қарға
Өлең айтып берейін балаларға.
Ойды ой жетелейді демей ме? Қиялға
берілсең болды – қиянда қалған жылдарың
еске түсетіні несі екен? Ат жалын тартып
мініп, ауыл сыртында жарапазан айтып жүрген
жалынды жастық, көк серкені көкпар қып
тартып, талайға таңдай қақтырған қайран
дәурен! Қыдырбайдың қызына қырындап, ұрын
келіп жүрген қызықты шақтар. Одан кейін не
болды өзі? Не болушы еді? Құрылыста кірпіш
қалады. Бала сүйді. Енді, міне, екі қолдан әл
кетті, қолынан келер кәсібі – күзетшілік қана
болып қалды. Е, дүние-ай деген!
Бір шырмалған ойға батсаң болды, – шыға
алмайсың. Күзетшінің көзіне кеседегі сүт
шалынды. Өзінің қолынан қауқар кеткені
сияқты, қорасының құты болған қоңыр
сиырдың бір мезгіл берер сүті де сұйылып,
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ
Ербақыт Нүсіпұлы 1966 жылы Моңғолия, БаянӨлгий
аймағында дүниеге келген. 1983 жылы орта мектепті
бітіріп, қазіргі ӘлФараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің қазақ тілі және әдебиеті бөліміне оқуға
түсіп, оны 1988 жылы бітірген. Шығармалары оқып жүрген
кездеақ «Жалын», «Балдырған» журналдарында, «Қазақ
әдебиеті» газетінде жарық көрген.
Оқу бітірген соң туған жері – Моңғолияға барып,
1988 жылдан бастап аймақтық Қазақ радиосында,
«Жаңа дәуір» газетінде қызмет етіп келеді. 2011 жылы
«Беймаза түн» атты повестер мен әңгімелер жинағы
Уланбатыр қаласында басылды. Моңғолияның «Баспасөз
ақпарат саласының үздігі» атанған және БаянӨлгий
аймағы құрылуының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында
«Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған жазушының
шағын бірнеше әңгімесін топтастырып ұсынып отырмыз
.
Нәрестенің іңгәсі
91
бір кеседен аспай қалып жүр. Жалғыз ұлы
Төлеужанның он жасында нағашылары берген
осы сиыр келгелі де шалдың басынан сүйініші
мен күйініші аралас біраз ғұмыр өтіпті. Ұлы ер
жетіп, енді ғана ел қатарлы еңсе көтеріп, «Ортам
толып, үбірлі-шүбірлі болам ба?» деп жүргенде
кемпірі дүние салды. Кей-кейде бозарған суық
шайды қолына ала бергенде көңілі босап,
кемсеңдеп көзінен үзіліп түскен моншақтар
кесеге барып таматынын қайтерсің?! Сондай-
да «Не жазып едім, Жаратқан ием?» деп іштей
егілетіні де бар. Бәрі де бақытқа толы өткен
күндерді сағына еске алудан шығар. Е, сол бір
күндер-ай!
Таң ата қоңыр сиырын сауып, қорадан
оралған кемпірі қара пешке жан бітіріп,
сарқылдатып шайын қайнатып алып:
– Тұрсаңшы енді, шай ішейік,– деп тіл қатар
еді.
Сосын... Сосын от мол жағылған жылы
үйде кемпір мен шал жалғыз ұлды ортаға
алып, сүт қосып, қаймақ қатқан ыстық қою
шайды терлеп-тепшіп іше отырып, ерке ұлдың
маңдайынан иіскеуге таласар еді. Ал дастарқан
жиыларда Ыбекең іштей күбірлеп, Алладан
жалғыз ұлдың амандығын сұрап: «Ұрпақ бере
гөр, Құдайым», – деп жалбарынатын. Иә,
кемпірі барда жайы жарасып, жаны жады-
рап, бір жылылықты сезініп отырушы еді. Бұл
жалғанға шара бар ма, жалғыз ұлдың қызығын
да көре алмай кетті-ау жарықтық!
Кемпірінен кейін сиырдың желінін көрші
келіндері тартты. Содан ба жалғыз сиырдан
сүт те, құт та қайтты. Шалдың күнделікті бір
шайлығына әупірімдеп әрең жетеді.
...Шағын ғана күзет үйінде ағаш төсек пен
орындық, темір пеш қана бар. Пештің үстінде
әбден қарайып, ыс басып кеткен ескі шәугім
тұр. Ал ағаш орындықтың үстінде – кетік
шыны мен бір кесе сүт, бауырсақ салынған
ала дорба. Бұның бәрін де қойшы, шалда
басқа да «байлық» жетерлік. Ол сыртынан
бірнеше қабат шүберекпен оралған, Ыбекеңнің
тері бешпетінің қалтасынан бір сәт те түсіп
көрмеген бес жүз төгрөг. Күн сайын осы төс
қалтасын түйгілеп қойып, ұлы Төлеужанға бы-
лай дер еді:
– Бас құрауың керек, балам. От пен суға
қарап қалғамыз жоқ. Сенің бір жолғы тойыңды
сырт көздің сынына қалдырмай жасап беретін
дәулет мына шалыңның қойнында. Келін ке-
рек, немере сүйгім келеді.
– Жоқ, атасы, – дейтін сонда ұлы. –
Асықпайық, сәл шыдаңыз.
– Ойбай-ау, шыдамым таусылды ғой менің,
жас болса келіп қалды. Өл де маған онан да.
Осындай әңгімелерден кейін шал төс
қалтасындағы ақшасын қайта-қайта санап,
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ
ашуын басатын. Осы сәтте көңілін әлдебір үміт
дүниесі билеп алатын-ды.
Еһ, дүние!
Шал ауыр күрсініп алды да күзет үйдің
есігін айқара ашып тастап, бір сәтке тым-
тырыс қалды. Енді ұйқысын ашып, сүтпен дем-
делген бозарған шайын сораптап алса болғаны.
Дәл осы сәтті күткендей-ақ есік алдына көк
кептерлер ұшып кеп қонды. Шал шайына
жібітіп мылжаңдап отырған бауырсағын үгітіп,
құстарға шашты да таяғымен әрқайсысын бір
түртіп санай бастады. «Бір, екі, ... он, он бір.
О, Құдайым-ау, кеше ғана топаны аз еді, бұлар
да үбірлі-шүбірлі болып, өсіп-өніп жатыр екен
ғой»,– деп мұңая күбірлеп қойды.
Далаға қырбақ қар түсіпті. Биылғы көктем
әлі де қарасын көрсетер емес. Көшедегі радио
таңғы сағат сегіз болғанын хабарлады. Енді осы
маңнан жұмыс орнына асыққан адамдардың
тізбегі басталады. Бір қызығы – ең алғашқы
көрінген адамды шал іштей жақын тұтып, іші-
бауыры елжірей қалады. Әлде жалғыздықпен
іштей жұлысқан жан бірер сағаттың ішінде-ақ
екі аяқты пенде баласын сағынып қала ма екен?
Ә, дегеннен-ақ алқызыл бала арбасын же-
тектеген жас жігіт пен келіншек өте берді.
– Дәл өзі,– деп айқайлап жіберген шал
шайы на шашалып қала жаздады. Дәл өзі, –
деп қайталады келіншекке қызыға да, қызғана
қараған қалпы. – Мәссаған, күйеуге тиіп, нәрес-
телі болып қойыпты ғой.
92
Күзетшінің есіне бұрнағы жылғы көктемнің
мамыражай бір әсем таңы оралды. Ұйқысынан
тұрып, күзет үйінің есігін айқара ашып тастап:
«Осы жолмен кім бірінші болып өтер екен?»
– деп елеңдеп құлақ түріп отырғаны сол еді, –
анадайдан тық-тық еткен етік өкшесінің дыбы-
сы естілді. Қысқа-қысқа адымдаған адам аяғы
күзет үйінің алдына келгенде кібіртіктеп барып
тоқтап қалды.
– Ата, уақыт қанша болғанын айтыңызшы,
– деген сыңғыр еткен нәзік дауысқа селт ет-
кен Ыбекең далаға шығып, аңтарылып тұрып
қалды. Қарсы алдында шолақ тонына қымтана
көзі жәудіреп бойжеткен қыз тұр.
– Ата, сағат қанша болды? – деп қайталады
қыз.
– Ә, сағат сұраған екенсің ғой, сағатты
қазір айтайын. Айтпақшы, сағатым жоқ менің.
Шырағым, атың кім?
– Атым – Гүлнұр. Кешіріңіз, ата, асығыспын,
мен жүре берейін.
– Сөйте ғой, күнім.
Гүлнұр күзет үйін айналып өтті де тас
жолды өкшесімен тықылдатып жолға түсті.
Кешкісін Төлеужанға:
– Әй, сен Гүлнұрды танисың ба? – деп айғай
салды.
– Кім дедіңіз, әке?
– Гүлнұрды айтам. Сол баланы қолыма
қондырып бер.
– Қызық екенсіз, әке,– деді ұлы. Мен оны
көргем жоқ қой.
– Көрмесең – көрерсің. Өзі – бір ибалы жан
екен. «Ата» дейді. Алдымнан өтпей, күзет үйін
айналып кетті. Сыйлағаны ғой.
– Әке, – деді ұлы күлімсіреп. – Алдымен
шайыңызды ішіңіз.
– Бұл шайды айтады, ал менің келін түсіріп,
немере сүйгім келеді.
– Жарайды, ата, – деді ұлы тағы да ыржиып.
– Кешікпей келінді боласыз.
Шалдың қуанышы қойнына сыймады. Тер-
леп отырып шайын ішті, алаңсыз ұйықтап та
алды. Сол күннен кейін-ақ Ыбекең тықылдаған
етік өкшесінің дауысы естілген сайын елеңдеп,
егер Гүлнұр көзіне көрінбесе көңілі кәдімгідей
жабырқап қалатынды шығарды. Ал анда-
санда Гүлнұр өтіп бара жатып сәлем берсе,
қалбалақтап мәз болатын. Қызды көрген сайын
ұлына айтар мұңы көбейеді. Сондағысы баяғы:
«Келін түсіру, немере сүю».
Енді, мінеки, сол қыз бөгде жігітті
қолтықтап, бөбекжайға бара жатыр.
– Бұл бала бізге бұйырмаған екен,– деді өзегі
өртене. – О, Құдай, маған да бір көз қырыңды
салсаңшы, – деді мұңая. «Кеш болсын бәлем,–
деді тістеніп. Әлгі ынжықты қолға алайын.
Төрімнен көрімнің жақын қалғанын білмей ме
екен, шіркін! Ұрпағымның үзілмегенін көріп
өлсем демеп пе едім?! Елдің баласына қарашы.
Ал Төлеужан болса...
Жоқ, бұдан арғысын ойлағысы келмейді.
Төс қалтасын тағы да сипалап қойды. Бірнеше
күннен кейін еңбекақысын алады. Сосын, со-
сын төс қалтасы бұрынғыдан бетер торсия
түспек.
Ызғарлы көктем
Биыл көктем ерте келді. Ал жерге нұрын
шашып, сезімдерді жылы лебімен өпкен, кең
дүниені шат-шадыман шуағына бөктірген
көктем күні қызы мен шешесі ғана тұрып
жатқан қала шетіндегі осы бір шағын үйді
жылыта алмай-ақ қойды. Өмірдің өз көктемін
аңсаудан туған сағынышты сезім сыртын
ғана жылытып, ішін мұздата түскен алдамшы
шуаққа көнбейтін де шығар. Сүреңсіз суық
тіршіліктің одан әрмен жаурап бара жатқанына
да осы көктем кінәлі болар. Бұл пәниден өзіне
керегін дамылсыз сұрап, лүпіл қаққан сәби
кеудесіндегі пәк жүректен именген ана жүрегі
одан әлдебір тылсым сырларын бүгіп, жасқана
дүрсілдейтін секілді. Сондықтан да болар,
бірі аядай бөлмеге әзер сыйып алас ұрады. Ал
екіншісі әке жолын қарап, терезе арқылы кең
дүниеге, өзін кеудесіне қатты қысып сүйген
кезде сақалының қылтанақтары бетімен бірге
балаң көңілін де қытықтайтын жақын адамы
ғұмыр кешіп жатқан мынау жалпақ әлемге тал-
май үңіледі.
Терезе арқылы небір ғажайыптарды көруге
болады. Десек те бұл қызықтардың ішіндегі ең
кереметі – үй жанында өсіп тұрған кәрі терек
пен оған қоныс тепкен қарлығаш ұясы. Сол бір
мейірімді тіршілік иесі балаларына арнап дән
тістеген қалпы алыс жақтан оралып жатады.
Көрсе – көз тойғысыз бұл ғажайып сурет өз
әкесінің де осылай өз ұясы – өз үйіне оралатын
бақытты сәтін қиялдауына түрткі болушы еді.
Ол алыс жақта. Бірақ ерте ме, кеш пе, келеді.
Себебі ол қызының сағынышын сезеді.
Ал шешесі үшін әкесі туралы айтқаннан
артық азап жоқ екенін кішкентай қыз қайдан
білсін! Ана көзі де осы бір шағын терезеге,
тұтқасының сыры оңа бастаған көнетоз есікке
үнемі түседі. Келін қып бақыт табалдырығын
аттатқан қасиетті есікке айтар алғысынан гөрі
лағнеті басым болып бара ма, қалай? Осы бір
есік күйеуі үшін мәңгіге жабылып қалғанға
ұқсайды. Мұндай боларын білді ме? Иә, олар
бақытты еді. Өмірге сәби келді, кішкентай
қызғалдақ келді. Амал нешік, тек кейінгі жыл-
дар…
Отбасы шырқының бұзылуы әуелі ұсақ-
түйектен басталады емес пе?! Түймесі үзілген
ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ
93
киім де, тұзы келіспеген тағам да арадағы
салқындықты қоздыра түскендей болды.
– Бір баланың анасы болсаң да, астың дәмін
келтіруді үйренбедің.
Мәжит осылай деп зекігенде Аяжан күлетін де:
– Саған керегі тұз болса – қалақтап салып ал.
Кім «қой деді» саған? – деп алдына тұз қоятын.
Сосын сәл отырып мұңдана әрі наздана:
– Ащыны көп тілеуіңе қарағанда, мүмкін
біреуге ғашық та боларсың, – деп көзін сәл
төңкеретін.
Күйеуі бәрібір күлмейді, тіл де қатпайды.
Шала тамақтанып, орнынан тұрып кетеді.
Мұндайда Аяжанның да тамағынан ас өтпейді.
Ақырында:
– Менімен тұрғың келмесе бар, бара бер,
есігің анау! – деп көңілсіз отырып қалатын.
Дәл осы сәт төрт көз бірдей бір-бірінен
ұрлана түсіп, осынау есікті тез шолып өтіп та-
рап кететін. Ақыры сол есік күйеуін шығарып
сап тынды. Мәңгіге ме? Ол жағын ешкім
айыра алмайды. Ал бұған кішкентай қыз –
Гүлайна ғана мәз болды. Әкесі алысқа кеткен
екен, «базарлыққа қарық болдың» деген сөз.
Қарлығашты көрген сайын есіне ең алдымен
әкесі түсетіні де сол себептен. Кейде қарлығаш
ұясындағы балапан да болғысы келеді. Ол осы
бір көрініске тіпті де тоймайды. Құстың аузына
тістеп алғаны тәп-тәтті шоколад болар. Ол ба-
ласын ылғи да көтеріп, бетінен сүйетін шығар.
«Қандай жақсы! Менің де әкем тезірек келіп,
бетімнен сүйсе ғой!» – деп ойлайды ол. Со-
сын иегі кемсеңдеп, жылағысы келеді. Бірақ ол
жыламайды, шешесінен именген күйі тістеніп
тұрып қалады.
Бірде Гүлайна балабақшадан тым көңілді
оралды. Бір әуенді қайта-қайта ыңылдап,
дөңгелеп билей жүріп, үстіндегі кішкентай
тонын шешіп, анасына ұстата берген. Аяжан
қызының қолынан қатты жұлқи тартып қап
тонды қайта кигізді.
– Үй іші суық, тоныңды ки.
– Тоңғам жоқ, кимеймін, күн жылы,– деп
безек қақты бұл.
Сосын еңіреп жылай бастады. Шешесі мұны
шапалақпен бетінен тартып жіберді де іле-
шала құшақтап кеудесіне басты. Гүлайнаның
құлағының дәл түбінде дүрсілдей ана жүрегі
тұрды.
– Бәрібір суық, суық дүние, – деп күбірледі
Аяжан күрсіне.
Бала көңілі «суық» деген сөзден бұл
дүниенің бір ызғарын сезгендей болды. Көктем
келіп, күн жылынса да, анасының тоңып
жүргеніне көзі жетті.
Ол қиялшыл еді. Өзі тұрған үйін қарлығаш
ұясына да айырбастады. Сосын қарлығашты
әкесіне де айналдырып көрді. Әйтеуір, ұядағы
өмірге қатты қызықты. Ал бір күні тере-
зе алдында мүлдем ұзақ уақыт тұрды. Тере-
зе желдеткішінен ескен көктем самалы пәк
көңілін аялайтын, аймалайтын сыңайлы.
Бойы әрең жететін терезе жақтауынан ұстап,
биікке ұмтылып, өкшесін көтерген сайын
нәзік саусақтары ғана емес, шағын денесі де
сәл-пәл діріл қағады. Қарлығаш ұясын алғаш
көрген сәтте де, былтырғы жаңа жылда бала-
лар қолымен жасалған қар мүсіні – Аяз ата да
оны дәл осындай терезе алдына әдеттен тыс
ынтық еткен. Қыс күндері әйнек қырауланып
қалады. Дегенмен кішкентай жүрегінің жылуы-
нан шыққан әлсіз демімен үрлеп, кең дүниені
көру үшін өзіне ғана арналған саңылау тау-
ып алушы еді. Бұл баланы сәбилік қиялдарға
жетелеп, дүниедегі сан құбылыстармен қатар
өмір сүргізеді. Оның балабақшадан келгеннен
кейінгі бар ермегі – осы терезе. Кейде терезе
бетіне «А», «О» деп әріп таңбаларын да салады.
Әзірге оның білетіні де – осы екі-ақ әріп. Алай-
да бұл таңбалар біраз қиындықпен жазылады.
Саусағы майысып, ауырып та қалады. Осы кез-
де шегесі босап тұрған әлсіз терезе әйнегі оқыс
дір ете түседі. Бірде мұны жөндемек болып
шешесі қолын балғамен қатты ұрып алғаны да
бар. Әдетте ол мұндай сәттерде көзін тарс жұма
қоятын немесе ұрылған қолын аузына салып,
ән салғандай ақырын ыңылдайтын. Бұл жолы
олай болмады. Жанары ұшқын ата бармағын
тістеп, балғасына ызалана қарады. Сосын оны
лақтырып жіберді. Бұл оқиғадан кейін қыз әріп
жазғанды мүлдем қойды. Әкесі келген соң
терезені мықтап жөндейді. Сонан соң алаңсыз
көп әріптер, тіпті сөздер жазатын болады. Бала
көңілі осыған нық сенген.
Қыз анасын терезе алдына шақырды. Мүлги
қалған ымырттағы көңілсіз тыныштықтан оқыс
басын көтерген Аяжан жай басып келіп, бала-
сын құшақтап, төбесінен мейірлене иіскеді.
Қыздың терезеге бір, шешесіне бір қараған
сұраулы жүзі төрт көзді бірдей далаға жетеледі.
Енді олар қарлығаш ұясы орналасқан ағаш
түбінен жас қыз бен жігітті көрді. Олар сүйісіп
тұрған еді.
Гүлайнаның ойынша, бұл көрініс қарлығаш
пен әкесінің өз балаларын сүйгеніне ұқсамайтын
сияқты. Мүлдем бөлек, бір ғажап жағдай.
Қыз бен жігіт өздеріне тесіле қалған мұңлы
көздерді, тіпті қарлығаш ұясын да байқаған
жоқ. Бұл дүниеде өздерінен басқаны бір сәтке
ұмытып, құшақтары айқасқан қалпы қатып
қалған. Өмірдің бұл ғажайып құбылысына
таң-тамаша болған сәби жанары әлдебір
сұраулы кескінмен анасына қадалды. Алайда
қызы бұл сұрағына жауап ала алмады. Шеше
көзінен домалап түскен ыстық та мөлдір там-
шыны ғана көзі шалды. Адамдардың бір-бірін
Достарыңызбен бөлісу: |