ӘОЖ 88.015.39:
XX ғасыр басында ұлттық мәдениетіміздің ұранын көтере келген, әрқайсысы
әдебиетіміздің бір-бір ұстыны дерлік ұлы тұлғалар қазақ халқының әдебиеті тарихына
қайталанбас құбылыс болып енді дe, aттары алтын әріппен жазылды. Ахмет
Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Xалел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғұмар
Қapaшев, Мұхамеджан Ceралин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов,
Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Сәбит Дөнентаев, Құдайберген Жұбанов,
Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин Мұхтар Әуезов, және т.б. Солардың бел
ортасында Ілияс Жансүгіров те болды.
Қазақ әдебиетінің тарихында Ілияс Жансүгіров тек ақындық, жазушылық,
драматургтік, аудармашылық еңбектерімен ғана емес, ұлттық ауыз әдебиеті
мұраларын, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға байланысты деректерді жинаушы, әрі
зерттеуші фольклорист, этнограф, тарихшы ретінде де ерекше орын алады.
Ілияс Жансүгіровтің проза, поэзия, драматургия мен журналистика саласындағы
әдеби мұрасы жұртшылыққа кеңінен таныс. Ақиық ақынның қазақ әдебиетінің
тарихындағы өзіндік орны, оның дамуына қосқан үлесі көпшілікке белгілі. Әдеби
мұрасының зерттелу жайы да аян. І.Жансүгіровтің шығармалары арнайы зерттеліп, өз
бағасын алғаныменен, айтылар сөздің әлі де таусыла қоймағандығы жалпыға аян.
Сондықтан біз бұл мақаламызды ардақты азаматтың қыруар еңбегінің бір қыры -
Ілиястың ел әдебиетін жинауы мен саралауы жолындағы зерттеушілік қызметіне арнап
отырмыз.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ЖӘНЕ ФОЛЬКЛОР
Н.М. Малаева, магистрант
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, Талдықорған қ.,
janko@mail.ru
Мақалада Ілияс Жансүгіровтің ауыз әдебиетінің ұсақ және ірі жанрларын: мақал-
мәтелдер, жұмбақтар, лиро-эпостық жырлар, батырлар жыры, ертегі, аңызды
жинауы, зерттеуі жайлы айтылады.
В статье говорится о сборе и исследовании Ильяса Жансугурова мелких и крупных
жанров фольклора: пословиц, загадок, сказок, быль, лиро-эпосы и эпосы.
In this article discussed about collections and researching works of lliys Zhansuqurov,
about small and major genre of folklore: proverbs, tales, myths, liro-eposes and eposes.
Тірек сөздер: Ілияс, фольклор, жанр, жыр, ертегі, аңыз.
176
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Ілияс Жансүгіровтің ғылыми шығармашылығының бір саласы қазақтың дәстүрлі
ауыз әдебиетін жинап, жариялап, зерттеуі.
Фольклордың даму жолдары мен проблемалары жекелеген ғылыми
монографиялардың, көптеген сын-зерттеу мақалалардың, арнаулы диссертациялардың
нысаны болды.
«Қазақ фольклористикасының тарихы» деген еңбекте [1] XIX ғасырдың екінші
жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ фольклорын, ауыз әдебиеті мұрағаттарын
жинаушылар мен жариялаушылар және зерттеушілер өмірі мен шығармашылығын
жан-жақты таныту көзделіп, ол мақсат тыңғылықты орындалған. Фольклор мұраларын
жинаушылар, жариялаушылар және оған қатысты өз пайымдауларын тасқа басып
қалдырғандар қатарында, әлбетте, Ілияс Жансүгіров те бар. Дегенмен, фольклорға
қатысты зерттеулерді қарастыра келіп, Ілияс Жансүгіровтің фольклористика
саласындағы еңбектері ғылыми зерттеулерде сөз арасында айтылып кеткенімен, осы
уақытқа дейін арнайы қарастырылмай келген,
фольклорды дамытудағы Ілияс
Жансүгіровтің орны әлі күнге ғылыми тұрғыдан сараланбаған.
Ильфа Ілиясқызының
«Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Ілияс
шығармашылығы туралы бұрынғы кеңестік замандағы зерттеу еңбектер ескірді. Ілияс
шығармашылығы, өмірі туралы жаңаша сөз айтылуы тиіс. «Ілияс және фольклор»,
«Ілияс және музыка», «Ілияс және театр», «Ілияс сөздігі» атты зерттеу еңбектер қолға
алынуы керек. Мәскеуде оқып жүргенде жазған конспектілері, мақалалары,
аудармалары, біраз шығармалары жарық көруін күтуде. Жалпы, оқырман қолына
жетпеген мұрасы өте көп. Әкемнің мұрағаты өте ұқыпты сақталған. Мұндай мұрағат
басқа ешкімде жоқ. Бірақ әлі күнге жете зерттелмеген. Оның себебі әкем 60-жылдарға
таман бір-ақ ақталды. Бұл кезде арабша хат танитындар сирек еді. Ал қазір болса,
Ілиястанумен ешкім шұғылданбайды» [2,3] - деп, өкінішін білдіруі заңдылық
.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұрағатының қолжазбалар
қорында кезінде Ілияс жинап кеткен, бірақ әлі күнге дейін Ильфа Ілиясқызы айтқандай
қол тимей жатқан қыруар мұра бар. Бұл туралы Ілиястанушы ғалым М.Иманғазинов:
«Негiзiнен, Iлияс Жансүгiровтiң мұрағат материалының үштен бiр бөлiгi - қазiргi
кезеңге дейiн жарық көрген шығармаларының түп дерегi, жазылу жайының
күретамыры. 15-ке тарта қалың бумаларда (папкаларда) Iлиястың өз қолымен жазған 12
қойын кiтапшалары мен дәптерлерi жатыр. Оны оқып қараған адамға әлi де болса талай
тың деректiң ашылатыны сөзсiз» [3,156] - деп, ескерткелі де ширек ғасырдай уақыт
өтті. Аталмыш қолжазбалар 1984 жылы ғылыми-техникалық өңдеуден өтіп, №1368
жеке қор тізбесі жасалаған. Онда ақынның өлеңдері, очерктері, пьесалары, сатиралық
шығармалары, өмірбаяндық деректері, фотосуреттері және
І.Жансүгіровтің
шығармашылығы туралы басқа авторлардың жазған зерттеу мақалалары бар. Ол
жинаған мол мұра ішінде ұзақ оқиғалы хикаялар, айтыстар, шежірелер, тарихи
материалдар, фольклор үлгілері, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер,
жұмбақтар мен ертегілер аңыз-әңгімелер мен айтыстар, эпикалық жырлар мен
шешендік сөздер, тарихи жырлар мен шежірелер т.б. Ілиястың сонымен бірге ел
аузынан жазып алған тапқырлық, шешендік сөздері мен қағытпа, әзіл-қалжыңдары бір
төбе. Халықтық толғау, термелер, қара өлеңдер де жетерлік.
Қазақ фольклорының көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің фольклоршылдық
қызметін зерттеу қазақ фольклоры тарихын қамтумен бірге қазақ халқы мен
көршілес елдер әдебиеті тарихымен байланысын, туысқан елдер әдебиетінің бір -
біріне ықпалын, олардың тамырлас, ортақ рухани бастау көздерін ашуға септігін
тигізеді.
«Тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалар» тобынағы өлең жырлар ауыз
әдебиетінің көне нұсқаларына жатады. Алайда әр заманның өз салт-сана, әдет-
ғұрпы бар, соған байланысты туған шығармалар да көп, Демек, бұл үздіксіз
177
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
дамып, өзгеріп, жаңарып келе жатқан жанр. Автор осы саладағы шығармалардың
бастыларын ғана атап көрсетеді.
Үйлену салтына байланысты туған өлеңдер (жар-жар, той бастар, сыңсу, жұбату,
беташар), діни ұғымдарға байланысты өлеңдер (бәдік, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны)
ғылыми дәлелді, ұғымды баяндалған. Келтірілген мысалдар, түсінік-тұжырымдар,
ешқандай күдік туғызбайды.
Төртінші топқа жатқызылған қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау өлеңдері басқа
авторлардың зерттеулерінде «Мұң-шер өлеңдері» деп те аталады. Әрине, халық
өлеңдерінің бәрі де көңіл күйінің айнасы екені рас.
Мақал-мәтел, жұмбақтар - фольклордың ұсақ жанры десек те, қамтитын
тақырыбы, мәселесі жағынан ауқымды да жан-жақты шымыр туындылар. Қазақтың мақал-
мәтелдері алғаш рет 1874 жылы Орынборда басылып шыққан. Содан бері
толықтырылып әлденеше рет баспа жүзін көрді. Автор мақал-мәтел,
жұмбақтардың жиналу, жариялану тарихына тоқталған.
Мақал мен мәтелдің ұқсастығын, айырмашылығын айта келіп, бұларға ғылыми
анықтама береді. Мақалдар мен мәтелдердің басты тақырыбы халықтың әдет-ғұрпы,
салт-дәстүрі, дүниетанымы, әлеуметтік көзқарасы, кәсібі мен шаруашылығы, қысқасы
өмірдің алуан түрлі құбылыстары, көріністері болып келеді. Соған байланысты
халықтың тәжірибесі, ақыл-өсиеті, ғылыми тұжырымы түйіп айтылады. Мақал-
мәтелдер адалдыққа, ерлікке, отаншылдыққа, сыпайылыққа, тазалыққа, ынтымаққа,
білімге, еңбекке үндейді. Сонымен бірге жарамсыз мінез-құлықтан, жөнсіз іс-әрекеттен
сақтандырады. Мақал-мәтелдің ескірмей қай заманда болмасын рухани өмірімізге
қызмет ете беретіні де сондықтан. Жұмбақ та мақал-мәтелдер сияқты тақырыбы жан-
жақты болып келетін шығарма. Бұл да адамға игі қасиеттерді орнықтыру мақсатынан
туады. Адамды, әсіресе жастарды білімге, тапқырлыққа үйретеді. Табиғат құбылысынан
бастап, заттың, өсімдіктің, жан-жануардың бәрі де жұмбаққа тақырып бола береді. Өнер-
білім, техникаға байланысты кейінгі замандарда пайда болған жұмбақтар да көп.
Жұмбақтар өлең немесе ұйқасты қара сөздер түрінде көбірек ксздеседі. Сондықтан
есте сақтауға, жаттап алуға ыңғайлы болады. Оның тапқырлықтан басқа бір ерекшелігі -
нақтылық. Тұспалдау, салыстыру, теңеу, бейнелеу арқылы түсіндіреді. Жұмбақтың
дамыған түрлері ақындар айтысында, дастандарда, аңыз әңгімелерде бар. Зерттеуші
жұмбақтың әлеуметтік маңызын, өмірге деген көзқарасты білдіретін қоғамдық
сипатын, жаңадан туып, молайып, дамып отыратын өміршең қасиетін сөз етеді.
Ауыз әдебиетінің прозалық жанры - ертегілер өзге жанрлар сияқты ерте
заманда пайда болған, тіршілік, қоғам өзгерістеріне байланысты шытырман оқиға -
тартысқа құрылған көлемді шығарма болғандықтан өлең-жыр сияқты оны екінің бірі
жаттап айта бермейді. Ертегінің желісін есінде сақтап, мәнерлеп жеткізетін
адамдар болады. Міне, осындай ертекшілердің шығармашылық ерекшелігі
де
осында баяндалған. Автор қазақ ертегілерін мазмұнына, тақырыбына қарай ішкі
жанрларға жіктейді.
Қиял-ғажайып ертегілеріне тән сипаттарды жүйелеп баяндағаннан кейін
олардың ішінен «Ер Төстікті» даралап талдайды. «Керқұла атты Кендебай», «Күн
астындағы Күнекей қыз», «Жеті өнерпаз», «Ағаш ат» тәрізді ертегілерге тоқталады.
Халық қиялынан туған ғажайып оқиғалар, образдар халықтың ілгерішіл мұратын,
игілікті аңсарын білдіреді. Ол әлеуметтік өркениетке, техникалық процеске түрткі,
мұрындық болады. Автор қиял-ғажайып ертегілердің осындай ерекшеліктерін ұтымды
көрсетеді. Ал, хайуанаттар жайындағы ертегілердің көне замандарда туған
нұсқаларында мифтік сарын көбірек ұшырайтыны мәлім. Ертедегі адамдардың
ұғымында қасқыр жарылқаушы бейнесіндегі («Ақ қасқыр», «Көкжал», «Жігіт пен
қасқыр», т.б.) алынса, кейінірек пайда болған ертегілерде («Сырттандар», т.б.) жыртқыш
кейпінде суреттеледі. Ертегілердің неғұрлым бертінірек шыққандарында өмір
178
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
шындығы айқынырақ көрініс табады. Ол төрт түлік мал мен жыртқыш
хайуанаттарды қарама-қарсы кейіпте суреттеу арқылы да беріледі. Үй жануарлары
ұнамды бейнеде суреттеледі. Әсіресе, жылқы мен түйе адамға қамқор, ақылды түлік
болып есептеледі. Автор бұл жерде «Алтын сақа», «Бозінген», т.б. ертегілерді
мысалға алады. Жыртқыш, айлакер бейнесінде суреттелетін қасқыр, түлкі сияқтылар
адамның жауы ретінде көрсетіледі. Бұл да белгілі дәрежеде халықтың әлеуметтік
көзқарасын аңғартса керек.
Тұрмыс-салт ертегілері қашаннан бергі халық өмірінің айнасы секілді. Одан
халықтың, қоғамдық дамудың әр кезіндегі сана-сезімі, мақсат-мүддесі, тағдыр-талабы
аңғарылады. Мұндай ертегілердің оқиғасы нақты өмір болмысынан алынады. Автор пікірін
дәлелдеу үшін «Аяз би», «Қарттың өсиеті», «Үш ауыз сөз», «Жақсы әйел», «Қарт пен
тапқыр жігіт», «Хан қызы мен тазша», «Қыдыр, бақ, ақыл», «Қаңбақ шал» тәрізді
белгілі ертегілерге жүгінеді. Ұлағатты өсиет, мысқыл күлкі, сықақ түрінде айтылатын
қызықты оқиғалы ертегілер қашанда тәрбие-тәлімдік мағынасын жоймақ емес. Автор осы
орайда салмақты ой түйеді.
Аңыз әңгімелерді І.Жансүгіров ертегілерден оқшаулаңқырап алады да:
«Оқиғасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып, ауызша шығарған қазақ
халқының көркем шығармаларының елеулі бір саласы» деген анықтама береді. М.
Әуезов «Ертегілер» атты монографиясында аңыз әңгімелерді салт ертегілерінің
құрамында қарастырғаны белгілі
[4]
.
І.Жансүгіров Алдар Көсе, Жиренше, Асан қайғы, Қожанасыр сияқты
тарихта қашан болғаны, нақты өмірбаяны белгісіз тұлғалар жөніндегі аңыздардың
да өмірді өзінен алынғанын, оқиғаларының нанымды екенін тілге тиек етеді.
Халық өзінің сүйікті перзенттерін немесе қиялдан туған кейіпкерлерін дәріптеп,
кейінгі ұрпаққа үлгі етіп отырған. Аңыздың сюжеті де, көлемі де ертегідей күрделі
емес, шағын да шымыр болып келеді. Ертегілер мен аңыздар жазба әдебиетіміздің,
оның ішінде проза жан-рының тууына ықпал жасағаны анық. Сюжет құру, образ жасау,
тіл байлығы, көркемдігі жағынан ертегі-аңыздардан үйренбеген қаламгер кемде-кем
болса керек. Жазушылар оған әрдайым зер салып көңіл
:
бөліп отырады.
Батырлар жырының ел өміріндегі тарихи оқиғаларға қатысы туралы мәселе де
көптеген талас пікірлер туғызып жүрген мәселе болатын. Бұл жайында ғалымдар
қазақтың ертедегі батырлар жыры тарихи кезеңдердің, ұлы оқиғалардың елесін беру
негізінде туып қалыптасқанын, яғни оның деректі құжат емес, көркем бейнесі екенін
айтады. Бұл пікірін ол тарихи оқиғаларды және оған байланысты пайда болған
жанрларды салыстыру арқылы дәлелдейді. Әрине, жыр бір оқиғаға байланысты
туғанымен жылдар өте ақындардың қиялымен оған жаңа сюжеттер қосыла береді. «Жеке
қысқа аңыздардан эпостың бір тұтас түрін жасауда қазақтың даңқты ақындарының үлкен
еңбектері болды» - деген Ш. Уәлиханов пікірі де осыған саяды
[5,213]
.
Зерттеушілердің берген анықтамасы бойынша батырлар жырының басты тақырыбы
ел қорғау болса, лиро-эпостың мазмұны ғашықтық, үйлену салтына негізделеді. Ілгері
заманда ғашықтардың сүйгеніне қосылу әрекеті көпшілік жағдайда қиыншылыққа, тіпті
қайғылы халге душар еткені белгілі. Тіпті ғашықтар мұратына жеткеннің өзінде де
қаншама машақатты бастан кешіреді. Осындай шым-шытырық оқиғалы, әрі қызықты да
көркем лиро-эпостардың ішінен автор «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-
Шолпан» жырларын талдайды.
І.Жансүгіров сияқты Алаш азаматы ел әдебиетін жинауда өткен ғасырда елеулі
еңбек сіңіре білген. Өкініштісі сол, дер кезінде қамтылған құнды дүниелердің әлі күнге
ел-жұртқа жетпей, шаң басқан мұрағаттарда ізделмей, зерттелмей, тіпті еленбей
жатқандығында.
Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық жанрында үлкен еңбек сіңіріп,
әдебиеттің негізін салушы, үлкен тірегінің бірі болды. Ілиястың шығармашылықпен
179
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
айналысқан жиырма шақты өмірі қазақ әдебиетінің алғашқы кезеңдерімен тұстасады,
яғни ол осы әдебиетпен жарыққа бірге шығып, бірге жасасып келді. Сондықтан, өзі
негізін салысқан жас әдебиеттің жетістіктері мен табыстарының бәріне Ілияс ортақ,
бәрінде оның үлесі бар. Күннен-күнге, жылдан-жылға үздіксіз өсіп, жетіліп келген осы
әдебиеттің
алдында
тұрған
маңызды
мәселелер
мен
міндеттер
Ілияс
шығармашылығына да тән.
Ұлттық әдебиетіміздің өркендеуіне лайықты үлес қосқан қарымды да дарынды
қаламгер Ілияс Жансүгіров халқының мұрасына қамқор болып, халқынан үйреніп,
халқының ұлылығынан тәлім алды. Халық шығармаларын бойлай оқып, сөз
маржандарын оқып үйренді. Білгені мен көңіліне ұялағанын ой елегінен өткізіп, оны
өңдеп, халқына қайтадан ұсынды. Ілияс әдебиеттің жоғын жасауға, кемтігін толтыруға,
халықтың аңсағанын табуға қызмет етті.
Ел әдебиеті Ілияс шығармашылығына өмірлік өзек болды, шабытына рухани
нәр берді, талантты ақынның қаламынан поэзия маржаны болып төгілді. Ілияс
зерттеген домбыраның сайраған тілі, күйдің сазы тарих қойнауында қалған халық
тұрмысындағы шындықты білуімізге, қазіргі өмірімізбен салыстыруымызға көмектесті.
Айтулы ақынның салиқалы шығармашылығы ұлы суреткерді тек табиғат қана
туғызып қоймай, нақты қоғамдық-тарихи шындық шыңдайтынына көзімізді тағы да
жеткізді.
1936 жылы 9 желтоқсанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған
мақаласында І.Жансүгіров: «Қолыма қалам алған күннен бастап мен өз Отанымды, өз
елімді, кең байтақ даламды талмастан жырлап келемін»,- деп, жазды.
Бексұлтан Нұржеке: «Ілияс Жансүгіров. Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала
хикаялары» атты кітаптағы құжаттарды көргенде: «Шіркін-ай, негізгі ғылыми бағытын
Ілиястануға арнаған бір ғалым шықса игі еді-ау! Сонда мұндағы құжаттардың әрбір
әрпі, әр сөзі, әр дерегі бір-бірімен байланыса сөйлеп кеп берсе, ел тарихы мен әдебиеті
қаншалықты байыр еді!» - деп армандаған екен [6,5]. Осы арманды орындау жолында
бірге қызмет етейік ағайын.
І.Жансүгіров жазбалары фольклор жинаушыларға қойылатын басты- басты
талаптарға толық сай келеді. Біріншіден, материалдарды кімдерден қандай жағдайда
алғанын ақын үнемі дерлік көрсетіп отырады. Екіншіден, І.Жансүгіров халықтың
ұғымын ауызекі сөйлеу тілі ерекшелігін сақтап қағазға түсірген. Үшіншіден, белгілі
бір аңыздың тарихилығын, шындығын дәлелдерлік деректерді қоса келтірген.
Қарымды қалам иесінің көптеген фольклор жинаушылардан өзіндік бір
айырмашылығы – ауыз әдебиетінің үлгілерін біреу арқылы емес, ел аралап, ауыл
адамдарының, ел ақындарының әңгімесін тыңдай жүріп, олармен тікелей аралас –
құралас бола жүріп жинауында.
Ілиястың әдеби мұра жинауындағы бір ерекшелігі – ескі сөздердің қалпын
бұзбай дұрыс жазып, жыр нұсқаларының табиғи көне түрін мол сақтауы, ол халықтың
жай-күйін, түрлі аңыз-ертектерін жетік білетін құйма құлақ ақын-жыраушылардың
сарқыны бар кезде жинап үлгерген. Ілиястың жинаушы ретіндегі еңбегінің құндылығы
да осында.
Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіру қиын емес. Бұдан байқалатыны –
фольклоршының қағаз бетіне түсірген ауыз әдебиеті нұсқаларының халықтық қасиеті
кіршіксіз сақталып, көркемдік бояуы ажарланып, құлпыра түскен, байсалды сөз
зергерінің қолынан өткендігі.
Фольклоршы ауыз әдебиетінің үлгілерін қағаз бетіне түсіруімен ғана шектелмей,
оларды өзінше топтап, бөлшектеген. Мұралардың орналасу реті соның куәсі. Мысалы,
жар-жар, беташар, жоқтау, бата сөздер бір бөлек, мақал-мәтел, шешендік сөздер секілді
ықшам дүниелер бір бөлек топталса, ертегі мен айтыстар, тарихи жырлар секілді
көлемді туындылар бірыңғай сұрыпталған. Бұл Ілиястың фольклор үлгілерін тек
180
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
жинаушы ғана емес, сонымен бірге өзінше ой қорытып, белгілі бір жанрларға жіктеген
зерттеуші ғалым екендігін де көрсетеді. Егер мұндай классификация жасау ол кездегі
әлі буыны бекімеген әдебиеттануымызда некен-саяқ кездесетінін ескерсек, Ілияс
Жансүгіровтің ауыз әдебиетін жинауға қаншалықты еңбек сіңіргенін, жанр түрлеріне
бөлуде соншалықты ізденгенін шамалаймыз.
Алдағы міндет - мол мұраны жете зерттеп, халқымыздың қажетіне жарайтынын
көпшілікке ұсыну, Ілиястың фольклорист-ғалым ретіндегі әдебиетіміздің тарихындағы
алатын орнын анықтау, көз майын тауысып, халқының асыл сөздерін қағазға түсірген
аяулы азаматтың ардақты ісін оқушысына ұсыну. Бұл-бірдің ісі емес, көптің ісі.
Әдебиетші-ғалымдарымыздың, әсіресе фольклорист-мамандарымыздың мазмұнды,
мәнді жұмысы, аға алдындағы азаматтық парызы. Өйткені, Ілиястың фольклорист
ретінде сіңірген еңбегін, оның өз еңбегінің дәрежесінде жан-жақты зерттегенде ғана
ойдағыдай көрсете аламыз.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Қасқабасов С. XIX ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ фольклористикасы. //Қазақ
фольклористикасының тарихы. -Алматы:Ғылым, 1988.-Б. 138.
2. Тәшенов Т. Ілиястану неге ілгерілемей жатыр? //«Айқын» газеті, 10 ақпан 2007ж.
3.
Иманғазинов М. Ілияс Жансүгіров. – Алматы:Қазақ университеті», 2004ж.
4.
Әуезов М.
Жиырма томдық шығармалар жинағы. -Алматы: Жазушы, т.17.
Мақалалар, зерттеулер. -1985, -352 б.
5.
Уәлиханов Ш. Таңдамалы, Алматы, Жазушы, 1985.
6. Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала хикаялары. (Құраст: С.И.Боранбаева,
А.А.Мұқанова, К.И.Сопибекова, Н.В.Чаушанская, А.Әбіласанұлы).- Алматы: Үш қиян,
2006ж.
ӘОЖ 88.015.39:
ЖЕТІСУ ТАБИҒАТЫ ЖЫР ЖОЛДАРЫНДА
Ж.К. Молдабаева, магистрант
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, Талдықорған қ.,
Мақалада Жетісу өңірінен шыққан ақындардың туған жерді жырлаудағы өзіндік
ерекшеліктері жайлы айтылады.
В статье рассматриваются особенности описания родной земли в творчестве акынов,
вышедших из Жетысуского края.
The article devotes to the poets who were the citizens of Zhetisu and the pecularities of the
poem about their motherland.
Тірек сөздер: Жетісу, табиғат, лирика, ақын, пейзаж.
Жер жаннаты Жетісу жерінде қаншама ғұлама адамдар дүниеге келіп, қаншама
ақындар өз елін, өз жерін өлең сөздің құдіретімен сусындатып, поэзия әлемінде
шарықтап қанат қақты.
Өзі өмір сүрген дәуірдің жыршысына айналып, халқының мұңын жырлап,
қоғамдағы әр құбылысқа сын көзбен қарай білген ақын – нағыз ақын. Бүкіл дүниенің,
қоғамның, адамзаттың аласармауын тілеген, махаббат пен шапағатты жырға қосқан,
өмірдің шырқын өлеңдерімен ұғындырған біздің сондай ақындарымыздың бірі –
Жаскілен Қалиев.
181
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Саған келсем көңілім тасып кетеді.
Сен үшін-ақ мына жарық дүниеге,
Келіп қайтса!
Соның өзі жетеді! - [1,69]
деп, жырлаған ақын Жаскілен Қалиев мынау дүниеге жалғанның жазулы ғұмырын
көріп, бар - жоғына бас шұлғып, пенделікпен өту үшін ғана келмеген сыңайлы. Өмірдің
ақ – қарасын ажыратуға ұмтылып, өзі түйсінген, тұщынған дүниелерді, артына сыр
мұрасы ретінде қалдыру ниетінде болған.
Қалғыды жұлдыз басын бүркеп алып.
Көлшікке құйды бұлақ үрке басып.
Шолпысын мөлтілдеген үзді тырс – тырс,
Бұрымын талдырмаш тал сілке қалып...
...Шөпке шөп бас изесін, күбірлесіп,
Жапанда өтіп жатыр сыбыр көші.
Жанарын жаудырата қапты қарап,
Жайланып жатып алып түбірге шық.
(Түн)
Ақ жауын күбір – күбір күй шертеді
Жол түсіп қона қалсаң қосқа бір түн.
(Күз)
Селдетіп барып ақ жауын әнін доғарды.
Бозалаң бұлттар созалаң жидіп жоғалды.
Кавказдың ұзақ қалғыған күні оянып,
Назары құшты аймалап жетіп көгалды.
(Ақ жауын әнін доғарды)
Шыртылдап дауыл қамшысы,
Жұлқына теңіз ышқынды.
Шашырап жасы – тамшысы,
Қиқулай шертті құс мұңды...
...Арыстан – толқын ақырып,
Аспанның қапты бауырын.
Бұлт батыр ашу шақырып,
От – қанжар осты сауырын.
(Балқаш жағасында)
Бұл кейіптеулер арқылы табиғатпен сырласқандай, оның өзгерісін жіті
бақылағандай сезімге бөленесіз. Табиғаттың жанды және асау бейнесі көз
алдымызға келеді. Сонымен бірге бұл суреттеулерде ақынның табиғатқа дарытқан
іс - әрекеттері – соншалық қарапайым, соншалық шынайы. басын бүркеп, қалғыған
жұлдыздар; бас изесіп күбірлеген шөптер; жанарын жаутаңдатып, жайланып жатып
қалған шық; күбір – күбір күй шерткен ақ жауын; назары көгалды құшқан күн;
қамшысын шартылдатқан дауыл; аспанның бауырын қапқан арыстан толқын, т.б. –
бәрі де ақынның ой теңізінен туындаған сөз маржандары. Көріп отырғандай
табиғаттың өзіне мінез ерекшелігін дөп басып бере алған. Поэзияда қолданылған
кейіптеу табиғат құбылыстарына жан бітіріп суреттеу үшін үлкен қызмет
атқарған. Ақын шығармашылығында аспан, тау, көл, шөп, бұлт, теңіз, т.б. табиғи
құбылыстардың кейіптеу тәсілімен суреттелуі жүйелі қолданыс тапқан.
182
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Ғали Орманов - суреттеу құралы бай ақын. Оның тілінің образдылығы, суреткерлік
шеберлігі теңеу, метафоралардың ұтымды да тапқыр үлгілерімен тығыз байланысты.
Осы арқылы ақын қысқа сөзбен жанды сурет жасайды. «Өзен» өлеңінде ол:
Жіңішке жіптей арықтар
Жете алмай шөлге үзілді.
...Бұлдырап өткен замандай
Бұрылмай суың көп ақты.
Көңілде қалған армандай
Мөлдіреп алыс көл жатты,- [2,123]
деген сөздермен өзен суын ел игілігіне жарата алмаған кездің шындығын еске салады.
Сол өзеннің ендігі жаңа өмірін суреттей келіп, ақын суға кенеліп, гүлдеген даланы:
Қуаңы түлеп жер- ана
Құлпыра шықты гүл ұстап,-
деп бейнелейді. Гүл ұстап құлпырып шыққан жер- анада жанды адамның кейіпі бар.
«Бұлақ» атты өлеңінде ақын тау қойнаунды қайнап шыққан тас бұлақтың суын мөлдір
көз, жас сұлуға теңейді. Сол арқылы жастық шықты еске түсіреді.
Көрінді ыстық ол маған,
Еске түсіп бала кез,
Жас күнгі бір кезімдей.
Жудым суға бетімді.
Жас жігітке қараған
Талай мөлдір қара көз
Жас сұлудың көзіндей.
Қарап тұрған секілді.
Жанды, жарасымды қозғалысты берілген бұлақ суретіне қоса, оның көркін образбен
қысқаша түйеді. Ол үшін бұлақтың тазалығы мен мөлдірлігін көп айтып жатпай-ақ
сұлудың көзіне теңей салады.
Табиғат көріністерінің шағын картиналарын ұтымды жасау арқылы адам сезімін тап
баса суреттеу, өмір туралы философиялық ойларын таныту «Емен», «Гүл», тағы басқа
лирика үлгілері- Ғалидың ғана емес, осы жанрдағы қазақ әдебиетінің зор табысы.
Құдаш Мұқашевтің «Жазғытұрым», «Ертіс толқындары», «Дала соқпақтары», «Ажар
емені», «Көктем көріністері», «Шың суреттері», «Күз» және тағы басқа өлеңдері сөзбен
салынған сырлы сурет екенін байқау қиын емес өлеңдерден табиғаттың тамаша бір
көрінісі көзіңе нақты елестейді. Мұны Құдаштың «Көктем көріністері» өлеңінен көруге
болады.
Құрышын қандыратын құлақтардың,
Күлкісі, күлкісін – ай бұлақтардың.
Келгенде көктем аңсап туған жерін,
Кең далам, қойыныңнан гүл ақтардың.
Бозторғай ауадағы шырылдаған,
Тұр ма еді шертіп, әлде сырын маған.
Ұйқыда жалғыз ғана қарт Алатау,
Көрдің бе, қар түндігі сырылмаған.
Жарандар, қараңдаршы құлақ түріп,
Күледі көк нөсері жылап тұрып.
Найзағай айқыш – ұйқыш от семсерін,
Барады жыр үстіне лақтырып... [3,58]
183
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Жетісу жерінің табиғатын, ғажап ерекшеліктерін жырлап қана қоймай, туған еліне
деген ыстық ықыласын перзенттік, ақындық асқақ үнінен сезгендей боласың.
Аймаласа күн таудың қарлы басын,
Бұлақ неге мәз болып қарғымасын.
Өңірінде осынау ұя салған,
О, туған жер, мен де бір қарлығашың,-
деп жас балаша шаттанса, «Ауылыма жақындағанда» өлеңінде:
Жігітім, әнеки ауылым,
Көрініп келеді қарасы.
Сапырып сағыныш дауылын,
Жүректің тулауын қарашы.
Аңсадым ағайын – бауырды,
Білдім ғой қадірін үйдің де,
Өзіңді өсірген ауылды,
Сен – дағы мен құсап сүйдің бе? –
деп өзі туған, кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын, жүректің тулауын жыр
жолдарына енгізеді.
Құдаш жеті құдіретті былай суреттейді:
«Жеті өзенің – жеті өмірдің айғағы,
Тулап аққан жеті күре тамырдан.
Олар деген арық емес қол тоспа,
Тентек, Ақсу, Лепсі менен Қаратал,
Оған Көксу, Іле, Шуды қосқанда,
Аруағын атып жатқан аспанға,
Арынына жарты әлемді қаратар
Жеті құдірет бас қосады Балқашқа»,-
деп, Жетісудың жеті өзенін барша қазаққа таныта дәріптейді.
Марфуға Айтхожинаның «Жетісу суреттері» деп аталатын көлемді дастаны
деректілігімен, Жетісу өңірінің ғажайып келбетін жанды бейнелеумен құнды.
Ақын бұл шығарманы туған жерге, ата – бабалар рухына арнаған. Сондықтан да
Марфуғаның шындап шалқуы, ақындық ұлы құдіреттің шырқау шыңына шығып
алып, мен осынау сұлу өңірдің өр ұпағының бірімін деп бүкіл әлемге тегеурінді
жырмен жар салуы заңды да табиғи.
Жиырма жасқа дейін ат жалын тартып мініп, ағаларымен бірге жүйрік аттардан,
сәйгүліктерден түспеген, қыз қууға қатысқан, асаудың ауыздығымен алысып өскен
ақынға жас кезінен дарыған бір қасиет бар. Ол тауда туып, тауда өскен жанға тән мінез,
асқақ тәкаппарлық. Талқының биік тауларын, құз-жартастарын жарып өткені де, сол
өрлігі, қайсарлығы, ермінезділігі. Сондықтан болар, сол мінезі оның өлеңдеріне де
сіңді.
Жүрсем-дағы астында сан-саяның,
Шалқайғанға мен-дағы шалқаямын.
Күншілдердің күңкілін көзіме ілмей,
Сол тәкаппар қалпымда қартаямын,- [4,142]
деп соғады ақын жүрегі.
184
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Ақсудың ағынды сарыны құлақтан әсте кетер ме?! Көңіл түкпірінен бастаудың
көзіндей бүлкілдеп сезім сәулелері сыртқа шығуға асығады. Ақ жүзін жуып, шашын
сулап тараған туған жерінің өзенін қайда жүрсе де ұмыта алмасы қақ қой. Әлгі бір
«Ақбұлақ» әнінде айтылатын: «Сенің келіп жағаңнан, Анам талай су алған. Сенің келіп
жағаңнан, Әкем атын сұраған» дегендей уәж оған да тән. Сосын да ғой Қанипа
Бұғыбаеваның:
Домбырадай жетпеген бір бұрауы,
Жүрек толқып, көкірегімді ұрады.
Туған жерді жетім қалып жылаған,
Көзін сүртіп, жұбатқым кеп тұрады, -
деп, кейде қамығады. Ақ өлеңнің мәйегін көкірегінде сақтаған ақынжандылық ана
сүтімен бойға дарыған болар:
Ұйқым менің бұзылады таңға сан,
Адаммын ба? Өзімді-өзім алдасам.
Бұл аурудан жазылмайтын түрім бар,
Туған жерді құшып, жылап алмасам, -
дегендегі бар ынтызарын, құштарын қай жүректің де ұғынары сөзсіз. Шырылдаған
шегірткесі де, жорғалаған құрт-құмырсқасы да, аспанға ілініп қалғандай тамағы
бүлкілдеп боздайтын бозторғайы да көңілге ыстық көрінетін туған жердің қасиетін ұға
білген ақынның жыр жолдарындағы күш-куат орасан, сұрапыл. Сосын ғой оның тағы
да:
Алам жиі сені есіме,
Елеспенен жылындым.
Ауыл десе, енесіне -
Кісінеген құлынмын! –
деп ағынан жарылатыны. Кісіге қос қанат берген, алыс-алыс қиялдарға ұшып,
арманына қол артсын деген өскен орта мен ұшқан ұя қаншалықты қымбат екендігін
Қанипа ақын бір адамдай түсінген, сезінген. Сондықтан да оның көз қиығынан ауыл
бейнесі кетпейді. Сонау Ұзынағашта тұрып, Қосағашына құшағын ашады, сағынышпен
қолын бұлғайды, Екі ауылдың арасын жалғаған жалынды жырларын шашу етеді,
дауысы жеткенше сәлем жолдайды:
Төменге қадап қойып көз жанарын,
Арқау боп әуеніне аз ғана мұң.
Кеудеме кіріп алып ән салғандай,
Боз жусан, бозторғайы боз даланың...
Кең кеудесіндегі кішкентай құмбыл құстың үні - оның жырын жер-жаһанға жеткізуші.
Туған жер,
Бір ұлыңнан кем көрінбей
Өтсем деп,
Өлеңдеттім
Мен де ерінбей.
Көркіңнен күні-түні көз алмадым
Қазақтың тас қашаған зергеріндей,-
185
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
деп өзі айтқандай, шабыты шалқыған шақтарында С.Иманасовтың нағыз зергерге
айналып, әншейіндегі жұмыр басты пенденің көзіне түспес, көңіліне шалынбас небір
нәзік құбылыстар мен күрделі күрмеулерді жыр жолына түсіре қоятыны ғанибет. Сәкен
Иманасовтың өлеңдерін оқығанда кейде селт ете қаласың, кейде тілің мұздай болады,
кейде жүрегің атқақтап соғып, әлдебір өкініш, мұң қармағандай болады.
Табиғат көркін тамашалаған, әсіресе, туған жер - Жетісу, ағынды Ақсу, айналы Алакөл
туралы сәтті жырлар - Сәкеннің оң жамбасына келген қуатты жолдардың көрікті
тұстары. Ақынның ажарлы өлеңдері өзінен кейін біраз жаңғырықтар туғызды. Әдетте
әдебиетте, оның ішінде, өлеңде ұқсас нұсқалар бола береді. Дегенмен, әуелгі тегі
қайдан шыққанын біле жүрген теріс емес. Айталық:
Жаңа бір сарын бастадым,
Төгілсем деумен сел боп кіл.
Естісең қырдан асқақ үн
Сені іздеп жүрген мен де біл!
Жарқылдап ойнап бар тұлғаң
Толқынға шомыл,теңізді ап.
Шағала көрсең шарқ ұрған,
Мен де бір жүрген сені іздеп...
немесе:
Көктемнің гүлін көрсең мені ізде
Толқын-толқын бұрымды өрсең, мені ізде
Кешкіліктің қатар жүрген құрбыңнан
Кино жаққа бұрып келсең, мені ізде,- [5,62]
тәрізді сәтті өлеңдердің кейін қалай түрленіп, қалай жалғасқанын көзі қарақты оқырман
анық аңғарады. Алғашқы нұсқаның тосын әрі сұлу тұлғасы өзге ақындарды неге бей-
жай қалдырмағанын әбден түсінуге болады.
Әлемдегі ең озық жыр көші деп есептейтін қазақ жырына жаңа үрдіс, қонымды
соны дәстүр енгізу-небір дүлдүл ақынның пешенесіне бұйыра бермейтін бақыт.
Көптеген ұлы ақындар «табиғат - ақындықтың алғашқы ұстазы» деген. Сондықтан
жапырақтың сылдыры, ашық аспанда аппақ мамық бұлттың жүзгені, қыр гүлдерінің
әсемдікпен ырғала жайқалуы, күмбірлеп аққан өзендердің толқыны – барлығы адамның
жанына қанша әсер етсе, соның бәрін Гүлжәукен Мұқаева ақын өзінің нәзік сезімімен
ұғына білген. Мысалы, «Жаз» деген өлеңінде:
Күлкі ойнап келбетіңнен нұр тасыған,
Өзендер кете алмаймын мен қасыңнан.
Сезімім толқыныңмен бірге ойнап,
Жар салып дүниеге шырқасын ән.
Қосылып құстар оған жырласын мың,
Жасырып жүрек сырын ұрласын кім.
Шырқасаң бар табиғат сұлулықты,
Мен сенің мәңгі сонда сырласыңмын,–
деп, табиғаттың тамаша сұлулығын түсініп, өзінің нәзік жанымен жырлай білген.
Немесе «Жылдарым менің, жылдарым» деген шағын толғауында өзінің өмір жолын
баяндай келіп:
Жырымда шұғыла нұр шашса,
Арайлап атқан таң күліп.
186
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
Сырлы бір үні тау-таста,
Жатса егер мәңгі жаңғырып,–
деп өзінің табиғатпен жаны бірге екенін дәлелдеп, философиялық ойларға дейін
көтеріледі.
Гүлжәукен Мұқаева жылдың төрт мезгілін арнайы тақырып етіп, тамаша өлеңдер
жазды. Ақын «Жаз» өлеңінде:
Сол шақтың күмбірлеген үні бөтен,
Ол әлде шат сезімнің гүлі ме екен.
Мен өзім кірбің алмай қабағыма,
Жаз болып дүниеден күліп өтем,–
деп, жаз мезгілімен бірге өзі де жайнап тұрған көңіл-күйін білдіргісі келеді.
«Күз» өлеңінде күзгі табиғаттың жүдеу тартқан бейнесін суреттеген ақын:
Сыр шертпес ерке бұлақ қызыл гүлге,
Өзгерген кең даланың түрі мүлде.
Үзіліп түссем-ау деп қалтыраған,
Сеземін жапырақтың дірілін де,–
деп, табиғи ортаны, айналаны нақтылы қалпында сыршыл жүрегімен кестелеп, айқын
көзге елестетеді. «Көктем» деген өлеңінде табиғаттың осы мерзімге сай бейнелі суретін
жасайды.
Тіршілік дүр сілкініп оянғандай,
Су беті таң нұрына боялғандай.
Қалқыған ақшыл мұнар көк төсінде,
Тербеген көңіліңді ой, армандай,–
деп, бүкіл тіршіліктің оянғанын көз алдымызға келтіргендей болады.
Ал, мына «Қаңтар» өлеңі қыс мезгіліне арналып жазылған. Дала ақ қарға оранған,
құлазып, көңілсіздеу көрінеді.
Ақ қарға далам жым-жырт көміледі,
Құлазып көңілсіздеу көрінеді.
Бұталар суық желге дір-дір етіп,
Алдына мидай жазық керіледі,–
деп, көз алдымызға қысты әкеледі. Бұл ақын суреткерлігін көрсетеді.
Жетісу жерінің ақыны Айтмұхамбет Есімжанұлы «Ақын әсіресе лирикалық
лебізді өлеңдерінде оқушының жан-дүниесін баурап отыратын сыршылдығы тәнті
етеді. Табиғатқа арналған өлеңдерінде майда, жұмсақ, нәзіктікті сергек сезіммен
астастыра отырады екен. Құрғақ қиялдан аулақ, жадағай жалпылама емес, келісті
мазмұнға бағындыра ой тастай оқушыға да өзінше үлес қалдырып отырады. Ақынға
айналаның бәрі тұнып тұрған поэзия. Ол одан күй оқиды, жыр түйеді, сұлу сурет
көреді, бәрі Гүлжәукен ақынның жүрегіне жыр боп құйылады»,– деп ақындық өнеріне
үлкен баға береді.
Қай дәуірде туса да, қас таланттар сегіз қырлы болады. Тұрсынзада
Есімжанов - ақындықтың алуан саласында сақасы алшы түскен сирек дарын.
Қысқа өлең түрінде де ұзақ дастан түрінде де шынайы шығармалар берген
187
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 1 /2013
қаламгеріміз Омар Хайям дәстүріндегі төрттағандарды қазақ поэзиясына
ерекшелей жүйелеп, ағысты - айдынды арналармен енгізуге көп қайрат жұмсады.
Жалғас болу - жаңғырық болу емес. Жаңалықты жалғастыра білу керек.
Тұрсынзада - жалғаса да, жаңалық таба да білген күрделі шығармашылық иесі.
Ілияс Жансүгіров туралы айтқан: «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің
маңдайына бітіп ең сен», - деген екі жол халық сөзіндей қалыптасып кетті. Екі - ақ
жолмен Жансүгіровтың ақындық образын жасаса, осындай екі – ақ жолмен Жетісу
өлкесінің де образын жасай алды: «Жеті өзен - ұйқыдағы жеті алыптың Шыңдарға
сүйей салған семсеріндей!» Жалғыз шумақтың бойына шалқар мағына құюға
болатынын ақын дәлелдеп беріп отыр.
Таулардың самал желін - арғымақтың деміне; Алатауды – аққудың аппақ
мойнына; өлкені – мың бұралған сұлуға теңейді және өзі осындай сұлу жердің ұлы
болғанын мақтан тұтады. Туған жеріне деген ыстық махаббатын өлең арқылы
жеткізеді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Қалиев Ж. Аласарма, азамат - Алматы: Үш қиян, 2004. - 312 бет.
2. Сыдықов Т. Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі. Алматы:- 2009 жыл.-498б.
3. Қожағұлов С., Кыяхметова Ш. Жетісу әдебиеті. - Талдықорған:-2007ж.
4. Ақсудың ақын қызы. // Құрастырушы: Еркімбекова З. Алматы: Тоғанай-Т, 2011 ж.
5. Жақыпбаев Ж. Ләйлә. - Алматы: Атамұра, 2002 жыл, 250 бет.
6. Айтхожина М. Жапырақ сілкінген кеш.- Алматы: Жазушы, 1992 жыл, 192 бет.
7. Иманасов С. Адырна.- Алматы: Жазушы, 1998 жыл, 207 бет.
UDC 378.147.2:811.112.2.
Достарыңызбен бөлісу: |