Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет10/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26

* * *

Жанған жалын қап-қара күлге айналар,

Жап-жарық күн қараңғы түнге айналар,

Ел басына күн туса сор қайнаған,

Көкірекке сол кезде шер байланар.

Санасымен сарғайып жапа шеккен,

Үміті жоқ ертеңнен ерлер өткен.

Қиянатын өмірдің көріп көптен,

Ақ қағазға жүректің сырын төккен.

Бұл тағдырдың сыны да аз ба, сірə,

Тиіп жатыр бір шеті өз басыма.

Жапырақтай күздегі қалтыраған

Сарғыш қылған қағазды көз жасы ма?!

* * *


Тірлікті түйткілі көп ұғынғалы,

Бұлақтай жылжымалы,

Сынаптай сырғымалы,

Уақыт ағып жатыр құбылмалы...

Заманның құбылғаны ештеңе етпес,

Адамның қиын екен құбылғаны.

Дүния бір қалыпта тұрмайды екен,

Ұршықтай дөңгеленіп зырлайды екен.

Дұшпанның кемсіткені кем қылмайды,

Достардың сырт бергені қинайды екен.

Таппасаң бірге жүрген үйірден мін,

Сезбейсің сүйінген кім, күйінген кім?!

Кетесің бірте-бірте ұсатылып,

Тасына түскен дəндей диірменнің.

Риза болса болды елім бұған,

Жұбантар аш қарынды желінген нан.

Өмірдің бұлжымайтын заңы осындай,

Қайтадан көктеп шығар егілген дəн.

* * *

Бейнеткер ағып тері, тырбаңдаған



Еңбегі ғұмырында бір жанбаған.

Жем болған біліктілер білімсізге,

Сұрқылтай заман болды ыржаңдаған.

Төрелер төлеңгітке төзе алмаған,

Қожаға қожа ғана қожаңдаған,


Тұлпарлар есектерден оза алмаған,

Күйкентай заман болды көз алдаған.

Шындықты айтар тұста сөз алмаған,

Жыланды ұстап бастан езе алмаған,

Жалғанның күнəсінен безе алмаған

Алланың кеңшілігін сезе алмаған.

* * *

Күн сайын жазылатын тарау жаңа,



Секілді Өмір-дастан сауалнама.

Тілейсің жалбарынып Жаратқаннан

Оң жақтан ашылса деп амалнама.

Кеш тұрып, елден жəне бұрын жатып,

Иманды түсінбесең бұрын да түк,

Жан тəннен ажырарда Əзірейіл

Алады шыбын жанды шырылдатып.

* * *


Жүрек пен ми арасында

Ерік бар,

Тері мен ет арасында

Желік бар,

Жүріп, тұрып, отыратын пенделер

Қасиетті Құдіретке кіріптар.

Құлақ пен көз құрал болса бақ сынар,

Екі аяқтың арасында

Нəпсі бар.

Ішсе, жесе – абай болып аузына,

Нəпсісіне тұсау салған жақсылар.

Кірпік пен қас арасында

Ғұмыр бар,

Ерін мен тіл арасында

Қыдыр бар.

Ағзаң түгел сау болмаса, ағайын,

Өкпе, бауыр арасында ірің бар.

Келер, кетер мал-мүлікті жиғандар,

Үш-ақ құлаш қазған көрге сиғандар.

«Əумин!» – деп қолыңды жай,

Тілек қыл,

Екі қолдың арасында

Иман бар.

* * *


Шеберлерден көреді ағаш қорлық,

ЖиҺаз болып түскенше жарасымға,

Ұсталардан көреді темір зорлық,

Балғалар мен төстердің арасында.

Тастар қорлық көреді қалаушыдан,


Ғимаратты əдемі қалап бітпей,

Сандар зорлық көреді санаушыдан,

Кірісі мен шығысын санап бітпей.

Қазан қорлық көреді жанған оттан,

Ішіндегі тамағы əбден піспей,

Адам зорлық көреді жалған соттан,

Əділдіктің тізгіні қолға түспей.

* * *


Басыңа келген бақты басқа теппе,

Жау келсе қасарысқан қашпа шетке.

Көп түйме жауар бұлттай қабағыңды,

Қарап қой анда-санда аспан-көкке,

Жабысып, былғамасын балағыңды,

Түкірме аяғыңды басқан шөпке.

Жəрдем қыл қиналғанға шамаң жетіп,

Дəуренді кім сүрмейді аста-төкте.

Қалмасын жұрт алдында бағаң кетіп,

Кісімсіп, жыныңды да шашпа көпке.

Тигізбе кішілерге залалыңды,

Алдынан үлкендердің қиып өтпе.

Ел жина беріп жүріп тамағыңды,

Ерінің қасын сұрап, достан кетпе,

Ұмытпа түбі қайда барарыңды,

Құдайға құл,

Үмбетсің Мұхамбетке.

* * *


Көңілің тағы неге алып-ұшты?

Жоғалтпа Хаққа деген сағынышты.

Адам да, жын-шайтан мен періште де

Барлығы Жаратқанға жалынышты.

Сенімнің қай жерде де бағы күшті,

Əзəзіл бөгей алмас қабыл істі.

Адам да, жын-шайтан мен періште де

Барлығы Жаратқанға бағынышты.

* * *

Жең ұшында қылмысын жасырған бар,



Ел алдында ұяты ашылған бар,

Момындарды күйзелтіп, тасынған бар,

Пайғамбардан дауысын асырған бар.

Қияметтің кəрінен шошынғандар,

Азғырынды сөздерге қосылмаңдар.

Нағыз шыншыл, ең əділ мұсылмандар

Тəуба қылып, Аллаға бас ұрғандар.



* * *

Күмбездер шуақ түссе жарқылдаған,



Қоңырау күмбір қағып, саңқылдаған,

Тіріліп келсе кенет қайтер еді

Осыны көзбен көрсе алтын адам.

Көрмеген теріс сөйлеп, артық басып,

Имамдар жүрсе поппен қолтықтасып,

Қазақтар кіріп жатса өзге дінге,

Сөз таппай қапелімде қалдық сасып.

Ұмытып басқа төнген бес пəлені,

Түсінбей жүрміз, тəйір, ештеңені,

Шіркеулер жерімізді алды жайлап,

Деген сөз «бетке шіркеу» еске келді.

* * *


Тəнге торқа, жанына жұмақ тілеп,

Айтамыз марқұмдарға бір-ақ тілек.

Орынды оның бəрі болса-дағы,

Тұрады көмейімде сұрақ тіреп.

Өлімнің жуықтығы жасытпай ма,

Кетеміз сұм-ажалдан қашып қайда,

Шынымен торқа болса көрдің іші,

Баруға ол жаққа жұрт асықпай ма?!

Тергейтін көр ішінде сұрақ барда,

Жанға да дайын тұрған жұмақ бар ма,

Артында қалғандарға алаң болса,

Шыбын жан жайлы орынға тұрақтар ма?!

Болатын ара-тұра қақтығысы,

Адамның Алланы айтпай жоқ тынысы.

Бəріміз баратын жер – жердің асты,

Түбінде қалатын жер –

Хақтың ісі.

* * *


Өшкен жанды, өлгенім тірілді деп,

Шаша берме ашылып сырыңды көп.

Ырза қылам өліні деп жүргенде,

Гүлің солып, қалмасың ұлың жүдеп.

Фəниде бір күн базар, бір күн мазар,

Сабырсыз төзім жетпей, азып-тозар.

Тəубашыл үмітін де тірек қылар,

Қамқоршы пендесінің дертін жазар.

* * *

Дос боп жүрген жас кезде жырындының,



Жылдар өтіп, білсек те сырын бүгін,

Алдансақ та, талайға арбалсақ та,

Ыстық, бірақ, жаныма бұрынғы күн.

Ұл мен қыздың, одан соң немеренің

Қызық көріп қылығын, не дегенін


Жүргеннің де өзі бір рахат қой,

Жаратушы, не деген шебер едің?!

* * *

Өмірдің асқан талай белесінен,



Адам да құр қалмаған үлесінен.

Танауға қиқым-сиқым кірмесін деп,

Мұрынның ішіне де қыл өсірген.

Жүрсін деп алаң болмай есі кіре,

Қарауыл қойғандай қып есігіне,

Қап-қалың шашпен жауып басымызды,

Құлақтың қалқан салған тесігіне.

Болғанда қас пен кірпік көзге қорған,

Қажет пе қарашыққа өзге қорған.

Байқамай тіл ұшынан шығып кеткен,

Білмеймін, кім болады сөзге қорған?!

* * *


Арықтар күжірейсе жалы бардай,

Семіздер артық еттен арыла алмай,

Аңқасы кепсе байғұс шөлі қанбай,

Дарын жүр талантымен таныла алмай.

Болса да тілі тəтті, сөзі балдай,

Жолдасты жаныңа ертпе, танып алмай.

Қастың да қалпын байқа, қатал болма,

Кісіде не ақың бар жауығардай?!

Біліп ал – достарыңның ойы қандай,

Əйел ал ақылы сай, қайын алмай,

Талайлар өтіп кетті бұл дүниядан,

Жақсы мен жаман парқын айыра алмай.

* * *

Келмейді өткен қайтып аҺ ұрса да,



Келмейді жастық дəурен шақырса да,

Қалыпқа салып тұрар көңіліңді,

Адамды адам қылған ақыл-сана.

Тағдырың мұзға салып, қатырса да,

Өзіңе Жаратқанды жақын сана.

Не пайда оттап, орып, күйсегеннен,

Адамды адам қылған ақыл-сана.

* * *


Айтқан сөздің асылдарын терсеңіз,

Жамандарға берген ғұмыр мөлшерсіз.

Жақсылардың ғұмыр жасы тым қысқа,

Тіршіліктің құнын қалай өлшерсіз?!

Қанша адамның қабірлері қазылды,

Қанша өлеңім құлпытасқа жазылды.

Келген жанның заңды екен ғой қайтуы,


Осы жағдай ғұмыр бойы созылды.

* * *


Борышын өтеп жүрген сапардағы,

Біз де бір жауынгерміз қатардағы,

Қолбасшы қолындағы жіптің ұшы

Белгісіз қай араға апармағы.

Жолама іздеп пана сорға батпақ,

Тығылма жар түбінде қорғалақтап.

Оң-солға, алды-артыңа бірдей қара,

Қарусыз жауға шаппа далбалақтап.

Болады жол бойында талай майдан,

Алдымен оққа ұшады сорайған жан.

Қыратқа шықпақ болсаң терең сайдан,

Ұмытпа келгеніңді қалай, қайдан?!

* * *

Айдары желбіреген күркетауық



Жауыннан тығылса да күрке тауып,

Бағусыз өмір сүре алмайды ғой,

Іргеден төніп тұрса күнде қауіп.

Жүрген соң көбінесе орайы кеп,

«Жарайды!» деушілердің «қалайы?» жоқ.

Күтпесе өсімдік те қисық өсіп,

Бақпаса мал кетпей ме жабайы боп.

Тумайды жыр ұйқассыз, əн жүйесіз,

Қаншама бастамалар қалды иесіз.

Қорытынды бұдан шығар біреу ғана:

Адам да өсе алмайды тəрбиесіз.

* * *


Жаратқанның жарлығы бұлжымайды,

Тұр ғой көріп



кім күліп, кім жылайды?!

Сылдырласа естиді қазан-аяқ.

Кемшілікті кездескен бірлі-жарым

Жасырсаң да біледі оның бəрін,

Жамандығың болса да тозаңдай-ақ.

Білген дұрыс

күнə не, жаза қайсы?

Жүрегіңнің түкпірін тазалайсың,

Болса жақын жаныңа азан, аят.

Пəле-жала, айтылған өсек қалып,

Игі ісіңді қояды ол есепке алып,

Жақсылығың болса да тозаңдай-ақ.

* * *


Көтерілгің келсе-дағы аспандап,

Көкке апарар табылар ма баспалдақ?

Бəрі, бірақ, Жаратқанның еркінде,

Тілер болсаң екі көзден жас парлап.



Сол жағыңнан қарап тұрған періште

Жөн ісіңді шығара алмас теріске.

Оң жағыңнан жазылмаса сауабың,

Айырмаң не жүрген малдан өрісте?

Көңіл кейде көгершіндей қалықтап,

Көк жүзінде қанат қағар шарықтап.

Көңіліңе өмірің де сай болсын,

Сол арасын белгілеп қой анықтап.

* * *

Сағат қанша тықылдасын тілі ұзын,



Тоқтата алмас минуттардың жүзуін,

Тыным таппай сөйлесе де күнұзын,

Байқай қоймас секундтардың қызуын.

Əр минуттың алпыс секунд қызығын,

Əр сағаттың алпыс минут шыжығын,

Айдан айға жалғап мерзім үзігін,

Он екі деп анықтаған тізімін.

Ай мен тəулік айналымы бетінде

Жолы жатыр уақыттың ізінің,

Ұмытсаң да жүз сағаттың жұмысын,

Ұмытпайсың бір минуттың қылығын.

Бірі естіртсе əсем əнін бұлбұлдың,

Еске салар бірі шыбын ызыңын,

Біреулерге шуағы көп көктемнің,

Ызғары бар ерімеген мұзының.

Тəтті дəмін татса біреу балының,

Кермек дəмін сезбей қалмас тұзының,

Жүрген сағат ағып жатқан бұлақтай,

Жауып қояр болмайды оны тығының.

Шырт ұйқыдан оянғанда таң атпай,

Ризамын, қалдырса да жұғынын.

Көре-көре шынығарсың болаттай,

Берік болып тұрсын десең тұғырың.

Атқан оқтай зулап кеткен мезгілге

Алаң болған пенделердің бірімін,

Ұғынарсың мəнін жақсы кездің де

Салған күні уақыттың құрығын.

Мөлдір судың қанып ішкен тұнығын,

Ыстық күннің кім қайтарар жылуын.

Келер күннің кім береді қарызын,

Кеткен күннің кім төлейді шығынын?

Келешекке артып тұрса ел сенім,

Міні қалың, сыры мəлім, қыры мың,

Əр сағаттың белгілеген мөлшерін

Мен де, жаным, Жаратқанның құлымын!


* * *

«Жасы жетіп, қартайып, алжыған жан

Арылады, – дейді жұрт, – бар күнəдан».

Ол да жауап бермей ме қияметте,

Қия бетте кете ме қарғып одан?!

Тіршіліктің ішсе де бал-бұлағын,

Көрдім талай кісінің алжығанын.

Алжымаудың амалы құлшылық ,деп,

Қайта-қайта айтудан қалжырадым.

Өткен өмір бітпейтін қасіреттей,

Көп кісі жүр көзінің жасы кеппей.

Босай алмай тірліктің құрсауынан,

Алжығаннан сақтасын жасы жетпей.

* * *


Жер-анаға кім сені жақындатқан,

Сенім отын кеудеңде лапылдатқан.

Өсіп-өніп, тұқымын таратсын деп,

Жаратқан ол адамды топырақтан.

Терің неге маңдайдан бұршақтады,

Қиналғанда қауіптен кім сақтады?!

Жаратушы адамды содан кейін

Бір тамшыдан жаратқан құрсақтағы.

Өтсе-дағы неше қыс, неше көктем,

Ауырады жүрегің не себептен?!

Сырқыраған сүйегін қорғасын деп,

Жаратқан ол адамды кесек еттен.

Шашады ағаш ұрығын атырапқа,

Қалтырайды бұтақ та, жапырақ та.

Ораламыз қайтадан келген жерге,

Сүйек пен ет айналып топыраққа.

* * *

Жан-тəніңмен сенген болсаң Аллаға,



Басыңды иіп қайтқан дұрыс Қағбаға.

Бірақ, елден қайыр жинап дорбаға,

Қасиетті қажылықты қорлама.

Жаяу жүрсең тас табанды қинаған,

Денсаулықты Алла саған сыйлаған.

Көлік мінсең берген дұрыс төлемін,

Табан ақы, маңдай термен жинаған.

* * *


Ақымаққа ұқсас десең ақынды,

Ақымақтар боп шықпай ма ақылды.

Бірақ, сырттан тұрсаң жиі бақылап,

Ақылдылар болар кейде ақымақ.

Ессіздік пен көріпкелдің арасы


Бар болғаны бір-ақ қадам, шамасы.

Ұқсас болса балалық пен даналық,

Кім қоғамға əкеледі жаңалық?

Күйіп-жанып сүйген адам ғашығын,

Ғұмыр сүре алмайды ғой жасырын.

Тартқан жүгі кете алмаса жеңілдеп,

Құл сұлтаннан биік болып көрінбек.

Жүрегіне түскен майдан ауырлап,

Тұрған кісі отырмай ма дамылдап?!

Жердің бетін кезіп жүрсе бір сұмдық,

Қылғындырып сол шындықты жүр сұмдық.

Жүректе кір болмайды ғой десек те,

Өкпе оны да қосады екен өсекке.

Ақылды мен ақымақты тербеткен

Сол жалғанды көріп жүріп ер жеткем.

Егде тартып қалса-дағы жасымыз,

Əлі біздің піспей жатыр басымыз.

Көрген қызық, тартқан бейнет əлі аз ба,

Жан сырымды ақтарамын қағазға.

Ертең біреу атап менің атымды,

Деуі мүмкін: «бұл не деген ақылды.»

Енді біреу екі көзі шатынап,

Сол ақынды санары анық ақымақ.

Таңдап алған қайта алмаймын жолымнан,

Қаламымды тастамаймын қолымнан.

Сол қаламда жүрегімнің қаны бар,

Ақ қағазда өмірімнің мəні бар.

Жаным күйіп жазған барлық өлеңім

Ақиқаттың ақ сөзі деп сенемін.

* * *


Мұсаны тəттіні алмай, от жалаған,

Жанымен жақсы көрген Хақ-Тағалам.

Бөленіп мейірімге сан пайғамбар,

Бір сəт те тарих көші тоқтамаған.

Сақтаған Алла жерді жарылыстан,

Исаны зеңгір көкке алып ұшқан.

Жақсылық адамзатқа жасаймын деп,

Жүздескен Мұхамбетпен сағыныштан.

Сондықтан мұсылманның үмбетіне

Шапағат жаудырсын деп күнде тіле.

Жақсылық дəнін егу жер бетіне

Жатады адамдардың міндетіне.

Сарғайған сағыныштан күзгі ормандар,

Сақалын жасы жуған ізгі жандар.

Алланың лайықты құрметіне,


Артында үлгі қылар із қалғандар.

* * *


Күннің айдан озуына болмайды,

Түн күндізді басып оза алмайды.

Мезгіл жетпей таң ешқашан атпайды,

Қызу кетпей күн де ұяға қонбайды.

КүнəҺарлар есіне алса Құдайды,

Істеріне кешу сұрап жылайды.

Демі бітсе өлмейтұғын пенде жоқ,

Күні жетсе, таудың өзі құлайды.

Адамдардың ақылынан алжасқан

Қылша мойнын қиып түсер алдаспан.

Тəн жер болып, оған қайта гүл шығар,

Өмір осы мəңгі-бақи жалғасқан.

* * *

Қысылып отырса да елі мүлде,



Пайдаға жүн қырқатын желіннен де,

Монтиып, момақансып, мүлəйімсіп,

Жақсы боп жұрт алдында көріне ме?!

Қу бастан қуырдақтық ет алатын,

Жоғалтса ел-жұртына махаббатын,

Ойлаған мақсатына жете алатын,

Адам ба қыл көпірден өте алатын?!

* * *


Жаудыра алған қара бұлттан бұршақты,

Алдыра алған су түбінен моншақты,

Кесек етке жан бітірген, дем беріп,

Күмəнім жоқ, көре алады құрсақты.

Жаманшылық жасағандар тозаңдай,

Қасіретке жолығады қазандай.

Көрмейді деп көмескілеп қойсаң да,

Алла түбі бермей қоймас жазаңды-ай!

* * *

Құрылықта, көкте жəне теңізде



Жүрсең, ұшсаң, жүзсең

соған негіз не?



Қара жердің, жел мен селдің міндетін

Тапсырған кім?

Ақылға сал!

Соны ізде!

Киіп алып құлдық сезім ноқтасын,

Жауып алып жүрегінің қақпасын,

Ішкенге мəз, жегенге тоқ , ақылы аз

Хайуан-сынды надандардан сақтасын.

* * *

Түйе өткенше иненің көзінен кеп,



Кім айтады тірліктен безінем деп.

Иман тапқан бар шығар, аз да болса,

Жоғалтқанға сенімін кезігем көп.

Алдымызда тұрса да мұнартқан күн,

Тіршілікке қалайша кінə артқанмын.

Адасқанға айып жоқ, қайтып келсе,

Тапқандар көп бұл күнде жоғалтқанын.

Түзу іс пен қисық іс араласып,

Харам қоссаң халалға қара басып,

Періштенің жанына шайтан келіп,

Ғұмыр бойы өтеді жағаласып.

* * *


Ұзақ жолда арып-ашып, нəр татпай,

Шалдыққанда кепсе-дағы кенезе,

Дастарханға отырғызбас дəм тартпай,

Құран сөзі – бұлжымайтын ереже.

Қожайыны ұмытқанын кеш біліп,

Ашық қалса есік пенен терезе,

Рұқсатсыз кіргізбейтін ешкімді,

Құран сөзі – бұлжымайтын ереже.

* * *

Жəннатқа кірем бе деп үміт қылып,



Тамұққа түсем бе деп күдік қылып,

Жүргенде күңделікті күйбең тірлік

Кетеді қорқынышты ұмыттырып.

Жəннатқа кірем бе деп үміт қылып,

Тамұққа түсем бе деп күдік қылып,

Шайтанның сап ете қап сапалағы,

Кетеді одан əрі былықтырып.

Жəннатқа кірем бе деп үміт қылып,

Тамұққа түсем бе деп күдік қылып,

Жүргенде жанды иманға бағындырып,

Тəніңді алу керек шынықтырып.

* * *


Мал-мүлікті жалғанда босқа қумай,

«Бісімілла!» – де бір істі бастарыңда-ай.

Жиғаныңның оп-оңай шашылуы

Жібі үзілген тасбихтың тастарындай.

Қойғаныңмен ыдысты жамап-жасқап,

Ала алмайсың басқаға айырбастап.

Қолда бардың қадірін білген жақсы,

Жүргендерге тірлігін жаңа бастап.

Көзге түскен барлық зат мүлкің емес,

Жай ойнамай күн-дағы күркіремес.

Ақтарылған шарадан судың өзін


Қайта жинап алуың мүмкін емес.

Жұлдыздарды тарыдай шашып тастап,

Кердейгеннің кеудесін басып тастап,

Құдіретін танытқан Жарықтыққа

Басын имей қай пенде асып-таспақ?!

* * *


Бір төбеден асып түссең, бір төбе,

Бəрін басып, таптап өту мəртебе.

Бізден бұрын бабалар да осылай

Ұзақ жолдан өткен шығар ертеде.

Ұшақ мінсең, құзар шыңнан үш аттап,

Ақша бұлтты алғандайсың құшақтап.

Жерге қайтып оралған соң, алайда,

Соның бəрі секілденер түс əппақ.

Мақсат айқын, үміт үлкен, арман көп,

Өмірге де тұр ғой солар қорған боп.

Күні кеше өзім еккен жас шыбық,

Өссе деймін жайнап тұрған орман боп.

Жерді басып жүргеннен соң жалғанда,

Қол созамыз көкке, биік арманға.

«Таудан биік жұлдыз»

дейді адамдар,



Бірақ, оған барып жеткен жан бар ма?

Кезек көріп күрсініс пен күлкіні,

Тазыдай боп қуып жүрген түлкіні,

Жетем деумен, жетсем деген желеумен,

Өмірмен де қоштасармыз бір күні.

* * *


Қалың елдің қабырғасы қайысып,

Жатқан шақта бұғанасы майысып,

Жайбарақат жүре аласың қалайша,

Ауа жұтып, етті күйсеп, шай ішіп.

Мың адамның тоғыз жүзі мүсəпір,

Бір шаттықтың жанында жүз құса тұр.

Ізет қылмай үлкен менен кішіге,

Қалай ғана жей аласың кісі ақын?

Қуанамын қыран көрсем қиядан,

Соны ілмей ме, кім не көрсе ұядан.

Бірақ, басқан жұмыртқасын шірітіп,

Ұясын да ірітеді кей адам.

Жануарлар түр-тұлғасы келіскен,

Оттап жүрсе, тойып қайтып өрістен,

Хайуандардан айырмасы бар ма деп,

Қарайлаймын кісілерге көріскен...

* * *


Алғандай көп нəрсенің сырын біліп,

Иманды деп айтады түріңді жұрт.

Түсі игі адамды да алған дұрыс

Өкініш сабынымен жуындырып.

Тəубаның мөлдір суы тəнін шайып,

Тазарып, сергіп жатса, болмас айып.

Жаны мен тəні таза адамдардың

Кетуі мүмкін емес жолдан тайып.

* * *

Бісімілла-рахман-рахим!



Əуелі Алла тұрса сөз басында,

Сөзің де, зая кетпес көз жасың да.

Құранның сырлы үніне құлақ қойсаң,

Жүректе жатқан шерді қозғасын да.

Алланың кешірмейтін күнəсі жоқ,

Бірде бір қатесі жоқ өз басында.

Табаның тызылдасын басқандай шоқ,

Жатпайды қисық ағаш тез қасында,

Қара тас шаршағанда мамық болса,

Батады кейде тары жамбасыңа,

Жалғаны бұл дүнияның анық болса,

Шыққаннан пайда бар ма тау басына,

Пенде көп пəле қуған, Құдай ұрған,

Сақина тілеп алған сау басына,

Қолымен бар қылығын жасап алып,

Өкінген кейін барып аз ба, сірə?!

Ілгері қарай қадам баса алмайды,

Салғандай үйіп тасты арбасына,

Темірден түйін түйіп соқса-дағы,

Кім кепіл киген киім тозбасына,

Күтпеген мүлде қауіп жебір құрттың

Түбінен бəйтеректі қазбасына,

Айнаға қарағанмен не табасың,

Тарағын апарғандай таз басына.

Одан да назар салмай болмашыға,

Қызықпай біреулердің жорғасына,

Көз сүзбей əлдекімнің дорбасына,

Өмірдің сенсең болды жалғасына...

* * *

Адамды дəм таусылмай өлер деме,



Қазылған көр болса да кірер деме.

Зырылдап бұл дүнияда жүрсе-дағы,

Қай жақтан Əзірейіл келер деме.

Мүмкін, ол – жолға шыққан сапарыңда,

Мүмкін, ол – ұйықтап жатқан жатағыңда,


Мүмкін, ол – балықтың бір қылқанында,

Мүмкін, ол – қарбыздың бір шопағында.

Мүмкін тас, мүмкін судан, мүмкін оттан,

Өлімің келсе қайттің бір апаттан.

Кетерсің, мүмкін, ажал құшағына

Бір күндік, бір-ақ сəттік рахаттан.

Мүмкін, ол – көзді арбаған дүкеніңде,

Мүмкін, ол – қызыл гүлдің тікенінде.

Ажалға тура келген бар ма шара,

Кісінің ақтық демі бітерінде.

* * *

Өткергенде талай-талай мерзімді,



Тағдыр қандай тауқіметке кез қылды?!

Күннің көзі елжіретсе көктем кеп,

Қуанасың Алла нұрын төккен деп.

Торқа киген адамдардың азғыны

Тонып-жаурап жүреді екен жаз күні.

Кеудесінде күмбірлесе ізгі үні,

Адам жеміс тереді екен күз күні.

Жүрегінің басылмаса ыстығы,

Жалаңаш та тоңбайды екен қыс күні.

Келсе-дағы биіктермен теңескің,

Суға батпас, отқа жанбас жоқ ешкім.

Мезгілдің де қыры менен сыры бар,

Мезі қылмай, мағынасын ұғып ал!

* * *


Бейіттерге биыл жолым көп түсті,

Ойлап тұрсаң, ажалыңнан жоқ күшті.

Замандастар, əріптестер, көршілер

Ажал-мерген көздеп атқан оққа ұшты.

Көбімізді тұрмыс-шіркін биледі,

Тауқімет те таусылмады үйдегі.

Заман азып, адам тозып жатқанда

Шаш секілді қатарымыз сиреді.

Қыршындар да мезгіл жетпей қаза боп,

Жатқан кезде тұла бойым аза боп,

Байлығы асып, мейманасы тасқанға

Бұл жалғанда берілмейді жаза көп.

«Топырағы торқа болсын!» – дегенде,

Жайлы жерге жатарына сенем бе.

Жұртпен бірге қиналсам да, амалсыз

Жан-сырымды ақтарамын өлеңге.

Жүрсең-дағы жақсылардың қасында,

Тұрсаң-дағы Алатаудың басында,

Тумақ, өлмек – өмір заңы осындай,


Қайт райдан!

Өлемін деп шошынба...

* * *

Балдан тəтті жалған сөздер қорегі,



Ақиқат па адамдарға керегі?

Шындығыңның тамыры терең болса да,

Өтірік сөз көктеп шыға береді.

Қартайғанда қорқып жалғыз Құдайдан,

Тəубаға кеп, қайтқандар бар райдан.

Шыңырудан шындық алып шығады

Өтірікті шығарса да кім ойдан.

Қатар қойған ащы менен тəттіні,

Қатар қойған сұйық пенен қаттыны,

Қатар қойған қайғысы мен шаттығын,

Кім-кімнің де баса алады аптығын.

* * *


Адамсың ғой жаралған сүйек-еттен,

Кетсін десең жағылған күйе беттен,

Ниет қылып, тазалап іштің кірін,

Аман өткін сүрінбей қия беттен.

Жер бетінде гүлденсе тамаша бақ,

Бақтың ішін бүлдірме қора санап.

Қияметте күн туса есеп берер,

Ешкім сені алмайды арашалап.

* * *

Қолыңдағы от тұтатқан шырпыдан



Ойлап тұрсаң, серпілмей ме бір күмəн.

Білмеген жұрт текке қолын жаяды,

Күндеген жұрт не демейді сыртыңнан.

Сөніп қалса аспандағы шырағың,

Көрге айналып кетпес пе еді тұрағың.

Құдай ісі – алға бассаң бір адым,

Қолда барға қанағат қыл, шырағым!

* * *


Тар құрсаққа ұрпақ біту – Алладан,

Туғаннан соң оны күту – анадан,

Көргені жоқ, тəрбиесіз өскен ұл

Мал секілді шықпай қойған қорадан.

Бұтақ түзу өсіп жатса – тамырдан,

Нан əдемі пісіп жатса – қамырдан,

Болған нəрсе – аузыңнан не қолыңнан,

Асқақтайсың – айырылмасаң арыңнан.

* * *

Бұл фəниде жүрдің біраз сауық қып,



Қалтқы құсап керегі не ауытқып.

Мың күн тұрған құты бір күн сынбай ма,

Ойланбасаң келешектен қауіп қып.

Бір орында байыз тауып тұрмаған,

Өзгелердің несібесін ұрлаған.

Ақылдыны ақымақ деп ойлайды

Ақыреттен хабары жоқ кіл надан.

* * *


Күнде тəтті бере берсе, жерисің,

Күнде ащы келе берсе, не жейсің?

Су болсаң да, кейде мұздай қатасың,

Мұз болсаң да, кейде судай ерисің.

Күннің айдан озуына болмайды,

Түн күндізді басып оза алмайды.

Мезгіл жетпей таң ешқашан атпайды,

Қызу кетпей күн де ұяға қонбайды.

* * *

Қараңғыдан келсек біздер жарыққа,



Қараңғыға əкетеді табыт та.

Жарық дүния жалған болса, ендеше,

Нұрыңды сен құйып кеткін халыққа.

Бұл жалғанның тазасы мен тозаңы

Бірін бірі кезек басып озады.

Қандай ғажап азаптан соң рақат,

Қандай тозақ рақаттан соң азабы.

* * *


Жас та кетер өмірден, кəрі де өтер,

Əзірейіл келгенде əлі бітер.

Бұл жалғанның қызығын тауыса алмассың,

Жинағаның қасықтап – бəрі бекер.

Байлар да өтер өмірден, кедей де өтер,

Барлығына сұм ажал келіп жетер.

Десек-дағы ол жақта бəрі тегін,

Шығайбайлар айтқанға сенбей кетер.

* * *

Қуаныш қасіретті ұмыттырса,



Пендесі келешектен үміт қылса,

Өмірге қалай ғана кінə артасың,

Бір ыстық, бір суықпен шынықтырса.

Жасадық досқа жапа, қасқа жəбір,

Тəніңді елжіретпес басқа бауыр.

Сөздің де неше түрін сапырыппыз,

Күнəміз таудан үлкен, тастан ауыр.

* * *


Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты,

Кісі сыйлап көрмеген «тапал» шықты.

Адам емес, шайтандар ойлап тапқан,

Жамандықты жақтайтын мақал шықты.

Алдампаз пен алааяқ сөз беріп құр,

Зұлым заман, əйтеуір, кез келіп тұр.

Көз астына томпайып сүйел шығып,

Берген жүзі Алланың өзгеріп тұр.

* * *


Білім іздеу – мұсылмандық міндетің,

Сауаты жоқ адам ғана шын жетім.

Оқып қоймай, айтқан сөзді тоқысаң,

Сол болады Құранға еткен құрметің.

Білім жина, ғылым сыйла, бар болсаң,

Халық үшін кəдеге асар күнбе-күн.

Дін жолынан бұрылмаған жан болсаң,

Құр тастамас Мұхамбеттің үмбетін.

* * *

Жүректе жоқ нəрсені сөзбен айтып,



Жүргендерді саламыз тезге қайтіп?

Нұры кірмей иманның кеудесіне,

Шыға келер өзгеріп өзгені айтып.

Миында жоқ нəрсені жаттап алып,

Көлгірсіген жігітті ақтамалық,

Əсіре қызыл тез оңар, сыртын бояп,

Жанын аяп жүргеннен сақтаналық.

* * *


Дəрет алсаң, судың басын былғама,

Таза суды лайлауға бола ма.

Дəрет алма қарап тұрып құбылаға,

Жол бойына, ағашқа да жолама.

Астамсынба басқаларды қор санап,

Өктемдікті ысырып қой бір шетке.

Құман алтын, леген күміс болса да,

Тізе бүксең, байлығыңды көрсетпе...

* * *

Жалғанды жалпағынан «екі бүктеп»,



Жүргендер келешектен нені күтпек?

Көп нəрсе тең екені білініп тұр,

Болғанда жеті қат жер, жеті қат көк.

Болса да бірі салақ, біреуі олақ,

Адамзат жер бетіне келген қонақ.

Жақсының көп екені көрініп тұр,

Өйткені, жеті тамұқ, сегіз жұмақ.

* * *


Білімін бұл дүнияның ғапыл қылған

Тым кештеу кейбіреуге ақыл қонған.

Мұсылман болып жатса кəпірлерің,

Аз емес мұсылман да кəпір болған.

Тілінің амандасар ұшынан кіл,

Дінін де сатып кетер қысылған күн,

Кей жанның ісі шикі, іші жаман,

Киімін жамылғанмен мұсылманның.

* * *


Бір Аллаға сенбей өткен шерменде,

Ажал бұлты басына кеп төнгенде,

Иман қылса жан алқымға келгенде,

Ғибадаты қабыл болмас өлгенде.

Жаратқанның кереметін білгенде,

Өз көзімен ғаламатын көргенде,

Иман қылса жан алқымға келгенде,

Көкірегі болғаны оның көр-кеуде.

* * *

Ажалдың аран ашқан себебі көп,



Тажалды күнде ойлаудың керегі жоқ.

Өлімді жиі ойыңа алар болсаң,

Өмірдің бұл жалғанда беделі жоқ.

Жетпейді тірлікте адам жиі арманға,

Алайда, ол өмірді қия алған ба?!

Пендеге есі кірген жараспайды

Өлімді мүлде ойынан шығарған да.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет