Төртінші бөлім
Күпірлік қылмай,
шүкірлік қылсақ болғаны
Жарылқар жалғыз Құдай алдарынан,
Жасаған, не істесең де, ғашық қылшы.
Жаббарға жасым төгіп жалбарынам,
Жасаған, не істесең де, ғашық қылшы.
Қожа Ахмет Иассауи
Ислам.
Иман.
Ихсан.
Ислам
–
діннің тірегі,
Аллаға ғана бағыну,
Аллаға ғана табыну,
Аллаға ғана жағыну,
Алланы ғана сағыну.
Иман – елдің тілегі,
Əрбір күн мен түнімде,
Жүрегім мен тілімде,
Жол көрсетер сол ғана
Дінім менен ділімде.
Ихсан – соққан жүрегі
Қайырымды ісі мың
Ізгілігі кішінің,
Жақсылығы жарасты
Мейірімді кісінің.
* * *
Бұл өмір түгел ғұмырым емес,
Ғұмырдың, бəлкім, ширегі,
Шақырып жатса алдағы белес,
Бітпейді шаруа үйдегі.
Қонса да Қыдыр фəниде жалған,
Жеттің бе мұрат-мақсатқа?
Сағымдай алдар таусылмас арман,
Жетсең де қанша жақсы атқа.
Ел-жұрттан тағы кеткенде жырақ,
Бықсиды ішің түтіндей.
Асығып қайтем ол жаққа, бірақ,
Шаруамды тегіс бітірмей.
Ілгері қарай жылжиды денем,
Күтеді алдан сапар көп.
Біткен соң шаруам, сұраймын Сенен,
Сол жерге мені апар деп.
* * *
Өкпем менің былқылдаған, қатпаған –
Қар үстінде жатқан тезек.
Жүрек, байғұс, ұзақ уақыт сақтаған –
Іші толған, ысты көнек.
Қол-аяғым бұтақтары серейген –
Жапанда өскен жалғыз терек,
Құлақ пен көз, мұрын менен көмей де
Бұл жалғанға түгел керек.
Тері болса жапқан барлық мүшемді –
Күн қақтаған тозған кенеп,
Аман қалсам апат, ауру, су, оттан,
Бір біріне көмек, себеп,
Олай болса амалсыздан қыл тоқтам,
Бəрінен тек жаным бөлек.
* * *
Жасап жатыр табиғатқа зорлығын,
Е, Құдайым!
Адамзатқа сана бер!
Не де болса, көтеретін барлығын
Қара жер.
Кім біледі не сыйларын алғы күн,
Жүректен мұң түсіретін шақтар аз.
Не де болса, көтеретін барлығын
Ақ қағаз.
* * *
Жаман дегенім жақсы боп,
Жақсы дегенім жаман боп,
Молшылық кейде тапшы боп,
Айырар бəрін шамам жоқ.
Не десе десін саған көп,
Тірлікте жасар амал көп.
Жүректің сөзін сөйлеуге
Кей кезде мүлде шамам жоқ.
Көңілім қырық жамау боп,
Жолдарым тоқсан тарау боп,
Таңдауды дұрыс жасауға
Шынында, кейде шамам жоқ.
* * *
Жан мен тəннің бірлігі,
Ол – адамның ірілігі.
Екеуін бір байлаған
Ақиқаттың кіндігі.
Тірі ме, əлде, өлі ме,
Індет кірсе тəніңе,
Тексеретін күн туса,
Жан жауапты бəріне.
«Жаным-ай!»
–
деп жиі айтып,
Қайтем сені мұңайтып.
Ажал төніп тұрса да,
Тұру керек шын айтып.
* * *
Балығын тайдай тулаған
Ау салып, ұстап алмаған,
Бақасын қойдай шулаған
Қазанға, бірақ, салмаған,
Шегіртке, шаян жемеген,
Өмірі ұрлық қылмаған,
Садақа кімдер берер деп,
Көзін де сатып тұрмаған,
Аштықтан ақыр қырылған
Қазақты біздің қайыспас
Бишара депті кіл надан.
Адалды ғана құндаған,
Адамды ғана жырлаған,
Кетпеген сыны аяқтың
Бояуы тозса, сырлаған,
Керіске мойын бұрмаған,
Кекесін сөзге сынбаған,
Көңілдің кілті табылса,
Көзінің жасы құрғаған,
Жемін жеп, тірі қалғаннан
Өлгенді артық санаған
Намысы биік бұл бабам
Мақтаныш болып жүр маған.
* * *
Кісі ақысын жейтіндер көп,
Отыра алмас ұрламай,
«Естіп тұрмыз!» – дейтіндер көп,
Тұрса-дағы тыңдамай.
«Өйтіңдер де, бүйтіңдер!» – деп,
Бөгет болып арманға,
«Көріп тұрмыз!» – дейтіндер көп,
Куə болып жалғанға.
Аярлығы кейпінде бар,
Бүтін затты сындырып,
«Айтқан жоқпыз!» – дейтіндер бар,
Қойғаннан соң бүлдіріп.
Түзу жолмен тура жүрмей,
Жалғастырса былығын,
Санасына сəуле кірмей,
Қоя ма олар шылығын.
* * *
Өкініш пен шері көп,
Жым-жырт мына төңірек.
Соққан сайын жел үдеп,
Тіршілікке ебі жоқ,
Ағайынға себі жоқ,
Көкірегі шерменде
Өлді, кетті бір пенде.
Танымаған елді көп,
Баса алмаған жерді көп,
Дұшпаны жоқ, досы жоқ,
Жоқтап жатқан жары жоқ,
Не басында белгі жоқ,
Көкірегі шерменде
Өлді, кетті бір пенде.
Қуаныш жоқ, күлкі жоқ,
Дəстүрі жоқ, ғұрпы жоқ,
Не орныңда жұрты жоқ,
Артта қалған мүлкі жоқ,
Есімі жоқ, ұлты жоқ,
Көкірегі шерменде
Өлді, кетті бір пенде.
Еңбек етсем жұрт үшін,
Түзу болса тұрмысым,
Шығып жатса күлкім шын,
Жазып көңіл қыртысын,
Толғанамын мен неге?!
Құлқыны үшін қырқысып,
Жатқан текке жұлқысып,
Кей адамның түр-түсі
Ұқсайды осы пендеге.
* * *
Отарын баққан көп пенде,
Ешкі мен қойы аралас.
Бетіне тақпас бетперде,
Ішіне жақпас арам ас.
Айтқаннан шықпас жарандар
Болғанда көңілі алаң жұрт,
Сөзіңді ұқпас надандар,
Адалға жақпас арамдық.
Ауызға жұқпас құр қасық,
Құлаққа жақпас сын сөзің,
Арамнан, бірақ, жүр қашық,
Далада болсын бір көзің.
* * *
Жазықсыз елді қырғандар,
Жиренбей настан тұрғандар,
Арамға əбден былғанған,
Нəпсіге мойын бұрғандар,
Төбеден Құдай ұрғандар –
Шайтанға қызмет қылғандар.
Ел үшін терін төккендер,
Жаманнан жырақ кеткендер,
Өткелден қиын өткендер,
Тұқымды ізгі еккендер,
Шайтанның ісін сөккендер –
Құдайға қызмет еткендер.
* * *
Көркін көріп алдандым,
Болса бетке көз көрік,
Қалың-қалың томдардың
Іші толған сөз көбік.
Мұздан соққан қорғандай,
Құмнан құйған мүсіндей,
Сыртын бояп қойғандай,
Қалам сырын түсінбей.
Көкейімнен бір кетпей
Жүрген ойлар жазылмай
Қарға салған суреттей,
Суға жазған жазудай.
Тілмен ою ойсаң да,
Көзден таса көрме көп.
Тасқа қашап қойсаң да,
Таңдай қағар пенде жоқ.
* * *
Жүрген жері шөл болса да,
Айдын шалқар көл болса да,
Көкірегі шер болса да,
Кеудесінде кен болса да,
Кейбіреуден кем болса да,
Терезесі тең болса да,
Алла алдына бір келеді
Қайтпас-қайсар ер болса да.
* * *
Қилы-қилы заман болды,
Жұрт көңілі алаң болды,
Асқа салып арам қолды,
Халал тағам харам болды.
Қайың ағаш тəтті болды,
Алма ағашы қатты болды,
Алдампаздың, жағымпаздың
Əрекеті сəтті болды.
Бастық болып тоқпақ келді,
Əкім болып батпақ келді,
Ақын болып шатпақ келді,
Қатын болып бетпақ келді.
Қаз орнына үйрек келді,
Қазы орнына бүйрек келді.
Үлгі алғандар шетте қалып,
Сардар қылды сүйретпені.
Адал адам арам болды,
Сауаптыға обал болды,
Бітпеген іс тəмəм болды,
Қилы-қилы заман болды...
* * *
Айырып қараны,
Қияны шалады
Көзім.
Көп жайды білмейтін,
Айтқанға көнбейтін
Кезім.
Айтса деп тілекті,
Ерітер жүректі
Сезім.
Тізгінді тартады,
Үмітін артады
Төзім.
Қаламды қолға алып,
Отырмын толғанып
Өзім.
Фəниге алданбай,
Қадалар қанжардай
Сөзім.
* * *
Кетпеші жаңылысып,
Жүрегім, алып-ұшып
Барасың қай жаққа?
Келеді зауал деген,
Береді сауал деген
Көңілде ой жоқ па?
Терең бе, тым биік пе,
Ұшайық, сүңгиік пе,
Абайла, қой, тоқта!
* * *
Бір кездегі еркін, сал,
Жасы жеткен кемпір-шал
Хақтан медет тілейді,
Күні тақау жер құшар.
Елден иман кеткенде,
Ұялар деп көп пенде,
Сүйсінеді күн нұрын
Елжіретіп төккенде.
Күн ұяға батқанда,
Төсегіне жатқанда,
Тілеуі сол:
«Ұрпағы
Ұрынбасын қақпанға».
Желден бұлттар қашқанда,
Есікті ұры ашқанда,
«Жазалар деп Жаратқан!» –
Телміреді аспанға.
* * *
Жалғанның күлі үйіліп,
Жиғаным жатқа бұйырып,
Іштегі дертім өрт болып,
Қаншама жүрдім күйініп.
Жас шыбық өспей, қиылып,
Қураған бұтақ иіліп,
Тексіздер төрге ұмтылды,
Құл менен құтан жиылып.
Жауатын бұлттай түйіліп,
Келген ем сауыт киініп.
Күн шығып бұлттың астынан,
Үйіме қайттым сүйініп.
* * *
Жүзеге аспай көп арман
Су бетінде жоғалған
Із сияқты.
Құласа да көшкіні,
Селт етпеген ешбірі
Құз сияқты.
Тұла бойың мұздаған,
Балтырларың сыздаған
Күз сияқты.
Жөтел келіп тамаққа,
Қырау тұрған қабаққа
Мұз сияқты.
Біреу тұрса күрсініп,
Қылымсиды тіршілік
Қыз сияқты.
Сырқат болса заманың,
Піскілейді нала-мұң
Біз сияқты.
Жараны кім қасиды?
Ішің удай ашиды
Тұз сияқты.
* * *
Апыл-құпыл
Көрсеттім күшімді,
Опыр-топыр
Жасадым ісімді,
Қатыр-құтыр
Ауыртып ішімді,
Шақыр-шұқыр
Қайрадым тісімді,
Қапыл-ғұпыл
Өткінші өмірдің
Тақыл-тұқыл
Емесін түсіндім.
* * *
Тамаша пішіндерді,
Жаны бар мүсіндерді
Қашаймысың?
Құмның құр түйіршігін,
Қардың бір қиыршығын
Жасаймысың?
Қайғыдан соңына ерткен,
Кеудеге кірген дерттен
Босаймысың?
Жауап жоқ бұл сауалға,
Ішіңді білсін Алла!
* * *
Қысқарту не ұзарту,
Кеңейту не тарылту,
Азайту не көбейту,
Жапсыру не арылту,
Айтқан болса сертің де,
Жаратқанның еркінде.
Қандай күйде болып ең?
Тіршіліктің жолы кең,
Су астында жүрсең де,
Көкірегің – толы дем,
Алла бəрін жасайды
Бірақ, сенің қолыңмен.
* * *
Тұрғанда жайнап гүл-өңім,
Дала да жайып кілемін,
Жалғанды жалпақ, əрине,
Аяқпен басып жүремін,
Аяқ па сонда тірегім?
Қопарған тыңды түренім,
Түспейді қолдан күрегім,
Оның да сырын білемін,
Білекпен өмір сүремін,
Білек пе сонда тірегім?
Аралап жүрсем жыр елін,
Жанымның білер кім емін?
Жылаймын, кейде күлемін,
Тірегім – жалғыз жүрегім,
Əу баста Алла жаратқан,
Тəніме қанды таратқан
Жүрегім – менің тірегім.
* * *
Бұл жалған бізге кең жайлау,
Келгендей бəрі қыдырып,
Ошақтың жанған отына
Көп адам отыр жылынып.
Биікке біреу қараса,
Етекке біреу үңіліп,
Сыңғырлап аққан бұлақтың
Жатқандай суын сіміріп.
Келсе де біреу аяңдап,
Кетеді біреу жүгіріп,
Біреуі тұрса жай аңдап,
Қалғандай біреу кідіріп.
Түседі көзге тай талай,
Шапқылап жүрген жұлынып,
Ақсаған қозы байқамай
Енеден қапты жырылып.
Жақсылық көрсек – сүйініп,
Жамандық көрсек – түңіліп,
Аман боп жүрсек болғаны,
Бордайын кетпей үгіліп.
* * *
Ең алдымен ұғып ал,
Ұққаныңды ұмытпа!
Жүріп алма құр текке
Сылтау тауып сыныққа,
Еріккенде ермек қып,
Сына қақпа ғұрыпқа,
Сусын ішпе кермек қып,
Айтар сөзді сұрыпта.
Лықсыған нəпсіңді
Дер кезінде құрықта,
Бүлдірмесін жақсыңды,
Көнбей кетіп ырыққа,
Айта берме бос өкпе,
Қирағанға құнықпа,
Құмар болма өсекке,
Таяқ жалғап сырыққа,
Шөлімді бір басам деп,
Ауыз шайма тұныққа,
Əуес болма ашам деп
Тұрған затты құлыпта.
Əр нəрсені бір сұрап
Бара берме ұлыққа,
Сараң итің қыңсылап,
Ақша тықпа шұлыққа,
Тап болмайсың тек сонда
Былық пенен шылыққа.
* * *
Кіріс болып кілең ісің,
Өрекпідің өзім десең,
Бақыт құнын білемісің,
Қасіретті сезінбесең.
Елдің мұңы саған батса,
Өкпең өшіп жүгірмес ең,
Ит құйрығын бұлғандатса,
Жылмаңдаттың тіліңді сен.
Бастан күнə өтті мың сан,
Құлшылықтан безінбе сен,
Өткенді ойлап, тəуба қылсаң,
Түні бойы көз ілмес ең.
* * *
Тəннің азабы –
Алар мазаны,
Ашар аранын
Тірлік тажалы.
Жанның азабы –
Қайнар қазаны,
Берер жазаны,
Фəни тозағы.
Тəн де тозады,
Жан да азады,
Шама келер ме,
Жетсе ажалы?!
Елдің базары,
Жердің тозаңы,
Мешіт азаны –
Түгел қалады...
* * *
Беріктерді құлатып,
Биіктерді сұлатып,
Қиналғанды жылатып,
Күйінгенді жұбатып,
Əрбір күнді жалғанған
Бір біріне сынатып,
Сағат тоқтап қалғанмен,
Тоқтамайды уақыт.
Уақыттың соңынан
Ілесу де бір бақыт...
* * *
Өсіп-өнген əрбір зат
Өз еркінен тысқары
Тосын жайға тыстағы
Тап болғысы келе ме?!
Биік өскен бəйтерек
Аптаса да алтынмен,
Жарқыраған қалпымен
Тақ болғысы келе ме?!
Жалт-жұлт еткен асыл тас
Сақинаға айналып,
Саусақтарға байланып,
Шақ болғысы келе ме?!
Қатып жатқан қорғасын
Қорытылып болғасын
Атып жығар тосыннан
Оқ болғысы келе ме?!
Сол сияқты адам да
Басын иіп арамға,
Түк түсінбес наданға
Жақ болғысы келе ме?!
«Қолға салып жақұтты,
Қалағанын татыпты,
Таққа мінген бақытты»,
–
Дейтіндер бар.
Шатыпты.
Соған да жұрт сене ме?!
* * *
Өтіп жатқан ғұмырың –
Аққан су.
Дəулетің мен зейнетің –
Таққан ту,
Көрген сайран, қызығың –
Көшкен бу,
Тартқан азап, бейнетің –
Ішкен у.
* * *
Айдалада жатып қалған,
Қатып қалған
Тас,
Жүрген жолда бөгет болса,
Себеп болса –
Қаш.
Бүлдіретін көркем істі,
Жиіркенішті
Лас,
Жұртты өзінше бағалайды,
Қаралайды
Нас.
Тоқтап қалсың ісің, мейлі,
Түсінбейді
Жас,
Таса жерден аңдып тұрар,
Қан құстырар
Қас.
Төбең кетсе көкке тиіп,
Тұрған биік
Бас,
Болмаса еш жамандығың,
Адамдығың
Рас.
* * *
Биік-биік таулар,
Жайнап тұрған орман,
Өткел бермес сулар –
Қамал.
Қалқан.
Қорған.
Барлығына қожа,
Тартқызатын жаза,
Кім бар сондай таза?!
Ойлан!
Қинал!
Илан!
Ораза мен қажы,
Намаз жəне зекет,
Жүрген болсаң өтеп,
Құйған,
Жиған,
Иман.
* * *
Күнтізбеде шындық бар,
Өзгермейді күн, айы.
Əр парағын ел құптар,
Шындық болса шынайы.
Өткізген сол күндерді
Пендеде көп жалғандық.
Қалды ма екен бір белгі?
Талай рет алдандық.
Адымымды бағатын,
Жүрсе екен деп сүрінбей,
Иман болса сағаттың
Жүріп тұрған тіліндей.
* * *
Қанша дəстүр тоналған,
қаншама тіл жоғалған,
Жүзеге аспай көп арман,
қоғам ішке қамалған.
Америка елінде
үндістердің жерінде
Қырық адам сөйлейді
шулумдардың тілінде.
Би билесе кей елде
адамдардай жабайы,
Тыр жалаңаш шешініп,
сөз сөйлейді анайы.
Жаратқанның өзімен
жасағандай келісім,
Есерсоқтау бір əнші
өзгертіпті терісін.
Парик кисем болды деп,
өскен шашын сыпырып,
Басыма бақ қонды деп
əйелдер жүр құтырып.
Текелерді жезде қып,
ешкілерді апа деп,
Күн көріп жүр біреулер
шаян менен бақа жеп.
Ас ұсынып кезбеге,
тəнін сатып өзгеге
Жүргендерді көргенше
жұмылмайды көз неге?!
Болғаннан соң тиімді
байтал бастап үйірді,
Қызойнақ пен жын-ойнақ
жайлап алды үйіңді.
Туған бала некесіз,
өскен əке-шешесіз,
Өкінгенмен не пайда
болып шықса жетесіз?!
Атын алып орыстың,
кəпір болып шоқынған,
Дінін, тілін ұмытқан,
Сақта, Құдай, қоқымнан.
*шулум – тілде рі жоғалуға жақын ұлт
* * *
Жерді қашық
Таумен басып,
Жалғастырған бір Алла!
Түнді күнмен,
Күнді түнмен
Алмастырған бір Алла!
Кімге күдік,
Кімге үміт
Беретін де бір Алла!
Қуанғанда,
Жұбанғанда
Келетін де бір Алла!
Алла біреу!
Көкке тіреу
Қоятын да бір Алла!
Алла біреу!
Хақтан тілеу
Айқын мақсат – Құранда.
* * *
Қарғып тастан
Ағып жатқан
Құлағын тос сарқыраған бұлаққа,
Төңіректен,
Өскен шөптен
Азан үні естіледі құлаққа.
Есің кірмей,
Жолды білмей,
Ой-шұқырда жүре алмайсың қармалап.
Бұлтты бұрып,
Жаумай тұрып,
Күн де жиі күркірейді «Аллалап».
Шыдам жетпей,
Ұзақ күтпей,
Келмейді екен күткен бақыт тез неге?
Таң атарда,
Кеш батарда
Көлеңке де жығылады сəждеге.
* * *
Аң патшасы – арыстанды,
Құс патшасы – бүркітті,
Бар хайуанды жанышқанды
Кімдер келіп үркітті?!
Жерде моншақ қалмас деген,
Төзім неге сарқылды?!
Тас патшасы – алмас пенен
Кен патшасы – алтынды.
Бəрін түгел адам алды,
Жер мен көкті биледі,
Алтын көрсе, талап алды,
Күміс болды сүйгені.
Жиған пенде бұйым, малын,
Келер ажал алдына.
Перғауынның шыбын жанын
Алтын сақтап қалды ма?!
Алтын сарай, күміс қорған
Баянды бақ бере алмас.
Жер бетінде ырыс толған,
Жақсы лебіз жоғалмас.
* * *
Байқа, досым!
Алды-артыңды абайла!
Қиналғанда қарайлап қой маңайға,
Ғашық болсаң –
Шырық бітпес шырайға,
Азап тартсаң –
Үміт тосып əр айда,
Отқа түссең –
Таппай қойсаң бір айла,
Суға батсаң –
Жалбарынып Құдайға,
Дертті болсаң –
Дауа тілеп қалайда,
Асып-толсаң –
Ұмытқаның жарай ма?!
Байқа, досым!
Алды-артыңды абайла!
* * *
О, Жаратқан!
Əр пенденің ниеті
Бір өзіңе белгілі.
Өскен адам көз еті
Құбылады жел күні.
Қыс қызығын көп көріп,
Күн жылынса – ұнатпай,
Қазы-қарта жеп келіп,
Сырғанайды сынаптай.
Үлде менен бүлдеге
Жүре алмайды малынбай.
Су тигенде денеге,
Көпіршиді сабындай.
Бітіргендей істі көп,
Алақанға қарайды.
«Қанша пайда түсті?»
–
деп
Саусақтарын санайды.
Алып жатқан сыйлығы
Таусылмайтын мың күнде,
Сол пенденің пиғылы
Өзгеруі мүмкін бе?!
О, Жаратқан!
* * *
Төрт бұрышы қабірдің –
Тиянағы сабырдың.
Сұбыхан-алла,
Сұбыхан-алла,
Бет қараттым құбылаға.
Əлхамду-ли-ил-ла-Һи!
Құран сөзін ойға түй.
Лə-ил-лаҺа-ил-ла-алла!
Теңдесі жоқ бір Алла!
АллаҺу əкпар!
АллаҺу əкпар!
Бұл фəни жалған,
Бақида бақ бар.
* * *
Жазмыштың жолын сызуға
Алланың мықты пəрмені,
Пəрменін оның бұзуға
Пенденің жетпес дəрмені.
Əлемді байтақ билеген
Құдайдың күшті жарлығы.
Болса да тағдыр илеген,
Көнеді оған барлығы.
Аяғы болар ісінің,
Алланың берік əмірі.
Өлмеймін деген кісінің
Қазулы тұрар қабірі.
Көгеріп, көктеп көсеге,
Болса да қандай сыйлығы.
Маңдайға жазған пешене –
Бұлжымас Хақтың бұйрығы.
* * *
Алладан келіп сый неше,
Қолына билік тигелі,
Темірді Дəуіт илесе,
Сүлеймен желді биледі.
Тұрған соң асып қадірі,
Іздеген заты табылды.
Алысқа жетіп əмірі,
Жын-шайтан түгел бағынды.
Көтерді басқа салғанын,
Тұра алмай таяқ таянбай,
Жындар да салып жандарын,
Жасады жұмыс аянбай.
Тағылым болар ұққанға,
Қылса да қанша иелік,
Кеудеден жаны шыққанда,
Таяққа тұрды сүйеніп.
Таяғын ақыр құрт мұжып,
Жантайған сəтін көргенде,
Кеткенін өліп кеш біліп,
Болыпты жындар шерменде.
Біреуге шаттық əкеліп,
Біреуді қылған құсалы,
Тұратын бəрін көтеріп,
Алланың бұл да нышаны.
* * *
Көзі көрмей сөзге нанбас,
Көріп тұрып күн, айды.
Ол да сені есіне алмас,
Ұмытсаң сен Құдайды.
Көкірегіңе иман жисаң,
Жолай алмас мың қайғы.
Хақ сөзіне зейін қойсаң,
Ол да сені тыңдайды.
Жемеңдер деп кісі қақын,
Жырлап өткен ақындар.
Жаратқанға болсаң жақын,
Ол да саған жақындар.
* * *
Тасынғанды тапшы қылған,
Жамандықты жақсы қылған,
Ішкен суды тұщы қылған,
Азған елге басшы қылған
Сыйынамын Аллаға!
Қараңғыны жарық қылған,
Белгісізді анық қылған,
Іштегіңді танып тұрған,
Босқан жұртты халық қылған
Сыйынамын Аллаға!
* * *
Құранның тұңғыш сүресі
Алла атымен басталған.
Ұқпағандар киесін
Тамұқ-отқа тасталған.
Құранның соңғы сүресі
Аталады Адам деп.
Бірақ, оны білесің,
Түсінбеген надан көп.
Алла мен Адам арасын
Жақын қылған Құран бұл.
Түбі рақат табасың,
Қиындыққа шыдам қыл!
* * *
Келем əлі күресіп
Күнде еститін ұранмен.
Келем əлі тіресіп
Ішімдегі күмəнмен.
Жалыққанда тағы да
Даңғырлаған жыр-əннен,
Жабырқаған жаныма
Шипа табам Құранмен.
Достарыңызбен бөлісу: |