Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет15/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26

Жəрəкімалла!

Шаруа күтіп тұрғанын

Көрген кезде қаштың сен.

Көңілімнің қырманын

Табаныңмен бастың сен.

Астапыралла!

Көз қорқақ та, қол батыр,

Бар аяғы бұл істің.

Алда талай олжа тұр,

Не де болса, кірістім.

Бісімілла!

* * *


Қораз таңда шақырса –

Періштелер келген шығар.

Есек қатты ақырса –

Ібілісті көрген шығар.

Мысық тұрса үрпиіп –

Бəлкім, біреу жүрген шығар.

Жатса түнде ит үріп –

Ол да мұны білген шығар.

Мұндай сəтте адамға жол –


Бір ғана.

Сұбыханалла!

Сыйын жалғыз Аллаға.

* * *


Адам болып жаралсам,

Еске келер бір Алла.

Сөзім жұртқа таралса,

Еске келер бір Алла.

Ел қатарлы саналсам,

Еске келер бір Алла.

Жақсы тұрақ таба алсам,

Еске түсер бір Алла.

Алыс жолдан оралсам,

Еске түсер бір Алла.

Қарақшыға тоналсам,

Еске түсер бір Алла.

Дəрігерге қаралсам,

Еске түсер бір Алла.

Үлде-бүлде орансам,

Естен кетпес бір Алла.

Қалғып кетіп, оянсам,

Естен кетпес бір Алла.

Саған теңеу табуға

Тілім жетпес, ей, Алла!

* * *

Сөйленген сөз көпіріп



Болса шылғи өтірік,

Кім іздейді əділет?!

Қапа болмай аһ ұрып,

Істің күтіп ақырын,

Тіршіліктің қамын ет.

Сөзін сөйлеп кесірдің,

Қолын қағып жесірдің,

Қақын жесең жетімнің,

Тазара алмас жаны кір,

Пайдасы жоқ, бəрібір,

Өкінбе, не өкіндің.

Ойнасаң да, күлсең де,

Сыр білдірмей жүрсең де,

Болмағандай ештеңе,

Көрген куə танбаса,

Жасырғаның – далбаса,

Қылықтарың – əшкере.

* * *


Фəниді жалған ермек деп,

Өмірге ендік еңбектеп.

Ішсек те жиі кермек көп,

Қоқымды жидық тірнектеп.

Сөксе де сырттай бірбет деп,

Жалғадық істі ілмектеп.

Шешуі қиын болса да,

Түйінді түйдік күрмектеп.

Алмасып жатқан дүрмек көп,

Өмірдің өзі – бір мектеп.

Ғұмырың зайғы өтпесе,

Шығарып салар құрметтеп.

* * *


Ғылым сырын ұқсаң да,

Шың басына шықсаң да,

Өміріңнің маңызы

Тіреледі Ихсанға.

Болса-дағы адам аш,

Қалса-дағы жалаңаш,

Кеудесінде нұр болса,

Азғын шайтан жоламас.

Түске дейін Имам боп,

Түстен кейін Иван боп

Жүргендердің, мен білсем,

Жүрегінде иман жоқ.

Адассаң да тұманда,

Берілсең де күмəнға,

Жақтаушың да –

Бір Алла,

Ақтаушың да –

Бір Алла.

* * *

Фəни – сынақ,



Өмір – тұрақ.

Көрген қызық

Жүрген ұнап.

Қалсаң құлап,

Тұрсаң шыдап.

Жол көрсетер

Жанған шырақ.

Жастық – бұлақ,

Жасыл құрақ.

Жан-жағыңда

Толған сұрақ.

* * *


Берсең ел үшін,

Білім – жемісің,

Өнер – өрісің,

Ғылым – жеңісің.

Күннің жарығы,

Оттың жалыны,

Ата тағылымы –

Тірлік тамыры.

Көңіл өкпелі –

Сезім көктемі,

Кезің өтпелі –

Өмір мектебі.

Туған тіліміз,

Ислам дініміз –

Атқан таңымыз,

Шыққан күніміз.

* * *


Аллаға құл болып,

Қазаққа ұл болсаң,



Кетерсің жын болып,

Иманнан құр қалсаң.

Өзіңді сайлап ал

Тек адал ұғымға.

Көзіңді байлап ал,

Құлақты тығында.

Жүрсең де қай жақта,

Аш қақпа ізгі үнге.

Тұсау сал аяққа,

Тіліңді тізгінде.

Кетсін де кемірген

Арам ой не түрлі.

Тап-таза көңілден

Қабыл қыл ниетімді!

* * *

Дертім жайылып,



Болсам жаралы,

Алдым айырып

Ақ пен қараны.

Күнəм көп дедім,

Көзге жас тұнды.

Асты шектедім,

Тидым нəпсімді.

Еркін елдегі

Берік сенім кеп,

Тəнім жердегі

Қалды жеңілдеп.


Жаным көктегі

Аңсап құрманы,

Тағы көктеді

Асыл жыр дəні.

* * *

Түлен түртіп, былыққан бар,



Көздерін шел торлаған,

Қоймай қылқып, құныққан бар,

Қу бастан жүн қырыққан бар,

Қанағаты болмаған.

Неше түрлі шылықтар бар,

Адам айтса нанбаған.

Соның бəрін біліп болған,

Əбден тойған, ісіп, толған,

Толып жатыр онбаған.

Шəрбаты мен құйған балын

Қанша ішсе де қанбаған,

Дүния қамы – жиған малы

Ағып кетер ақырында

Түбі тесік дорбадан.

* * *

Мал дəметіп, бала тілеп,



Жидық дүние-тезекті.

Болғаннан соң шала тілек,

Көп күндерім бос өтті.

Бұлты қалың тұрған биік

Көрсетпесе тұмшалап,

Мансап қуып, шекпен киіп,

Жүрдік жұртты қор санап.

Сайран бағың, аста тағың –

Бəрі түгел тоналды.

Жақын қалды өлер шағың,

Астамдықтан не қалды?!

* * *


Түзудің қисық болуы

Сенбейтіндей көргенде.

Қисықты түзу қылуы

Қиын емес білгенге.

Қисық болса жазуың,

Қара қол мен көзіңе.

Тура жолды табуың

Байланысты өзіңе.

* * *

Сабыр қылып ашу, қайғы, қазаға,



Іштің дертін тазала.

Елге болар қадірің!

Жазатайым жаза басып қойсаң да,

Кінəңді біл, тартылсаң да жазаға,

Көп ашытпа өкініштің қамырын!

Табылса да себеп-салдар жүдейтін,

Ашудың бойын ірейтін,

Қайғының қарын күрейтін,

Қазаның орнын бітейтін

Сары алтындай сабырың!

* * *


Болғанмен кейпі оңды аса,

Жаралған адам балшықтан

Алласы демін салмаса,

Шықпауы анық шалшықтан.

Бас иіп түгел періште,

Алланың сөзін тыңдаған,

Болса да қанша ол үстем,

Ібіліс сəжде қылмаған.

Тозақтан табар тұрағын,

Киген соң лағнет қамытын,

Бұзуға дайын тұрады

Адамның жүрек сауытын.

Ашып та кетер ми қалың,

Инесін тұрса піскілеп,

Иманың – берік қалқаның,

Шайтаннан, бірақ, күштірек.

* * *

Бетін ашып Інжілдің,



Түсіне алмай қынжылдым.

Құран ғана ақиқат,

Кітабы екен мың жылдың.

Ойлап тұрсақ, шынында,

Білсек өмір жалғанын,

Жаратқанның құлын да,

Ұлы дей ме Алланың?!

Адам біздің атамыз,

Алған жұмақ жемісін.

Болмасын деп қатамыз,

Алма деген сол үшін.

Адам ата қаншама

Берілсе де сезімге,

Белгілі аты баршаға

Қалған қазақ сөзінде.

Өмір, шіркін, келісті,

Түсінгенге бал-шырын.


Пісіп тұрған жемісті

Алмағанға қарсымын.

Татса дəмін алманың,

Ары таза жігіттер.

Көрер басқа салғанын,

Баққа келген үміткер.

* * *

Тауларға əмір жүргізген



Білеміз мықты Дəуітті.

Дəуітке ақыл кіргізген

Танымау Хақты қауіпті.

Тағында тұрса Сүлеймен,

Желдер де долы бағынған.

Ол-дағы жүрген үреймен,

Алланы жалғыз сағынған.

Көтеріп көкке Исаны,

Мəдіні жерге жасырған,

Ұққандар тірлік нышанын,

Аллаға жалғыз бас ұрған.

Жауынан қашқан Мұсаны

Теңізді жарып өткізген,

Пендені талай құсалы

Мақсатқа Алла жеткізген.

Жүрсең де қанша тоқ болып,

Əлемді кезіп жалықпай,

Кетерсің бір күн жоқ болып,

Жүністі жұтқан балықтай.

Ажалға қимай баланы,

Қошқарды қылса құрбандық,

Жақсыға жауып жаланы,

Сауаптан талай құр қалдық.

Бұл жақтан тиер үлес те,

Ол жақтан алар орын да,

Түссең де қанша күреске,

Бəрі де Алла қолында.

Татармын, бəлкім, зəмзəмнан,

Тартармын, мүмкін, кіл азап.

Түңіліп мына жалғаннан,

Етемін Хаққа мінəжат!

* * *


Ұят пен иман сарқылып,

Жегендер болды арам ас.

Теңіздер терең тартылып,

Кіндіктер қалды жалаңаш.

Өткенге етіп қанағат,


Бүлінбей жетіп бүгінге,

Жүрсең де қанша бал жалап,

Татасың кермек түбінде.

Көкейге үміт қонған соң,

Кетпей ме еріп нала көп.

Мақсатың таудай болған соң,

Артыңа қарар шама жоқ.

Пейілі тұрса артылып,

Адамға ешбір жаза жоқ.

Жүрсең де қанша малтығып,

Көңілің қалсын таза боп.

Болмайды кейде күй сенде,

Десең де қанша күтім көп.

Жамаулы киім кисең де,

Жүрегің қалсын бүтін боп.

* * *


Патша тозып алтын тақта,

Жүзік солып тар лахатта.

Жауап таппай қиналмай ма

Мəңкүр-Нəңкүр келген шақта.

Өтіп жатса заман ептеп,

Азғын тұрса амал көп деп,

Кім айтады көрешекте

Қылған іске зауал жоқ деп.

* * *

Адамзаттың жасығын да



Жермен-жексен қылады ажал.

Адамзаттың асылын да

Аш бөрідей қырады ажал.

Қас дұшпандай жағаласқан,

Тас төбеңнен ұрады ажал.

Жайын-сынды аран ашқан

Қарсы алдыңда тұрады ажал.

* * *


Пендеге бұйырса топырақ,

Арызын айта ма жатып ап.

Тозақтан төгілсе жапырақ,

Қалтырап кетпей ме атырап.

Бес күндік тірлікке мас болған

Бұл адам не деген ақымақ?!

* * *

Сақтанамын дұшпаннан,



Сырттан қанжар салар деп,

Сақтанамын «достардан»,

Аяғымнан шалар деп.


Болғаннан соң күн басқа,

Аша берме сыр досқа.

Атам айтқан сөз есте:

«Қастық қылма жолдасқа!»

Сақтанамын көздерден,

Көзі тиіп кетер деп,

Сақтанамын сөздерден,

Тілі тиіп кетер деп.

Қонғаннан соң жыр басқа,

Тұра алмайсың құр босқа.

Əжем айтқан сөз есте:

«Тіфə, тіфə, тіл тасқа!»

* * *

Шайтан басты айналдырып,



Шырмап алса еркіңді,

Жалған сөздер иландырып,

Ұмытарсың сертіңді.

Өліп-талып жиған мүлік

Өшіре алмас өртіңді,

Болса бойда имандылық,

Тек сол жазар дертіңді.

* * *


Белді бекем бекініп,

Парызын кім өтесе,

Айтса, бірақ, өтірік,

Азабы оның екі есе.

Көздеріне шел тұрып,

Құлақтарын бітесе,

Толтыра алмас кемтігін,

Азабы оның үш есе.

Арлы жанның бақшасын

Арам келіп өртесе,

Жұмсаса да ақшасын,

Азабы оның төрт есе.

Аярлықпен мал жиып,

Досқа қанжар кезесе,

Жата бермес шалжиып,

Азабы оның бес есе.

Құдайды да алдаймын

Деп ойлайтын қазағым

Тіршіліктің арбайтын

Тартпай қоймас азабын.

* * *

Дауа болмай жауызға,



Дүния сыйса қауызға,

Көздер шығып шарадан,

Жүрек келер ауызға.

Берік болсаң дініңе,

Үңіл жүрек түбіне.

Өліп бара жатсаң да,

Алла келер тіліңе.

* * *

Көктен жерге дейін



Берген Тəңір сыйын.

Соны да ұқпай жүрсең,

Ашып кеткен миың.

Жан-жануар күйін,

Əр жəндіктің үйін

Жасап берген Хаққа

Иланбау да қиын.

Бұдан шығар түйін:

Харам болса – тыйым.

Халал асқа асық,

Алла ісіне сүйін!

* * *


Үзіліп өмір соқпағы,

Үміттің сөніп оттары,

Апаттар неге қаптады?

Диқанның толмай қаптары,

Аңшының болмай оқтары,

Бос қалып жатса қақпаны,

Қазанның кетіп қақпағы,

Ерлердің жетпей тоқтамы,

Əйелдің бітпей жоқтауы,

Кеменің суға батқаны,

Ұшақтар құлап жатқаны,

Жетім мен жесір көз жасы,

Қарғыстың, бəлкім, атқаны.

Жылымшы татып татқаны,

Басқаға кетіп баққаны,

Қуарып жасыл бақтары,

Еңбегі жанбай, өзіне

Бұйырмай жатса тапқаны,

Тотыдай торға түсірген

Зауалдың, бəлкім, оқпаны.

Күйелеп əппақ мақтаны,

Шимайлап таза тақтаны,

Сабырлы деген ердің де

Сазарып, санын соққаны,

Киіз қазықты кіргізсе


Мықтының соққан тоқпағы,

Өзеннің теріс аққаны,

Жамандық майдай жаққаны,

Қайратың қайтқан шақтағы

Тұрмыстың, бəлкім, ақпаны.

Қаламым неге тоқтады,

Көңілім неге соқпады?

Залымды кімдер соттады,

Намысты кімдер таптады,

Сөреге барып жайғасты

Суайттың жазған шатпағы.

Мазалап тағы ұйқы ашты

Тірліктің қатпар-қатпары.

Өмірдің көрсең ақ таңын,

Басына кимей ноқтаны,

Сыншының күтпей мақтауын,

Дұшпанның күтпей даттауын,

Таза боп қалған дұрыс қой

Кеткенде жауып сыртынан

Тіршілік деген қақпаны.

* * *

Зырлаған мына заманда



Үйірсе өмір ұршықтай,

Пəле мен жала адамға

Жабысады екен қылшықтай.

Түбіттей жұмсақ күнің де,

Қылшығын алсаң қырсықпай,

Үнілсең жүрек түбіне,

Түбінде қалмас жыр шықпай.

* * *


Тəні саудың жаны сау,

Жаны саудың қаны сау.

Тазалықтың ауылы

Əлі бізге алыс-ау.

Жан денеге қонақ болса,

Ренжітпе мейманды.

Жұрт сыртыңнан қарап тұрса,

Шаша білгін жиғанды.

Болса тəнің жаралы,

Көп қой елдің амалы.

Болса жаның жаралы,

Бітірерің шамалы.

Тəн – жанына қынап болса,

Таза ұстағын тəніңді.

Жан – жанатын шырақ болса,


Тазартады қаныңды.

Тəн – үйренген қалыбың,

Жан – жебесі арыңның.

Тəн менен жан дос болса,

Алда көрер жарығың.

Жүрек соған сендім десе,

Жан мен тəнің үйлесер.

Жан тəніңді елжіретсе,

Тəн рақат күй кешер.

* * *


Аспаның шайдай ашылып,

Күн көзі түссе түңдіктен,

Сырыңды жүрме жасырып,

Болмасын жағдай жын күткен.

Жүрсең де жиі төтелеп,

Теңізбен, көкпен, құрылықпен,

Үкідей жанды мəпелеп,

Қондырма қоңсы сұмдықпен.

Басталған қаннан тіршілік,

Жалғасып жатса кіндікпен,

Сүйсініп, сүйіп, күрсініп,

Дүниядан көшкін шындықпен.

* * *

От пенен суға түссе де,



Береді дейсің кім тілек?!

Қазандай қайнап іш кейде,

Қайтамын күндей күркіреп.

Көз жастай мөлдір жырларым

Жауындай тұрса сіркіреп,

Ашылып сонда сыр қалың,

Көк шалғын өсер дүркіреп.

Алланың өзі жар болса,

Даламның желі – бір тірек,

Текемет-сынды, шаң қонса,

Алады мені сілкілеп.

Кеткендей кернеп сүт төсін,

Інгендей иісе бүгін көк,

Жырымның қойып нүктесін,

Тұрамын күндей күлімдеп.

* * *


Көк пенен жерді жаратып,

Пенденің мейірін қандырған,

Хайуанды не бір таратып,

Ғарыштан хабар алдырған.

Аспаннан жаңбыр жаудырып,


Жоқтардың өзін бар қылған,

Қанатын құстың талдырып,

Жанбайтын затты жандырған.

Егіннен өнім шығарып,

Өзенге суды толтырған,

Қолынан келер, бұл анық,

Сарайлар салса алтыннан.

Пиғылың күнде өзгеріп,

Малыңды жисаң арамнан.

Бір зауал түбі кез келіп,

Шықпасын көзің шараңнан.

* * *


Билеп жарты əлемді,

Бағындырcаң қылышпен,

Алтынменен апталып,

Қапталсаң да күміспен,

Көйлек киіп жібектен,

Орансаң да пүлішпен,

Өмір барда қаза бар.

Құтылмайсың бұл істен.

Қанша көсем болсаң да,

Сен жоқта да таң атқан,

Қанша шешен болса да

Елді аузына қаратқан,

Тақтан түспей тұрсаң да,

Қанша күйіп-жансаң да,

Келген жерден қайтадан

Алып шығар Жаратқан.

* * *

Аққан суды қатты қылған,



Жемістерді тəтті қылған,

Бісімілланы айтқан жанның

Жүрістерін сəтті қылған

Кім екенін білесің,

Жадыңда жүрсін ұлы есім!

Астың дəмін келтіре алған,

Сөздің нəрін келтіре алған,

Хайуанды да, адамды да

Тірілте алған, өлтіре алған

Кім екенін білесің,

Жадыңда жүрсін ұлы есім!

Ауыр тасты жеңілдеткен,

Көңілсізді көңілді еткен,

Сəбилерді күлімдеткен,

Қарияны ғұмырлы еткен


Кім екенін білесің,

Жадыңда жүрсін ұлы есім!

Көкірегіңді көріп тұрған,

Жабыққанда келіп тұрған,

Иман болса берік қорған,

Несібесін беріп тұрған,

Кім екенін білесің,

Жадыңда жүрсін ұлы есім!

* * *

Көкірек қуыс, ішім бос,



Ащысын татып жалғанның,

Қайсысы дұшпан, қайсы дос,

Айырмай, сірə, қалғанмын.

Жанымда жүр ғой талайлар,

Секілді көбі тірі өлік,

Төгейін тілден қалай зар,

Қара қобыздай күңіреніп.

Өңмеңдеген өктем күш

Жармасқанмен жағаға,

Аллаға аян еткен іс,

Ескерусіз қала ма?!

* * *


Даттап асыл дананы,

Шырылдатып ананы,

Ақтап алып қараны,

Досты қылсаң жалалы,

Көрмейді ешкім деймісің?!

Жұмып алып көзіңді,

Сыбырлаған сөзіңді,

Қиды жағып алғандай

Тілде тұрған безіңді

Естімейді деймісің?!

Аузыңдағы өсекті,

Қойныңдағы кесекті,

Ішіңдегі есепті,

Денеңдегі шешекті

Білмейді ешкім деймісің?!

* * *


Ниетіңді білуші,

Ізгілікті теруші,

Несібені беруші,

Қылығыңды көруші,

Түзелуге сенуші,

Оны шексіз сүйеміз.

Өлілерді тірілтіп,


Тірілерді өлтірген,

Ырыздығын кемітіп,

Тəубасына келтірген

Жаратушы иеміз.

Мейірімді таңдаушы,

Жақсылықты жолдаушы,

Адалдықты қолдаушы,

Қасіреттен қорғаушы,

Тіршілікті жалғаушы

Оны шексіз сүйеміз.

Жүрегіңді тазалап,

Мейірлерін қандырған,

Қылмыстыны жазалап,

Тозақ отын жандырған

Жаратушы иеміз.

* * *


Бұлақтар сарқылып,

Тау шөгіп, құт кеміп,

Өзендер тартылып,

Қауымдар жіктеліп,

Алжасқан ақылдан

Шайтанды дос көріп,

Дəн сепкен тақырға

Еңбегі еш болып,

Көк аспан бүктеліп,

Теңіз көкбеттеніп,

Көктеген егіннің

Өнімі шектеліп,

Жерге де нəр тамбай,

Мал өліп, жұт болып,

Жүдеген пақырың

Келсе егер өлгісі,

Бұл – заманақырдың

Ең анық белгісі.

* * *

Ұлы дейміз патшаны



Болса істері ірі.

Ұлы дейміз батырды

Келіскен соң түрі.

Ұлы дейміз ақынды

Ұнатқан соң жырын,

Ұлы дейміз ғалымды

Ашқан ғалам сырын.

Барлығы да солардың

Тірілердің бірі.


Көк пен жердің нұры –

Алла ғана ұлы!!!

* * *

Аспан шеті тұңғиық,



Теңіз түбі қараңғы.

Тауларға да тым биік

Жетпейді адам жанары.

Құдіреттің анығы:

Толып жатыр амалы.

Жаратқанның жарығы

Жарық қылар моланы.

* * *


Күнді өткізбе босқа,

Келер сəтті шағың,

Шектен асып, таспа,

Ойла тірлік қамын!

Қайырым қыл досқа,

Күл болмайды жалын,

Бу болмайды тас та,

Су болмайды сағым.

Сол секілді баста

Қонбас мəңгі бағың,

Есте сақта: аста

Тұрмас мəңгі тағың.

Текке күйіп, саспа,

Бір Аллаға табын,

Қиындықтан қашпа,

Жаратқанға бағын!

* * *

Əуелі əлсіз жаратып,



Қуат берген бойыма,

Ізгілігін таратып,

Елді аузыма қаратып,

Ақыл салған ойыма,

Тауқіметін тірліктің

Артып қойған мойныма,

Қамқа тонды кигізген,

Асыл жарды сүйгізген,

Басу берген қайғыма,

Самай-шашты ақ қылып,

Түрлі кепке тап қылып,

Деген: «Бірақ, мойыма!»

Жаман істен жерітіп,

Қуатымды кемітіп,

Жүр дегендей жайыңа,


Күндердің күні болғанда,

Жүрсең де қанша жалғанда,

Ақыл-есті кіргізген,

Ақ төсінен сүт берген

Анаға қарап күлгізген,

Тік тұрғызып жүргізген,

Дүния сырын білгізген

Салар жердің қойнына.

* * *

Олқының орны тола ма,



Сүннетсіз парыз бола ма?

Көрсетпей жұртқа күнə қып,

Садақа бермей дұға қып,

Бір қарап, екі шоқыған,

Дəретсіз намаз оқыған

Ойлашы, түбі оңа ма?!

Пайданың көзін білгендер,

Қанағат қылмай жүргендер

Пəлені көрсе қашатын,

Азанда ауыз бекітіп,

Кеш түсе ауыз ашатын

Кісімен қоңсы қона ма?!

Өсегін айтқан қоймаса,

Нəпсісін ғана ойласа,

Жүректе шыққан жауқазын

Көктемей жатып сола ма?!

Айналып басы шəрбаттан,

Тірлікте, сірə, қана ма?!

Не болар айтқан жан-жақтан,

Түспесе сəуле санаға,

Асырып жұрттан айласын,

Өліктен тапқан пайдасы

Өзін де бір күн сүйретіп

Əкеледі ғой молаға.

* * *

Мойындағы салық –



Алынбаған қамыт,

Төртеу куə болса,

Кете алмайсың танып.

Өтелмеген парыз –

Төленбеген қарыз.

Сұрау салар күні

Кімге айтасың арыз?!

Болмай дəрет таза,

Бес намазың қаза.


Оразадан қашсаң,

Қалай болсын маза?!

Фəниді де қимай,

Нəпсіні де тыймай,

МаҺшар болған кезде

Маңырайсың қойдай.

* * *

Үйден шыққан мүсəпір



Жегісі кеп кісі ақын,

Арамдыққа бет бұрса,

Атанады кісəпір.

Айт намазға кешіккен

Төр дəметсе мешіттен,

Құр қалғаны деп түсін

Алла берген нəсіптен.

* * *


Абыройы артық патшадан,

Өмірден озды жақсы адам.

Жақсының нұры тасысын,

Алла да болар жақ соған.

Қалды артында мал басы,

Үкілеген жорғасы,

Жерге тиіп жамбасы,

Иман болды жолдасы.

Орындады міндетін,

Былғаған жоқ жер бетін,

Жаны болсын жəннатта,

Қылсын елі құрметін.

* * *

Келген болсаң балиғатқа,



Құлағың сал шариғатқа.

Кім қызығып дүние-боққа,

Кім барады жанған отқа?

Кім күйеді жанған шоққа,

Кім азады алтын тақта?

Сəулет беріп жасыл баққа,

Дəулет беріп ақымаққа,

Кім қалады топырақта,

Кім теңейді барды жоққа,

МаҺшар күні болған шақта,

Кім ашады бізге қақпа?

Жақ болады көңілі аққа,

Сабыр қылып, енді тоқта!

Ойлап көрсең, сауалдарда

Көп ғибрат жатқан жоқ па?!


Осылардың барлығына

Дұрыс жауап – жалғыз Хақта!

* * *

Сенделдім.



Сандалдым.

Алдандым.

Емделдім.

Таң қалдым.

Аңғардым.

Алдамшы екенін арманның,

Өткінші екенін жалғанның.

Қыдырым.


Ұрындым.

Кідірдім.

Сүріндім.

Жығылдым.

Мүдірдім.

Зардабын тарттым мен сыбырдың,

Күбіртке секілді күбірдің.

Өртіндей бықсыған шылымның,

Түңіліп түсінен зұлымның,

Шыға алмай ішінен жылымның,

Шыңғырған дауысымын құлынның.

* * *


Ойлап тұрсам, бар тағы

Таптырмайтын тақырып,

Тəнім жерге тартады,

Жаным көкке шақырып.

Бала күнді аңсаймын,

Тіршілікке мен алаң,

Ұйықтап жатып шаршаймын,

Тұрып жүріп демалам.

Жазда шалқып ағатын

Су да қыста қатады.

Санағандай сағатын

Ғұмыр өтіп жатады.

Тəнім қуат алар ма

Жиып-терген бар малдан,

Жаным тұрақ табар ма

Айнымашыл жалғаннан?!

Кесірінен кесектің,

Көздеп атқан тасадан,

Құрығынан өсектің

Сақтай көрші,

Жасаған!


* * *

Тырнап көңіл жарасын,

Жанды тəнге билетіп,

Көп адамның санасын

Кеткен шайтан күйретіп.

Ұққан сөздің киесін,

Алла деуден танбайды.

Ондай тілдің иесі

Жамандыққа бармайды.

* * *


«Өмір мəңгі берілді!» – деп,

Сенген кісі бар ма екен,

«Жан көзіме көрінді!» – деп,

Көрген кісі бар ма екен?!

Қалжыраған тəннің өзі

Болар жанға тар мекен.

Бұл жалғанда жая жесе,

Ол жақта жал жер ме екен,

«Е, Құдайым, ая!» – десе,

Шығар жері төр ме екен?!

Жан қысылса тар болмай ма

Ұлан-байтақ кең мекен.

* * *

Ауызбен айтқанды



Бекітпей көңілмен,

Көргенмін қайтқанды

Өкініп өмірден.

Қолменен қылғанды

Көтермей мойынмен,

Көргенмін тұрғанды

Жабысып уайыммен.

Адамның баласы

Жүрмей-ақ таласып,

Тазарса санасы,

Алланың жолы ашық.

* * *


Кемірсе жаныңды

Қайғының қашауы,

Жанарға жас тұнса –

Көңілдің босауы.

Көз алдың сейіліп,

Құйылса жарығы,

Қағазға түскен сөз –

Жүректің жалыны.

* * *


Көпті аң-таң қылсам да,

«О!» –


десетін күн қайда?!

Қатты қорқып тұрсаң да,

Айқай қоспа

«Ойбайға!»

Алданғанды ұққанда

Өкінгеннен

«Қап!» – дедім.

Іштен жалын қысқанда,

Қысылғаннан

«Аһ!» – дедім.

Қиналғанда

«Уһ!» – дедім,

Сабыр қылып, жұбандым.

Болған кезде күткенім,

«Алақайлап!» –

Қуандым.


* * *

Бірге жүріп, бір қонған,

Ел ішінде кім болған,

Нəпсілерін тыймаған,

Өсек-өтірік жинаған

Шайтан менен жын болған.

Күн жаумай-ақ су болған,

Жігеріңді құм қылған,

Қылшығы көп түбіттей,

Намысы жоқ жігіттей

Сұрқия мен қу болған.

Өнегеден құр қалған,

Жүрген жері кір болған,

Қалмай жүрген мың тойдан,

Мақтаншақ пен даңғойдан

Жанған өрттей күл қалған.

* * *

Киген киім,



Көрген сый,

Болған жиын,

Салған үй –

Бəрі қалады.

Істелген іс,

Жиған мал,

Көрінген түс,

Өскен тал –

Бəрі қалады.


Қазған кенің,

Жазған жыр,

Қалған көңіл,

Айтқан сыр –

Бəрі қалады.

Ішкен шəрбат,

Татқан бал,

Келген қонақ,

Сүйген жар –

Бəрі қалады.

Қалады,

қалады...



Алайда, болады

Обалы,


Сауабы.

Сондықтан өзіңді

Көтерме жоғары.

Сырды бүккен мақпал түн,

Түнді түрген алтын күн

Бəрі қалады.

Қимаса да қалың ел,

Бауыры суық қара жер

Қойнына алады.

* * *


Алдымда асулар, өткелдер,

Ну орман, көп белдер...

Өттім.

Қақпасы тас жабық қорғандар,



Сағымдай армандар...

Жеттім.


Жай оты секілді жас шағым,

Бұл фəни – қас қағым...

Кеттім.

* * *


Алдымнан ақ күн туғызып,

Таңертең ерте тұрғызып,

Шайтанды келген қуғызып,

Қолымды күнде жуғызып,

Балақты жаста жырғызып,

Басымды тасқа ұрғызып,

Жақсымен сұқбат құрғызып,

Мойнымды Хаққа бұрғызып,

Ілгері басқан аяқты

Əдемі жолмен жүргізіп,

Сөздерді жақсы естіртіп,


Істерді ізгі көргізіп,

Жетсем-ау деген талаптың

Тұлпарын жүйрік мінгізіп,

Жүрекке жылу енгізіп,

Санаға білім кіргізіп,

Тағамды халал жегізіп,

Ғаламның сырын білгізіп,

Көңілге бəрін сиғызып,

Жалғанда дəурен сүргізіп,

Жүргеннің өзі бір қызық.

* * *

Көрсең де жалғанның қызығын,



Жесең де майы мен шыжығын,

Кетеді беттегі көркің де.

Момынды жағадан алмасаң,

Ешкімді аяқтан шалмасаң,

Тұра біл айтылған сертіңде!

Сабырды тосуың тым ұзақ,

Жиғанды шашуың бір күнде,

Ашудың келуі қазір-ақ,

Су сеуіп, басуың мүмкін бе?!

Салғанды қирату оп-оңай,

Қайтадан жарату мүмкін бе?!

Ақты да қарайту оп-оңай,

Қараны ағарту мүмкін бе?!

Кемені батырған толқын да,

Орманды жайпаған өртің де,

Барлығы – Алланың еркінде!

Алланың еркінде!

* * *


Сұлуды көрсем көз алмай,

Жүріп ем көптен озардай.

Болды ғой жиі ерегес,

Өмірдің мəнін сезе алмай.

Қиянат, пəле жоқ емес,

Қалатын жаным төзе алмай,

Қиналған күнім көп емес,

Ат арып, тоным тозардай.

Өткен соң дəурен басыңнан,

Салмағың қалмас тозаңдай,

Жақсылар кетіп қасыңнан,

Уақыт берер жазаңды-ай.

Қуырылып бір сəт жатарсың

Табаға түскен сазандай.

Іріңнен, бəлкім, татарсың


Қайнаса тозақ қазандай.

Тасаға кетіп тайталас,

Көкірек кірден тазармай,

Көңілдің шері тарқамас,

Құрысты бойдан жаза алмай,

Жегідей жеген жебір ой

Алды ғой менің мазамды-ай.

Санамыз қашан сілкінер,

Зор дауыс келіп оятпай

Таңертең айтқан азандай.

* * *

Жасөспірім бала кезім,



Сезімге мас, шала кезім.

Ол күндері білмеймін де

Қайда екенін Қағбаның.

Мені саған құмар қылған,

Сені маған сыңар қылған,

Жазуы ғой Алланың.

Жамандықпен күрескенде,

Арамдықпен тірескенде,

Не түссе де басымызға,

Бір көтердік салмағын.

Екеумізді серік қылған,

Несібесін беріп тұрған,

Жазуы ғой Алланың!

* * *


Күңгей менен теріскей де

Тіл табысса, келіспей ме?!

Адал болсаң, келеді екен

Ойда жоқта жеңіс кейде.

Бірақ, қимыл жасамасаң,

Шағылмайды шемішке де.

Толып жатыр жатыпішер,

Түсінігі теріс мүлде.

Ер жігіт те аз емес қой,

Өмірі өткен ер үстінде.

Болсың десең қайғыма ортақ,

Қуанышты бөлістің бе?

Кері серпіп керкеткенді,

Ізгілікпен көріс күнде.

* * *

Атамның мейірі,



Анамның пейілі,

Ішті оттай жандырдың.

Жарымның сенімін,


Баламның көңілін

Келмейді қалдырғым.

Үйдегі мүлкімді,

Қағаз бен қиқымды,

Жұпыны жұртымды,

Күндізгі күлкімді,

Түндегі ұйқымды

Қимаймын біртүрлі...

Бұл жалған, өйткені

Соншалық сүйкімді.

* * *

Орнында тұрса егер ай, күн,



Жұлдыздар көрінсе айқын,

Болмаса апаттар жойқын,

Құлшылық қылсаң да мың рет,

Мақтауға лайықты Құдірет!

Ағаштың өзгертсе түрін,

Ағызса жемістен шырын,

Қалдырса сарайдың күлін,

Құлшылық қылсаң да мың рет,

Мақтауға лайықты Құдірет.

Адамның аласын көрсе,

Ғалымның бағасын білсе,

Залымның жазасын берсе,

Құлшылық қылсаң да мың рет,

Мақтауға лайықты Құдірет.

Болса да қандай бір сынақ,

Азаптың бəріне шыдап,

Жүре алсаң еліңе ұнап,

Құлшылық қылсаң да мың рет,

Мақтауға лайықты Құдірет.

* * *


Орылған шөп, жанған от,

Жерошақта қалған шоқ,

Құрт жайлаған дүние-боқ

Бүгін бар да, ертең жоқ.

Қалған намыс қанымда

Менде бар да, сенде жоқ,

Сары алтындай сабыр да

Елде бар да, менде жоқ.

Жабырқаған шағымда

Жадыратар ем де жоқ.

Ашу келсе – ақыл кем,

Кемшіліксіз пенде жоқ.

Ойда жоқта табанға


Қадалса бір шөңге кеп,

Тозақ па деп ойлайсың

Жердің шарын дөңгелек.

Əлің бітіп, бұқсаң да

Қос қолыңды сермелеп,

Демің жетіп, шықсаң да

Қия шыңға өрмелеп,

Жан-жағыңа қарайла,

Алды-артыңды абайла,

Мəңгі тұрар жер ме деп.

Қысылғанда жыр шығар,

Бізден бұрын жыршылар

Айтып кеткен термелеп.

* * *


Беретін күзде жемісін жиып,

Діңгегі мықты ағаштар биік

Қоштасып, шіркін, құлайды бір күн,

Тұрса да көкке төбесі тиіп.

Тас болған мұз да қатса да қанша

Мерзімі бітсе болады сұйық.

Болғанмен құнды, тамыры берік,

Жүргенмен нұрлы ертеңге сеніп,

Жапырақ қурап, жүрегі тулап,

Дəурені өтсе, қалады семіп.

Телегей су да айналып буға,

Жыл өткен сайын жатпай ма кеміп.

Толағай тау да, жайқалған бау да,

Сырқат пен сау да, дос пенен жау да,

Ұшатын құстар қанатын жайып,

Балықтар суда қамалған ауға

Тағдырға көніп, тəубаға келіп,

Сұрайды түбі жанына сауға.

* * *

Құдайға қылып құлшылық,



Намазын қаза қылмайды.

Өткен соң солай тіршілік,

Дейді ғой: «жаза болмайды!»

Жақсының бағын көре алмай,

Жетсем деп соған сорлайды.

Өзіне өзі келе алмай,

Күдіктің бұлты торлайды.

Біреуге жапа тілесе,

Болса да сопы – сол қайғы.

Кеудеге ыза түнесе,

Тілегі қабыл болмайды.


* * *

Болса да бүгін бас аман,

Көңілім неден босаған.

Күнəм көп біліп істеген,

Күнəм бар білмей жасаған.

Тосқанда өмір сынағы,

Тұрғанда жетпей шыдамың,

Басқаға артсаң кінəні,

Боласың содан күнəлі.

Айтсаң да кейде жорта сын,

Құдайдан, бірақ, қорқасың,

Мойынмен бəрін көтеріп,

Азабын кейін тартасың.

* * *


Раббым Алла!

Үміт алда.

Баста мені

Тура жолға!

Қазған орға,

Құрған торға

Түсіп қалсам,

Өзің қорға!

Отқа салма,

Суға малма,

Аман жеткіз

Атар таңға.

Өзің қолда!

Раббым Алла!

* * *

Тор ма?


Тұзақ па?

Ор ма?


Қақпан ба?

Əлпештеген ұл-қыздың

Салма басын көкпарға,

Қалдыра көрме көп дауға,

Түсіре көрме шырмауға,

Апара көрме оқпанға! –

Деп тілеймін Тəңірден,

Күн батқанда,

Таң атқанда.

* * *


Қыңырайып – нығмет көрсе,

Бағы тайып – бейнет келсе,



Жарылқаған Хақтың өзін

Есіне алар азап берсе

Бұл пендеге не қыл дейсің?!

Асып-тасып бақ қонғанда,

Болып-толып шаттанғанда,

Жалбарынар Жаратқанға

Пəле-жала тап болғанда

Бұл пендеге не қыл дейсің?!

Ақша жинап, босқа тұрып,

Мансапты ойлап бас қатырып,

Есірке деп елеңдейтін

Кетсе көзі жасқа тұнып,

Бұл пендеге не қыл дейсің?!

* * *


Жасуындай иненің,

Тесігіндей түйменің,

Шұңғылы көп жалғанның

Көрдік талай илеуін.

Өтер бəрі басыңнан,

Артта қалып күйгенің мен сүйгенің.

Бірақ, соны кезің болса жасырған,

Аз болғаны көргенің мен түйгенің.

* * *

Зиян шекпей кəпірлер,



Пайда көрмей мұсылман,

Олжа тапты жебірлер

Зекет, кеусен, құшырдан.

Болса ғалым қолбала,

Бай мен бастық күпінген.

Тіпті дүмше молдаға

Кіріс кірген пітірден.

Сауаты кем жан бағар

Жыртыс алып мəйіттен,

Қалды деумен қолда бар,

Күліп қайтар бейіттен.

Күйін, мейлі, күйінбе,

Дəмегөйлер дұғадан

Отыр əлі үйінде

Арыла алмай күнəдан.

* * *


Ұйқыға жатар кезде,

Жұлдыздар батар кезде,

Тал түсте – күн шыққанда,

Ақшамда – кеш түскенде,

Жəне таң атар кезде


Өткізбей бекер жасты,

Сəждеге қойғын басты!

Ақ таңда, нұрлы кеште,

Шыға алсаң бұл белеске,

Алланы алсаң еске,

Айналар өнегеге,

Бала мен немереге

Көрсеткен үлгі емес пе?!

Өткізбей бекер жасты,

Сəждеге қойғын басты!

* * *

Темір тағаны тебендей,



Темір шегені инедей

Қылатын уақыт,

Түзу белді бүгілтіп,

Күлген жүзді егілтіп

Қоятын уақыт,

Қырық жыл болған қырғынды,

Қатыгез қуғын-сүргінді

Жоятын уақыт,

Патшаның өзін қаңғыртып,

Жалғанды жалпақ жаңғыртып,

Келетін уақыт,

Керемет қызық, сайранды,

Күтпеген жерден ойранды

Беретін уақыт

Барасың өтіп басымнан,

Уайымым көп шашымнан,

Ілгері кетіп барасың,

Қалмаймын десем қасыңнан...

Не істейін?!

* * *


Толып ұртың, жүрсең шылқып,

Қарғыс айтар өскен жұртың,

Ақыретті ойламасаң,

Иманыңды сайламасаң,

Жиғаныңды кетер құртып.

Жуса кетпес көңіл кірі,

Секілденіп еттің сүрі.

Көзден қанша жас ақса да,

Қаншама адам тас атса да,

Малғұн-шайтан жүр ғой тірі.

* * *

Таң сарғайып атқанда,



Күн қызарып батқанда,

Күндіз түнді тапқанда,

Түн күндізді жапқанда,

Көктен жұлдыз аққанда,

Аспан алқа таққанда,

Отты ошақта жаққанда,

Жайнап тұрған бақтарда

Жеміс дəмін татқанда,

Аман-есен өткізген

Селден, судан, оттан да,

Осы күнге жеткізген

Құдіретке шəк бар ма?!

* * *


Құран кəрім – тап шыным,

Жаныма ең жақыны.

Сөзі де емес бақсының,

Жыры да емес ақынның.

Адамзаттың арманын

Алып шығар нақ сыннан,

Құран кəрім – Алланың

Аманаты тапсырған.

* * *

Бір күн өшеді



Шырақ жағатын,

Бір күн тоқтайды

Жүрек – сағатың.

Болсаң сабырлы,

Күнің қадірлі,

Ұйқың – демалыс,

Түнің – жамылғы.

* * *


Ай тұтылып, күн шағылып,

Пана таппай пенделер,

Жұлдыз сөніп, мұз жарылып,

Ес жия алмай сенделер.

Зауал келер қас дұшпанға,

Арам қалмас құтылар,

Қанат байлап көкке ұшқан да

ЖаҺаннамға жұтылар.

Ондай жайды білмедім деп,

Жайма бекер қолыңды.

Түзу өмір сүрмедім деп

Мойындаған орынды.

Тасың өрге жүріп тұрса,

Өткізбегін күн босқа.

Айтпай-ақ та біліп тұрса,


Неге тəуба қылмасқа?!

* * *


Таулар жүндей түтіліп,

Аспан құлап жатса да,

Шығамын деп сытылып,

Сенеді жұрт ақшаға.

Жүген-құрық тимеген,

Аттан құлап жатса да,

Елді ақылмен билеген

Табынады патшаға.

Құдайға олар нанбайды,

Арқасында ғылымның

Шығамыз деп ойлайды

Арасынан жылымның.

Дəме қылар нөсерден

Су болмастан өтем деп,

Ғарышқа ұшып кемемен,

Жерден жырақ кетем деп.

Адам болса соны ұққан,

Түспей-ақ қой егеске.

Ғылымды да дамытқан

Хақ бұйрығы емес пе?!

* * *

«Зəмзəмнан ішем!» – деп,



«Кəусарға түсем!» – деп,

Білімсіз фəниде

Күпініп, күшенбек.

Мешітке барғанмен,

Құрбанын шалғанмен,

Тілегі бола ма

Дос болса жалғанмен.

* * *


Екі қол мен екі аяқ

Бір бірінсіз жүрмейді,

Қимылдаса бір қолың,

Екіншісі сермейді.

Ашылмаса екі ерін,

Тіл ауызды кернейді.

Өкпе жұтса ауаны,

Қарын суға шөлдейді.

Бастың айтқан сөзіне

Жүрек кейде көнбейді,

Жүректегі сезімге

Ақыл кейде ермейді.

Бəрін айт та, бірін айт,


Қатар қоңсы қонса да,

Көз қабақты көрмейді,

Баста бірге тұрса да,

Құлақ көзді білмейді.

Көз көрмесе естіген

Сөздеріне сенбейді.

Он екі мүшең сау болмай,

Іштерінен жау шықса,

Алла ғана емдейді.

Осы мысал неліктен

Саналарға кірмейді.

* * *


Неге екі қол, екі аяқ

Бір бағытқа нұсқайды,

Екі құлақ бастағы

Бірін бірі құшпайды.

Бір біріне екі көз

Қас қағып, көз қыспайды,

Неге бір тіл, екі ерін? –

Ерін тілді ұстайды.

* * *

Өзекке теппей өзгені,



Тағдырым мені көздеді,

Тасада жатқан мергендей.

Теп-тегіс жерде құладым,

Құладым, бірақ, шыдадым,

Болса да ауыр шер нендей.

Көзіміз бəрін көрді ғой,

Ұмытпас кездер болды ғой,

Ақырын ғана желгендей.

Жасымыз жетпей оқыдық,

Көп оқып, аздау тоқыдық,

Ғаламның сырын меңгермей.

Төбеміз жетіп төбеге,

Сөзіміз ұқсап жебеге,

Басқаны жүрдік тең көрмей.

Орныма құрбы таласып,

Жайлауым тұрды жарасып,

Төрт түлік түгел өргендей.

Сүйінші сұрар дос қаптап,

Айбыным тұрды асқақтап,

Қас дұшпанды жеңгендей.

Қылышым кейде өтпейді,

Өкініш ойдан кетпейді,

Уақытында сермелмей.


Кей шақта қара албасты

Жағама менің жармасты,

Үстіме келіп төнгендей.

Кезім де емес алқынар,

Басымнан жетіп артылар

Істерім жатқан жөнделмей.

Жан-жақты тағы абайлап,

Қарасам бүгін бажайлап,

Алжуға жақын қоғамда

Қадірсіз болып барам ба,

Ішінде жүріп бай елдің,

Күйеуге шыққан əйелдің

Артынан еріп келгендей.

Рақаты мен азабы,

Мехнаты мен ғажабы

Кезегін алып кеп тұрар,

Жүйкені түбі жеп тынар

Маңызы аз да, сəні көп,

Өзгерген өмір əлі жоқ,

Баяғы өзің көргендей.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет