* * *
Іске аспай білім,
Қысқарып тілім,
Жыртылды
Жаға.
Түн болып күнім,
У болып суым,
Ақ болды
Қара.
Ор менен опа,
Жала мен жапа,
Қалды ғой...
Тоба!
* * *
Теріс жолды кесіп өтіп,
Шын иландым Құранға.
Ізгілікті нəсіп етіп,
Қайырым қыл, ия, Алла!
Періштелер келіп кейде,
Құлағыма сыбырлап,
Естіген сөз көмейімде
Тұрып алды жыбырлап.
Алла қолдап, түзулігін
Түсінген соң ісімнің,
Сол жолдарды күні бүгін
Қағазыма түсірдім.
* * *
Күн артынан күн озды,
Көп адамға білінбей.
Заман азды, жер тозды
Текеметтің түріндей.
Қыздың шашы құбылды
Қырғауылдың жүніндей,
Тегіс жерде жығылды
Жүрген кісі сүрінбей.
Түбітті де қыл қылды
Пəле-жала қаптаған.
Даналарды құл қылды
Сөз түсінбес көп надан.
Үйренді жұрт күйелеп
Көйлек кисең мақтадан.
Қарғамын деп мақтанды
Шыққан үйрек шахтадан.
Түнеріп күн қабағы,
Жауын суы кілкіп көп.
Қырқылған жүн жабағы,
Сауылған сүт іркіт боп,
Ақша жетпей жаңаға,
Киген киім жыртық боп,
Қашыр тұлпар атанса,
Құзғын шықты бүркіт боп.
Жүйрік жылқы тұсалып,
Мылжың шешен болғанда,
Қас таланттар құсалы
Кетті көбі арманда.
Жандайшаптар тайраңдап,
Жағымпаз шен алғанда,
Отырасың қайран қап
Опасы жоқ жалғанға.
* * *
Айдын көлге қонбаса қаз,
Кісі көп пе мін көрген,
Сұлтан, мырза болд ы ма аз
Ел үстінен күн көрген?!
Дұрыс болса көптің назы,
Танымаған оң-солын,
Қазы-қарта жеген қажы
Ұстад ы ма д ін жолын?!
Төбең көкке тиіп тұрса,
Қара халық еліктер.
Би сөзімен биік болса,
Бек салтына берік пе?!
Еркін елд е намыс болса,
Жасанған жау құрта алмас.
Хан сөзінд е қазық болса,
Қарашасы бұлтармас.
Тегі мықты жүйрік болса,
Шапқанынан бір танбас.
Ақын жыры шынд ық болса,
Жұрт кітабын жырта алмас.
* * *
Жаратқан Ием!
Киелім!
Өзіңді шексіз сүйемін.
Жалғанның көрсем қызығын,
Ойларға кетем күнұзын.
Жаратқан Жаппар Құдайым!
Жалынып сенен сұраймын!
Қарттыққа дейін жастық бер,
Уайымға дейін шаттық бер,
Жоқтықтан бұрын байлық бер,
Сырқаттан бұрын саулық бер,
Өлімге дейін өмір бер,
Таусылмас нұры сенім бер!
Бақиға дейін... зейін бер,
Қалғанын өзің кейін бер!
* * *
Бұлақтар да суалады,
Мұз ериді жел өтінде.
Жасыл орман қуарады,
Бəрі Алланың құдіретінде.
Қалаларды су басады,
Өрт қаулайды жер бетінде.
Данышпандар алжасады,
Бəрі Алланың құдіретінде.
Кеткен сайын күн ілгері,
Жаратқаннан күнде тіле.
Өлгендер де тіріледі,
Бəрі Алланың құдіретінде.
* * *
Рахманға бөлеп жер үстін,
Қандырған оның шөлін кім?
Жайқалып тұрған жемістің
Уыздай сорған сөлін кім?
Жігіттің жауын шанышқан
Атынан алған ерін кім,
Сұлудың талдай майысқан
Қайыстырған белін кім?
Санамен ойды көркейтіп,
Ғаламның сырын білгізіп,
Иілген басты еңкейтіп,
Қоясың қайта тұрғызып.
Ақыл да берген, көрік те,
Жаратқан жалғыз Құдайым!
Нəсіпті берген кемітпе,
Деп қана саған жылаймын.
* * *
Шындықты жалғаннан,
Жақсыны жаманнан,
Адалды арамнан,
Халалды харамнан
Айыра алмасаң,
Ұлтыңның бағы үшін,
Алаштың қамы үшін,
Тірліктің мəні үшін,
Адамның ары үшін,
От болып жанбасаң,
Мынаны ескергін:
Нəпсіні қош көрдің,
Шайтанмен дос болдың,
Өмірден бос қалдың,
Мұсылман болмасаң...
* * *
Қазысы бітіп, сіңірі қалған,
Жемісі бітіп, түбірі қалған,
Қадірі кетіп, күбірі қалған,
Айтарын күтіп, сыбыры қалған
Тап болдық қандай қоғамға?
Қаскөйлер құрған шыға алмай тордан,
Қараумен жолға көздері талған,
Көргенге жəбір бола алмай қорған,
Өткенше жалған таусылмас арман
Не дейміз енді адамға?!
Болса да нəубет тағы да сынар,
Тартса да азап, сабырлы шыдар,
Пенденің қашан көңілі тынар?
Алланың берген əмірі шығар,
Сілкініс болса санамда.
* * *
Əр жерден шұқып, жеп көрсе,
Табады жемін қарға да.
Залымнан жəбір көп көрсең,
Сабыр қыл, қатты қарғама.
Жимайды дос та айылын,
Əзəзіл кірсе араға,
Сараңнан күтпе қайырым,
Арамға мүлде жолама.
Көңілдің қарын күреумен,
Өтеді өмір тез неге?
Жақсылық тоссаң біреуден,
Қамқорлық жаса өзгеге.
Қызығың көрген əр үйде,
Бір тамшы суға тати ма?
Пенде боп келсең Фəниге,
Адам боп аттан Бақиға.
* * *
Құбылаға қарап құбылған
Сəждеге түбі жығылған.
Сөз басқа, ісі бір басқа,
Шошимын заман сұрынан.
Абайды қатты қынжылтқан,
Толстойды да алжытқан
Түбіттей жұмсақ бұл жалған
Арылып бітпес қылшықтан.
Санамыз кірден тазармай,
Қайнайды ішім қазандай.
Бозарып атқан ақ таңнан
Отырмын тағы көз алмай.
* * *
Жер шары бізді көтеріп тұр ма,
Тұрмыз ба ұстап жерді біз?!
Ғажайып, тылсым сыр жатыр мұнда,
Шешуі əлі белгісіз.
Бақыттың досы, сірə, бұл қайғы,
Бұлақтар болмай теңіз жоқ.
Күлген кісілер еш жыламайды
Деуге де берік негіз жоқ.
Бас болды дейміз еркекті біздер,
Күн бар ма, бірақ, əйелсіз?!
Өмірдің мəні – бір бірін іздеу,
Болмайды адам тəуелсіз.
Күн менен түннің жазылмас жұбы,
Серігі кештің таң атқан.
Астары жаздың – тірліктің күзі,
Теңі жоқ жалғыз Жаратқан!
* * *
Сөздің сөлі таусылып,
Көздің майы таусылып,
Тура келген ажалға
Жасай алмай қарсылық,
Топырақтың астында
Жатыр адам жаншылып.
Шағылысқан күн көзі,
Басындағы күмбезі
Білдіргендей ұрпаққа
Болғандығын баршылық.
Өмір деген өтпелі,
Өтіп жаз бен көктемі,
Болар соңғы өткелі,
Байқамаймыз тек соны
Кеткенінше біржола
Кеудемізден жан шығып.
* * *
Қараңғы түн шашын жайып,
Сығырайған шам сөнді.
Кеткен кісі жолдан тайып
Түн қойнында теңселді.
Қара киім жерді сүйкеп,
Қара басты албасты
Қарақан бас қамын күйттеп
Жүрген жанға жармасты.
Бəлкім, бұл да ар сынағы,
Кетпеу үшін төмендеп,
Пенде үмітті таң шуағы
Терезеден енер деп...
* * *
Тағы да жыл келеді
Көзіме жылы ұшырап,
Күндерді ай жатыр турап
Қолына қылышын ап.
Көк жүзі мөлдіреген
Қойғандай елге сынақ,
Жұлдыздар селдіреген,
Көбісі жерге құлап.
Азанның үні естіліп
Жатқандай құлағыма,
Жақындап келемін мен
Баратын тұрағыма...
* * *
Жақсы орынды төр дейміз,
«Жақсылықты көр!» – дейміз.
Бірақ, кейбір жайларды
Көре тұра көрмейміз.
Соқырды неге көр дейді,
Моланы неге көр дейді?
Көр дегені – көресі,
Көрмей кісі сенбейді.
Көйлек жиі кірлейді,
Көрмегендер білмейді.
Көресісін көрмесе,
Көрге де адам кірмейді.
* * *
Кетті талай күн,
Қалмай еш белгің,
Бірі ерте кеп,
Бірін кеш көрдім.
Бірде шірендім,
Бірде төс кердім,
Алды мазамды
Көкей тескен мұң.
Сезіп жазамды,
Қатты сескендім.
Мың рахмет,
Раббым!
Елеп-ескердің.
* * *
Шаққанда үрейдің білтесін,
Еріксіз ат басын іркесің.
Жүні жоқ тауықтай үрпиіп
Іздейсің күдіктің күркесін.
Жайнаса жап-жасыл жер төсі,
Алысқа бастайды ел көші.
Адалдық – иманның іргесі,
Тазалық – сенімнің серкесі.
Қазақтың кең-байтақ өлкесі
Секілді жомарттың көрпесі.
Жолатпа ласты тазаға,
Бүгінгі айтатын серт осы!
* * *
Ыза бойды кернесе,
Санаға ырық бермесе,
Көздің алды тұман боп,
Ақиқатты көрмесе,
Кеткенше жұрт мезі боп,
Ақылға кел тезірек!
Күйік ішті тырнаса,
Байыз тауып тұрмаса,
Қасиетті сезімді
Күдік келіп ұрласа,
Кеткенше жұрт мезі боп,
Ақылға кел тезірек!
Тілің сөйлеп үлгірсе,
Қолың барып бүлдірсе,
Езу тартпас жерде де
Шайтан түртіп, күлдірсе,
Кеткенше жұрт мезі боп,
Ақылға кел тезірек!
* * *
Тіл ащы да болады,
Тіл тəтті де болады,
Қол жұмсақ та болады,
Қол қатты да болады.
Тек жүрегі адамның
Өзгерместен қалады,
Ол өйткені Алланың
Атын атап соғады.
* * *
Ара түспей жұлысқанға,
Сына қағып ұғысқанға,
Ешбір жанды теңгермедің
Дəтің жетіп ұрысқанда.
Жұртпен қатар тұрысқанда,
Қаштың қиын жұмыстан да,
Бөгет болдың өз бетімен
Күнелтуге тырысқанға.
Пəлені іздеп дұрыстан да,
Күле қарап жылысқанға,
Ойға алмадың өкінішті,
Тамырларың құрысқанда.
Адалдармен алысқанда
Қалай келдің сол ұстамға?!
Кейін, бəлкім, опынарсың,
Барған кезде Көрстанға.
* * *
Ұсынсаң – қолың жетпейтін,
Ұмтылсаң – жолың жетпейтін,
Қарасаң – көзің жетпейтін,
Мақтансаң – сөзің жетпейтін,
Санаға салсаң салмақты,
Жадыңнан мүлде кетпейтін,
Ғалымның ойы жетпейтін
Ғаламның сыры көп дейтін.
Болсаң да қандай данышпан,
Жұлдызды аққан ғарыштан,
Дыбысты артқан дабыстан,
Сəулені келген алыстан,
Үрейді бойды жанышқан,
Ғажапты тосын болысқан,
Айтуың қиын дəлелдеп
Кезде де ақыл толысқан.
Əлемді кезіп шарласа,
Айғағы айқын болмаса,
Қинамай ол да жанды аса,
Шындыққа, бірақ, нанбаса,
Жан-жаққа бұрып көңілі,
Сенімі ешбір қалмаса,
Иланбай өткен өмірі,
Міне, сол – нағыз далбаса.
* * *
Ішпейтін, жемейтін,
Ұйқыны білмейтін
Періште емеспін.
Адамға сенбейтін,
Өмірі өлмейтін
Ібіліс емеспін.
Бел байлап бұрыннан,
Сəждеге жығылған
Сопы да емеспін.
Кеудеде нұры бар,
Жарыққа жылынар,
Ашатын сыры көп,
Алланың құлы көп,
Солармен келеді кеңескім.
* * *
Əлхамдулила, мұсылманбыз,
Кекіреймей, көркейген.
Тəкəппарға шалқайса да,
Жайнамазға еңкейген.
Ақ жол тілеп жамағатқа,
Кешу сұрап Иемнен,
Тұрған кезде бірге сапқа,
Бір біріне сүйенген.
Сүтке суды қоса алмаған,
Қызығып аң атпаған,
Теріс қылық жасамаған,
Абыройын сақтаған.
Қанша қызық көргенімен,
Ұмытпаған өлімді,
Жүрген Алла пəрменімен,
Мұсылманбыз төзімді.
* * *
Мақсатқа жылдам жеткізген
Мейірімі басым ашудан,
Түйенің өзін өткізген
Иненің көзі – жасудан.
Алламыз жолды оңғарса,
Күмəн мен күдік шегінер.
Қалса да қатып тоң қанша,
Көңілдің мұзы сөгілер.
Тұрсаң да желдің өтінде,
Сабыры басым күнəдан,
Мырзалық қылған сəтіңде
Ырзалық қылар тірі адам.
Тозақтан алыс кетсем деп,
Жұмаққа жақын келе алмай,
Мойнымда жүрген қарызды
Отырмын түгел бере алмай.
* * *
Біреу өсіп, біреу өшіп,
Біреу қалып, біреу көшіп,
Бара жатыр өмір өтіп
Күн соңынан күн ілесіп.
Қиын жолда кідіресің,
Ойда жоқта сүрінесің,
Қатпар-қатпар шың-құздардың
Қойнауына үнілесің.
Тар асуда бүгілесің,
Өсекке де ілінесің,
Тумақ, өлмек – өмір заңы,
Бұдан басқа не білесің?!
Күмписем де емендей боп,
Төзім қалды тебендей боп.
Көң терідей көңілімді
Шамам келсе, көрем илеп.
Болмаса да заман ақыр,
Ауыр ойлар санада тұр,
Менен қалар, саған барар,
Өмір өтіп бара жатыр.
* * *
Киім азып-тозады,
Қарайтады көңілді,
Білім алға озады,
Ағартады өмірді.
Мал өледі, өшеді,
Қарайтады тілекті.
Ғылым күнде өседі,
Ағартады жүректі.
Алтын-күміс қалады,
Жер астына кетеді.
Жер бетінің қонағы –
Адамға не жетеді?!
* * *
Тірелер жер ат басы,
Ол – Тəубаның қақпасы.
Мұсылманның жақтасы,
Ол – Тəубаның қақпасы.
Қысылғанда тап басып,
Ашсаң Тəуба қақпасын,
Көз алдыңа əкелер
Лаухулмахбуз тақтасын.
Тұрсын ашық қақпасы,
Қатты серпіп жаппашы.
Рақым тілеп Рабыңнан,
Сабыр етіп, тоқташы.
Жақсылықтың аттасы,
Жолыңды ашар бақ басы,
Жанға байыз таптырған
Ол – Тəубаның қақпасы.
* * *
Еңбегі еткен ақталып,
Табанға салса биікті,
Елермес текке мақтанып,
Алланың құлы сүйікті.
Күйедей түскен кілемге
Кеудесін жеген күйікті
Шамасы келер күреуге
Алланың құлы сүйікті.
Жақсыға мойын бұрған соң,
Көтеріп ұстар иықты,
Шүкірлік қылып тұрған соң
Алланың құлы сүйікті.
* * *
Кісілерге кішік болса,
Жүрегі де жұмсақ болса,
Мейірімі түсіп тұрса,
Бұйырғанға ынсап болса –
Міне, нағыз тақуа сол!
Қауіп бұлты төнгенде де,
Қорқынышқа мəн бермесе,
Асыл бұйым көргенде де
Пиғылы еш өзгермесе –
Міне, нағыз тақуа сол!
Азап шеккен күнінде де
Амал жасап, ниет қылса,
Тілі менен жүрегінде
Ең əдемі тілек тұрса –
Міне, нағыз тақуа сол!
* * *
Қабір – өмір аяқталып,
Төмен түсер саты ма,
Əлде ақырет таяп қалып,
Көкке кетер саты ма?!
Біреу кетер, біреу келіп,
Өмір деген – сахна.
Кір келтірме күнде өзгеріп,
Адам деген атыңа.
* * *
Ызасына азықсыздың
Қарсы тұрар қай қамал?!
Көз жасынан жазықсыздың
Сақ бол – деген пайғамбар.
Көрік болмас өміріңе
Жиған бұйым, жайған мал,
Шаң қондырма көңіліңе,
Пəк бол – деген пайғамбар.
Ағарта алмас жүрегіңді
Ішкен қымыз, құйған бал,
Мүбарак қыл тілегіңді,
Ақ бол – деген пайғамбар.
Қарағанда аш пен тоққа,
Неше түрлі ой қамар.
Əлі жоққа, халі жоққа
Жақ бол – деген пайғамбар.
* * *
Таңертең тұрғаның,
Сəждені қылғаның,
Орындап парызды,
Мойныңды бұрғаның –
Иманның қорғаны.
Аллаға құрметің –
Уəжіп пен сүннетің,
Ғибадат міндетің,
Жасаған амалың –
Иманның қамалы.
Кең салмай арқаны,
Толтырып ортаны,
Сенімің кəміл боп,
Ойласаң ел қамын –
Иманның қалқаны.
* * *
Бір өлкені тіреп тұрсаң,
Мақтаса да ел ерек,
Намаз оқып, ниет қылсаң,
Жұртқа жайып не керек?!
Бар қажетті дайын қылсаң,
Болсын десең досың сай,
Оң қолыңмен қайыр қылсаң,
Сол қолыңмен жасырсай.
Сөзіңді ұқпас пақыр болса,
Болғаның жөн төзімді.
Көршің көзі соқыр болса,
Қысып қойғын көзіңді.
Халық бəрін көріп тұрса,
Сеніп тұрса дос егер,
Несібесі келіп тұрса,
Жиғаныңды шаша бер!
* * *
Шайтанның жібі секілді
Еркектің басын шырмаған
Əйелдер бұзса ниетін,
Адам көп сабыр қылмаған.
Тұратын беті безеріп,
Білмейтін жөнді кіл надан
Нəпсіге арзан тез еріп,
Əйелдің арын былғаған.
Көргендер теріс қылығын,
Сынаптай сырғып тұрмаған.
Лайламай таза тұнығын,
Арамға атын бұрмаған.
Тірелген жерде ат басы,
Жүрегің қатты тулаған,
Ашады жəннат қақпасын
Ұятсыз істі қылмаған.
* * *
Дүйсенбіні ауыр күн деп,
Айтады екен надандар.
Керегі не күнді тілдеп,
Алла берген барлық күн де
Əдемі күн, жарандар!
Сəтті күндер болған шығар,
Қатты күн де аз емес.
Тəтті күндер қалған шығар,
Біреу үшін шатты күндер
Біреулерге мəз емес.
Қуаныш қып атқан таңға,
Бойға жинап сабырды,
Адал дəмді татқан жанға,
Əрбір күнді мəнді өткізсе,
Күннің бəрі қадірлі.
* * *
Көңіл неге алаңды,
Жұрт біле ме бағаңды?
Көз жасындай жылап аққан тамшылар
Толтыра ма шараңды?
Намыс, жігер болғанымен қамшылар,
Жауға жұмсар семсер бар ма жарамды,
Басы бар да, аяғы жоқ ісіңнің,
Байқаймысың шамаңды?
Қас-қабағы қасындағы кісінің
Қасиды екен жараңды.
Мүсіндерін саф алтыннан құйғызған
Перғауыннан не қалды?
Жарты əлемді уысына сиғызған
Шыңғыс ханннан не қалды?
Адамдарды отын қылып жаққызған
Гитлерден не қалды?
Отыз ұл мен қырық қызын тапқызған
Абылайдан не қалды?
Құрт кеміріп тастамаса санаңды,
Айыра алсаң адал менен арамды,
Мəңгі түк жоқ мына алдамшы фəниде,
Ұмытпағын тобаңды.
* * *
Еңбек етсең,
Терің төксең,
Ағаш ексең,
Атты жексең,
Есік ашсаң,
Қадам бассаң,
Асып-сассаң,
Кейін қашсаң –
Ия, Алла, қолда де!
Қатты сүйсең,
Жанып-күйсең,
Тамақ ішсең,
Киім кисең,
Ойнап-күлсең,
Таққа мінсең,
Бағың жанса,
Тірі жүрсең –
Ия, Алла, қолда де!
* * *
Аспан менен жерді,
Босаға мен төрді,
Əйел менен ерді,
Құрсақ пенен көрді,
Еңіс пенен өрді,
Жауын менен селді,
Енесі мен төлді,
Ауру мен емді –
Түгел білген Алла!
Жерге түскен нұрды,
Ырыс берген күнді,
Тыныс берген түнді,
Отты жəне күлді,
Қылыш жəне қынды,
Дыбыс пенен үнді,
Əуен менен жырды,
Бірді жəне мыңды –
Түрлендірген Алла!
* * *
Қолыңда бəрі бар күні,
Қаперге, жаным, ал мұны.
Азғантай қайыр қылсаң да,
Қайтарма құр қол жарлыны.
Садақа берген жақсы адам,
Қонары анық бақ саған.
Мұқтажға берген қарыздың
Сауабы басым басқадан.
* * *
Көңілін сұрап сырқаттың,
Жұмсақ үнмен тіл қатқын,
Жүрген жансың, өйткені,
Арасында бір бақтың.
Жақсы сөзің емдесе,
Қауіп бұлты төнбесе,
Сарғаймай ма санадан,
Сағынғанда келмесе.
* * *
Алланың атымен кірсең,
Иіліп сəлемді берсең,
Дұғаның киесін ұқсаң,
Алланың атымен шықсаң,
Дəм татсаң алдағы астан,
Алланың атымен бастап,
Киімнің жаңасын кисең,
Алланы жаныңмен сүйсең,
Жүзіңді жақсыға бұрсаң,
Сауап бар саған мың сан.
* * *
Жемісі тəтті, сабағы тікен,
Өмірдің өзі əсем гүл екен.
Бал жинап жүрсе гүлдерден ара,
Ұстаған жанның саусағы жара.
Гүлдің де, бірақ, ғұмыры қысқа,
Көктемде жайнап, шыдамас қыста.
Əр күні дастан, таусылмас арман,
Өтеді-ау бастан дүния-жалған...
* * *
Тауқіметін сапардың
Тартпаса да жолда көп,
Елден жиып қаржыны,
Қажы болған молда көп.
Көлгірсіген кей жандар
Бүркемелеп тірлігін,
Турист болып барғандар
Қажы атанып жүр бүгін.
Түсіп ақ тер, көк терге,
Қажып жеткен қажылық
Қалар амал дəптерге
Сауап болып жазылып.
Болса-дағы кім қарыз,
Бұдан шығар бір түйін:
Қажылық та – бір парыз,
Қажы болу тым қиын.
* * *
«Бізге сені кім берді?»
«Алла!» – дейді бөпесі.
«Бұл күнді де көз көрді»,
«Тəуба!» – дейді əжесі.
Білмесе де шариғат
Шыққаннан соң сенімнен.
Айтылған сөз ақиқат
Нəрестенің тілімен.
* * *
Əр қадамың есепте,
Жүрген ізің белгілі.
Өзек болар өсекке
Көңіліңнің кеңдігі.
Бұл өмірдің ұғасың
Саған берген үлесін.
Кірген жерден шығасың,
Шыққан жерден кіресің.
Бірақ, кейін есіткем,
Жолаушыдай кешікккен,
Кірсе-дағы есіктен,
Шыққандар бар тесіктен.
Өткізбесең болғаны
Уақытты бекерге.
Қайтып кірер қақпаны
Қатты жаппа кетерде.
* * *
Ортасында қаумалаған қауымның
Тас секілді түскен жерге ауырмын.
Тамақты түсіргеніне емес,
Асымның ішілгеніне,
Қасымның ісінгеніне емес,
Досымның түсінгеніне,
Жақынның төс кергеніне емес,
Қатемді кешіргеніне,
Адамның мүсіркегеніне емес,
Алланың есіркегеніне
Зəрумін!
* * *
Өтіп жатқан өмірің
Дəптер емес жыртып тастайтын,
Быт-шыт болған көңілін
Ыдыс емес жамап-жасқайтын,
Тіршіліктің таңдама тек жеңілін,
Арнасынан аспайтын,
Қыздырған жан дəуренінің көрігін
Қиындықтан қашпайтын,
Көкейдегі сенімің
Түбі сені жақсылыққа бастайтын.
* * *
Қондырдың ба қолыңа
Үмітіңді үкілі?
Ешкім жоқта сағаттың
Естіледі тықылы.
Тамып тұрған тамшыдай
Ұрғылайды миыңды,
Хабар берген жаушыдай
Түсінбейді күйіңді.
Шындығында осылай
Өтіп жатқан уақытты,
Мұрша болмай, досым-ай,
Сезбегендер бақыттты...
* * *
Шапанды тоқым қылған бар,
Қобызды отын қылған бар,
Дұғалар жазған дəптерді
Пəршалап, қоқым қылған бар,
Ойлар көп мені мазалар.
Қазақтың білген шатағын,
Жүрегін езген қапа-мұң,
Анықты танып Алладан,
Далаға безген Шəкəрім
Іштегі дертті тазалар.
Аяққа Құран басқанға,
Тəспихты тастай шашқанға,
Сəлдені шұлғау қылғанға,
Шығарсақ үкім дұшпанға,
Білмеймін, қандай жаза бар?
* * *
Еңбекақы алған соң,
Əмиянға салған соң,
Жарық, жылу, судың, газдың, қоқымның
Тиесілі төледім де ақысын,
Борышымнан құтылдым.
Қызықпай-ақ дəулеттіге, малдыға,
Ас-суды алып алдыма,
Аузымды ашып отырмын,
Өтелді ме, бірақ, түгел парызым,
Қалмады ма қарызым?!
Осы жайды өлеңіме қосып жүрген ақынмын,
Шын мəнінде, құтылуға қарыздан
Амал таппай сасып жүрген пақырмын.
* * *
Алланың атын адамға теліп,
Құдай деп танып адамды,
Жүретін жандар жалғанға сеніп,
Көздері судай қараңғы.
Милары ашып, басылмай желік,
Тірлікте мынау қас-қағым,
Патшаның өзін Құдайдай көріп,
Бас шұлғып, иер бастарын.
Тұрғанда кетпей басынан бағы,
Ойламас түк те көр-кеуде.
Кеудеден, бірақ, шығарда жаны,
«Тіліме иман сал!» – дер ме?!
Достарыңызбен бөлісу: |