Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін,
Жұрт ұқпаса ұқпасын – жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін, –
деген зор сеніммен үлкен философиялық ой түйеді. Күрес
жолындағы сансыз қиындықтар, жазықсыз жапа шегу мен қудалау,
қиын тағдырмен арпалысу, азаматтықтың мəні мен мақсаты жай-
лы толғаулар ақынды осындай өмір мен өлім, бүгін мен болашақ
туралы терең тұжырымға алып келеді. Өз ғұмырын арнаған игі
істің жемісі мен жеңісін ертеңнен күтеді. Алға жетелеген ақ арман
биігінде мерт болудан қаймықпай, тəні өлгенмен, рухы өлместігіне
сеніп, бүгіннен келешектің жалғасын көреді. Осы арқылы адамның
өмірі мен өлімі жайлы “мені” мен “менікінің” айырылғанын, “өлді
277
деп ат қойыпты өңкей білмес” деп ұлы Абай түйген ойды өрістете
түсіп, ірі философиялық пайымдау деңгейіне көтеріледі.
“Н. Қ. ханымға” өлеңінен біз елінің ертеңі үшін, жарқын
болашағы үшін бойындағы барын сарп етер, ештеңеден тайынбай-
тын қаһарман күрескер бейнесін танимыз.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан,
Жұрт қолымнан келмесе өкпелемес,
Барым сақтап, мен аяп алып қалман.
Ақынның лирикалық кейіпкері өз тағдырын халық тағдырынан
бөліп қарамайды. Сол себептен де өз ісінің ақтығына сенген ақын үшін
ең ауыр күрестің өзі қайғы-қасірет емес, лəззат. Бұл қорытындыдан
нағыз шынайы күрескердің оптимистік рухы сезіледі. Ақаңның осы
өлеңінің Мұқағалидың Фаризаға арнаған өлеңімен үндесіп жатуы,
ұлылар ұғымының желілестілігін танытса керек.
Ахмет өлеңдеріне құрғақ ділмəрсу, мағынасыз ұраншыл айқай
жат. Əр сөз өз орнын тауып, салмақтана түседі. Сонымен бірге ақын
нақты адамды, оның сезім-күйін жырлай отыра, қазақ қоғамының ең
бір ділгір, мəнді мəселелерін көтеріп, жалқыдан жалпыға бұрылады.
А. Байтұрсынов поэзиясындағы ұлт-азатшылдық бағыт оның
саяси бостандыққа жетуді аңсауынан, қазақ халқын орыс патшасы
езгісінен азат етіп, отаршылдық бұғаудан құтқаруды, қазақ ұлтының
өзін-өзі басқаруына қол жеткізуді аңсаған арманынан, соған бар да-
усымен үн қосуынан көрінеді.
Қазағым – елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Ахметтің осы “Жиған-терген” өлеңі түгел күйінде “Масаның”
соңғы басылымында 1922 жылы жарияланды. Бернияз Күлеевтің
айтуына қарағанда, төңкерістен бұрынғы “масаларда” соңғы шумақ
цензура рұқсат етпегендіктен берілмей келген. Өйткені мұнда халық
басына төнген ең күшті қауіп анық та айқын көрсетілген.
278
Өз өмірін күреске арнаған ақын отаршылдықтың шынжыр-
бұғауын тас-талқан етер күнді аңсап, тезірек жетуін асыға күтеді:
Қашан жанып шамшырақ,
Сəуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?!
Қашан маған іздеген,
Күліп жылы жүзбенен,
Болар серік бақ қарап.
Ақын үшін бақ ұғымы, бақыт ұғымы азаттық ұғымына пара-пар.
Ақынның лирикалық кейіпкері бақытты күнді аңсаушы ғана емес,
сол күннің тезірек жетуіне себепкер болуға ұмтылушы да.
“Қарқаралы қаласына” өлеңін Ахмет айдауға кетіп бара жатқанда
жазады. “Бар қаймағын қуып біттің, кім қалады еліңде, доңыздармен
сиыспаспын бірге тұрып бұл елде” дегенді айтып, ащы шындықты
бетке басады. Мұхтар Əуезов “Ахаңның елу жылдық тойы”
мақаласында: “1907 жылы Қарқаралы қаласында Ахаңды алты жол-
дасымен абақтыға салған. Қарқаралы тұтқынында аз уақыт отырған
соң, жазалыларды Семейге айдаған. 12 жыл өмірін өткізіп, еңбегі
жанбай айдалып жатқанда, Ахаңның қайғылы көңілінен шыққан
ауыр сөздің бірі:
“Қош сау бол, Қарқаралы жуылмаған,
Айдай бер қалса адамың қуылмаған, –
деп, өлеңнің шыққан уақытына, не себепті жазылғанына, не туралы
екеніне анықтама берді.
Зерттеуші-ғалым Ж. Ысмағұлов осы өлеңдегі “Қош сау бол
Қарқаралы жуылмаған” деген жолдар Лермонтовтың “Прощай,
немытая Россия” деген сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының өзі
Ахаңның қай биіктен бой көрсеткені, кімді бағдар етіп, қандай
ұғым-түсініктермен ой толғағанын аңғартады”, – деп, Ахаң ойының
өршіл үнді ақындармен астасып жататынын ашып кетеді.
Ұлы Абайдан тəлім алып, өлең құдіреті арқылы халыққа ой са-
лып, саналы іс-əрекетке, күреске үндеу – Ахмет поэзиясы əкелген
жаңа арна. Сондықтан да қазақ поэзиясында Ахаң салған жаңа бағыт
– ұлттық бірлік пен ұлттық азаттықты жырлау. Құр жырлау, құрғақ
ойбай емес, бостандықтың биігіне алып шығар жолды көрсетіп,
279
жөн сілтеу. Ахметке дейінгі ақындар өз халқының қайғы-қасіретін
сезініп, жаны езіле зарлағанмен, құтқарудың жолын айта алмады.
Ал Ахмет көрер көзге, сезер жүрекке мұны меңзеп қана қоймай, ны-
сана етіп қоя білді. Бұның басты себебін С. Қирабаев: “Олардың
(А. Байтұрсынов, М. Дулатов. Ө. Ə.) бүкіл россиялық дамудың жаңа
бір кезеңі туғанын дұрыс танып, соның ыңғайымен қазақ қоғамын
қозғалысқа келтірудің жолын іздеуінен”деп біледі.
Ахмет поэзиясындағы ағартушылық – оянуға, ояну – қасіреттің
сырын білуге, бас кінəліні сезінуге, сезіну – бостандыққа жол ашар
бұлқынысқа жетеледі.
Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.
Осыдан ғибрат алып жас жігіттер,
Һəммесі өз халқына қызмет еткей! –
деп, Міржақып тегін айтпаған. Сұлтанмахмұттың сонау 1914 жылы
“Өткірсің наркескеннің алмасындай” деп, өлең арнауы да осыдан
болатын.
Бағаң жоқ көр соқырдың көз алдында,
Мұңыңды жылап шақшы өз алдымда:
Гауһар тұрсын айырып алтыныңды
Аузына керек тас деп бірі алды ма?
Өткірсің наркескеннің алмасындай,
Жүйріксің “полный ходтың” арабасындай.
Сен сұңқар, көңілі соқыр, сенімен қас,
Өзінің болмады деп қарғасындай.
Қашанда жаңа ой, жаңа жолдың қалыптасып кетуі, көкейден
дөп шыға қалуы қиын. Көреген де дарынды Сұлтанмахмұт осыны
меңзеп отыр.
Ахаң тағдыры қиын екені белгілі. Оның жасандылық атаулыға
жат, еркіндік үнін шырқау биікке көтерген сұңқар жыры қанатын
кеңге жайған тұста 1916-17-нің дүниені опай-топай еткен алай-
дүлей заманына килікті. Сеңдей соғылысқан заман өтіп, ел Ахмет
жырының нəріне қайта ерін тигізе бастаған тұста, ақын тағдыры
сталиндік зұлматтың тырнағына ілінді. Ақын – Ахмет саясатшы
– Ахметтің құрбанына айналып, өзіндік сенімі үшін жазаланған
280
ақынның өзімен бірге түйғын жыры да торға түсті. Жыр өрісіне Ах-
мет, Міржақып əкелген елдік, еркіндік атты көркемдік ойдың тұнығы
лайланып, жасампаз жанды пікір тұмшаланды. Бірақ қазақ үшін
“шам қылған жүрек майын” (Сұлтанмахмұт) Ахмет Байтұрсынов
жырының алтын арқауы өз тұсында да, кейін де сақталды. Іле-шала
қазақ əдебиетінің өрісті өлкесіне Мағжан, Сұлтанмахмұт сияқты
идеялас шəкірттері келіп, Ахаң идеясын алға апарды. Кейінгі Сəкен,
Ілияста да Ахаңның тұлпар жырының дүбірін сақтап, Ахаң бастаған
азаттық тақырыбын тың ізденістермен байытып, жаңа рухани
биіктерге көтерді.
Ахмет поэзиясының арналы бағыты, қазақ əдебиетінде алар орны
жайлы кезінде Міржақып Дулатов былай деген еді: “Ол қарапайым
да түсінікті қазақ тілінде азаттық туралы, ұлт туралы, езілген,
артта қалған қазақ ұлты туралы жырлады; өнер-білімге, еңбекке,
ғасырлық ұйқыдан оянуға үндей отыра, əрбір қазақтың азаматтық
санасын оятуға ұмтылды. Ішкі сұлулығы мен мазмұны жағынан,
жинақылығы мен желілігі жағынан А. Байтұрсынов жырлары қазақ
əдебиетінде бірінші орын алады”.
Қорыта келе айтарымыз, Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы
ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиетінің даму тарихындағы
биік белес болып қала бермек. Ол шын мəніндегі нағыз ұлт-
азатшылдық поэзияның қазақ əдебиетіндегі негізін қалап,
қазақ өлең өлкесіне азаттыққа ұмтылған азаматтық жыр
үлгісін алып келді. Ендеше, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ
халқының “рухани көсемі” (М. Əуезов), өнер мен ғылымның сан-
саласын меңгерген, елінің ұлттық санасының оянуы мен азаматтығы
жолындағы күресте қатыгез тағдырға қайыспай қарсы тұрған ұлттың
ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасын
бүгінгі ой-сана биігінен осы тұрғыдан бағалауымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |