4. Көркемдік пен ғибраттылық
Біріншісі, туындыларына эстетикалық тұрғыдан талдаулар
жасау, яғни, оны әсемдік туралы ілімнің ғылыми жүйеленген
асқақтық, әсемдік, қайғылылық, төмендік сияқты категориялары
бойынша саралау. Ендеше, эстетикалық дүниетанымы зерделенеді.
Екіншісі, көркемдік талдаудың әдебиет теориясына және тілдік
ерекшеліктеріне қатысты тұрғысын негізге алу. Мұнда, проза мен
поэзиядағы көркемдік тәсілдердің қолданылу аясы мен тілінің
ерекшеліктері, ойдың нақышталып жеткізілуі туралы талдаулар
жүргізіледі. Демек, шығармашылығының эстетикалық шеберлікпен
берілу ерекшеліктері қарастырылады.
Үшіншісі жарыспалы түрде, оның эстетикалық толғауларының
халық даналығымен сабақтастығын ашып көрсету. Бұл тұста,
Ғұмар Қараштың ақындығы ХV–XVIIІ ғасырлардағы жыраулық
дәстүрмен астасып жатқандығы, оның заңды табиғи жалғастығы
екендігі анық байқала түседі.
Ғ. Қараштың эстетикалық дүниетанымы қазақ халқының
және еліміздегі өнер иелерінің дәстүрлі тарихи танымынан
және көркемдеу салттарынан тамыр тартады. Сондықтан, оның
ойлау машығы мен идеяны жеткізу тәсілдері ұлттық эстетикамен
тамырлас және оның заңды табиғи жалғасы болып табылады.
Сонымен қатар, ойшылдың эстетикасы бұл ілімнің категориялар
түзілімінің барлығын қамтитын болғандықтан, онда қайғылылық
пен шабыт, әсемдік пен ұсқынсыздық, күлкілілік (комедиялық) пен
ерлік сияқты мазмұндар тұтас қамтылады десе де болады.
Ғұмардың мазмұны қайғылық категориясына келіп тоғысатын
шығармаларының бірі – «Жоқтау» толғауы. Толғау жоқтау
аталғандықтан, алдымен бұл сөздің мағынасына шолу жасау
арқылы эстетикалық толғанысқа жататындығына көз жеткізе
аламыз.
Жоқтау – мазмұны бойынша тұтастай қайғылылық пен мұңды
бейнелейтін, қоғамдық өмірдегі нақты бір адамның қайтыс болуына
арналған, оның келмеске кеткендігінің ащы зарын толғайтын қазақ
халқының сезімге берілетін көне дәстүрлерінің бірі болып келетін
шынайы өмірмәнділік эстетика. Жоқтауда – естірту, аңсау, қоштасу,
көңіл айту, жұбату, ерлік сияқты сарындар тұтаса келе, өзіндік бір
көркемдік ерекшелікті және өмірмәнділік толғанысты білдіреді.
236
Ғұмар Қараш
Қазақ Совет энциклопедиялық сөздігінде бұл құбылысқа
мынадай түсініктеме беріледі: «Жоқтау – жанашыр жақын адам
немесе халыққа қадірлі адам өлгенде қайғылы сарынмен айтылатын
жыр. Жоқтау айтушылар адамның тірі кезіндегі жақсы қасиеттерін
мадақтап, орны толмас қазаның қасиетін қаралы әуенмен, өрнекті
жырмен берген». Сондай-ақ бұл үзіндіде жоқтау әні мен жоқтау
күйі болатындығы туралы да мағлұматтар берілген [101, 464 б.].
Көріп отырғанымыздай, жоқтау халқымыздың дәстүріндегі таза
қайғылылық категориясының мазмұнын толықтай қамтитын және
басқа халықтарда кездесе бермейтін ерекше құбылыс.
Ғұмар Қараштың «Жоқтау» жыры әйгілі Шомбал бидің баласы
Шомбалов Тарбынның қазасына байланысты туған. Автордың
1914 жылғы «Айқап» журналының 1 нөміріндегі жарияланған
бұл туындысы жай ғана «Фельетон» деп аталады. Ол да қазақ
дәстүрі бойынша оның жақсы қасиеттерін толғайды және жаман
қасиеттерін айтпау қажеттігін арнайы атап көрсетеді: «Марқұм
Тарбынның да бағызы мінездері бабасы Шомбал биге ұқсап әдейі
адамдардан артықша, басқа болғаны үшін үлгі өрнек аларлық
тапқандырымды санап, толғауменен жоқтап, алашқа жыр айтуды
тиіс көрдім. Әрине, адам болған соң кемшілік жақтары да болмай
қалмас, онысы бізге керек емес. Тарихта атағын аспанға көтерген
адамдардың бәрінде кемшілік жоқ емес болған» [63, 185 б.].
Бұл толғауда да қайтыс болған тұлғаның өткен өмірін,
қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәртебесін айтып, оның тірі
кезіндегі қызметі мен елге сіңірген еңбегі толғанылады және ол
аңсау түрінде болып келеді:
Атадан туған көп ұлдың
Абаданы жалғыз бірі ең
Атан қайтпас бұйра ең.
.......................................
Ауыр елдің ішінде,
Жеке бір артық туған ер едің.
Жалпы осындай өткен өмірін еске алу мен аңсаудың өзі қазақ
дүниетанымындағы эстетикалық толғанысқа келіп тіреледі. Оның
237
4. Көркемдік пен ғибраттылық
эстетикалық болатын себебі, асқақтық пен қайғылылықтың бірлігі
және оның таза өмірмәнділігі жан тебірентпей қоймайды. Аңсау –
өткен өмір белестерінің мәңгілікке қайта оралмайтындығы, бірақ
адамның жан дүниесінің оған келіскісі келмей қарсыласуы, түптеп
келгенде, мойынсұнуынан құралады. Ол ырғақ қайталанып күшейе
түсіп, келіскеннен кейін қайтадан буырқанып, қайтадан басылады.
Міне, қазақтың жоқтауының жалпы түпкі эстетикалық ыңғайы
осындай өтпелі-қайталамалы толқындардан тұрады. Яғни, оның
өлімімен «келісе тұрып келіспеу», түптеп келгенде, қайтыс болған
жан қатыспай тұрған және болашақта қатыспайтын бұл дүниені
мойындағысы келмеу мен қайтадан мойындаудың тартысынан
тұрады. Күні кешегі көзімен көрген адамның тірі болмысы,
бар болғандығы, осы дүниедегі белсенділігі сол сәтте, лезде-ақ
жоғалып кеткенде, сол адам болмысы мен қызметі елес түрінде
санада сақталып қалады да, жоқтаушы оның тұтас бейнесін жасап
шығарып, көз алдына еріксіз елестетеді. Бұл жоқтау да осындай
жағдаяттардан құралған:
Арбаға қара жектірдің,
Арқаға пана болып көп тұрдың.
Басқа бақыт қонсын деп,
Ел мұраты болсын деп,
Қара сия, ақ қағазға,
Әдемілеп төктірдің
Алладан әмір болған күн,
Өлшеулі деп толған күні,
Артында қалған ауыр жұрт,
Көзінің жасын төктірдің
Қабырғасын сөктірдің.
Мұнда да өткен өмірін баяндау мен өлімін баяндау
шендестірілген. Автор өзін және ел-жұртты көнбістікке шақырады.
Қайғының болмай қоймайтындығы, бұл да жазмыш екендігі т.б.
табиғи-эволюциялық заңдылықтармен өз сөзін дәйектеп қояды.
«Алладан әмір болған күн», – деп болмай қоймайтын және түбінде
болуы да тиісті өлім мәселесін, Алланың әмірі болған соң оған
көндігуді толғайды.
238
Ғұмар Қараш
Оның өміріндегі алған асуларын және тек қана игі істерін
толығымен дәріптей келе, өзінің бауыры екендігін де ескеріп қояды:
Арқамдағы пана едің,
Алдымдағы қара едің
................................
Айтып-айтпай немене,
Тарыққанда – таяуым,
Сүрінгенде сүйеуім,
Деген жалғыз аға едің.
Сондай-ақ бұл жердегі жоқтау мен қимастық сезім, автор
бойынша әрі қарай оның жоқ болатын, қатыспайтын кейінгі өмірі
туралы толғаныспен жалғасын табады. Осы дүниені, кейінгі
ауыртпалықты ол тастап кеткендей болады. Ақын оған кейінгі
өмірде не болуы мүмкіні екендігі туралы мұңын шағады:
Енді сенен соңыратын
Толық емен ортамын
Әр нәрседен қорқамын
Мен қорқамын, қорқамын
Түрлі-түрлі күн болып
................................
Үркердейін топтанып,
Бәйшешектей шоқтанып,
Шалқып тұрған ағайын
Күндердің күні болғанда,
Шілдей тозып әр қолда
Кете ме деп қорқамын.
Мұндай тәсіл бір қырынан психологиялық жеңілдену, өзін-
өзі жұбату болса, бұл жердегі автордың болашақ туралы шағып
отырған мұңы, шындығында, үш тарапқа қарай бағытталған толғау,
біріншісі – ол естімесе де, о дүниелік болған адамның өзіне, екіншісі
– ақын оны өзіне-өзі айтып отыр, үшіншісі – басқа туысқандарына
және барша халыққа арналған.
Жоқтаудың соңы тағы да қайталанып келетін аңсаумен
тамамдалады. Аңсау ондай ерлердің енді қайтып келмейтіндігін,
239
4. Көркемдік пен ғибраттылық
әрбір адамның өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар екендігін, ол
бар кездегі қоғамдық өмірдің келбетін үнемі оңтайландырып
шеберлікпен қайталаудан тұрады, ол «қайда» деп жол соңында
кездесетін сөз арқылы өзінің романтикасын күшейте түседі.
Қанеки енді, қане енді,
Ондай бізге ер қайда?!
.........................................
Жалтақтамай, жаңылмай
Қарайламай, қағылмай,
Қарманып сала берер ер қайда?!
............................................
Кезегіне келгенде,
Дұшпанын достай алар ер қайда?!
[22, 185–186 бб.].
«Қайда?» сұрағы – риторикалық, екінші бір қырынан қырынан
алғанда, жауабы өзінен-өзі түсінікті таза эстетикалық сауал болып
табылады. Ол да халқымыздың жыраулық дәстүрінде кеңінен
орын алған, өткенді аңсаудан туған, келмеске кеткен өмірге деген
сағынышты білдіретін, қайта оралса екен деген қимастық сезімді
толғайтын, өкініш пен көнбістіктің бірлігінен туған ішкі терең
психологиялық күйзелістің амалсыздан айтылған түрін білдіреді де,
орындалуы-орындалмауы екі ұшты терең өмірмәнділік мағыналы
армандарға келіп тоғысып жатады.
Доспамбет жыраудың толғауында да осы «Қайда» аңсауы
былайша қолданыс табады:
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда
Еңеке кірер күн қайда?
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?
[88, 33 б.].
«Күн қайда» сөзінің осылайша жыр соңына дейін жол тастап,
кезектесіп қайталанып отыруы да аңсаудың сезімдік күшін белгілеу
үшін қолданылған көркемдік тәсіл болып табылады. Махамбет
240
Ғұмар Қараш
ақынның поэзиясында да «қайда?» сауалымен аяқталатын толғаулар
бар және ол мазмұнына сәйкес «Ұлы арман» деп аталады:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда?!
Орама мылтық тарс ұрып,
Жауға аттанар күн қайда?!
........................................
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда?!
[88, 180–181 бб.].
Мұнда да «қайда» сөзі жай сөздермен кезектесіп, жыр
мазмұнын формасымен көркемдеп тұр.
Ғұмар Қараш толғауындағы аңсау мына тұста шегіне жетеді,
бүгінгінің бір мың күні өткен күннің біреуіне де татымайтындығын
өкінішпен толғайды.
...Домбыра шертіп жыр толғап,
Сауықпенен өткізген
Күндер талай бар еді,
Бүгінгінің мың күні
Бір күнінен садаға
[2, 45 б.].
Қорыта айтқанда, оның қайғылылықты терең толғауы мен
өзінің қайғыруы тым көнеден келе жатқан жоқтау сарынының
бүгінгі күнгі дейін жалғасуының заңды табиғи бір буыны және
кепілі.
Ғұмар Қараштың эстетикалық көзқарастары тек қайғы
мен мұңнан, аңсау мен толғанудан ғана тұрмайды, оның
дүниетанымында сұлулық пен әсемдіктің қадірін сезіну, оның
көркемдігіне қайран қалу тек қана құр, абстрактілі бейнелер
емес, адам өміріне шабыт алып келетін жарқындық пен үміт
сыйлай алатындығын ашып көрсетеді. Мысалы, «Жазғы кеш»
атты өлеңінде, өз елінің, туған жерінің табиғатының әсемдігіне
тамсанып, оның эстетикалық құндылығын паш етеді:
«Кең даланың ішінде, Желсіз тымық жазғы кеш, гүлін
шашқан шешектер, мұрын жарар аңғып иіс. Өкпең жұтып саф ауа.
241
4. Көркемдік пен ғибраттылық
Көтерілер хам көңіл, Сыбдыр шығып бір жерден, Хиялыңды һеш
бөлмес» [2, 133–134 бб.], – деп басталған толғау, ақын практик
және реалист болғандықтан, әрі қарай табиғаттан адамға қарай
ауысады. Ол ауысу табиғат сұлулығымен тек психологиялық транс
жағдайын насихаттап қана қоймайды, «сосын..?» деген сауалға
нақты жауаптармен жалғасын табады. Себебі, жоғарыда атап
өткендей, оның дүниетанымы қашанда өмір философиясына қарай
бағытталып тұрады.
Мұндай жазғы түндерде,
Жата берме езіліп,
Кеудеңде шыбын жан болса,
Қанаттан да құстай ұш.
.........................................
Күңірен де сазың сал,
Табиғаттан үлес ал.
...................................
Мұндай керім кештерде,
Өз қайғыңды өзің шеш
[2, 133–134 бб.].
Мұндай табиғатты бейнелеу, оның сұлулығын паш ету әлем
әдебиетінде жиі кездесетін көрініс және ол табиғат лирикасы деп
аталатындығы да белгілі. Бірақ бұл тұстағы ақынның лирикасының
өзіндік ерекшілігі оның философиялық мағыналы болып келіп,
адам өмірімен түйісетіндігінде болып отыр. Автордың айтайын
деген түпкі эстетикалық ой түйінін былайша тарқата аламыз:
Табиғат сұлулығы біріншіден, өзі-үшін. Ол өзімен-өзі көркем,
тамаша, егер адам баласы болмаса да, ол өзінің осы сұлулығынан
танбайды, айнымайды. Екіншіден, оны адамның тануы, сезінуі
арқылы ол өзін қайтадан ашады, адам оған сүйсініп, таң-тамаша
қалады, яғни, адам-үшін. Үшіншіден, оның сұлулығына сүйсіну тек
эстетикалық ләззат алу ғана емес, сол алған ләззатын адам нақты
өмірлік мақсатқа жұмсауы тиіс. Сол көркемдік сезім табиғаттан
адам өміріне көшірілуі қажет. Нақтырақ айтқанда, табиғаттың
сұлулығын адам өзінің ішкі дүниесіне мүмкіндігі келгенше,
тұтастай көшіреді. Ол көшірілген тұтас бейне, адамды жарқын
болашаққа, игі іске шабыттандырады, ол шабыт өздігінен нақты
242
Ғұмар Қараш
нәтижеге ұмтылады. Себебі, шабыт табиғаттың берген сыйы,
қандай-ма болмасын үлес алуға бағдарланған: «Табиғаттан үлес
ал», – деп көрсетуі де сондықтан.
Екінші бір қырынан, адам мен табиғат үйлесімділігінің тек
физикалық қастерлеумен шектелетін экологиялық жағын ғана емес,
ішкі рухани үйлесімділікті де паш етіп тұр. Қарапайым түрдегі
мысалдарды келтірсек, теректің адамға берер жағымды қуаты
жөніндегі парағылымдардың соңғы уақыттардағы дәлелдемелері
сияқты. Ендеше, оның эстетикалық ой өрнегін немесе қисынын
былайша жүйелеп көрсетуімізге болады: «Сұлулық: өзімен-
өзі – адаммен-бірге – табиғаттан-адамға – адамдағы-шабытта –
шабыттағы істе – игілікті нәтижеде». Бұл тізбекті әрине, Ғұмар
Қараш ұсынған жоқ, бірақ оның қисынына, ойлау жүйесіне, өлеңінің
мазмұнына сүйене отырып, осындай ой ниетін бағамдай аламыз.
Осы жердегі табиғаттан алынатын үлес, қазіргі материалистік,
прагматистік санадағы заттық үлес емес, рухани үлес, шындығында,
рухани-психологиялық қуат болып табылады. Мүмкін, табиғаттың
сұлулығы адамзатқа осындай қуат беру үшін тағайындалған болар
(Біз дүниенің мұндай қабілетін әлі жете сезіне алмай келе жатқан
шығармыз). Демек, Ғ. Қараштың мұндай тебіреністері әлемдік
болсын, қазақ дүниетанымында болсын кездесе бермейтін сирек
құбылыс және тұрғысы философиялық екендігінде сөз жоқ.
Қараштың эстетикасының әсемдікті бағалауындағы маңызды
ұғымдардың бірі – Көріктілік. Бұл – ақынның ойтолғамдарында,
сол нәрсенің немесе құбылыстың ішкі мағынасын толық ашуы,
өзінің болмысына өзі тура сәйкес келуі, басқа емес нақ өзі болып
сақталып қалуы т.б. сапалар мен қасиеттер арқылы жүзеге асатын
эстетикалық құбылыс болып табылады. Демек, кемелділік пен
жетілгендік оның көркі болып жинақталады дегенді білдіреді.
Шарлап атқан су болар,
Судың көркі не болар.
Аю, марал орнаған
Орнағанды құтқарып
Әрбір жаудан қорғаған.
Орала біткен жағалай
Орманы қалың ну болар.
243
4. Көркемдік пен ғибраттылық
Автор осылай табиғаттың: Таудың, Судың, Жердің, яғни,
кеңістіктің биіктігі-ені-ұзындығының көріктілігін (континуум)
байыптай келе, әлеуметтік кеңістікке қарай ойысып, Елдің, Ханның,
Батырдың, Байдың, Ерлердің, Арулардың, Қарттардың, Жастардың
көркі туралы толғанады. Халқымыздың дүниетанымында «Тау-
Су-Жер» түзілімінің тұтастанып барып, кейіптелуі, суреттелуі жиі
кездесетін эстетикалық таным-түсінік және көнеден жалғасқан
үдеріс болып табылады, демек, архетиптік түрде қайта жаңғырады.
Ақынның ел көркі туралы суреттеуі тек қана оның әсемдігін
емес, сол жерде өмір сүретін халықтың дәулетті-сәулетті ғұмыр
кешуі мен молшылығы арқылы жалғасын табады. Оның бұл
тұстағы әсемдігі тек қана сұлулық емес, сұлулықтың халыққа
берген несібесі мен жауабы болып құрылған:
Елдің көркі не болар?
Төресі ғаділ хан болар,
Қала берсе қара жер
Қайыстырып қаптаған
Орнаған дәулет мал болар
[2, 106–107 бб.].
Бұл да Асан қайғының мұратындағы «жерұйық» талаптарына
сәйкес келеді, шындығында, оның да «қой үстіне бозторғай
жұмыртқалаған заманы» тұтас қазақ халқы аңсаған арман-
мұраттардың таза эстетикалық туындысы, түпнегізі және
жиынтығы десе де болады. Жердің өздігінен қастерлілігі мен
шексіздігі, түптеп келгенде, қазақ қоғамында толы малымен өзінің
сұлулығын арттыра түседі. Себебі, жағдай мен тұрмысы жақсы
халық та көңілді, шат-шадыман өмір сүреді. Сонда адамның
көңілді, жайбарақат өмірімен табиғаттың сұлулығы үндесе келе,
эволюцияның заңдылығы өз мәнінде жүзеге асады деген сөз. Міне,
ақынның толғап отырған үйлесімділігі де осы, авторда әсемдіктің
барлығы өмірмәнділік жағдайға байланысты болып келеді.
Ханның көркі не болар?
.....................................
Жайма шуақ ашылып,
Бейбітшілік шашылып,
244
Ғұмар Қараш
Шаруа жай, жұрт тыныш
Оңып тұрған күй болар, –
деп ханның көркін елмен, бейбітшілікпен байланыстырып, оның
негізгі қызметі мен борышын қайталап береді де, батырдың көркін
толғауға қарай ойысады:
Ел шетіне жау келсе,
Қиялай қиқу орнаса,
..................................
Жауды қырдан асырып,
Үріккен қойдай қашырып,
Елге қайтса жаралы
Батыр көркі сол болар.
Осылай, қоғамның әлеуметтік, жыныстық, жас ерекшелік
құрылымын жүйемен толғап, бәрінің «көркін» пайымдап берген
Ғұмар Қараштың бұл идеясы – әрқайсысының өз болмысында болуы
қажеттігі хақындағы ұстаным. Әрбір адам тұлға болғандықтан
әр түрлі, бірақ ақын бұл жерде «олардың қандай болуы қажеттігі
туралы жалпыға ортақ ұстанымдардың мінсіз үлгілерін» паш етеді,
бірегейліктің өзімен-өзі құнды екендігін жариялағандай болады.
Яғни, бай қандай болуы қажет, Арулар қандай болуы тиіс т.б. деген
сауалдарға жауаптар анық берілген. Мысалы, бүгінгі күні де жоғары
оқу орындарымызда «Қазақ аруы» тұжырымдамасы ғылыми
тұрғыдан сарапталып, тәжірибеден өткізілуде. Демек, Ғұмар
Қараш «әр нәрсе өз болмысының шеңберінде болғанда ғана көрікті,
олардың көріктілігі табиғаттың және қоғамның үйлесімділігіне
алып келеді» деген эстетикалық пікірін ниеттеп тұр.
Тарихи-рухани ой сабақтастығына назар салсақ, сөздердің
аудармасына байланысты болғанмен, «Қорқыт ата кітабында» да
«кім көрікті» деген сауалға, данамыз «Тізесін бүгіп отырған әйел
көрікті.....» деген сияқты дәл осындай көркемдік танымын ұсынған
болатын. Ендеше, автордың көріктілік туралы эстетикалық пікірлері
ұлттық дүниетаныммен келіп сабақтасқан архетиптік үдерістер
болып табылады және ұлттық эстетикалық танымның тұтастығы
мен бірегейлігін паш ете түсуімізге өз үлесін қосады. Демек, Ғұмар
245
4. Көркемдік пен ғибраттылық
Қараш біріншіден, болмыстың өз мәніндегі көріктілігін, екіншіден,
әлеуметтік өмірдің өз мағынасындағы көріктілігін, үшіншіден,
қоғамдағы адамдар арасындағы үйлесімділіктің эстетикасын
және үшеуінің тұтасқан ажырағысыз бірлігін толғайды да, оның
кемелділік пен толысқандыққа байланысты болатындығы туралы
тың тұжырымдар жасайды.
Ақынның поэзиясында асқақтық та назардан тыс қалмайды.
Жоғарыда оның философиялық көзқарастарын талдау барысында
атап көрсеткеніміздей, «Жатыр едім бір түні, Сақырада салқындап,
Жоғары аспан жүзінде, Сансыз жұлдыз көрінді», – деген
жолдар да адамның шексіздік алдындағы дәрменсіздік сезімін
тудыратын сәттерде анық аңдауы болып табылады. Жалпы қазақ
сахарасындағы шексіздік пен сағым оның асқақтығы мен бақылаушы
адамның өзінен де жоғарылығын үнемі жариялап тұрады. Осындай
шексіздікті игеру халық дәстүрінде жылқы малын қолға үйретіп,
оны мініс құралы ретінде тағайындап, жүйткуге ұмтылумен келіп
шешімін табады. Шындығында, ақын аңсаған өткен заманның өзі
қайтып келмейтіндігі тұрғысынан алғанда, ол да асқақтық болып
табылады. Сағым, түнгі аспан, шексіз дала т. б. қазақ халқы үшін жай
ғана трансқа түсудің нысаны емес, психологиялық жеңілдену мен
жайбарақаттану арқылы жүргізілетін эстетикалық терапия іспеттес,
сондықтан, дүниетанымымыз оны бейсаналы-саналы түрде сезінген.
Ақын келесі бір кезекте, бүкіл табиғат пен қоғамның қалыпты
жағдайының сұлулығы мен өзінің тұтас болмысын сақтауының
өзіне тоқталып, оларды эстетикалық құндылықтар тұрғысынан
бағамдағандай сыңай танытады. Қазақ дүниетанымында жалпы
құндылық ұғымы – қастерлілік, қадірлілік, қасиеттілік сияқты
түсініктермен де беріле беретіндігін ескерсек, Ғұмар Қараштың
«Қашан қадірі білінер» атты туындысында, қадір сөзі арқылы
құндылықтар жүйесін жасап береді, олар адамгершілік пен
моральға негізделген этикалық қана емес, шындық пен ақиқатты
құрметтейтін логикалықтан да жоғарырақ, әсемдік пен сұлулықты,
асқақтық пен қайғылылықты негіздейтін болғандықтан,
эстетикалық құндылыққа жатады деп айта аламыз.
Бұл өлеңнің жалпы идеясы – Күннің, Жердің, Судың, Ердің
қадірі жайшылықта білінбейтіндігі мен ол құлдыраса, бұзылса,
246
Ғұмар Қараш
күйресе сол баяғы қалпының қадірі анық сезілетіндігі туралы
болып келеді. Бірақ ақын әрбір нәрсенің қасиетін эстетикалық
тұрғыдан түсіндіріп береді.
Көктен нұрын көшірген,
Жерден набат өсірген,
Сәулесі түссе жан бітіп,
Керіліп жансыз көсілген,
Жүнін тастап жал бітіп,
Жалпайып арық есілген,
Жиһан шамы жарық күн
Оның қадірін кім білер? –
деп Күннің қасиеті мен қызметін асыра сілтеусіз дәл бейнелей
келе, оның да ғарышмәнді басты құндылық, қадірлі нәрсе екендігін
еске салып қояды. Келесі кезекте, осылай судың қадірін көркемдік
тілмен ғана емес, әсемдік мұраттарымен тоғыстырып былайша
өрнектейді:
Тасып тоғай суарған,
Мұнартып, буланып
Көкорай шалғын ну алған,
Сарқыраған ағын су
Мұның қадірін кім білер?
Ойшыл осылайша Кеннің, Ердің қадірін айта келіп, оның
басқаша күйге ауысқан сәтте ғана қадірі болатындығын сипаттайды.
Мысалы, Судың қадірі білінер сәтті былайшы бейнелеп береді:
Шаңылтақ шілде күн туса,
Тамылжып тамыз түн туса,
Қызыл аңыз жел соқса,
Қызғылт жалын күн соқса,
Өлең қурап, жер кебіп
Құмадай борап шаң шықса,
Сарқыраған жазғы су
Сонда қадірі білінер
[2, 113–114 бб.].
247
Достарыңызбен бөлісу: |