КІРІСПЕ Мұғалімге арналған нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасында орта
білім мазмұнын жаңарту аясында «Информатика» пәні бойынша педагог кадрлардың
біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) негізінде
әзірленген әдістемелік оқу құралы болып табылады және біліктілікті арттыру курсында, сол
сияқты курстан кейін де оқуға арналған. Бағдарлама материалдары Қазақстан
Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне арнап әзірленген «Информатика» пәні
бойынша жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасына (бұдан әрі – Пән бойынша
бағдарлама) және критериалды бағалау жүйесіне негізделген.
Нұсқаулықта Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері, Бағдарламаны іске асырудан
күтілетін нәтижелер туралы ақпарат берілген. Ұсынылған материалдар «Информатика» пәні
мұғалімдеріне өз сабақтарын жоспарлап, өткізуге көмектесетін болады. Сонымен қатар,
мұғалімдерге ықшамсабақ арқылы Бағдарлама материалдарын өз тәжірибесінде сынап көруге
және оны ой елегінен өткізіп, рефлексия жасауға, сондай-ақ оқушыларға барынша қолдау
көрсетуге бағытталған жаттығу мен тапсырма әзірлеуге мүмкіндік беріледі.
Нұсқаулық Қазақстанда жүріп жатқан білім беру саласындағы өзгерістер мен білім беру
бағдарламасын жаңартудың өзектілігі, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейлерінде
«Информатика» пәнін оқытуда қолданылатын педагогикалық тәсілдер мен бағалау әдістері
туралы ақпаратты қамтиды. Сонымен қатар, бұл Нұсқаулықта Бағдарлама аясында
қарастырылатын теорияны мұғалім өз тәжірибесінде қалай қолдана алатындығы туралы
тәжірибелік кеңестер ұсынылған.
«Информатика» пәні бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсының ұзақтығы
10 күн, әр күн ұзақтығы 2 академиялық сағаттық төрт сабақтан тұрады. Сабақтардың
тақырыптары оқу жоспарында қамтылған.
Бағдарламаның мақсаты: «Информатика» пәні бойынша бағдарламаны жаңарту және критериалды бағалау
жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру.