ҚАРАБАЛАЕВА
Балнур Рахымбайқызы
Т.Жүргенов атындағы Қазақ
ұлттық өнер академиясының
аға оқытушысы, өнертанушы
(Алматы қ, Қазақстан)
balnur_karabalaeva@mail.ru
ҚАЗАҚ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ
ОБРАЗДАРДЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ
Аннотация
Мақалада қазақ бейнелеу өнеріндегі тарихи жанрдың ұлттық
образдарды көтерудегі маңыздылығы баяндалады. Қазақтың Ж.Қайрамбаев, А.
Дүзелханов сынды суретшілерінің шығармашылығындағы қазақ хандарының
бейнелері талданып, қарастырылады.
Қазақ кескіндеме өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасуы мен дамуына
тарихи және батальдық жанрларда жазылған композициялық құрылымы
күрделі, мазмұндық күші терең көлемді жұмыстардың елеулі ықпал еткені
қазақ бейнелеу өнерінің тарихынан белгілі. Еліміздің басынан кешкен небір
сындарлы жылдардың ауыр драмалық салдары, әлеуметтік қақтығыстары мен
саяси шешімдері бейнелеу өнерінің тұңғыш қарлығаштары аталған
кескіндемешілер мен бүгінгі күнге дейінгі бірнеше буын құраған суретшілер
қауымының шығармашылығынан көркемдік шешім тауып, халықтың ұлттық
тарихқа деген көзқарасының қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізді.
Тарихтан белгілі айтулы оқиғаларды кенеп бетіне түсірген
суретшілердің тарихи немесе батальдық жанрларда туындылар жазу
қажеттілігі уақыт пен қоғам тарапынан туындаса керек. Осы тұста
тарихымызды қайта қарау, көлеңке тұстарын жаңғырту, халықтың жігерін
нығайту секілді рухани игіліктерге сұраныстың артуы жаппай көрініс тапты.
Сонымен қатар, қазақ бейнелеу өнеріндегі жанр, әсіресе жеке бір тарихи
жанрдың тәуелсіздік жылдарындағы даму барысын зерттеу ұлттық
мәдениетіміздегі ғылыми әдіснамалық жүйелерді жетілдіруге, оның дамуының
себеп салдарын анықтауға, жанрлық кескіндеменің даму барысын бағдарлауға
өзіндік ықпалын тигізері сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан кескіндемесіндегі негізгі
тендениялардың бірі дәстүрлі кескіндеменің жанрларында көрініс тапты.
Егемендік алған жылдары абстрактылық нефигуративтік кескіндемедегі
ұлттық негіз, сәйкестік мәселелерімен қатар дәстүрлі кескіндеме өзінің
жанрларымен бұрынғы көркемдік құндылығын жоймай қарқынды түрде
228
дамыды. Қазақстанның бүгінгі өнерінің көпқырлылығына, шығармашылық
концепциялардың, көркемдік ағымдардың түрлілігіне қарамастан бүгінгі
ізденістердің көкжиегін белгілеп анықтауға мүмкіндік беретін мығым негіз
сақталып отыр. Қазіргі өнерге деген мұндай көзқарас оның бүгінгі
мәдениеттегі шекаралары мен құрылымдық маңызын анықтауға жағдай
жасайды.
Осыған байланысты бүгінгі бейнелеу өнеріндегі, әсіресе кескіндемедегі
жанрлардың даму барысын, олардың ішінара дамуының шекаралары мен
жетекші рөлге ие болғандарын анықтау арқылы қазіргі қазақ кескіндемесі
дамуының бір ерекшелігін зерделеу диссертациялық жұмысты зерттеуде алға
қойылған мақсаттардың бірі. Осы мақсатқа жету үшін бұл тарау
Ж.Қайрамбаев, А.Дүзелханов, және т.б. тәуелсіздік жылдарындағы тарихи
жанрдың қалыптасуына өзіндік өткел қызметін атқарған кескіндемешілердің
шығармашылықтары қарастырылады.
Бүгінгі күні тарихи жанр Қазақстан мәдениетіндегі аса қажеттілік
тудырған бағыттардың бірі. Егемендікке жетелеген тарихтағы қайғы-қасіретке
толы, қиын-қыстау жылдар Қазақстандық бейнелеу өнері шеберлерінің зерттеу
нысанына айналды. Кескіндемеші мамандар тарих беттерінде көрініс алған
еркіндік жолындағы әрбір оқиғаны композициялық құрылымын ұтымды шеше
отырып кенеп беттерінде кескіндеуге ұмтылды. Мұндай әрекеттері арқылы
суретшілер халық санасында өткен тарихқа деген қызығушылық пен
сүйіспеншілікті оята отырып, олардың ел тарихындағы өзіндік орны мен
құндылығын, маңыздылығын қайта жандандыруға ұмтылды. Қазақстан
кескіндемесіндегі тарихи жанр алғашқы қадамдарынан-ақ өзінің орнын
тұрмыстық жанрға ұсынды. Тұрмыстық жанрда тарихи көріністер халық
санасына, қабылдауы мен өз жүректерінде қорытуларына әлде-қайда жақын
болды. Тарихи көрініске ие болған тұрмыстық жанр кенеп бетінде
этнографизмді, әлдебір тыныштыққа мүлгіген лирикалық көңіл-күйді, жанға
жылы түстерде шешіп отырды. Кескіндемеде жаппай көрініс алған бұл жанр
өткен замандарда қол жетпеген жақсылықтардың, орындалмаған армандардың
ескерткіші секілді еді. Сондықтан да тұрмыстық жанрдағы тарихи көріністер
көзден ұшқан бұлбұлдай болған өткен замандардан қалған сағымдай болды.
Осыған байланысты тарихи негізде жазылған туындылардың басым
көпшілігі шынайы тарихи болмыстан, деректен, көріністен алшақтап,
көрерменді қиялда орын алған, арман түпкірінде жатқан көшпенділер әлеміне
жетелейді. Мінекей осы себепті бүгінгі күні қазақ кескіндемесінде елеулі орын
алған жанрлар шекарасының жоғалуы, белгілі бір ара-жіктің болмауы сияқты
жиі көтерілетін мәселелердің қатарына енді.
Жалпы тарихи жанр тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан кескіндемесінде
екі түрлі сипат байқалды. Олардың біріншісі портрет жанрында кең
қолданысқа ие болды. Яғни, Қазақстандық суретшілер өз кенептерінде тарихи
тұлғалардың, тарихтан белгілі қоғам қайраткерлерінің портреттерін жиі
бейнелей бастады. Екіншілеріне өз шығармашылықтарында тарихи
тақырыптағы көлемді композицияларды айналдырып, тарих беттеріндегі
қанды, жанды оқиғаларды қайта жандыруға тырысқан суретшілер тобы
жатады. Аталған екі топтан бөлек тарихи негізді пайдалана отырып
229
этнографизм мен декоративизмге шалдыққан кескіндемешілер қатарыда жоқ
емес. Жиірек мұндай суретшілер өз кенептерінде қазақы киінген кейіпкерлер
мен дәстүрлі-тұрмыс салт көрністерін пайдалана отырып, лирикалық,
поэтикалық көңіл-күйді жеткізуге ұмтылды. Бұл суретшілер композиция
құруда қарқынды динамикалық қозғалыс пен әрекеттен бас тартып, бәсең-
статикалық баяу көріністерге қызықты. Яғни, кейбір кенептер осының
салдарынан ұлттық нақыштарды жарнамалау, дәріптеу немесе жариялау
сияқты баяндауларға ұшырап, ностальгиялық сипатқа ие болып жатты.
1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың бас кезінде тарихи сюжет
негізінде құрылған композициялық жұмыстарға мемлекет тарапынан
тапсырыс жағы көбейіп, осы негізде тарихи жанрдағы туындылар жазуға
ұмтылған суретшілер тобы жаппай көрініске ие болды. Жалпы тәуелсіздік
жылдарындағы Қазақстан кескіндемесі санаулы жылдардың шекарасын
белгілегенімен ауқымды мерзімдік кеңістік пен уақыттық аралықты қамтиды.
Себебі бұл кезең қазақ кескіндемесінің жаңа қырынан даму барысы болып
табылады. Аталмыш уақыт аралығында Қазақстан кескіндемешілері өз
шығармашылықтарында көркемдік қолтаңбасын іздестіру, қалыптастыру
мақсатында бірнеше мектептердің тәжірибелерін бастарынан кешіріп, соның
негізінде өздері де эксперименттік қадамдар жасады.
Тарихи мазмұндағы туындылар мен портреттер егемендік жылдары
біршама суретшілердің шығармашлығына негіз болды. Олардың ішінде
А.Дүзелханов пен Ж.Қайрамбаев шығармашылығында тарихи портреттер
галереясы жемісті түрде ұлғайғандардың қатарына жатты.
Ж.Қайрамбаев
алғаш
тәуелсіздік
жылдарындағы
Қазақстан
кескіндемесіндегі тарихи жанрға настольгиялық-романтикалық сарынды
әкелуімен ерекшеленді. Ұлт құндылығы мен рухани қазынаны қайта қалпына
келтіру, жандандыру мақсатында жазылған портреттер галереясы отандық
бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосты. Романтикалық сарынның бастауларын
қайраткерлер портретінің плакаттық негізде шешілуінен байқасақ, бұл әрбір
туындыға графикалық мәнер берді. Графикалық мәнер кескіндемелік
жұмыстарда суретшінің діттеген ойын анық әрі дәл жеткізуіне мүмкіндік
жасады. Ал, настольгиялық сарын ұлттық бастауға деген қажеттіліктен немесе
зәруліктен шөліркеген халықтың санасын ел мақтанышына айналған
тұлғалардың портреттік бейнесін, образын жасау арқылы сусындатудан
туындады. Осы орайда «Абылай ханның» (1993 ж.) (61-сурет, қосымша А),
«Хан Кененің» (1991 ж.), «Райымбек батырдың» (1991 ж.) (62-сурет, қосымша
А), «Құрманғазының» (1998 ж.), «Салт атты» (1996 ж.), «Яссауидың» (2005
ж.), «Абылайды хан көтеру» (63-сурет, қосымша А) және т.б. тұлғалардың
келбеттік кескіндері жасалды. Жұмақын Қайрамбаев «Абылай» тақырыбымен
осылайша қоштасып қоя салған жоқ. 1992 жылғы «Салт атты» туындысынан
да ханның танымды бейнесін көрсек, ол 2011 жылғы мемлекеттік тапсырыс
бойынша орындалған «Абылайды хан көтеру» атты монументалды кенебінде
өзіндік жалғасын тауып, дара көркемдік шешімге ие болады. Көлемі 2.5х5.0
метр болатын кенепте суретші «Абылай ханның» 1771 жылы Түркістан
қаласында үш жүздің ханы сайланған сәтін барынша сән-салтанатымен
бейнелейді. Қардай аппақ ақбозат үстіне шеру құрып келе жатқан хан бейнесі
230
бүкіл қазақ халқының рухани жебеуші іспеттес. Ж.Қайрамбаев өз кенептерінде
тарихи тұлғалар бейнесін қайта жандандырумен айналысқан, тәуелсіздік алған
жылдары оған деген сұранысты айқын сезінген суретші. Бұл топты
Ж.Қайрамбаевтың замандасы А.Дүзелханов өзіндік көркемдік мәнерімен
жалғастыра білді.
Қазақ халқының төл тарихын кейіпкері арқылы бейнелеген суретші
Ағымсалы Дүзелханов шығармашылығында хандар мен батырлардың орны
ерекше. Ондағы Абылай хан, Шыңғыс хан бейнелері, сонымен қатар қазақ
батырларының бейнелері атап өтерліктей айрықша суреттелген. Суретші-
график бір образды ашу үшін оның бар өмірін ой елегінен, сонымен қоса
қалам шеберлігінен өткізетінін оның ізденіс барысындағы туындылары
дәлелдейді. Соның бірі «Абылай хан» атты топтамасы. Қазақтың белді
ханының көркем графикада бейнеленіп, оның көптеген образдарға енуі
графика тілінің, сонымен қоса суретші шеберлігінің арқасы іспеттес. Хан
болмысын суретші тағы да жоғарыдағы туындыларында қолданғандай киім
киюі мен тұрғылықты орны арқылы баяндап, оны айшықтайды. Мәселен
«Абылай хан Түркістанда» атты еңбегі арқылы ханның бүкіл Тұран елін
билегендігін жария етеді. Хан болмысын ашу үшін оның тарих бетіндегі
бейнесіне көз жүгіртіп көрелік.
Тарих пен әдебиетті сонымен қоса ол салаларды графикамен
ұштастырған суретшінің Абылай ханды бейнелеу барысында кейіпкерді көп
қырынан қарап заман бейнесін ашуды алдына мақсат етіп қойғандығы
бәрімізге аян. Ақ қағазға қара қарындашпен кескінделген туындыда жеңілдік
пен салмақтылық бірінші кезекке қойылған. Басқа графикалық туындылар
секілді мұнда айқын қарама қайшылық, яғни түстік жағынан қарсылық жоқ.
Бірін бірі ұштастырып, тереңдете және де жеңіл етіп көрсетуі арқылы алыстата
көрсету суретші графиктің қолданысындағы ұтымдылықтардың бірі. Айыр
қалпақты Абылай суретші туындыларының барлығында дерлік салтанатты
киім үлгісінде көрініс табады. Хан қасында үнемі оның ақылшысы Бұхар
жырау мен оның батыр қолбасшысын бейнелеуі графикалық беттерден
анықталып отыр. Тек қана қарапайым қарындашпен түрлі қиылыстар мен
асқан нәзіктіктерді өз құлашына бағындырып, шеберлігін жарық пен көлеңке
арқылы шешкен суретші-график қазақ ханын сонымен қатар ғимараттар
арқылы оның жалпы орнын айшықтап, болмысын ашқан. Абылай ханның
Түркістандағы бейнесі Түркістандағы Ахмет Иассауи кесенесінің алдында
бейнеленуімен шешімін тапқан. Кесене жалпыға белгілі қырынан, яғни фото
суреттердегі қырынан бейнеленген. Бұл халыққа, көрерменге таныс
болғандықтан онша қызықты болып көрінуі де мүмкін. Сондықтанда суретші-
график Ағымсалы Дүзелханов басты кейіпкер характерін ашуда көп күш
жұмсаған. Оның болмысын тек киімі арқылы ғана емес, характерлік образы да
ерекшеленіп бейнеленген. Ат әбзелдері мен киім үлгісінің салтанаттылығы
қалыпты жағдай.
Ал екінші туындыда Абылай хан нақ осы киім үлгісімен ақ атқа отыра
сала Көкшетау жерін аралап жүргендей. Бұл туындыны барлай қарасақ
бейнелеулік тілден гөрі фото суреттің тілі басымырақ. Сонымен қоса
Батыстың портреттік жанрындағы қолданылатын әдісі көрініс табатын
231
іспеттес. Мәнерліліктің жылтырлылығы соншалықты қарындаш ізін де көз
шалар емес. Абылай ханның Тұран жерін билегендігін, оның қалың қолын бар
екендігін оның келесі туындысынан көре аламыз. «Абылай хан» (2004жыл).
Қазақ жауынгерлері, олардың киім үлгілерінің еркешелігі, ханды қоршаған
ақылгөйлер мен батырлар тарихтағы суреттеулері бойынша графикалық
бейнеге енген. Абылай хан туындыда аса салмақты, ақылгөй данышпан және
де қатал қаһарлы хан екендігі аңғарылады. Бұл туындының орындалуы
долбарлы күйінде қалып қойғандай. Себебі туындыда жинақылық көрініс
тапқандығымен де аяқталу мерзіміне жетпей қалған тәрізді. Бірақ барлығы да
өз орнымен орындалғаны көрініп тұр. Бұл біздің жеке көзқарастан туған пікір
болар. Ағымсалы Дүзелхановтың қазақ ханын бейнелеу барысында оның өз
болмысын ашып қана қоймай сонымен қатар ерліктеріне де тоқталып өткен.
Соның бірі «Жас Абылайдың жоңғар батыры Шарышпен шайқасы» (2004).
Абылай жиырма жасында хан майданда ерлігімен танылады. Сол кезде
қалмақтың батыры Шарышты жекпе жекте өлтіреді. Осы жылдар аралығында
болған тағы да бір ұрыста үлкен әкесінің әруағын шақырып, жауға
«Абылайлап» шапқан Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң орта жүздің сұлтаны
деп танылып қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады.
Әбілмансұр есімі ұмытылып Абылай атанады. Абылайдың іскери қолбасшы
ретінде қабілеті отызыншы-қырқыншы жылдардағы шайқастарда ерекше
көрінеді. Абылай жоңғарлармен соғысқа дарабоз Қабанбай, Бөгенбай,
Жәнібек, мүйізді Өтеген тағыда басқа батырлармен тізе қоса қатысады.
Абылай қалмақтармен соғысып қалжыраған елінің есін жиғызу үшін
дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланған. Бұл хан Абылайдың
ерлігінің тарихтағы көрінісі. Ал графикадағы көрінісі, яғни Ағымсалы
Дүзелханов шығармашылығындағы жас Абылайдың Шарышпен шайқасын
график қазақ ертегілерін бейнелегеніндей ете кескіндеген. Асқан
динамикалық қозғалыс байқалып сезілгенімен, айқай мен жаңғырық
естілгенімен де ұлттық алып рух көтерілмеген. Дегенменде туындыда алып
адамның бейнесі болмаса да жастықтың, қайсарлылықтың рухы айқын.
А.Дүзелханов шығармашылығындағы «Шыңғыс хан» бейнесі
жоғарыдағы қарастырылған туындылар тәрізді өз тайпасының немесе елінің
келбетін көрсетуге бағытталған. Сол секілді Шыңғыс хан бейнесі арқылы біз
моңғол елінің мәдениетімен таныс боламыз. Суретші шығармашылығындағы
композициялық құрылым аясын ашу барысында біз оның геометриялық
ұстанымдар арқылы жүзеге асқандығына куә болдық. Себебі, аталғандай
геометриялық ұстаным классикалық суретшілердің туындыларында орын
алғандықтан, ол үрдісті сақтаған қазақ суретшісінің туындысы үлгілі
шығармалар қатарынан екендігіне күмандана алмайсыз. Туынды арнасындағы
сызықтық жүйелерді бірбірімен үйлестіре отырып, суретші мән
мағыналылықтың маңыздылығын аша білген. Бұл қолданыс графиктің
алдыңғы туындыларында да көрініс тапқан.
Бұл туындының алдыңғы қарастырылған «Мөде», «Күлтегін» атты
туындылардан еш айырмашылығы жоқ. Тек қана кейіпкерлердің киім алмасуы
мен заттық бұйымдарының ерекшеленуі мен тарихи ерекшелігі туындының
негізгі ұстанымы болып табылғаны болмаса, туындыны жоғарыдағы
232
туындылардан бөліп жарып басқа туынды деп қарастыруға тұрарлықсыз. Бұл
оның композициялық шешіміне қатысты айтылған пікір. Себебі көрермен
барлығын сипаттамай-ақ өзінен өзі сөйлеп тұрған заттар мен көріністерді
бұлжытпастан айқындап ара жігін анықтары нақ.
Осы шығармаға сай атап көрсетер жәйт, жақында өткен Берлиндегі
Word Money Fair конкурсында «тарихи тақырыптағы ең үздік монета»
номинациясы бойынша А. Дүзелхановтың «Шығыстың ұлылары» атты
топтамасындағы Қазақстанның ескерткіш монетасы «Шыңғыс хан» жеңімпаз
атанды.
Ағымсалы Дүзелхановтың тарихи көріністегі туындыларының бірі
«Сақтар» (2005). Бұл туындының алдыңғы қарастырылған туындыларынан
әлдеқалай айырмашылығы бар деп айта алмаймыз. Нақтылай кетсек, суретші
шығармашылығын ежелгі қазақ елін зерттеуге арнаған. Ондағы тайпа, ру,
сонымен қатар оларды басқарған белді көсемдер мен хандар, батырлар және де
билер суретші шығармашылығынығының арқауы десек те болар. Суретші бір
батырды, ханды немесе тайпаны ала отырып сол дәуірді көрсетуге тырысады.
Барлық ерекшелікті сол ортаның күн көріс қарекетіне емес, мәдени үрдісін
көрсету арқылы оларды көрерменге танытады. Бұл суретші- графиктің өзіндік
бір қолтаңбасы болып айқындалады.
Ұлы ханымыз Абылай тұлғасын суретші алғаш рет 1993 жылы
кескіндепті. Абылай ханның қатулы жүзі, қайсар тұлғасы ел билігін қолға
алған кезді елестетеді. Ханның тұлғасына қайта оралған қылқалам шебері бұл
жолы портреттік үлгіні ұсынбады. Абылайдың қолбасшылық тұлғасын беруді
мақсат етті. Жорыққа қалың қолын бастап шыққан хан тұяғы жер тарпыған
тұлпарының үстінде алдыңғы жаққа қырандай көз тігіп отыр. Атынан жерге
түскен Бұқар жырау да ақылға салып тұрғандай. «Кеттік» десе «Абылайлап»
жауға шабуға әзір, жасақтың өн бойында ынтымақ, бірлік, батырлық жауға
қайнаған кек тұтаса тоғысқан. Оның толымды бір туындысы ─ «Тұмар»
патшайым. Жауға аттанғалы тұрған батыр қыздың бойындағы намыс пен
қайсарлық қындағы семсермен бірге суырылатындай. Тас түйін жұмылған
сарбаздарының алдында найзасын ойнатып атой салғалы тұрған Тұмар
патшаның өжет те өткір түр-тұлғасы көктен шүйлігуге әзірленген қыранды
елестетеді. Сол сияқты «Оғыз хан», «Әбілхайыр хан» суреттері де оның
тарихи ұлы тұлғаларды кескіндеудегі ізденісін анықтайды.
Суретші графикшінің барлық дерлік туындыларын алып қарамайық,
онда жалпы руға, тайпаға тән белгілер, символдар сонымен қатар белді
тұлғалар дәуір бейнесін ашуға үлкен дес беріп оның негізін мәдени үрдіске
ауғызып отырады. Демек, суретші туындыларын талқылай отырсақ оның
негізгі қолтаңбасы айқындалып шыға келеді. Бұл суретші график
туындысындағы тақырыпты ашу барысында алдына оның характерлік
сипатын ашуды емес көптеген суретшілер ұстана бермейтін сыртқы
келбетімен, яғни ұлттық ерекшеліктерімен (белгілер, символдар, белді
көсемдер, киім үрдісі, сонымен қатар мәдени ерекшеліктері) ашуды қоюы
болуы айғақталады. Осы айғақтарды нақтылайтын суретші-графиктің аталып
отырған туындысы сақ тайпасының бүкіл болмысын алдымызға тарту етіп
тұрғандай елес береді. Немесе туынды көрерменге сақ тайпасының киім
233
үлгісінен көрініс көрсетіп отырғандай елес береді. Туындыда сақ тайпасының
патшайымы Тұмар бейнеленген. Бұл суретшінің негізгі қолтаңбасын
айшықтайтын қолданыстарының бірі екендігін атап өткен болатынбыз.
Патшайым болмысын алдағы туындыларында айқындап өткен суретші график
ендігі сақ тайпасының өзіндік ерекшелігіне тоқталуды жөн көрген болар. Бұл
туынды Тұмар патшайым топтамасының жалғасы немесе сол тақырыпқа
арналған ізденіс нәтижесі іспеттес. Ұлы сақ тайпасы, қазақ елінің арғы атасы
тарихта қалай кескінделгенін шолып өтелік.
Ағымсалы Дүзелхановтың сақ тайпасына арнаған туындылары
шығармашылығының көп бөлігін қамтиды десек қателеспесіміз анық. Ол
туындылар арқылы көрермен жалпы сақ тайпасының бастан кешкен
оқиғаларын еске түсіре оны графика бетінен бұлжытпай оқи алады. Суретші-
график туындыларын бізге тек жол көрсетіп, еске түсіріп тұратын көрнекілік
ретінде қолдансақ та болады. Ондағы көркем сөздің графикалық бейнеге
айналып, көркем бейнелеу тілінде сөйлеуі үлкен шеберлікпен ұштасып тұр.
Сақ тайпасының шайқас жолындағы, елін жаудан қорғаудағы
көрсеткен ерліктері мен ақылдылықтарын дәлелдейтін шығарманың бірі
литография тәсілінде орындалған «Шырақтың ерлігі» (1986).
Ағымсалы Дүзелхановтың бір бейнені ашу барысында қаншама
тарихты ақтара отырып, оның көрерменге мәнерлі жеткізілуін жіті қадағалап
отыруы оның шығармаларының жетістігі деп білеміз.
Аталған суретшілердің туындыларына қарай отырып, тарихи жанрдың
егемендік жылдардағы қоғам мен халық санасын қайта жандандырудағы ролі
зор екендігіне көз жеткіземіз. «Мәдени қатынастар туғызған ортақ тіл дәуір
мәтіні ретінде әр көркем шығармада көрініс табатындығы шындық. Ал қазіргі
уақытта өзектілік танытатын мәдениеттер арасындағы коммуникация тек
уақытпен келген көркемдік ағымдарар ғана емес, ол адамдардың да өзге
мәдениетті тануы ретінде ой салмақ» [6, cc.12-17; 7, cc. 78-281]. Өнер жалпы
халыққа ортақ көркем тіл болғандықтан оның көркемдік құралдары арқылы
қайсыбір қоғамда болмасын үлкен стратегиялық жоспарлар құрылып, жүзеге
асып отырды. Сондықтан болар, отандық бейнелеу өнерінде де осы фактор
өзіндік үстемдігін алғашқы жылдарда-ақ байқата бастады. Жаппай тарихи
тақырыптар мен тарихи портреттер бейнелеуге ұмтылған отандық бейнелеу
өнері шеберлерінен тек санаулылар ғана көрермен жүрегіне жол тартты.
Олардың шығармашылығынан ұлтжандылық, өз тарихына деген құрмет және
оны тану арқылы өзіңді тану секілді ауқымды процестер бастау алды. Ұлттық
материалдық құндылықтарды қайта жандандыру арқылы түп тамырыңмен
мығым байланыс орнату, рухани қажеттілікті қамтамасыз ету секілді
моральдық нормалар жүзеге асты.
234
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Ергалиева Р.А. «Вперед в прошлое» как мэйнстрим современной
культурной ситуации в Казахстане. / Национальная идентичность в
процессе глобализации. Сб. докладов Международной научной
конференции. – Алматы: ГМИ им. А.Кастеева, 2009. – 200 с.
2.
Ергалиева Р. Феномен степи в живописи. Алматы: – Арда, 2008. – 120
с.
3.
Юсупова А.К. Ценности традиции и новые тенденции в творчестве
шестидесятников как предпосылки развития казахской живописи 1980
– 1990-х годов//Культурное наследие народов Казахстана и
национальная система образования. Материалы Международной
научно-практической конференции. І том. – Алматы, 2004. – с.
4.
Трусбекова Х.Х. Традиционная культура и современное искусство
Казахстана. //Сб. ст – Алматы: Үш қиян, 2001 . – 481, 482 с.
5.
Орынбеков М. Предфилософия протоказахов. – Алматы: Өлке 1994. –
207 с.
6.
Фрешли М. - Харитонова Л. (2015) Тарковский - в поисках рая. In
Материалы международной Научно-Парктической Конференции
"Казахское и венгерское кино и телевидение: самоидентификация,
современность и историческое наследие" посвященной 70-летию
ЮНЕСКО. казНАИ им.т.Жургенова. – Алматы-Сомбатхей, Savaria
Univertity Press. ISBN: 978-615-5251-50-4 рр. 12-17.
7.
Фрешли М.- Харитонова Л. - Бахшалиев Э. (2014) Цивилизация как
эстетический феномен. Наука и образования в современном мире.
Караганда, pp. 278-281
235
Достарыңызбен бөлісу: |