Атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 26 қазан 2019 ж



Pdf көрінісі
бет15/92
Дата22.05.2023
өлшемі1,94 Mb.
#96037
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   92
Байланысты:
A Кекилбаев (1)

Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Кекілбаев Ə. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 
1989.


90
2. Бахтин М. Проблемы поэтики Достоевского. – М.: Советский писатель, 
1963.
3. Лосев А.Ф. Философия, мифология, культура. – М.: Политиздат, 1991.
4. Нечаенко Д.А. Художественная природа литературных сновидений. Рус-
ская проза ХІХ века. Дис. докт филолог. наук. – М.: МГУ, 1991.
5. Юнг К.Г. Психология и поэтическое творчество// самосознание Европей-
ской культуры ХХ века. – М.: Политиздат, 1991.
6. Ремизов А. Сны и предсонья. – СПб.: Азбука, 2000.
7. Дəдебаев Ж. Түс аяны. – Алматы: Ғылым, 1992.
8. Сағындықұлы Б. Ғаламның ғажайып сырлары. – Алматы: Ғылым, 1997.
9. Қожахметова М. Түс-саяхаттар // Ақжелкен. – 1997. – № 1-2. – 2 б.
10. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – М.: Искусство, 1986. 
11. Гинзбург Л. О психологической прозе. – Л.: Художественная литература, 
1997.
12. Жарықбаев Қ. Қазақ психологиясының тарихы. – Алматы.: Қазақстан, 
1996.
13. Ахметов З. Роман-эпопея Мухтара Ауэзова. – Алматы: Санат, 1997.
14. Литературная энциклопедия терминов и понятий / Гл. Ред. и сост. 
А.Н.Николюкин. – М.: НПК Интелвак, 2001. 
15. Майтанов Б. Қаһарманның рухани əлемі. – Алматы: Жазушы, 1987.
16. Фрейд З. Ввведение в психоанализ. Сновидениие. – М.: Наука, 1989.
Выготский Л.С. Психология искусства. – М.: Педагогика, 1987.
17. Страхов И.В. Психология воображения. – Саратов:СГУ, 1971.
18. Степаньянц Ж.И. О роли сновидений в романах Достоевского. – Самар-
канд, 1990.
Қ. Жанұзақова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
филология ғылымдарының докторы, доцент
(Қазақстан)
Ə. КЕКІЛБАЕВ ПРОЗАСЫНДАҒЫ РОМАНТИКА
Қазақ прозасының ең бір жарқырай көрінген, классикалық деңгейге 
көтерілген кезеңі – ХХ ғасырдың екінші жартысы. Əлемдік сан салалы əдеби 
үдерістің ең озық үлгілерімен танысып, жан жақты тəжірибе жинақтаған 
қазақ қаламгерлері бұл тұста жаңа формалық, тақырыптық жəне стильдік 
ізденістерге бара алды. Мұндай ерекшелік алпысыншы жылдары жарқырай 
көрінген қазақ прозашыларының біразына ортақ құбылыс. 
Солардың ішінде қазақ прозасында болмыс-бітімі ерекше шығармаларымен 
көрініп, аңыздық желіні романтикалық сөз қуатымен сабақтастыра білген 
көрнекті жазушыларымыздың бірі де бірегейі – Ə.Кекілбаев болды. Мақалада 


91
артына мол мұра қалдырған қаламгердің шығармаларынан адам болмысының 
тылсым тұстарын, ішкі жан дүниесін ақтарып, мəңгілік мəселелерді қаузаған 
«Дала балладалары» мен «Аңыздың ақыры» романы туралы сөз қозғамақпыз. 
Ə. Кекілбаевтың бұл туындылары көне тарихқа сіңген дəуірлердегі мифтік 
аңыз-əңгімелерді, аңыздық сюжеттерді поэтикалық тұрғыда игерген дерек-
терге негізделіп, сол арқылы бүгінгі күн үшін өзекті жалпы адамзаттық мəні 
бар адамгершілік мəселелерін қозғайды. Жазушы романтикалық идеалды 
тарих қойнауынан іздейді. Суреткер мифтік мотивтерді, аңыздық желілерді
ертегілік сюжеттерді прозаның барлық жанрларында шебер қолданып, өзіндік 
стильдік ерекшелігін таныта алды. Қаламгердің он екі томдық шығармалар 
жинағының алғы сөзінде белгілі жазушы, əдебиет сыншысы Г. Бельгер: «Əбіш 
Кекілбаевтың көркемдік палитрасының қуаты мен қасиеті осында, ол ежелгі 
аңыз-əңгімелерді бүгінгі күннің елегінен өткізіп, тарихи-философиялық 
тұрғыдан екшеп, сол аңыз-əңгімелерден күллі адам баласына ортақ адамшылық 
тамырларды тауып отырады» – деп бағалайды [1, 3 б.]. 
Ə. Кекілбаев өз туындыларында халқының өткен тарихи дəуірлердегі 
рухани-эстетикалық тəжірибесін арқау ете отырып, оған философиялық мазмұн 
дарытады. Шығармаларында желі тартқан ел аузындағы аңыз-шежірелерден 
бүгінгі күннің көкейкесті мəселелерін көтереді. Ежелгі аңыз бен мифтерді 
бүгінгі өмір сүріп отырған дəуірдің талап-тілегімен, адамгершілік болмы-
сымен ұтымды ұштастыра суреттеген суреткер шығармашылығында осыған 
орай мəңгілік, онтологиялық тақырыптар бой көрсетеді. 
Жазушы туындыларындағы аңыздың романтикалық мазмұны туралы ака-
демик С. Қирабаевтың пікірі бағалы. Белгілі ғалым кеңес əдебиетінің соңғы 
дəуіріндегі əдеби процеске тұтастай сипаттама бере отырып, жекелеген 
шығармалардағы романтикалық ізденістер турасында ғылыми пікірін ортаға 
салады: «Ə. Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», «Күй», А. Сүлейменовтың 
«Бесатар», Н. Əбутəлиевтің «Қайран Нарын», Қ. Мұхамбетқалиевтің «Ежелгі 
дұшпан» сияқты повестері көшпелі халықтың қаһармандық салты мен рухани 
биік өмірін романтикалық бояулармен жаңғыртуға арналды. Əбіш повестері 
халық жадында сақталған көне сюжеттер мен аңыздарды көбірек бағдар 
тұтады. Содан бүгінгі заман үшін қажетті жаңа мазмұн іздейді» – дейді [2, 158 
б.]. 
Ə. Кекілбаев шығармаларындағы романтикалық сарын – мифтік-фольк лор-
лық сарынның, аңыз-əңгімелердің өн бойында өрілген. Жазушы өзіне етене 
таныс аңыз-əңгімелерді жалаң баяндаушы емес, ол əрқилы аңыз-əңгімелерді 
өзінше жаңаша түсіндіріп, сол арқылы композициясы күрделі, психологиялық 
салмағы бар дербес туынды жасайды. Жазушының көркемдік əдісі тұлғаның 
күрделі табиғаты мен дүниетанымына байланысты ерекшеленеді. Ə.Кекілбаев 
«Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау» повестерінде ежелгі аңыз-
əңгімелерді шебер пайдалана отырып, өткен күннің романтикалық ерлік, 
өнегеге толы жарқын да қаһарлы бейнесін жасайды, бүгінгі күннің көкейтесті 


92
мəселелерін қозғайды. Мұнда əлеуметтік аспект маңызды рөл атқармайды. 
Жазушы ұлтының кешегі болмыс-бітімін, рухани əлемін суреттей отырып, 
халықтық характерлер галереясын жасайды, өз кейіпкерлерін барлық қырынан 
жан-жақты талдайды. «Дала балладалары» мен «Аңыздың ақыры» рома-
нында романтикалық шарттылық пен реалистік нақтылық, философиялық, 
аналитикалық суреттеу тəсілдері өзара үйлесім тапқан.
Күй құдіретінің асқақтығын шеберлікпен бейнелейтін «Күй» повесінде 
Ə.Кекілбаев өткен тарихымыз бен бүгінгі күннің маңызды мəселелерін бір 
арнаға тоғыстырып, ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, гуманизм тақырыбын 
жаңа бір деңгейде көтереді. Осы шығармасын жазу барысында қаламгер атақты 
күйші Шəміл Əбілтаевқа «Адай» жəне «Абыл» күйлерін үздіксіз тартып оты-
руын сұраған көрінеді. Осылайша шамырқанған күйге елтіп отырып, бұрын 
соңды баршаға мəлім күй философиясын жалпыадамзаттық контексте жаңаша 
пайымдайды. Ə.Кекілбаев, біріншіден, халық жадындағы аңыздық деректен 
саналы түрде ауытқып, қазақ жəне түрікмен аңыздарының синтезін жасаған, 
суреткерлік қиялы арқылы өзі жаңа аңыз тудырып, оған философиялық-
романтикалық мазмұн берген. Екіншіден, ол үшін аңыздық оқиғаның желісі 
емес, сол оқиғадан туындайтын адамгершілік, моральдық, этикалық салдар 
маңызды.
«Ханша-дария хикаясы» повесінде Шыңғыс хан туралы аңыз баяндал-
ғаны мен, ішкі мазмұны махаббат пен қатыгездік, зұлымдық пен мейірімділік, 
жақсылық пен жамандық арасындағы тартысқа құрылған. Туындының ал-
тын арқауын қатал билеуші туралы халық аузындағы аңыз құрағанымен, 
романтикалық мифологема басты қаһарманның, Гүрбелжін арудың төңірегіне 
шоғырланған. 
Ə. Кекілбаев тарихи аңызды суреткерлік қиялмен суарып, туындының 
көркемдік, эстетикалық сапасын психологиялық детальдер арқылы ерекше 
арттыра түскен. Жазушыға шығармада Шыңғысханға жасалған қастандық пен 
оның жұмбақ өлімі туралы реалистік негіздегі тарихи аңыздан гөрі қатыгездік 
алдындағы адам қайсарлығының рухани жеңісі, адам рухының майыспас 
мықтылығы туралы романтикалық аңыз маңыздырақ. Қаламгердің негізгі өзек 
ойы да осы арнадан табылады.
Ə. Кекілбаев повесте халық арасындағы аңызды шығармашылық қиялмен 
байытып, жауыздықтың жазалаушысы ретінде ана, əйел рухының ұлылығын 
биіктете түскен. Шыңғыс хан Гүрбелжіннің асқақ рухынан, адамдық биік та-
нымынан жеңіліс табады. Жазушы осы романтикалық рухтағы шығармасы 
арқылы шын мəнісінде əділдікке, оның аңыздағы жоқшысы Гүрбелжін сұлуға 
өлмес ескерткіш қойды. 
Жазушы адамзатқа ортақ мұраттармен үндесіп жатқан аңыз-əңгімелерді 
бүгінгі күннің елегінен өткізіп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшейді. 
Өң мен түс арасындағы «аралық» жағдайларды суреттеу арқылы адам 
психикасының терең иірімдеріне бойлау, ішкі əлеміне ену, сезім толқындарын 
бейнелеу – жазушының тарихи тақырыптағы повестерінің өзіндік ерекшелігі.


93
Жетпісінші жылдарда бірін-бірі қуалай келген тарихи романдар көшінде 
айрықша сөз болуға лайықтысы – «Аңыздың ақыры». Қазақ романы тарихын-
да тарихи деректерге байланбай, авторлық таза қиялдан туған роман да осы. 
Ол қазақ əдебиетінің роман жанрындағы үлкен жаңалықтардың бірі болды. 
Мұнда бəрі де шартты – романтикалық сарын, философиялық түйін, бұлдыр 
тұспал түгел алмасып келіп отырады. «Лирикалық сипаттағы роман-новелла 
десе де болғандай» [3].
Алғашында «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланған «Аңыздың 
ақыры» романында романтикалық бейнелеу тəсілдерін молынан аңғарамыз, 
керісінше, кейіннен жазылған «Үркер», «Елең-алаң» романдарында тари-
хи факт реалистік тұрғыда игерілген. «Аңыздың ақыры» романы үйреншікті 
мағынадағы дерекке негізделген тарихи туынды емес. «Аңыздың ақыры» 
романында Ə. Кекілбаевқа Ақсақ Темір туралы тарихи факт емес, тари-
хи аңыз маңыздырақ. Өзіне тəн байсалды баяндау мен үздіксіз сана ағымын 
кейіпкер характерін ашудың құралына айналдырған автор философиялық, 
психологиялық тереңдікке бой ұрады. 
Тарихи деректерге байланбаған шығарманы автордың таза қиялынан туған 
төл сюжеті десе де болады. Жазушы тарихи аңыз шеңберінен шығып, дер-
бес психологиялық шығарма тудырған. Ə. Кекілбаев үшін романда оқиғаның 
қай ғасырда, қай жерде болғаны маңызды емес. Өйткені роман таза реалистік 
туынды емес. Мұнда аңыздық форманың фон ретінде алынып, Əмірші 
бейнесінің уақыт пен кеңістік тұрғысынан нақты дəйектелмеуінде өзіндік 
сыр бар. Мəселе, оқиғаның қашан жəне қалай болғанында, тарихи дəлдігінде 
емес, болған оқиғаның адамгершілік-философиялық мəнінде. Сюжетке өткен 
дəуір оқиғасы арқау болғанымен, ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, 
жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ, бақыт сияқты 
жалпыадамзаттық мəні бар мəңгілік мəселелерді қозғайды. Суреткер Əмірші 
бейнесі арқылы шексіз билікке ие болған адамның іс-əрекеттерін, мінезін, 
əлсіздігі мен шарасыздығын кең ауқымда алып бейнелейді, адам жанының 
шындығын тебіреніспен толғап, өмір туралы философиялық толғам, ғибратты 
ой ұсынады.
Ə. Кекілбаев өз шығармасының ерекшелігі туралы «Ел тарихы, ел тағдыры» 
мақаласында: «Тарихи материал жасақтауда құжат дерегі де, ел аузындағы 
əңгіме де, көркем қиял да көп қызмет ете алады. Бірақ тарихи шындыққа 
үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы қиялдан гөрі дерекке табынары 
сөзсіз. «Дала балладалары» атты циклға енген «Аңыздың ақыры» романым 
мен повестерім, негізінен, «белгілі бір көзқарастан туындаған тұжырымға», 
концепцияға сүйенеді. Ал «Үркерде» оған атымен кереқар бағытта іздендім. 
Онда, мүмкіндігінше, тарихи деректің ала жібін аттамауға, нақты тарихи 
ситуацияның өз драматизмін əсірелеусіз көрсетуге күш салдым» – деп жазады. 
Мифтік сарын Ə. Кекілбаев прозасында шығарма фабуласының негізгі тіні 
ретінде көрінеді. «Аңыздың ақыры» романында мұнара туралы аңыз идеялық-


94
адамгершілік жүк көтеріп, шығарманың негізгі композициялық арқауына ай-
налды. 
Романдағы нарративке дүниенің тоқтаусыз дамуы, жақсылық пен жамандық, 
болмыстың мəні, жаратылыстың жұмбақтары туралы ұғымдарға байланысты 
өткіншілік тəн. Ə. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы – көп деңгейлі 
көркемдік метафора, адамның жаны мен жүрегіндегі мұнараны салу семан-
тикасы бар кең ауқымды мифологема». Осы орайда шығармада мұнараның 
атқаратын символдық қызметі ерекше. Ол үш кейіпкерді, ханды, ханшаны 
жəне шеберді өзара байланыстыратын, бір қазыққа байлайтын ортақ желі. 
Мұнара – өз бойына негізгі (махаббат, мейірімділік, өнер, əлем мен адам 
жанының құпиясы) идеялардың кешенін жинақтап ұстаған романның ба-
сты символы жəне романның композициялық қазығы. Шығармада болып 
жатқан барлық оқиға түрлі деңгейде мұнарамен тығыз байланысты жəне 
оның қатысуымен өтеді. Мұнара бейнесі романда эволюцияға ұшырайды
алуан қырымен, мінезімен көрінеді, негізгі кейіпкерлердің характерлеріне 
орай трансформацияға ұшырайды. Романда мұнара семантикасы сыйым-
ды, ауқымды романтикалық мифологема қызметін атқарады, тіпті дербес 
кейіпкерге айналған. 
Мұнара – романдағы негізгі романтикалық қаһарман Жаппар махаббатының 
символы. Жаппар шебер үшін мұнара соншалықты ыстық, өйткені мұнара 
– оның өз қолынан шыққан «тілсіз перзенті». Оны бойына ғажайып көрік, 
«сиқыр сұлулық», «жұмбақ тұспал» дарытқан өзі. Екеуінің арасында құпия 
үйлесім, үндестік бар. Мұнара бірнеше əлемдерді, өткен мен бүгінді, аспан 
мен жерді жалғастырушы. 
Автор мұнара образын контраст поэтикасы арқылы суреттейді. Шаһарда 
мұнара бой көтергеннен кейін екі əлем – Мұнара мен шаһардың басқа тапал 
үйлерінің арасындағы қарама қарсылықты көреміз. Шебер жігіттің салып 
жатқан мұнарасы тек асқақтығымен ғана емес, өзінің ешкімге ұқсамайтын 
ерекше өрнегімен, тас мүсінге жан, тіл бітірген сиқырымен, құмырсқа тірліктен 
биік бола білгенімен де қымбат. Ол адам баласының күнделікті күйкі тірліктің, 
қалыпты дүниелердің шеберінен шығуға, ұлылыққа, ірі сезімдерге ұмтылысын, 
адам сезімдерінің əлеммен жасырын байланысын сезінуге меңзейді.
Лиро-эпикалық аңыздар Ə. Кекілбаев шығармаларының негізгі баяндау 
тініне шебер өріле отырып, қаламгер туындыларының өзіндік лирикалық, 
романтикалық əуенін береді. Қаламгер кейіпкерінің сезімдік күйіне психо-
логиялық салмақ артып, философиялық жинақтауларға ден қояды. Мұнара 
туралы романтикалық мифологема – болмыстың жұмбағы мен өмірдің мəнісі, 
адам өміріндегі маңызды құндылықтар туралы философиялық ой айту тəсіліне 
айналған.
Автор басты кейіпкерлердің жан дүниесіне барлау жасай отырып, бүгін мен 
өткенді сабақтастыра сипаттайды. Ə. Кекілбаевтың кез-келген шығармасы – 
эстетикалық-көркемдік деңгейі жоғары, қоғамның рухани сұранысына сай, 
бүкіл адамзаттық мəселелерді қозғай білген туындылар. 


95
Əр жазушы шығармасында уақыттың тынысын береді. Қазіргі проза-
да тақырып пен кейіпкерлер майдаланып, типтік образға жауап беретін 
тұлғалардың азайғаны, эстетикалық идеал мен романтиканың жетіспей 
жатқаны жасырын емес. Романтика əдебиетке қуат пен жан бітіреді, ол өлсе, 
əдебиет те бар нəрінен айырылады. «Романтика өлгеннен кейін, əдебиет те 
шала-жансар бола бастайды», – дейді Д.Исабеков. Ə.Кекілбаев мұрасы да 
қаламгердің романындағы Мұнарадай өз уақытынан озып туған, асқақ иде-
алдарды бойына жинақтаған биіктігімен, өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекше 
өрнегімен, терең мазмұнымен қымбат.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет