ХІ бөлім Мектепке дейінгі ұйым мен мектеп жұмысындағы сабақтастық 11.1 Балаларды мектепке дайындау Сабақтастық. Сабақтастық дегеніміз оқыту және тәрбие міндеттерін шешу мақсатында білім беру жүйесінің аралас буындары арасындағы өзара байланыс. Ол тәрбиелеу және оқыту жұмысы мазмұны мен оны жүзеге асыру әдістері арасындағы өзара байланысты көздейді. Мектептің жоғары сатыға көтерілуі балалардың мектепке дейінгі тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуына да байланысты.
Мектепке дейінгі тәрбие ролінің артуы мектепке дейінгі ұйым мен мектеп арасындағы сабақтастықтың қажеттілігін туындатады. Мектепке дейінгі тәрбие- білім берудің біртұтас жүйесінің алғашқы буыны.
Мектепке дейінгі ұйым мен мектеп сабақтастығы мынаны көздейді:
Балалардың жалпы дамуы мен тәрбиесі мектептегі оқу талаптарына сай келетіндей етіп даярлау.
Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері мектептің 1 сыныбында балаларға қойылатын талаптарды жақсы білуі, сол талаптарға сәйкес балаларды мектепке дайындауы тиіс.
Сабақтың оқыту мен тәрбие жұмысының мазмұны, оқу- тәрбие жұмысының әдістері, тәсілдері, ұйымдастыру нысандары бойынша жүзеге асырылады. Оқыту балаларға тиімді болу үшін мектеп мұғалімі мектепке дейінгі ұйымда жиі қолданылатын ойын тәсілдерін пайдаланса, тәрбиеші оқыту барысында арнайы оқу тапсырмаларын, жаттығулар енгізіп, біртіндеп оларды күрделендіреді, сол арқылы бағалардымектептегі оқу іс- әрекетіне дайындайды. Мектепке дейінгі ұйымдағы оқу- мектептегі сабаққа негіз даярлайды.