Пікір жазғандар: филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Ермекова


Синтаксис және оның зерттеу объектісі



Pdf көрінісі
бет2/118
Дата15.11.2023
өлшемі4,69 Mb.
#124040
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   118
Байланысты:
Шалабай

Синтаксис және оның зерттеу объектісі
Тіл білімінде әлі де толық зерттелмеген, көптеген мәселелері 
жөнінен пікірталастар мол сала – синтаксис. Бұны орыс және 
шетел тіл білімі мамандарының өзі мойындайды. Ал түркітануда, 
оның бір тармағы – қазақ тіл білімінде әлі зерттеуді қажет ететін 
кешірек қолға алынған сала.
Синтаксис мәселесінің жалпы тіл білімінде қойылу тарихына 
келетін болсақ, оның зерттеу объектісі, міндеттері әртүрлі 
көзқарастар тұрғысынан шешіліп келді.
«Синтаксис» термині грек тілінен алынған – «syntaxus» – қос-
па, біріктіру деген мағына берген. Бұл сөз алғаш сөздердің бірігуі, 
қо сақталуы деген мағынада қолданылып, кейіннен тілдің синтак-
сис тік құрылысы және оны зерттейтін ғылым деген ұғым дарға 
жіктелді.
Соңғы мәнінде алып қарағанда, синтаксис – грамматиканың 
морфология сияқты үлкен саласы. Оның зерттеу объектісі не?
Тілде сөздік құрам бар және грамматикалық құрылыс 
бар. Тілдің лексикалық материалы болып табылатын сөздер 
тілдік қолданысқа біріккен кезде грамматиканың заңдары мен 
қағидалары бойынша ұйымдасып жұмсалады.
Егер морфология сөздің мағынасы мен формасын сөздің өз 
ішіндегі қарама-қарсылықтың элементтері ретінде зерттесе
синтаксис бір сөздік тұлғаның екінші бір сөздік тұлғамен және 
одан да ірі тілдік тұлғалар өзара тіркескенде пайда болатын 
мағыналарын зерттейді. Басқаша айтқанда, морфология жеке 
сөздердің құрылысын, өзгерісін зерттейтін болса, синтаксистің 
пәні – өзара байланысты сөздер тобының (сөйлеудің) құрылысы. 
Бірақ бұл пікірге қазіргі тіл білімі бірден келген жоқ, оның 
ұзақ тарихы бар.
Грамматикалық ой-пікірдің даму тарихына көз жүгіртетін 
болсақ, синтаксис ілімін құруда, оның қызметі мен міндетін 
анықтауда үш түрлі:
І. Синтаксисті логикаға негізделген сөйлем және сөйлем 
мүшелері туралы ілім ретінде құру
;
ІІ. Синтаксисті сөз тіркестері, сөздердің өте кең мағынада 
түсінілетін бірлестіктері (тіркестері) туралы ілім ретінде құру
;


Бердібай Шалабай
6
ІІІ. Синтаксисті сөйлем туралы ілім мен сөз тіркесі туралы 
ілімнің бірлігі (синтезі) ретінде құру сияқты бағыт болғанын 
білуге болады.
Антикалық дәуірдің грамматиктері синтаксисті сөйлеудегі 
жеке сөздердің тіркесі туралы ілім деп қарады. 
Ал, кейіннен, тіл білімінде логикалық мектептің үстемдік 
етуіне байланысты (өкілі Ф.Н. Буслаев) синтаксистің міндеті 
сөйлеудегі логикалық категорияларды табу деп білді (пайымдау, 
субъекті, предикат, объекті) – синтаксистің пәні формальды 
логикалық негізде құралған сөйлем туралы ілім деп қаралды. 
Кейінірек формальды-грамматикалық бағыттың өкілдері 
синтагма теориясын дамытып, синтаксистің объектісі – сөз 
тіркесі және сөз тіркесінің бір түрі болып табылатын сөйлем 
деді (Ф. де Соссюр, Ш. Балли, Л. Теньер, Ф.Ф. Фортунатов,
А.А. Реформатский, т.б.). Бұл көзқарастың жақтаушылары қазір 
де бар.
Синтаксистің объектісін соңғы, үшінші тұрғыдан қарау, қазір 
кең етек жайған, ХХ ғасырдың басында қалыптасқан көзқа рас. 
Орыс тіл ғылымында бұл теория (синтаксистің пәні – сөз тір кес-
тері және сөйлем туралы ілімдердің бірлігі деп қарау) А.А. Шахма-
товтың, А.М. Пешковскийдің, кейінірек В.В. Виноградов тың 
еңбектерінде дамытылды. Кейінірек синтаксист ғалымдардың 
көпшілігі (М. Балақаев, М. Закиев, Н.Ю. Шведова, А.Н. Гвоздев) 
осы соңғы көзқарасты қолдады.
Синтаксис – қазір күрделі ғылым саласы. Оның объектілері 
сөз тұлғасы, сөз тіркесі, сөйлем әртүрлі салада зерттеліп келеді. 
Бұған қоса соңғы кездері сөйлемнен ірі бірліктердің синтаксистік 
құрылысы қарала бастады. Сонымен, жоғарыдағы айтылғандарға 
сәйкес, синтаксистің зерттелетін объектілері үшеу, соған сәйкес, 
синтаксистің:
І. Сөз тіркестерінің синтаксисі
;
ІІ. Сөйлем синтаксисі;
ІІІ. Мәтін синтаксисі сияқты үш бөлімі бар.
Сөз тіркесінің синтаксисі 
жеке сөздердің синтаксистік қасие-
тін зерттейді, сөздердің бір-бірімен тіркесу ережелерін анық-
тайды.
Сөз тіркесінің синтаксисі – жалпы тілдік жүйеде лексика-


Қазіргі қазақ тілі
7
морфологиялық деңгей мен синтаксистік деңгейді жалғастырушы 
аралық өткермелі саты.
Сөйлем синтаксисі 
– жалпы тілдік жүйеде сапалық жағынан 
жаңа саты. Ол тілдің мәнін, коммуникативтік-функционалдық 
маңыздылығын анықтап береді.
Мәтін синтаксисі. 
Пікіралысудың бірлік-тұлғасы болғанымен, сөйлем тілде 
кіші, жеке буын ретінде ғана мәнді. Ол құрылымдық жағынан да, 
мағыналық жағынан да қатынас жасаудың (коммуникация) жал-
пы міндеттеріне бағынады. Яғни өзінің ерекшелігіне тек басқа 
буындармен (сөйлемдермен) байланысу арқылы ғана ие болады. 
Сондықтан өзіндік жеке сөйлемдердің өзінен ірі тұтастықтарға 
бірігу заңдылықтарын зерттеудің мәні зор. 
Сонымен, мәтін синтаксисі жеке сөйлемдерден ірі, өзіндік 
құрылымдық ереже-заңдары бар тұлға-бірліктерді зерттейді.
Жоғарыда айтылған синтаксистің тұлға-бірліктері (сөз тұл ға-
сы, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін) өзара байланысты, шарттас тұлға-
лар.
Жалпы алғанда, синтаксистің зерттеу объектісі – сөздердің 
байланысы, сөз тіркесі, сөздердің тіркесу амал-тәсілдері, түрлері, 
сөйлем, сөйлемді құру тәсілдері, түрлері, сөйлемдегі сөздердің 
орын тәртібі, сөйлемдердің ірі бірліктерге бірігу тәсілдері мен 
жолдары, ондағы жеке сөйлемдердің бір-бірімен қарым-қаты-
насы, т.б. мәселелер.
Жалпы тілдік жүйеде тілдің синтаксистік жағы айырықша 
мәнге ие. Ол жоғары сатыдағы құбылыс, ойды бейнелеу үшін 
лексикалық материалдарды таңдап алу жеткіліксіз, сонымен 
бірге сөздер мен сөз топтарының арасындағы байланысты дәл 
және дұрыс табу керек.
Синтаксис ғылымы, бір жағынан, сөздер мен сөз тұлғасын бай-
ланыстырудың ережелерін зерттесе, екінші жағынан, құрамында 
сол ережелер жүзеге асатын күрделі бірліктерді зерттейді.
Синтаксистің ең кіші тұлға-бірлігі – сөз және оның тұлғасы. 
Соңғылары морфологияның да зерттеу объектілері. Демек, олар 
морфология мен синтаксисті байланыстырушы тұлға-бірліктер. 
Мұның өзі синтаксистің морфологиядан жоғары тұратын тілдік 
деңгей екенін байқатады. Сонымен қатар, синтаксистің өзі 


Бердібай Шалабай
8
күрделі, көпсалалы деңгей болып келеді, өзі ішіне күрделілігі 
әртүрлі объектілерді біріктіреді.
Синтаксис қазір жан-жақты тармақталып жіктелген, күрделі, 
көп салалы ғылым түріне айналды. Оның кейбір мәселелері 
(мыс: сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық) қазір кеңітіліп, 
кейбір мәселелері жаңаша қаралуда. Синтаксистің негізгі ұғым-
категорияларына: 
- синтаксистік тұлға-бірліктер
;
- синтаксистік байланыстар (салалас, сабақтас)
;
- синтаксистік қатынастар (предикативтік, атрибутивтік, 
адвербиалдық, объектілік)
;
- синтаксистік құралдар
;
- синтаксистік тұлға
;
- синтаксистік мағына жатады.
Синтаксистік қатынас дегеніміз – синтаксистің негізгі фун да-
ментальды ұғымы, синтаксистік тұлғалардың өзара мағыналық 
әрі тұлғалық байланысынан пайда болатын синтаксистік мағына.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   118




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет