Р. Т. Наралиева, М. Ш. Тойғанбекова, Сұлтанова Б. М. Оқу сауаттылығы



бет19/57
Дата15.08.2023
өлшемі9,38 Mb.
#105300
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   57
Зайсан өңірінің тарихынан


Биыл Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының 80 жылдығы, аудан орталығы Зайсан қаласының 140 жылдығы аталып өтілді. Осыған байланысты сол кезеңдерде ел іргесін бекемдеу үшін ата-бабаларымыз қандай күй кешкенін де еске алу орынды. Қазақи дыбыстануы «Жайсаң» атауы географиялық кеңістік тұрғысынан жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы, шұрайлы да нулы кең алқап дегенге саяды. Бұл сөз адамның жеке тұлғасына қатысты оның тектілік, біліктілік дәрежесінің жоғары екенін көрсетеді (қасқа мен жайсаң). Адамның мінезінің жайдарылығы мен ақылының кемелділігін «жаны жайсаң» деп сипаттайды. Ақиқатты өзімізден емес, басқадан іздеп үйренген ғалымдарымыздың пайымдауынша «зайсан» моңғол тілінде әскери-әкімшілік лауазым. Бұл өлке сондай әскери-әкімшілік аймағы болғандықтан, осындай атау қалыптасқан деп есептейді. Орыс тіліне бейімділігіне байланысты «жайсаң» емес, «зайсан» сөзі ресми қолданыс тапқан.
Зайсан аталатын кең өлкенің бір бөлігі ғана қазіргі осы аттас әкімшілік ауданға қарайды. Алтай жоталары, Тарбағатай-Сауыр таулары, Шар-Көкпекті шоқыларымен шектесетін кең атыраб «Зайсан қазан шұңқыры» аталады, оның нақ ортасында Зайсан көлі орналасқан.
Физикалық география тұрғысынан бұл алқап Ертіс өзенінің бассеинін қалыптастыратын Нарым, Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Көкпекті, Бөкен, Кендірлік, Үлкен Ұласты өзендерінің арна-сағаларымен қоса қарастырылады.
Елімізге құтты мекен бұл өлкенің асты да, үсті де байлыққа толы, қойнауындағы қазына қорлары қатарында 19 ғасыр ортасында өндіріле бастаған Кендірлік (Қара үңгір) көмір кені, жанғыш сланец, мұнай, алтыннан бастап әртүрлі минеральді шикізаттардың мол қоры бар. Оның жануарлары мен өсімдіктер дүниесі халқымыздың ырыс-берекесі, тұрмыс-тіршілігінің өзегі. Бұл өлкеде Сауыр тауының орны ерекше. Алтай, Тарбағатай, Ертіс атаулары туралы зерттеулер біршама болса, Сауыр туралы көп сөз қозғалмайды. Біздегі географиялық атаулардың төркінін моңғол тілінен іздейтін әдет бойынша Сауыр мен Тарбағатай атаулары тақілеттес, бұл өлкеде кең тараған аң суырдың қазақ және моңғол тіліндегі баламалары деп пайымдайды. Тарихи деректерді тереңірек талдаған зерттеушілердің пікірі бойынша Сауыр атауы моңғолдар бұл жаққа келген 13 ғасырдан көп бұрын қалыптасқан. Сауырды 6 ғасырдың өзінде түркі тектес Телі тайпасы мекен еткен, содан телі атауы Ителі руының атында сақталған деген пікір бар. Сондықтан ерте заманнан Сауыр Керейлердің мекені болғанына оның атының кісі есімдері ретінде сақталғаны дәлел болады. Керейдің атақты Тұғырыл Уаң ханы Шыңғысханмен сыйластығы жарасқан кезінде өзінің немересі Сауыр бикені Тимучиннің үлкен ұлына, оның қызы Хочун бикені баласы Сенкунның ұлына атастырмақ болғаны туралы жазба-деректер бар (Рашид-ад дин «Жамиғат ат тауарих»). Бұл тау қара Сауыр деп те аталады. Себебі қыста қардың аз болуынан емес, оны қасиет тұтқандықтан болса керек. «Қара» сөзінің ауыспалы мағынасы – ұлы, қасиетті (мысалы, қара шаңырақ). Түрколог ғалымдардың пікірінше «қара» сөзінің көне түркіше баламасы «кере» екен. Керей ру аты осы кере сөзінен деген пікір бар. Оны адамдарының түрінің қаралығымен түсіндіреді. Бірақ та, керейлердің түсі қара емес, аққұба-сары, оның ең көп санды Жәнтекей руының Сүйінбайынан тарайтын Самырат, Сәмембет, Құтты, Бөкес, Төлеке өңдері сары, көздері көк болғандықтан «бес орыс» атанған. Рудың «керей» аты адам түсіне байланысты емес, атақ-дәрежесіне негізделсе керек.
Сауырды аса бір ерекшелендіріп тұрған Мұзтау. Оның ең биік нүктесі қытай жағында теңіз деңгейінен 3835м, біздегі Маңырақ шыңы 3816м биіктікте. Мұзтау жоталары бөктерін есептемегенде 55-60км созылады. Оның оңтүстік-шығысқа бұрыла біткен бөлігі қытайға қарайды да, батыс бөлігінің солтүстік жотасы Қазақстан жерінде. Бізге қарасты Мұзтауда он мұздақ орналасқан. Мұздақтардың ұшар басы нығыздалған аппақ қар (фирна), төменгі жағы мұз. Ең үлкен мұздақ Қосайрық үш сайды, негізгі және екі қосалқы, алып жатыр. Екіншісі, Дара, жадағайлау орналасқан. Бұл мұздақтардан еріген су Қосайрық бұлақ пен Дара өзені қосылып, Ертіске құятын Үлкен Ұласты аталады. 
Зайсан өңірінің тарихы мен географиялық ерекшеліктеріне қатысты осы деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім. Бұлардың көбі ел жадында сақталып, ескі көз қариялардың айтуы бойынша баяндалып отыр. Уақытында жазылмай, кей жағдайлар ұмытыла бастапты. Бұларға қосымша қазіргі жазба деректер пайдаланылды.

(Тілеуберді Сайдулдин )



          1. Туынды зат есімді көрсетіңіз.

А) тайпа
В) үңгір
С) ғалым
D) адамдар
Е) минерал
2. Атырап сөзінің мағынасын анықтаңыз.
А) өлке
В) ойпат
С) мекенжай
D) жазық дала
Е) қазан шұңқыры
3. Үстеуді табыңыз.
А) бөлік
В) биіктік
С) біршама
D) шикізат
Е) қойнау
4. Жадағай сөзінің әдеби тілдегі мағынасы:
А) арық жүдеу жан
В) жалаңаш жер
С) жеңіл шапан
D) шалғай мекен
Е) қымбат шекпен
5. «Қара» сөзінің ауыспалы мағынасы:
А) кере
В) қара керей
С) ұлы, киелі
D) қасиетсіз
Е) ерекше түс
6. Оқшау сөзді көрсетіңіз.
А) пікірінше
В) баламалары
С) тақілеттес
D) ғалымдардың
Е) атақ-дәрежесі
7. Мәтіннің стиліне тән тілдік құралдар:
А) ауыспалы мағыналы бейнелі сөздер
В) эмоционалды сөздер кездеседі
С) дәлелдер, деректер, пайымдау тән
D) айшықтау, суреттеу тән
Е) синонимдер, антонимдер көп
8. Зайсан атауы, автордың болжамы бойынша, ...
1. моңғол сөзі
2. әскери атақ
3. қазақи жайсаң сөзі
4. жаны жайсаң жан
5. орыс тіліне бейімделуі бойынша
А) 1, 3
В) 2, 5
С) 3, 5
D) 3, 4
Е) 4, 5




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет