БАЛАЛЫ БОЛҒАНДАРДЫ ҚАЛАЙ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ?
Перзентті болған адамға сүйінші хабар айтып, қуанту – мұстахап амал. Бұл
туыстық қарым-қатынасты күшейтіп, отбасы аралық ыстық сезімдерді нығайтады.
Құран Кәрімде: «(Алла): «Әй, Зәкерия! Расында сені бір ұл арқылы қуантамыз. Аты
Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік.[1]»,-деген аят осыны аңғартады.
Ал, нәрестелі болған адамға құттықтау ретінде әл-Хасан әл-Басриден (р.а.) риуаят
етілген дұғаны айту – мұстахап. Ол кісі бір адамға құттықтау жолын үйретіп: «Бәрәкә
Аллаһу ләкә фил мауһуби ләкә, уә шәкәртә әл-Уәһибә, уә бәләғо әшуддәһу, уә рузиқтә
бирроһу» (мағынасы: Алла тағала саған берген сыйын (баланы) берекетті, құтты етсін.
Сыйлық берушіге (Алла тағалаға) шүкіршілік ет, бала есейсін және саған баланың
жақсылығын көруді жазсын),-деп айт[2]»,-деген екен.
Байқасаңыз, бұл құттықтау қазақтың «бауы берік болсын, үлкен азамат боп ер
жетсін, ата-анасына мейірімді болсын» деген тілектерден алыс емес.
Сонымен бірге, құттықтаушыға жауап ретінде: «Алла тағала саған берекет берсін,
саған да нәсіп етсін», – деп алғыс білдіруге болады.
Бұл құттықтау сөзі – ұл мен қызға ортақ. Сонымен бірге, қыз баладан ұлды артық
санағандықтан «Атқа мінер туды ма, тон пішер туды ма?»,-деп сұраған жөнсіз. Айша
анамыз (р.а.) әдетте «Аман-есен туды ма?»,-деп сұрайтын көрінеді. Бұл да қазақтың
бала күтіп жүрген келіншекке «Аман-есен аяқ-қолыңды бауырыңа ал»,-деген тілегіне
ұқсайды.
[1]
Мариям сүресі, 7-аят
[2]
Ән-Нәуауи, әл-Әзкәр
ТАЛАҚТАН КЕЙІН ӘКЕЛІК ҚҰҚЫҚ САҚТАЛА МА?
Әкенің міндеті – балаға қамқорлық ету, тәрбиелеу және білім немесе кәсіп
51
үйрету[1]. Ал, анасы немесе басқа да қамқоршылық құқығына ие тұлға тиесілі
қаражатты әкесінен алып баланың қажетіне жұмсайды. Ол қаражат соттың әкенің
жағдайына қарап шығарған шешіміне сай бір күндік немесе бір апталық немесе бір
айлық мөлшерде беріліп отырады. Алайда, әке балаға қамқор анасына: «Баланы маған
жіберіп тұр, менің үйімде тамақтанып жүрсін», – деуіне болмайды. Өйткені, мұндай
әрекет балаға зияны тиеді[2].
Шариғат бойынша, барлық фиқһ ғалымдары бірауыздан балаға қамқоршы
болмаған екі ата-ананың бірі баламен көрісуге немесе балаға барып тұруға құқылы
деген. Көрісу мерзімі ортақ шешімге байланысты.
Ханафи мазһабы бойынша, бала анасының қамқорлығында болса, әкесі баланы
көруге құқылы. Әр күні баланы көруге мүмкіндік беретін орынға алып келіп тұру керек.
Анасы қамқорлық құқығынан айырылған немесе қамқорлық мерзімі біткен себепті
бала әке қарамағында болса, әйел де өз баласын көруге құқығы бар. Баланы күнде бір
рет анасы көретіндей жайға алып барып тұру керек. Ең ұзақ мерзім – аптасына бір
рет көру. Бұл – әйелдің әке-шешесіне барып тұру мерзімі секілді. Ал, нағашы әпкенің
құқығы тура анасының құқығындай сақталады, тек нағашы әпкесі баланы айына бір
рет көреді[3].
[1]
Хашиат Ибн Абидин
[2]
Маусуғат әл-Фиқһ әл-Ислами, 8-том, 685-бет
[3]
Маусуғат әл-Фиқһ әл-Ислами, 8-том, 699-бет
«ЕРКЕК – БАС, ӘЙЕЛ – МОЙЫН» БА?
Ерлі-зайыптылардың құқығы туралы сөз қозғағанда, тек бір жақты қарастыру
қателік болып табылар еді. Сондықтан да бұл сауалға толық әрі түсінікті етіп жауап
беру үшін күйеуінің құқығын әйел құқығымен қатарластыра қатастырғанымыз жөн.
Құран Кәрімде: «...Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде
белгілі хақтары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...[1]», – деген аят бар.
Сонымен бірге, ерлі-зайыптыларға қатысты Алла елшісі (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында
айтқан сөзінде: «Сендердің әйелдеріңде хақыларың бар, әйелдеріңнің де сендерде
хақысы бар...[2]», – деген.
Сондай-ақ, Алла тағала: «Еркектер әйелдерді билеуші...[3]» деп әмір етеді. Бірақ,
күйеуге берілген осы билік және артықшылық ер мен әйелдің құқық пен жауапкершілік
теңдігіне кедергі бола алмайды.
Өйткені, аяттағы артықшылық ер кісінің әйеліне деген қамқорлығын меңзейді.
Бұл қамқорлық ер мен әйелге ортақ істе жүйелілікті қамтамасыз етеді. Әйтпесе, іс
насырға шабар еді. Сонымен қатар, осы аят үкімімен әйелге жұбайы ретіндегі құқығы
мен міндеттері толығымен күйеуінікіндей етіп беріледі. Жоғарыдағы «Әйелдерден
көрі ерлердің дәрежесі артық...» аятының тәпсірінде: «Егер осы (күйеуіне берілген)
дәрежені мойындаса, әйелдің құқығы мен міндеттері (күйеуінікімен) бірдей[4]», – деп
жазылған.
Міне, сондықтан отбасылық өмірде басшылыққа алынатын жалпы қағидат: «Қарым-
қатынаста мейірімділік пен ізгілік және зиян тигізуден сақтану[5]».
Ендеше, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін қысқаша төмендегідей
келтіруге болады:
52
1.Баспана және отбасылық тұрмыстық қамтамасыз ету (ер кісінің міндеті).
Сонымен бірге, әйелінің үй ішінде және сырттағы жүріс-тұрысын және адамдармен
қарым-қатынасын қадағалау, үйдің ішінде және сыртында қандай жұмыспен
айналысуына болатындығына мән беру. Және қауіпсіз болған жағдайда әйелімен
жұмыс бабы немесе күнкөріс үшін қоныс ауыстыруға және көшуге құқылы. Бұл құқық
ер кісіге заңды түрде неке қиюмен күшіне енеді. Аталмыш құзырет ер кісі өзін және
әйелін зияннан қорғау және екеуінің өмірін сақтау үшін берілген.
Фиқһ ғұламаларының пікірінше, бұл Ислам шариғатындағы басқа құқықтар
секілді шектелген құқық. Күйеу әйеліне ешбір зиян тимеу керек. Мәселен, әйелдің өз
туысқандарымен қарым-қатынасы кедергі келтіру сияқты.
2.Түзету (тәрбиелеу, жөнге салу). Бұл құқықтың негізі: «...Ал, сондай-ақ
әйелдердің бас тартуларынан сезіктенсеңдер, сонда оларды насихаттаңдар және
оларды төсектерінде тастап қойыңдар. (Одан болмаса) оларды ұрыңдар. Ал, егер олар
сендерге бойұсынса, онда олардың зиянына бір жол іздемеңдер...[6]».
Осы аяттағы «Әйелдің бастартуы» күйеуіне қарсы шығу, құлақ аспау, ашуына
тию дегенді білдіреді. Ал, «төсектерінде тастап қойыңдар» дегені – бір төсекте арқаны
беріп және сөйлеспей жату. Басқа бөлмеде және бөлек төсекте емес. Және «ұрыңдар»
сөзін Ибн Аббас (р.а.) «Ауыртпай ұру» десе, Хасан Басри «Әсер етпейтіндей ұру»
дейді. Ал, фиқһ ғалымдары «бір мүшесін сындыратындай және денесіне із түсетіндей
ұру емес[7]», – дейді.
Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелді ұруға тыйым салған. Және ондайларды
жаман адамдар қатарына қосқан. Омар (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) үйіне көп әйел
күйеуіне шағымданып келеді, сонда Ол (с.ғ.с.): Мұхаммедтің шаңырағына көп әйел
шағым айтып келуде, олардың күйеулері жақсы адамдар қатарынан емес[8]», – деп
ұрудың жөн емес екенін жеткізген.
Иә, бұл – ер кісінің басшылық құқығының бір тармағы. Ер кісі әйеліне ескерту
беруіне, тыйым салуына құқылы. Қазидің (сот) халыққа ескерту және тыйым салу
құқығы секілді. Бұл құқықтың да шегі бар, одан асу зиянкестік жасау болып табылады.
Бұл құқық дұрыс жолдан тайған әйелді түзету үшін беріледі. Сондықтан, басқа
жағдайда әйелден себепсіз мін іздеп қысым көрсетуге болмайды. Және де, жоғарыдағы
аятта көрсетілген тәрбие тәсілдерінен тыс әрекет етуге де тыйым етіледі.
3. Жұбайлық міндеті. Құранда: «Өйткені, әйелдерің – егіндіктерің. Егіндіктеріңе
қалай қаласаңдар келіңдер...[9]», – деп әмір етілген.
Ерлі-зайыптылар бір-бірінің құмарлық талаптарын толық қанағаттандыруы
керек. Ер кісі әйелін қалаған сәтте, әйелі ешбір себепсіз бас тартуына болмайды. Тек,
шариғи (етеккір қаны кезі) және денсаулық тұрғысынан кедергі болмаса. Ер кісі де
әйелді төсек қатынасына қатысты қалауын қанағаттандыру керек. Өйткені, араның
суып кетуі және әйелдің ажырасуды талап етуіне осы жайт себеп.
4.Күйеуінің дүние-мүлкін қорғау және сырын құпия ұстау. Күйеуінің
рұқсатынсыз ешкімді үйге кіргізбеу. Бұған қатысты көптеген хадистер бар. Солардың
бірі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында айтқан сөздері: «Әйелдеріңе жақсы
қарауды өздеріңе міндет деп біліңдер. Олар сендерге тәуелді. Әйелдеріңе ешбір қысым
көрсетуге құқыларың жоқ. Тек қана олар анық бұзықтық[10] көрсетсе ғана төсекте
қарамаңдар және зиянсыз ұрыңдар. Ал, егер олар сендерге бойұсынса, онда олардың
зиянына бір жол іздемеңдер. Сендердің әйелдеріңде хақыларың бар, әйелдеріңнің де
сендерде хақысы бар. сендердің әйелдеріңдегі хақылары: сендер жақтырмаған адамды
төсекке отырғызбау және ұнатпаған адамды үйге кіргізбеу. Ал, әйелдеріңнің ақысы
53
оларға киім-кешек пен ас-суды жақсы етіп берулерің[11]».
Сондай-ақ: «Баршаң бақтышысың және баршаң өз қарамағындағыларға жауапты...
әйел күйеуі шаңырағының бақташысы, ол өзінің қарамағындағыға жауапты[12]»,–
деген хадис бар. Зер салып қарасаңыз, ерлі-зайыптылар тең құқылы.
[1]
Бақара сүресі, 228-аят
[2]
Нәйлул Аутар, 5-бөлім, 364-бет
[3]
Ниса сүресі, 34-аят
[4]
Тафсир Табари, 2-том, 257-бет
[5]
Әл-Бадаиғ, Касани Ханафи, 2-том, 334-бет
[6]
Ниса сүресі, 34-аят
[7]
Мұхтасар тафсир Ибн Касир, 1-том, 468-бет
[8]
Әбу Дәуд, Насаи, Ибн Мажаһ
[9]
Бақара сүресі, 223-аят
[10]
Анық бұзықтық – тілі және іс-әрекетімен күйеуіне қарсылығы
[11]
Ибн Мажаһ, Тирмизи
[12]
Бұхари, Муслим
ХАРАМ АС ЖЕГЕННІң ДҰҒАСЫ ҚАБЫЛ БОЛМАЙ МА?
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте былай баян етіледі: «Алла елшісі (с.ғ.с.):
«Уа, адамдар! Ақиқатында Алла Тағала таза және тек тазаны ғана қабыл етеді. Алла
Тағала мұсылмандарға Елшілеріне әмір еткенді орындауды бұйырады. Алла Тағала:
«Ей, Елшілер! Таза (адал) нәрселерден жеңдер және ізгі амал істеңдер...[1]», сонымен
бірге «Ей, иман еткендер! Біз сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер...[2]»,-деген.
Адам ұзақ сапар шегіп, үсті басы шаң-тозаң болып екі қолын көкке көтеріп: «Раббым,
Раббым», – дейді. Алайда, асы – харам, сусыны – харам, киімі – харам және хараммен
азықтанған. Оның дұғасы қалайша қабыл болмақ?![3]».
Қорыта айтқанда, адал емес табыс – дұға-тілектің қабыл болмауының басты
себептерінің бірі.
[1]
Муминун сүресі, 51-аят
[2]
Бақара сүресі, 172-аят
[3]
Муслим
«КРЕЩЕНСКИЕ МОРОЗЫ» СУҒА ТҮСУГЕ БОЛА МА?
Қазақта жаздың және қыстың шілдесі деген ұғым бар. Қазіргі уақытта тілдік
қолданыстан түсіп, көмескіленіп бара жатқан бұл ұғымдардың шығу тегіне үңілсек,
табиғаттағы әр құбылысты қалт жібермеген ата-бабаларымыздың даналығын
аңғарамыз. Жаз шілдесі шықпай, аптап күн ыстығы басылмайды, ал қыс шілдесі
шықпай, аяздың беті қайтпайды. Осыған орай, жаз шілдесі маусым, шілде айларында
басталып, қырық күнге созылады.
Ал, қыс шілдесі деп қаңтар айындағы табиғаттың қаһарына мініп, сақылдаған
аяздың күшейе түсетін кезін айтамыз. Аспан әлемін астрономдардан артық білген
ата-бабаларымыз Үркер жұлдызының дәл төбеге қарай шырқай көтерілуіне – Қыс
шілдесінің «Сары Аязы» деп атау берген.
Табиғаттың осы құбылысының құпиясы дінімізде былай түсіндіріледі. Әбу
54
Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «...Тозақ Раббысына шағымданып: «Уа, Раббым!
Мен өз-өзімді жеп бара жатырмын», – дейді екен. Сонда тозаққа жылына екі рет: қыста
бір дем, жазда бір дем шығаруға рұқсат етіледі. Бұл сендердің жаздағы сезетін аптап
ыстықтарың мен қыста сезетін қақаған аяз[1]», – делінген.
Ал, шариғатымызда өзге діни наным-сенімдерді құптауға қатаң тыйым салынған.
Бұл жайында Абдулла ибн Омар: «Кім бір қауымға ұқсаса, солардың бірі болады[2]»,
– деген хадисті риуаят еткен.
[1]
Бұхари, Муслим
[2]
Әбу Дәуід.
ЖӘННАТТЫҚТАРДЫң ЖАСЫ НЕШЕДЕ БОЛАДЫ?
Пайғамбарымыздың немерелерінің бір Хасан (р.а.) мына бір оқиғаны риуаят
етеді: Бір қарт әйел Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Алла Елшісі! Мені жәннатқа
кірсін деп дұға етіңізші», – деп өтінеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ее, Пәленшенің анасы!
Жәннатқа қарт әйелдер кірмейді», – деп жауап қайтарады. Әйел жылаған күйде тез
бұрылып кетіп қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонда жанындағы адамдарға: «Әлгі
әйелге барып жәннатқа қарт күйінде кірмейтіндігін жеткізіңдер. Себебі, Алла Тағала:
Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық. Әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар
еттік[1], – деп айтқан[2]».
Демек, жәннатқа ер және әйелдер жас боп кіреді. Ал, жасы жайлы Құран Кәрімде:
«Күйеулеріне сүйікті, құрбылас[3]», – деп айтылады. Бұл аят: «Күйеулерімен бір жаста,
отыз үш жаста болады[4]», – деп тәпсірленген.
Үмму Сәләма (р.а.): «Мен Пайғамбардан (с.ғ.с.) Алла Тағаланың «Ақиқатында,
Біз оларды басқа жаратумен жараттық. Әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік.
Күйеулеріне сүйікті, құрбылас», – деген сөзі жайлы сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей,
Үмму Сәләма! Олар – дүниеде қартайып, шашына ақ түсіп, көздерінің нұры әлсіреген
әйелдер. Алла Тағала қарт болған әйелдерді күйеулерімен тең жастағы жас қызға
айналдырады»,-деп жауап берді[5]».
Және де Мұғаз бин Жабал (р.а.): «Жәннаттықтар жәннатқа түксіз, сақалсыз және
көздері сүрмеленген күйде отыз үш жаста болып кіреді[6]», – деген хадис риуаят еткен.
Демек, жәннатта ер мен әйелдер тең жаста болады. Жәннаттықтар жасы – 33 жас.
[1]
Уақиға сүресі, 35-36 аяттар
[2]
Тирмизи
[3]
Уақиға сүресі, 37-аят
[4]
Софуат Тафасир, 3-том, 309-бет
[5]
Тирмизи
[6]
Ахмед, Тирмизи
НАМАЗДА ОРЫН АУЫСТЫРУДЫң МӘНІ НЕДЕ?
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаздың сүннетін парызды оқыған орнынан бөлек
жерде оқитын. Хадисте: «Сендер (парыз) намазды оқып болған соң, ілгері немесе
кейін тұруға шамаларың келмей ме?[1]», – делінген. Сондықтан, сырттан келген адам
жамағат парыз оқып тұрған болар деген ойға қалмауы үшін сүннет намазды тізіліп, сап
55
түземей оқу – мұстахаб[2].
[1]
Әбу Дауд, Ибн Мажа, Байһақи
[2]
Әл-Ихтияр ли Тағлил Мұхтар, 1-том, 103-бет
ҚҰРАНДЫ КІМ ЖИНАҚТАДЫ ЖӘНЕ СҮРЕЛЕРДІ КІМ РЕТТЕДІ?
Мұны екіге бөліп қарастырған жөн. Бірінші, Құранның бір кітапқа жинақталу
тарихы. Екіншісі, Құран сүрелерінің тәртібі мен реті қандай шартпен түзілгендігі.
1. Құранның жинақталу тарихы. Зайд бин Сабит (р.а.): «Пайғамбарымыз
(с.ғ.с.) дүние салғанда Құран біртұтас болып жинақталмаған еді[1]», – деген.
Сонымен бірге, Зайд бин Сабит (р.а.): «Алла елшісінің кезінде Құранды теріге жазушы
едік[2]», – деген де сөзі бар. Ал, Әбу Сағидтен (р.а.): «Менен еш нәрсе жазбаңдар,
Құраннан басқа жазған нәрселеріңді өшіріп тастаңдар. Менің сөздерімді (хадистерді)
айта жүріңдер, ештеңе етпейді. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе тозақтан
орнын әзірлей берсін[3]», – деген риуаят жеткен. Демек, бұл айтылғандардың барлығы
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде Құран кітап түрінде жинақталып, реттелмегенін
білдіреді. Бірақ, оны сахабалар теріге және басқа да жазуға болатын сол замандағы
заттарға хатқа түсіріп отырған. Тіпті, 40-қа тарта куттаб уахи (уахи жазушылар)
сахабалар болды. Ал, мусхаф (кітап) болып жинақталуы екі кезеңнен: Әбу Бәкір (р.а.)
және Осман (р.а.) халифалығы тұсында қолға алынуынан тұрады.
Бірінші кезең. Зайд бин Сабит (р.а.): «Йамама шайқасынан кейін Әбу Бәкір
мені өзіне шақыртты. (Халифаның) құзырында Омар бин Хаттаб бар екен. Әбу Бәкір:
«Маған Омар келіп: «Шайқас көптеген қариларды алып кетті. Басқа да жерлерде
қарилар көптеп көз жұмып, Құранның көбінен айырылып қаламыз ба деген қаупім
бар. Құранды жинауға (кітап етуге) әмір еткеніңіз дұрыс деп санаймын», – деді. Мен
Омарға: «Алла елшісі (с.ғ.с.) жасамаған істі мен қалайша жасамақпын?» – дедім. Омар:
«Бұл жақсы, қайырлы іс», – дегенінен танбады. Сонда мен де Омардың ойын түсіндім.
«Расында, сен ақылды жігітсің, саған ешбір мін таға алмаймыз. Сен Алла елшісінің
(с.ғ.с.) уахиын хатқа түсіруші едің. Құранды жинақта», – деп тапсырма берді. Мен үшін
тауды бір орыннан екінші орынға ауыстыр десе, Құранды жина дегеннен ауыр болмас
еді. «Сіздер қалайша Алла елшісі (с.ғ.с.) жасамаған істі қолға алмақшысыздар?!» – дедім.
Әбу Бәкір (р.а.): «Бұл жақсы да қайырлы іс», – деп Алла Тағала менің жүрегімді де Әбу
Бәкір мен Омардың көңіліндегіні қалағанша қайталаумен болды. Мен ақ тасқа, құрма
жапырақтарына жазылған және адамдар жаттаған Құранды жинадым... Жинақталған
мусхаф Әбу Бәкір дүние салғанда оның құзырында болды. Сосын Омардың қолында,
кейін Омар қызы Хафсада (мұсылмандар анасы) болды[4]».
Екінші кезең. Әнас (р.а.) риуаты: «Хузайфа бин Йаман Осман (халифа) құзырына
келді. Ол шақта Армения және Азербайжанда шайқас жүріп жатқан. Хузайфа
мұсылмандардың қырағаттағы[5] келіспеушіліктеріне куә болады. Ол Османға:
«Үмбет яһуди мен насаралар сияқты келіспеушілікке бармай тұрып, алдын ал», – деп
кеңес берді. Осман мұсылмандар анасы Хафсаға адам жіберіп: «Бізге мусхафты бере
тұрыңыз, одан бірнеше мусхаф көшіріп алайық. Соңыра өзіңізге қайтарамыз», – деп
сәлемдеме жолдады. Осыдан соң Зайд бин Сабит, Абдулла бин Зубайр, Сағид бин Ас
және Абдурахман бин Харис бин Һишамға мусхафты көшіруге әмір етті. Осман үш
құрайыштық жігітке: «Егер сендер Зайд бин Сабитпен Құранның бір жерінде келісе
алмай қалсаңдар, оны құрайыш тілімен жазыңдар. Өйткені, Құран құрайыш тілінде
түсті», – деді. Төртеуі осылайша мусхафты көшіріп шықты. Осман түпнұсқаны
56
мұсылмандар анасы Хафсаға қайтарып, көшірмелерін жан-жаққа таратты. Сонымен
бірге, бұл мусхафтардан басқа жазылған Құран жазбаларын (қате оқылмауы үшін)
өртеуге әмір етті[6]».
2. Құран сүрелерінің тәртібі. Әбу Бәкір әл-Анбари: «Алла Тағала Құранды тұтастай
дүние аспанына түсірді. Соңыра жиырма бірнеше жыл бойына бір сүрені орын алған
оқиғаға байланысты, бір аятты сұраушыға жауап етіп бөліп түсірді. Жәбірейіл (ғ.с.)
Пайғамбарға (с.ғ.с.) әр аят пен сүренің орнын көрсетіп отырды. Сүрелердің және аяттардың
және әріптердің барлығының орны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілеген. Кімде-кім бір
сүрені ілгері немес кейін қойса, Құран жүйесін бұзған болып табылады[7]», – деген.
Сондай-ақ, Кармани: «Сүрелердің реті мен тәртібі – Алла Тағала құзырындағы
Лаухул Махфуздағыдай тәртіп бойынша. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр жылы
(рамазанда) Құранды Жәбірейілге оқып беруші еді[8]»,-деген.
[1]
Итқан фи улум Құран, 1-том, 181-бет
[2]
Мустадрак
[3]
Муслим
[4]
Бұхари
[5]
Қырағат – Құранды оқу диалектісі
[6]
Бұхари
[7]
Итқан фи улум Құран, 1-том, 195-бет
[8]
Бұрхан, Кармани
«ХАМД ЖӘНЕ ШҮКІР ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?»
Әлемдердің Раббысы – Алла тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін
жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Оның ардақты елшісіне қиямет-қайымға
дейін салауат-сәлем айтамыз.
Сөздікте хамд – біреуді мақтау, ал шүкір – жасалған бір жақсылығы үшін біреуге
алғыс айту дегенді білдіреді. Исламда Алла тағалаға арнайы айтылатын хамд және
шүкір терминдері арасында айырмашылық көп емес.
Тәпсірші ғалым Мұхаммед Әли әс-Сабуни өзінің «Сафуатут-тәфәсир» деп
аталатын еңбегінде Фатиха сүресін тәпсірлей отырып, «шүкір» жасалған бір жақсылық
үшін айтылса, ал «хамд» жасалған жақсылық болмаса да айтыла береді дегенді жазады.
(қараңыз: Мұхаммед али әс-Сабуни, «Сафуатут-тәфәсир», І том, 24-бет, «Фатиха
сүресінің тәпсірі», Каир.)
Дегенмен, екеуі де бір-бірінің орнына жұмсалатын кездері де жоқ емес. Мысалы,
«Қалың қалай?» – деген сұраққа «әл-хамду лилләһ» деп жауап береміз. Мұндағы
айтпағымыз «Аллаға мадақ» емес, «Аллаға шүкір» деген мағына. Яғни, жауапта өткен
«әл-хамд» (мадақ) сөзі «шүкір» мағынасында жұмсалды. Сондай-ақ, хамд шүкірдің
жалғасы іспеттес. Себебі, біз әлгі жауабымызбен бейне бір Аллаға деген шүкіршілікті
Оған мақтау айтумен нүктелегендей боламыз.
Құранда хамд сөзі(нен шыққан түбір сөз, етістік, есім сөз) 68 жерде, ал шүкір
сөзі(нен шыққан түбір сөз, етістік, есім сөз) 75 жерде кездеседі. (Мұхаммед Фуад
Абдулбақи, «әл-Муъжәмул-муфәһрас ли әлфазил-Қуръәнил-Кәрим», Дарул-хадис
баспа үйі, Каир – 1996 жыл.)
Хамд сөзі Құранда хазірет пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты есім сөз ретінде 3
түрлі қалыппен келеді: «Мұхаммед», 4 жерде: Әли Имран, 144; Ахзап, 40; Мұхаммед,
2; Фәтх, 29; «Ахмад», 1 жерде: Саф, 6-аят; «мақам махмуд» (мақтаулы орын), 1 жерде:
57
Исра, 79-аят; Бұдан бөлек тағы бір жерде кәпірлерге қатысты да айтылады. Ол Әли
Имран сүресі, 188-аятта.(Мұхаммед Фуад Абдулбақи, «әл-Муъжәмул-муфәһрас ли
әлфазил-Қуръәнил-Кәрим», Дарул-хадис баспа үйі, Каир – 1996 жыл.)
Демек, хамд сөзі Құранның 7 жерінен басқа, қалған 61-нің барлығы тек Алла
тағалаға арналған.
Хамд айтудың артықшылығы
«Күн шығудан алдын және батпай жатып раббыңды мақтай дәріпте.» (Қаф сүресі,
39-аят.)
«Барлық нәрсе Оны мақтай дәріптейді, бірақ сендер олардың дәріптеулерін
түсінбейсіңдер.» (Исра сүресі, 44-аят.)
Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: « … «әл-Хамду лилләһ» сөзі (ақыреттегі)
таразыда ауыр басады. СубханАлла мен әл-хамду лилләһ аспандар мен жердің арасын
толтырады …» (әл-Имам ән-Нәуәуи, Риядус-салихийн.)
Бұл хадис Алланы дәріптеу (“субханАлла” деп айту) мен оған мақтау («әл-хамду
лилләһ» деп) айтудың сауабының орасан зор екенін көрсетеді.
Шүкір етудің артықшылығы
«Ішіп жүрген суларыңды көрмейсіңдер ме(?) Оны бұлттан сендер ме, әлде біз
түсірдік пе(?!) Егер қаласақ, оны ащы етер едік. Шүкір етсеңдер қайтеді(?) (Уақиға
сүресі, 68,69,70-аяттар.)
Денесінің шамамен 70 %-ы судан тұратын жұмыр басты пендеге бұл аятты
түсіндіріп жатудың өзі артық.
Айша анамыздың (р.а.) былай деп айтқаны риуаят етіледі: Алла елшісі (с.ғ.с.)
намаз оқығанда екі аяғы жарылғанша (немесе «ісінгенше») түрегеп тұратын еді.
Айша (р.а.) айтты: «Уа Алланың елшісі, Алла сенің өткен және келетін күналарыңды
(кішігірім қателіктер) кешірген бола тұра (неге) бұлай етесің (?)». Сонда ол: «Ей Айша,
мен көп шікір ететін құл болмайын ба?» – деді.(Муслим.)
Хазірет пайғамбардың (с.ғ.с.) берген жауабы ойландырарлық. Ол (с.ғ.с.) тағы бір
хадисінде былай дейді:
«Аллаһым, Сені зікір етуім, Саған шүкір етуім және жақсылап құлшылық етуім үшін
маған жәрдем ет». (Имам Нәсәи.)
Қуанышқа шүкір ет, қайғы-мұңға сабыр ет
Аманат ретінде уақытша берілген кез келген нығмет үшін Аллаға шүкір еткен
кісі одан қол үзіп қалуға сабыр ете білуі де тиіс.
Әбу Синаннан жеткізіледі, ол айтады: «Балам – Синанды жерледім. Әбу Талха әл-
Хауләни қабірдің шетінде отыр еді. Қабірден шығайын дегенімде ол қолымнан ұстап:
«Ей Синанның әкесі, саған бір сүйінші айтайын ба? – деді. Мен «Иә» – дедім. Ол:
«Маған әд-Даххак ибн Абдиррахман ибн Арзаптан, ол Әбу Муса әл-Әшғариден Алла
елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін риуаят етті: «Құлдың перзенті қайтыс болғанда, Алла
періштелеріне айтады: «Сендер менің құлымның перзентін алдыңдар ма?». Олар: «Иә»
– дейді. Алла айтады: «Сендер оның бауыр етін (хадисте «жүрегінің жемісін» делінген)
алдыңдар ма?». Олар: «Иә» – деп жауап қайырады. Алла айтады: «(Сонда) менің құлым
не деді?». Олар айтады: «Ол саған хамд (мақтау) айтты және истиржағ («иннә лилләһ
уә иннә иләйһи ражиъун» –деп айту) жасады. Сонда Алла: «Менің құлыма жәннатта
бір үй соғып, оны «Хамд үйі» деп атаңдар» – деп бұйырды.» (әт-Тирмизи.)
Қараңыздаршы! Қандай иман, қандай тағдырға бойсұну десеңізші. Қанаттыға
қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласы енді міне бақилық болды.
Бауыр еті – баласынан айырылған әкенің, өзін-өзі ұстауы адам сенгісіз. Мұны біз Әбу
58
Талханың «Ей Синанның әкесі, саған бір сүйінші айтайын ба? – дегенде Әбу Синанның
еш кідірместен «Иә» – деп жауап беруінен көрудеміз. Оның орнында басқа біреу болса,
дәл осы жауапты берер ме еді, немесе ашуға мініп айқайға басар ма еді, кім білсін?!
Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Мүміннің жағдайына таңданасың. Себебі оның барлық ісі
жақсылық. Бұл мүміннен басқа кісіде болмайды: Бір қуаныш келсе, шүкір етеді. Бұл
ол үшін жақсылық (сауап). Басына қиындық түссе, сабыр етеді. Бұл оған жақсылық
(сауап).» (Муслим.)
Достарыңызбен бөлісу: |