С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



Pdf көрінісі
бет24/162
Дата06.01.2022
өлшемі7,49 Mb.
#14221
түріОқулық
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   162
Орта Азия. Ерте орта ғасырлық Орта Азия туралы мəліметтер 
«Авестада»  тұжырымдалған.  Ол  б.з.д.  бір  мың  жылдықтың  I 
жартысында жазылған. Ирандықтардың зороастриялық діни 
шығармаларының жинағы III—VII ғасырларда толықтырылып, 
қайта өңделген, 21 кітаптан тұрады.
IV—V ғасырларда Орта Азияда тəжік, түркмен, қырғыз, өзбек 
халықтарының арғы ата-бабалары тұрды.
Мемлекеттердің шекараларында қос дуалды берік қамалдар 
тұрды. Олар көгалды алқаптарды көшпелі тайпалардың шабуылы-
нан қорғады. «Авестада» б.з.д. бірінші мың жылдықтың бірінші 
жартысында Орта Азияда «күн елі» деп аталған Хорезм, қасиетті 
Согдиана, таулары желкілдеген Бактрия мемлекеттері болғандығы 
айтылады. Жаңа дəуірдің басында да, яғни ерте орта ғасырларда осы 
мемлекеттер өмір сүріп жатты.
Бактрия мемлекеті Амударияның жоғарғы жəне орта
ағысының алқабын, қазіргі Түркменстан, Солтүстік Ауғанстан,
Өзбекстан мен Тəжікстанның оңтүстік аумағын алып жатты.
Солтүстігінде Согдымен, оңтүстігінде Арахосиямен, батысында 
Маргианамен шектесті. I—III ғасырларда Кушан патшалағы кезінде 
өз дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген. Біздің заманымыз-
дың IV ғасырының ортасында, Канишка  патшаның билігі кезінде 
құлдырай бастады.
V—VI ғасырларда Бактрияда эфталиттер (Эфталиттер — ақ 
ғұндар. V—VI ғасырларда Орта Азияда, Ауғанстанда, Солтүстік — 
Батыс Индия мен Шығыс Түркістанның біраз бөлігінде мемлекет 
құрған. Эфталиттер бірлестігі индиялық, сасандық, түріктік елдер-
дің соққысынан: Индияда — 530 ж., Орта Азия мен Ауғанстанда — 
560 ж. құлады.) үстемдік құрды. VIII ғасырдың бірінші жартысында 
Тохаристанды (Бактрияның кейінгі аты) арабтар жаулап алды. Кейін 
Тахирилер, Саффарилер, Саманилар мен Гурилер билігінде болды.
Согды (Согдиана) мемлекеті Зеравшан мен Кашкадарья өзен-
дерінің аралығын алып жатты. Астанасы Самарқанд қаласы бол-
ды. Біраз уақыт Кушан патшалығының құрамына кірді. V—VIII 
ғасырларда қалалар қатары тез өсті. Екі-үш қабатты үйлер ою-
өрнектермен əшекейленді. Қолөнері жете дамыды.
Хорезм мемлекеті Амударияның төменгі ағысындағы алқапты 
алып жатты. Б.з.б. IV—III ғасырларда экономикалық жəне мəдени 
дамуы өте жоғары дəрежеде болған. Жаңа Базар қала, Жанбас 
қала, Қой қырылған қалалар салынды. Бируни 305 жылы таққа 
Афригтың  отырғанын,  ол  жаңа  əулеттің  негізін  қалағанын,  Қият 
қаласында (қазіргі Бируни қаласының маңы) цитадель — резиден-
ция тұрғызғанын хабарлайды.
IV—V ғасырларда Хорезмде феодалдық қатынастар қалыптаса 
бастайды. Хорезмнің экономикасының, мəдениетінің дамуына 
көрші көшпелі халық көп ықпал етті.
712 жылы Хорезмді арабтар жаулап алды. Арабтар əскерінің 
қолбасшысы Кутейба өкімет билігін жергілікті афригид əулетінің 
өкіліне берді. Сөйтіп X ғасырға дейін өкімет басшылары 
хорезмдіктерден тағайындалып отырды. Солтүстік Хорезмдегі 
астана Өргеніштің маңызы зор болды. Оның басшысы Мамун ибн-
Мұхаммед 995 жылы Хорезмді біріктірді.


62
63
Орта Азия халықтары қолдан суарылатын егіншілікпен айналы-
сты, каналдар қазылды. Суландыру жүйесін жасау өте көп адамның 
бірлескен еңбегін талап етті. Дəнді дақылдан арпа, бидай, тары 
егілді; мақта өсірілді. Бау-бақша шаруашылығы кең қанат жайды. 
Бау-бақшаларда шабдалы, өрік, бадам, жүзім, алма, алмұрт өсті. 
Сонымен қатар, бұл мемлекеттерде мал шаруашылығы да дамыды. 
Орта Азия елдерінде жібек өсіру де белгілі болды.
Орта Азияда феодалдық қатынастардың дамуы шамамен VII 
ғасырға, көшпелілердің қысымы біршама əлсіреген кезге жатады. 
Диқандар өздерінің суармалы жерлерін ұсақ учаскелерге бөліп, жері 
аз шаруаларға берді. Оларға қарызға тұқым беріп тұрды. Сол үшін 
шаруалар жинаған өнімнің төрттен үшін өз пайдасына алып отырды.
Жер иемденуші диқандардың əскери отрядтары болды. Шонжар 
сословиесінің белгісі — алтын қынабы бар қанжар тағылған алтын 
белбеу болды.
IV—VII ғасырларда Орта Азияда саяси бытыраңқылық орын 
алды. Каспий теңізі мен Сырдария аралығында отызға жуық тəуел-
сіз  князьдықтар  тұрды.  Əр  аймақтың  орталығы  қала  болды.  Қала 
шахаристанға (ішкі қала, бекініс) жəне рабадқа (шеткі қала) бөлінді. 
Орта Азия шеберлері қытайлықтарға əйнек жасау өнерін үйретті.
VI ғасырдың 80- жылдарында Согдада шаруалардың Абруй 
(қазіргі  Бұқара  облысы)  бастаған  көтерілісі  болды.  Наршахидің 
(899—959 жылдары Бұқара маңында өмір сүрген Орта Азиялық 
тарихшы) мəліметі бойынша Абруй Пайкендті басып алып, мұнда 
қатігез билік орнатты. Жеңілген пайкендтік басшылар Жетісуға 
қашып барып, түріктер басшысы Қара Чуриннен көмек сұрады. 
Түркі əскерлерінің көмегімен көтеріліс 586 (585) жылдары басылған. 
Абруй азапталып өлтірілді (оны қызыл басты аралар толтырып 
салынған қапқа отырғызған).
651—712 жылдар аралығында Орта Азияны толығымен Арабтар 
басып алды. Олардың билігіне қарсы 728 жылы Согдада ірі көтеріліс 
басталып, он жылға дейін басылмады.
Деректерде «ақ киімді адамдардың» қозғалысы деп аталатын 
үлкен қозғалыс Мавераннахрда (Амудария мен Сырдария ара-
сы) 776—783 жылдары болды. Оны Муканна (бетін бүркенішпен 
бүркеген) деп аталып кеткен Хашим ибн-Хаким басқарды. Бұл 
көтеріліс Бабек көтерілісі сияқты, хурремиттер ұранымен өтті. «Ақ 
киімді адамдар» қозғалысының дəстүрі Тəжікстанда XII ғасырға 
дейін сақталды.
Орта Азияда араб халифатының құлдырауы нəтижесінде Сама-
нилердің тəжік феодалдық əулеті (819—999 жылдары) нығайды. 
Орталығы — Бұхара қаласы болды.
Саманилер атын Балхтағы (Солтүстік Ауғанстан) Саман селосы-
нан шыққан феодал Саман-худаттан алған. 806—810 жылдардағы 
Рафи ибн Ляйс басқарған арабтарға қарсы көтерілісті басудағы көме-
гі мен ерлігі үшін Саманның балалары мен немерелері Мауераннахр-
дың ең жақсы жерлерін басқаруға алды. 893 жылы Саманилер əскері 
Таразды басып алды. «990 жылы Хасен Боғыра хан бастаған қарахан 
əскерлері Исфиджапты, 992 жылы саманилердың астанасы Бұхараны 
алды. 1005 ж. Мауераннахр біржолата қарахандардың қолына көшті. 
Бұрынғы саманилер патшалығына қарасты ел мен жерді қарахандар 
мен ғазнауилер бөлісіп алды. Олардың арасындағы бөлістің шекара-
сы Амудария болды».
Орта Азияда тұрып жатқан қырғыздардың ата-бабалары IV—V 
ғасырларға қарай құл иеленушіліктен феодалдық қоғамға аяқ ба-
сты. V ғасырда қазіргі Қырғызстанның солтүстігінде көшпенділер 
де отырықшылыққа көше бастады. VI—VII ғасырларда Қырғызстан 
аумағы Батыс Түрік қағанатының орталығы болды. Оның астанасы 
Суяб Шу алқабында (Тоқмақ қаласының маңы) орналасты.
VI — VIII ғасырларда көшпелі түрік тайпалары орхон-енисей жа-
зуын қолданды. Халық шаман, зороастра, будда, христиан діндерін 
ұстанды. VIII ғасырдың басында қазіргі Қырғызстан аумағындағы 
саяси билік түркештердің қолына көшті. VIII ғасырдың ортасында 
Тянь-Шаньға Алтайдан қарлұқ тайпалары қоныс аударды. Олардың 
билігі X ғасырдың ортасына дейін сақталды.
Тянь-Шаньдағы қырғыз тайпалары туралы алғашқы деректер 
X ғасырға жатады. X ғасырдың ортасынан XII ғасырдың ортасы-
на дейін Қырғызстан Қарахандар мемлекетінің орталық үлесі бол-
ды. Шу алқабында мемлекеттің астанасы Баласағүн қаласы (қазіргі 
Боран елді мекені) орналасты. XI ғасырдың ортасынан Қырғызстанда 
шартты жер иелігі — ихта өмірге келді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   162




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет