Бас бостандығынан заңсыз айыру (126-бап)
Бұл құрам Қылмыстық кодекстің 125-бабында көрсетілген қылмысқа ұқсас. Одан айырмашылығы адам өзі тұратын жерден басқа жерге ауыстырылмайды, оған өлтіремін немесе денсаулыққа зиян келтіремін деп қорқыту арқылы еркін жүріп-тұруға шек қойылады, егер бұл талапты орындамаса оған ескертілген зиянның келтірілуі есіне салынады.Қылмыстың тікелей объектісі-адамның жеке басының бостандығы, қосымша тікелей объектісі-адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі. Қылмыстың жәбірленушісі кез келген адам болуы мүмкін. Объективтік жағынан қылмыс адамды, оны ұрлауға байланысты емес жағдайда бас бостандығынан айырумен сипатталады. Яғнжәбірленушінің еркін-қалауынша жүріп-тұруына тыйым салынады немесе оны бір тұрғын жай-ға жауып қояды не байлап, қорқытып зорлықпен ұстайды, өз тілегі бойынша адамдармен кездесу мүмкіндігінен айырылады. Қылмыстың жасалу тәсілі жәбірленушіні күш қолданып немесе күш қолданбақшы болып қорқыту бол-ып табылады. Қылмыс құрамы формальдық. Адам бас бостандығынан заңсыз айырылған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Заңсыз бас бостандығынан айыру мерзімі қылмысты саралауға әсер етпейді. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет әр түрлі қызғаныш, кек алу, бұзақылық т.с.с. болуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған жай адам. Лауазым адамдарының мұндай әрекеттері Қылмыстық кодекстің тиісті басқа баптары бойынша саралануға жатады.
Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (127-бап)
Психиатриялық стационарға орналастырудың негізгі және тәртібі Қазақстан Республикасының «Психиатриялық көмек көрсету және азаматтарға ондай көмек көрсетуге байланысты кепілдіктер туралы» арнаулы заңында көрсетілген. Осы заңға сәйкес психиатриялық стационарға осындай дертпен ауыратын адамдар тек қана дәрігерлік-психиатриялық комиссияның тиісті қорытындысына немесе сот қаулысына сәйкес орналастырылады. Сау адамды психиатриялық стационарға орналастыру заңсыз деп танылады. Қылмыстың тікелей объектісі-адамның бостандығын реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс адамды психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру немесе заңсыз ұстау арқылы сараланады. Заңда көрсетілмеген негіздер бойынша немесе жалған құжаттар жасау жолымен сау адамды психиатриялық стационарға орналастыру осы мекемелерге заңсыз орналастыру деп танылады. Емдеу мерзімі өткен немесе сауыққан адамды шығарудан бас тарту психиатриялық стационарда заңсыз ұстау деп табылады.Қылмыс формальдық құрамға жатады, ал адамды психиатриялық стационарға заңсыз орналастырған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-пайдакүнемдік, кек алу, жек көру, қызғаныш т.б. болуы мүмкін. Қылмыстық ниеттің іс-әрекетті саралауға әсері болмайды, бірақ жаза тағайындағанда ескерілуі мүмкін. Қылмыстың субъектісі-заңсыз психиатриялық стационарға орналастыруға немесе заңсыз ұстауға шешім қабылдаған адамдар (дәрігер-психиатр, емдеуші дәрігер немесе жалған құжат дайындаған психиатр-дәрігер, сондай-ақ қаулы шығарған судья). Басқа 16-ға толған адамдар осы қылмыстың ұйымдастырушысы, айдап салушы немесе көмектесушісі болуы мүмкін.
Дәл сол әрекет, егер ол: а) пайдакүнемдік ниетпен жасалса;
б) адам өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаса;
в) абайсызда жәбірленушінің өліміне не өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса-осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады.(127-баптың 2-тармағы).
Абайсызда жәбірленушінің өлімге душар болуы заңсыз психиатриялық стационарға орналасқанына ыза болған адамның өзін-өзі өлтіруі немесе басқа есі ауысқан аурулардың жабылып өлтіруі салдарынан орын алуы мүмкін. Өзге де ауыр зардаптарға-жәбірленушінің ауыр, орта дене жарақатын алуы, өзінің немесе туыстарының психиатриялық ауруға шалдығуы т.с.с. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |