Қылмыстың объектісі жәбірленушінің (әйелдің де, еркектің де) жыныстық бостандығы. Қылмыс объективтік жағынан жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жасалған еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер арқылы сипатталады. яғни бұл қылмыстың объективтік жағы мынандай өзіндік сапалық көрсеткіштер арқылы көрініс табады. Ол біріншіден-нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттер, бұл әрекеттердің үлгі тізбегі Қылмыстық кодекстің 121-бабының диспозициясында еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы және өзге де әрекеттер деп көрсетілген. Екіншіден мұндай әрекеттер жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолдану немесе оны қолданбақшы болып қорқыту не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Еркектің екінші бір еркекке зорлық әрекеттерін қолдана отырып, оның келісімінсіз жыныстық қатынасын жасау еркек пен еркектің жыныс қатынасы деп танылады.Әйелдің екінші бір әйелге зорлық әрекеттерін қолдана отырып, оның келісімінсіз жыныстық қатынас жасауын әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы деп танылады. Өзгеде нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерге еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынастарына жатпайтын, басқа тұрғыдағы жыныстық құмарлықты қанағаттандыруға бағытталған әр түрлі әрекеттер жатады, оған еркектің әйелдермен немесе әйелдің еркектермен нәпсіқұмарлық сипаттағы әр түрлі зорлық қатынастары жатады. Мысалы: табиғи түрге жатпайтын зорлық жыныстық қатынастары (жәбірленушінің жыныс органдарынан басқа дене мүшелерін пайдалану арқылы жыныстық құмарлықты қанағаттандыру (анус), садистік тәсілдерді қолдану, жәбірленушінің жыныс органын күйдіру, оған мүйіз, таяқ, басқа зат тығу; әйелдің еркекті оның еркіне қарамастан жыныстық қатынас жасауға зорлауы (онанизм) т.с.с. Некрофилия-кінәлының өзі өлтірген жәбірленушімен зорлық қатынасын жасауы болып табылады. Қылмыстық кодекстің 121-бабымен емес, 96-бабының 2-тармағының «к» тармақшасымен саралануға жатады. Ал өздігінен өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасаудағы жауаптылық Қылмыстық кодекстің 275-бабында көрсетілген (өлгендердің мәйіттерін немесе олар жерленген жерлерді қорлау). Бұл қылмысты кінәлы адам күш қолдану немесе оны қолданбақшы болып қорқыту не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалану арқылы жүзеге асырады. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс күш қолдану немесе оны қолданбақшы болып қорқыту не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалану арқылы нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттерді істеуді бастаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады.Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам өзінің әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың негізгі ниеті-жыныстық құмарлықты қанағаттандыру болып табылады. Бұдан басқа кейбір реттерде кек алу, адамгершілікті аяққа басу, кінәлының өзінің жыныстық қабілетсіздігіне (импотенттік) жасыру ниеттері де орын алуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі-14-ке толған ерлер немесе әйелдер.
Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр ету (123-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі жыныс бостандығы, қосымша тікелей объект жәбірленушінің ар-намысы, адамгершілігі немесе мүліктік мүдделері. Объективтік жағынан қылмыс адамды бопсалау, мүлкін құртамын, бүлдіремін немесе тартып аламын деп қорқыту жолымен де жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерді жасауға мәжбүр ету арқылы сипатталады. Мұндағы мәжбүр ету дегеніміз-нәпсіқұмарлық әрекетті жасауға зорлау деп түсінген жөн. Заңда адамды бопсалау, мүлкін құртамын, бүлдіремін немесе тартып аламын деп қорқыту жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдалану арқылы мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану осы қылмыстың объективтік жағының қажетті белгілері болып табылатыны анық көрсетілген.Бопсалауға-жәбірленушінің немесе оның жақын туыстарын масқаралайтын мәліметтер тартамын деген қорқытулар жатады. Мүлікті одан әрі пайдалануға жарамсыз етіп тастаймын деп қорқыту мүлікті құртамын деген қорқытуға жатады. Мүлікті бастапқы қалпына келтіру үшін күрделі жөндеу қажет болады деп қорқыту мүлікті бүлдіремін деген қорқытуға жатады. Мүлікті тартып алған жағдайда жәбірленуші оны өзінің қалауынша билеп, пайдалана алмай қалады. Жәбірленушінің толық немесе ішінара кінәлыға кіріптар болуы (оның асырауында, күтуінде болуы немесе оның тұрғын жайында тұруы) материалдық тәуелділік деп саналады. Өзге де тәуелділікке жәбірленушінің кінәлы адамға қызметі, жұмысы жағынан (материалдық жағынан емес) бағынышты немесе соның бақылауында болуы жатады. Мысалы, оқытушы мен оқушының лауазымды адам мен оған бағынышты қызметкердің арасындағы қатынас.Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген тәсілдерді қолданып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасуына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр еткен сәттен бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-жыныстық құмарлықты қанағаттандыру. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған әйел немесе еркек жынысты адам. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер (122-бап) Қылмыстың объектісі-16 жасқа толмаған адамның жыныстық бостандығына қол сұғушылық. Қылмыстың жәбірленушісі-16-ға толмаған ер және әйел жынысты адамдар. Қылмыстың объективтік жағы-16 жасқа толмағаны айқын адаммен жыныстық қатынаста болу, еркек пен еркектің немесе әйел мен әйелдің қатынасы немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер арқылы көрініс табады. Көрсетілген қылмыс құрамы болу үшін біріншіден кінәлы адам 16-ға анық толмаған жәбірленушімен жыныстық қатынаста (оның ішінде әйел мен еркектің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы да) болатынын білуі қажет (қылмыстың субъективтік жағы), екіншіден олардың мұндай жыныстық қатынаста болуы және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерді істеуге өзара келісімі болуы қажет, үшіншіден жәбірленуші 18-ге толған адаммен ерікті түрде болатын осы қатынастың мән-жайын, сипатын толық ұғынуы қажет.Қылмыс жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер басталған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам анық 16-ға толмаған адаммен жыныстық қатынаста немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де қатынаста болғанын сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі -18-ге толған ер немесе әйел жынысты адам.