Жас балаларды азғындату (124-бап)
Қылмыстың объектісі жеткіншектердің адамгершілік тұрғысынан дұрыс қалыптасуы болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс-14 жасқа жетпегендігі айқын адамға қатысты күш қолданусыз азғындық іс әрекеттерді жасау арқылы көрініс табады. Кінәлының немесе жеткіншектердің жыныстық құмарлығын жыныстық қатынас жасаумен байланыссыз түрде қанағаттандыруға бағытталған әр түрлі іс-әрекеттерді істеуі азғындық деп танылады. Азғындық әрекеттер интеллектуалдық және қимыл көрсету арқылы жүзеге асырылады. Интеллектуалдық азғындыққа әр түрлі порнографиялық өнімдерді, бейнефильмдерді көрсету, жыныстық тақырыптағы әдепсіз әңгімелер айту, осы тұрғыдағы шығармаларды оларға оқуға берулер жатады.
Қимыл арқылы істелетін азғындыққа жеткіншектердің көзінше жыныстық немесе өзге де нәпсіқұмарлық әрекеттерді істеу, жыныс органдарын оларға көрсету, жеткіншектерді өзара жыныстық немесе өзге де нәпсіқұмарлық қатынастар жасауға азғыру немесе зорлау әрекеттері жатады. Қылмыстың жәбірленушісі болып 14-ке толмаған ер немесе қыз балалар танылады. Азғындық іс-әрекеттерді жасауға жеткіншектердің келісім беруі кінәлының қылмыстық жауаптылығын жоққа шығармайды. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол азғыру әрекеттерін бастаған сәттен бастап-ақ аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам жасы анық 14-ке толмаған жеткіншекке күш қолданбай-ақ азғындық іс-әрекеттер жасағанын сезеді және соны істеуді тілейді. Қылмыстық ниет-жыныстық құмарлықты әстерлеу. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған ер немесе әйел жынысты адам.
Үшінші тарау. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы
қылмыстардың жеке құрамдары
Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту (131-бап)
Кәмелетке толмаған адамды 18 жасқа толған адамның қылмыстық іске тартуы және қылмыс құрамы ретінде қарастырылады.
Қылмыстың тікелей объектісі-кәмелетке толмағандардың бірқалыпты дамуы және оларға дұрыс тәрбие беру шарттары болып табылады. Қылмыстың жәбірленушісі-18-ге толмаған адам, яғни кәмелетке толмағандар. Қылмыс объективтік жағынан алғанда әр түрлі әдістер қолдана отырып кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту арқылы жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту деп 18-ге толмағандарды қылмыстың тікелей орындаушысы немесе өзге де көмектесушісі болуға жігерлендіруге, ынтасын, шешімін қоздыруға бағытталған іс-әрекеттерді айтамыз. Бұл әрекет көбінесе психикалық әдістерді қолдану арқылы (қорқыту, уәде беру, алдау) немесе басқа да тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған адамдарды үрейлендіру немесе оларды басқа бір қолайсыз жағдайларға қалдыратын әрекеттер жасаймын деген әрекеттер арқылы, олардың психикалық санасына әсер етулер қорқыту деп табылады. Қорқыту ауызша, жазбаша, телефон арқылы, дене қимылын көрсету арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және мұндай қорқытулар жәбірленушінің тікелей өзіне немесе оның таныс адамдарына білдірілуі хақ. Субъективтік болашақта кәмелетке толмағандарға белгілі бір жәрдем көрсетуге (оқуға түсіруге, жұмысқа тұрғызуға немесе оларға басқадай игіліктер жасауға міндеттемелер алуы) уәде беру деп танылады. Кәмелетке толмағандар үшін мәні бар мәліметтерді немесе мән-жайларды қасақана айтпау немесе олар жөнінде үн қатпау арқылы оларды жаңылыстырып қоғамға қауіпті іс-әрекетті істеуге тартуды алдау деп түсінген жөн. Мысалы, ересек адам кәмелетке толмаған адамға көрші үйден өзіне тиісті жүкті жол бойына жеткізуді өтінеді, нәтижесінде ол бөтеннің мүлкін ұрлауға көмектескенін бірақ біледі. Кәмелетке толмаған адамды басқа да тәсілдермен қылмыс жасауға тартуға, оларды иландыру, сатып алу, оларды зұлымдық, қара-ниетті іс-әрекеттерді істеуге жігерлендіру, бопсалау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдаланып қалу т.с.с. әрекеттер жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Ол кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартқан уақыттан (яғни 18-ге толмаған адамның оған келіскен сәтінен бастап) аяқталған деп табылады. Кінәлы адам әр түрлі тәсілдерді қолдана отырып жасы 18-ге толмағаны өзіне анық адамды қылмыстық іске тартқанын сезеді, біледі және соны жүзеге асыруды тілеп әр түрлі әрекет жасайды. Қылмыстық ниет және мақсат әртүрлі (кек алу, қызғаныш, пайдакүнемдік, басқа да зұлымдық ниеттер) болуы мүмкін. Бұлардың іс-әрекетті саралауға әсері болмайды, бірақ жаза тағайындағанда есепке алынады. Қылмыстың субъектісі - заңда тура атап көрсетілгендей кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартқан жасы 18-ге толған адам. Кәмелетке толмаған адамның екінші бір кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартуы бұл қылмыс құрамына жатпайды. Ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер өзіне заңмен жүктелген өзге адам жасаған нақ сол әрекет-осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады. Ата-аналарды анықтау ҚР неке және отбасы туралы Заңына сәйкес шешіледі. Педагог деп тәрбие немесе оқу процесімен айналысатын адамдар танылады. Педагогті қылмыстың субъектісі деп тану үшін оның жұмыс істейтін оқу орындарының түрі (жоғары оқу орындары, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес), нысаны (күндізгі, сырттай, кешкі) ешқандай әсер етпейді. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер өзіне жүктелген өзге де адамдарға қорғаншы, қамқоршы, асырап алған ата-аналар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тәрбиешілері, бұлардан басқа заңмен тәрбиелеу міндеті тікелей жүктелген-жақын-туыстары, ағасы немесе апасы, әжесі немесе атасы жатады. Осы қылмыстың тағы бір ауырлататын түрі болып табылады. Мұндағы күш көрсетуге жеткіншекті қылмыс істеуге ықпал ететін тәсілдерді қолдану жолымен, яғни оны сабау, оған жеңіл және орта дәрежелі жарақат келтіру арқылы қылмыс істеуге көндірулер жатады. Егер мұндай тәсілмен жәбірленушіге ауыр дене жарақаты келтірілсе немесе өлімге әкеліп соқса, онда кінәлының әрекеті қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға жатады. Күш қолданамын деп қорқыту-өлтіремін, денеңе жарақат келтіремін, жаныңды қинаймын, өртеймін деген шын мәнінде іске асатын нәрсе жәбірленушіге тікелей психикалық әсер ететін сөздерді кінәлының айтуы жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |