Кәмелетке толмаған адамды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту (132-бап)
Криминологиялық зерттеудің нәтижесі көрсеткендей соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандарды ішімдікке, нашақорлыққа, темекі тартуға және басқа да қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту фактілері өріс ала бастаған. Нәтижесінде жеткіншектердің арасында әр түрлі жұқпалы аурулар меңдей түскен, бұл, әрине, ертеңгі болашағымыз үшін аса қауіпті құбылыс. Қылмыстың тікелей объектісі кәмелетке толмаған адамдардың дене және адамгершілік тұрғысынан дұрыс дамып, тәрбиеленуі болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс кәмелетке толмаған адамды есірткілік немесе басқа да есеңгірететін заттарды медициналық емес тұрғыда тұтынуға не спирттік ішімдіктерді ұдайы тұтынуға, не жезөкшелікпен, қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуға тарту арқылы сипатталады. Заң бойынша есірткілік немесе есеңгірететін затқа жататын, арнаулы тізім бойынша белгіленген осындай заттарды екі немесе одан көп медициналық емес тұрғыда тұтынуға тарту кәмелетке толмаған адамды көрсетілген әрекеттерге ұдайы тарту деп танылады. Есірткілік немесе есеңгірететін заттарды анықтау арнаулы сарапшылық қорытынды бойынша анықталады. Екі немесе одан көп реттерде кәмелетке толмағандарды үнемі спирт ішімдіктерін ішуге тартуды осы қылмыстың объективтік жағының бір белгісін жүзеге асырғандық болып табылады. Арақ-шарапқа барлық ішімдіктер, оның ішінде қолдан жасалған осындай заттар жатады. Кәмелетке толмағандармен бірге бір мәрте бірлесіп спирт ішімдіктерін ішу, оны мас күйге жеткізу қылмыс болып табылмайды, мұндай әрекет әкімшілік құқықтық жолмен жауаптылыққа тартылады. Кәмелетке толмаған адамды ақшаға немесе басқадай материалдық сыйақы үшін нәпсіқұмарлық қатынаста болуға жеткізу, оларды жезөкшелікпен айналысуға тарту деп танылады. Жезөкшелікке тартудың тәсілі-қорқыту, тәуелділік жағдайларды пайдалану, көндіру арқылы болуы мүмкін. Егер кінәлы адам өзі жезөкшелікке тартқан адамды зорласа немесе оны аздыратын басқа да әрекеттер жасаса, онда оның әрекеті істеген қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады. Кәмелетке толмаған адамды бір мекен-жайдан екінші бір мекен-жайға орын ауыстыруға, тұрғылықты орнының болмауына, кездейсоқ табыстармен, ұсақ ұрлықпен, қайыр тілеумен, басқадай еңбексіз табыстармен күн көруге көндіріп тарту қаңғыбастыққа тарту деп танылады. Бөтен адамдардан ақша, азық-түлік, киім-кешек немесе басқадай материалдық құндылықтарды сұрап алып табуға әр түрлі тәсілдермен кәмелетке толмағандарды көндіру, оны қаңғыбастықпен айналыскға тарту деп танылады. Кәмелетке толмаған адамды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тарту формальдық қылмыс құрамына жатады және ол заңда (132-бап) көрсетілген әрекеттердің біреуін жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі 18-ге толған есі дұрыс адам.
Достарыңызбен бөлісу: |