Кәмелетке толмағандарды саудаға салу (133-бап)
Кәмелетке толмаған адамды саудағы салу үшін жауаптылық бұрын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылған қылмыстық заңдарда мүлдем көрсетілмеген еді. Қазақ жерінде мұндай құбылыс кеңес өкіметі орныққанға дейін мүлдем болмаған. Қазіргі жағдайда кейбір жерлерде кәмелетке толмағандар «зат», «товар» ретінде пайдаланып, қылмыскерлерге пайда табудың көзіне айналды. Дүние жүзінде орын алып отырған осындай келеңсіз құбылыстарға сәйкес ҚР ҚК-тің 133-бабында осы тұрғыдағы іс-әрекетке қылмыстық жауаптылық белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі-кәмелетке толмағандардың мүддесі, олардың дұрыс даму, жетілу, білім алу, тәрбиелену жағдайлары. Қылмыс объективтік жағынан кәмелетке толмаған адамды сатып алу не кәмелетке толмаған адамға қатысты оны біреуге беру немесе оны иемдену түрінде өзге мәмілелер жасау арқылы жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған адамды белгілі келісімді ақы алып (ақшалай, заттай, қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлік) басқаға беру, сату немесе сатып алу деп танылады. Кәмелетке толмаған адамды айырбастау (үйге, көлікке, басқа тауарларға), сыйға беру (мысалы шетелге тұрақты өтіп кетуге байланысты көрсеткен көмегі үшін немесе шын достықтың белгісі ретінде тегін беру); қарызын немесе басқадай міндеттемелерін өтеу үшін беру; басқа біреуге уақытша пайдалануға жалға беру өзге мәмілелер жасау деп танылады. Қылмыс жәбірленушіні саудаға салу жөніндегі мәмілеге қол жеткізілген және кәмелетке толмаған адамды басқа біреуге берген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс-кәмелетке толмағандарды саудаға салу тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Бұл жерде осы қылмысты істеуге кінәлы болып адамды сатқан және сатып алған жастар, сондай-ақ осындай әрекеттерге бағытталған өзге де мәмілелер жасауға қатысқандар (жәбірленушіні заңсыз біреуге берген немесе оны иемденген адамдар) табылады. Өйткені олар өздерінің іс-әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін, заңға қайшылығын сезеді және осы әрекеттерді істеуді тілейді.
Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген есі дұрыс; кәмелетке толмағандарды саудаға салуға қатысқан адамдар.
Достарыңызбен бөлісу: |