Дәріс № 7
Сабақ тақырыбы. Буынаяқтылар типі (Arthropoda). Желбезек тыныстылар тип тармағы (Branchiata).
Сабақ жоспары:
Буынаяқтылар типін сипаттайтын құрылысындағы ерекшеліктер.
Алғашқы су буынаяқтылары ретінде шаянтәрізділер класының (Crustacea) ерекшеліктері.
Шаянтәрізділердің дене бөліктері және оның бунақтарға бөлінуі.
Шаянтәрізділердің жабыны.
Шаянтәрізділердің ас қорыту жүйесі.
Шаянтәрізділердің зәр шығару жүйесі.
Шаянтәрізділердің тыныс алуы және қан айналу жүйесі.
Шаянтәрізділердің жүйке жүйесі, сезім мүшелері.
Шаянтәрізділердің жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.
Буынаяқтылар типін сипаттайтын құрылысындағы ерекшеліктер.
Жануарлар дүниесіндегі жер жүзінде кең таралған және түрлерінің саны жағынан ең көбі - буынаяқтылар типі. Олардың 2,5 миллионнан астам түрі бар. Жануарлар жүйесіндегі қалған 22 типтің түр саны буынаяқтыларға жетпейді.
Буынаяқтылар типіне шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер, көпаяқтылар және бунақденелілер жатады. Бұлардың барлығына тән белгілерінің бірі - аяқтары бірнеше буындарға бөлінген, буынаяқтылар деп аталатыны да осыдан. Олар екі жақты симметриялы және гетерономды сегменттелген жануарлар. Денесі екі немесе үш бөлімге бөлінеді: баскеуде, құрсақ немесе бас, кеуде, құрсақ. Денесін хитинді кутикула жауып тұрады. Ол жануардың ішкі мүшелерін зақымданудан қорғайды және оның ішкі жағына бұлшықеттер бекінеді. Хитинді кутикула өспейтін, созылмайтын қосынды, сондықтан буынаяқтылардың өсуі түлеу арқылы өтеді. Бұлшықеттері көлденең салалы - жолақ, тез жиырыла алады.
Буынаяқтылар - дара жыныстылар. Жыныс диморфизмі жақсы дамыған. Эмбриональды және постэмбриональды дамудың ұзақтығы өзгеріп тұрады. Даму кезеңі әр алуан: тура даму және анаморфоз, алғашқы даму - проморфоз немесе эпиморфоз, шала түрленіп даму - гемиметаморфоз, толық түрленіп даму - голометаморфоз, жеткіліксіз даму - гипоморфоз, күрделі даму - гиперметаморфоз.
Буынаяқтылар мұхиттарда, теңіздерде, тұщы су қоймаларында, ыстық су қайнарларында, қарлы жерлер мен мұздарда, топырақ қабаттарында, тіпті ауада да көп кездеседі. Адамда, жануарлар мен өсімдіктерде паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар.
Буынаяқтылардың табиғатқа және адам өміріне ықпалы зор. Олар - адамның, жануарлардың, өсімдіктердің паразиттері және түрлі жұқпалы ауруларды таратушылар, сондай-ақ егістік өсімдіктердің және орман шаруашылығының зиянкестері. Бірақ екінші жағынан буынаяқтылар азық-түлік және техникалық шикізат есебінде пайдаланылады, әрі өсімдіктерді тозаңдандыруға қатысады, топырақ құнарлылығын арттырады және өздері адамға кәсіптік қажетті жануарлардың маңызды қорегі, біраз түрлерін адам тамаққа да пайдаланады.
Алғашқы су буынаяқтылары ретінде шаянтәрізділер класының (Crustacea) ерекшеліктері.
Шаянтәрізділердің 30000-ға жуық түрі белгілі, негізінен тұщы су қоймаларында, теңіздерде кең тараған. Олардың арасында бентосты (су түбінде мекендейтін), планктонды, паразитті және құрлықта тіршілік ететін түрлері бар. Құрлықта тіршілік ететін шаянтәрізділер ылғалды жерлерде, дымқыл ортада мекендейді және желбезекпен тыныс алады, осы белгілері оларды суда тіршілік ететін формалардан шыққандығын дәлелдейді.
Денелерінің ұзындығы 1-2 мм-ден 80 см-ге дейін. Шаянтәрізділер басқа буынаяқтылардан аса айрықша белгілерімен ерекше. Біріншіден, оларда екі жұп мұртшалары: акронның өсінділері - антеннулалары (antennula) және денесінің бірінші сегментінің түрі өзгерген аяқтары - антенналары (antenna) болады. Соған орай олардың антенна І және антенна ІІ деп атайды. Екіншіден, тек шаянтәрізділерде ғана аяқтарының қарапайым екі бұтақты құрылысы сақталған. Мұндай аяқ екі буыннан протоподит (protopodit) пен базиподит (basipodit) және екі буындалған бұтақтан - экзоподит (exopodit) және эндоподиттен (endopodit) тұрады. Сонымен қатар, протоподитте тыныс алу қызметін атқаратын ерекше өсінділері преэпиподиттері (epipodit) бар. Бірақ, эволюция барысында аяқ құрылысының мұндай бастапқы типі елеулі өзгерістерге ұшырағандықтан аяқтары көбінесе бір бұтақты.
Шаянтәрізділердің дене бөліктері және оның бунақтарға бөлінуі.
Шаянтәрізділердің денесі негізінен бас (cephalon), кеуде (thorax) және құрсақ (abdomen) бөлімдерінен тұрады, бірақ бас бөлімі келесі кеуде бөлімімен бірігіп кетіп, баскеуде (cephalothorax) бөліміне айналған. Сондықтан шаянтәрізділердің басым көпшілігінде денесі нақты дифференцияланған екі бөлімнен құралған: баскеуде және құрсақ.
Дене құрамына кіретін сегмент саны, басқа буынаяқтылармен салыстырғанда алуан түрлі: 5-8-ден 50-ге дейін.
Бас бөліміндегі сегменттерінің саны тұрақты, яғни барлық шаянтәрізділердің басы акрон және 4 сегменттен құралған. Акрон - болжам бойынша, арғы тегінің (көпқылтанды буылтық құрттардың) простомиум бөлігі, ал оның өсіндісі - антеннулалары немесе І антенналары пальпилерінің гомологы. Антеннула - мұртшалардың бірінші жұбы басының алдыңғы бөлімінде, ауыз тесігінің алдында орналасады, бірқатар буындардан тұрады және негізінен бір бұтақты. Тек кейбір жоғарғы сатыдағы шаяндарда олар екіге (мысалы, өзен шаянында), кейде тіптен үшке ажырайды,
Антеннулалар - сезу, әсіресе иіс сезу мүшелері, бірақ кейде жүзу үшін де жұмсалады.
Акроннан кейінгі 4 сегменттердің әрқайсысында бір жұп түрі өзгерген аяқтары болады. Солардың ішінде бірінші сегменттің аяғы ұзарып антенна деп аталатын мұртшаға айналған. Бұлар мұртшалардың екінші жұбын құрайды және антенна ІІ деп аталады. Олар әр түрлі қызмет атқарады. Phyllopoda отрядына жататын су бүргелерінде ол жүзу үшін қолданылады. Жоғарғы сатыдағы шаяндардың көпшілігінде олар сезім мүшелері. Сондықтан олардың антеннасының эндоподиті ұзын буындалған сезімтал «қамшы» түрінде болса, экзоподиты қысқа қорғаныш тақта түрінде болады.
Бас аяқтарының екінші жұбы - мандибулалары - негізгі тамақ үгіту қызметін атқарады. Көптеген шаянтәрізділердің дернәсілі науплиуста ол екі бұтақты және ерекше шайнағыш өсіндісі бар. Ересек түрлерінде мандибулалардың осындай түрі сирек сақталады. Негізінен екі бұтағы редукцияға ұшырайды (немесе эндоподит қысқа қармалауыш түрінде қалады), ал протоподит өзінің шайнағыш өсіндісімен жуан, үшкірленген жоғарғы жақ аппаратын түзейді.
Мандибалалардан кейін бастың 3-ші және 4-ші сегменттерінде 2 жұп астыңғы жақтары немесе бірінші және екінші максиллалары орналасқан. Олар негізінен протоподит буындарындағы шайнағыш өсінділері бар нәзік жапырақ тәрізді аяқтар түрінде болады.
Аяқтарының қызметіне және орналасуына қарай бас сегменттері де антеннальды, мадибулярлы, максиллярлы І-ІІ деп те аталады.
Шаянтәрізділердің басым көпшілігінде акрон және 4 сегменттері бір-бірімен тұтасып бас қалқаншасына - гнатоцефалонға айналған.
Кейбіреулерінде бас қалқаншасы алдыңғы кеуде сегменттерімен тұтасқан. Мысалы, өзен шаянында бас қалқаншасы үш кеуде сегментімен біріккен, соған байланысты сол сегменттердің аяқтары қоректі үгіту процесіне қатысады да, жақ аяқтары деп аталады.
Төменгі сатыдағы шаянтәрізділерде (мысалы, жақаяқтыларда) акрон тек антеннальді (бірінші) сегментпен тұтас қосылып, протоцефалон деп аталатын алғашқы бас бөлімін құрайды. Қалған үш жақ сегменттері басымен қозғалмалы түрде байланысқан, жігі айқын.
Шаянтәрізділердің әр түрлі формаларында кеуде және құрсақ сегменттерінің саны бірдей емес, тек жоғарғы сатыдағы шаяндарда (класс тармағы - Malacostraca) сегменттер саны тұрақты: кеуде бөлімінде - 8, құрсақ бөлімінде - 6. Бас сегменттерімен бірге санағанда жалпы саны 18-ге тең. Құрсақ бөлімінде аналь тесігімен аяқталатын аналь қалқаны немесе тельсоны бар. Кейбіреулерінің тельсонында айырша немесе фурка жасайтын жұп өсінділері орналасады.
Шаянтәрізділердің кеуде аяқтары негізінде қозғалыс (локомоторлық) мүшелері, сондай-ақ қорегін ұстау, тыныс алу процесіне де қатысады. Аяқтарының атқаратын қызметіне байланысты, олар түрліше құрылған. Мысалы, өзен шаянында кеуде аяқтарының үш жұбы жақаяққа, төртінші жұбы жемтігін қысып ұстайтын күшті мүшеге - қысқышқа айналған, қалғандары жүру аяқтары.
Құрсақ аяқтары тек жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділерде ғана (класс тармағы - Malacostraca) тән және олар екі бұтақты, аталықтарында түтікше тәрізді шағылыс, ал аналықтарында жұмыртқаларын құрсағына жинап, бекітіп қоятын мүшеге айналған. Онаяқты шаяндарда (Decapoda отряды) құрсақ аяқтарының соңғы жұбы тельсонмен байланысты және артымен алға қарай қозғалыста маңызды қызмет атқаратын күшті тақталы құйрық аяқтарына - уроподаларға айналған.
Шаянтәрізділердің жабыны.
Шаянтәрізділердің бүкіл денесі сыртқы қаңқа түзетін хитинді кутикуламен қапталған. Кутикуланың астында гиподермальды эпителий қабаты және базальды мембрана жатады. Төменгі сатыдағы шаянтәрізділерде хитинді кутикуласы жұмсақ әрі мөлдір, ал жоғарғыларында құрамында CаСO2 тұзының көптігінен ол қалың, қатты және мықты. Суда тіршілік ететіндіктен шаянтәрізділерде денеде ылғалды сақтап тұратын кутикуланың ең сыртқы қабаты - эпикутикуласы дамымаған. Осы ерекшелігі құрлықта тіршілік ететін шаянтәрізділерде де сақталған. Сондықтан олар ылғалы мол жерлерде ғана тіршілік етеді.
Кутикула қабаты сыртқы қаңқаның қызметін атқарады, жануарды сыртқы әсерлерден сақтайды және әр түрлі бүлшықет тіреулерінің негізгі нүктелері болып келеді.
Өзен шаянында басының желке және бүйір шеттері бас қалқаны немесе карапакс (carapax) деп аталатын жалпық өскіндерді береді. Ол дененің бүкіл кеуде бөлімін арқа және бүйір жағынан қаптап жатады. Маңдайы өткір әрі істік рострумға (rostrum) айналған. Ол мұртшаларды және сабақшалы, қозғалғыщ күрделі екі көзінің түбін бүркейді. Төменгі сатыдағы шаянтәрізділердің карапаксы ұзарыңқы, бүкіл денені сыйғыза алатын қосжақтаулы бақалшаққа айналған немесе барлық дене сегменттерімен қосылған.
Бұлшықеттері басқа буынаяқтылардағыдай көлденең жолақты талшықтардан тұрады. Бұлар өзара қаңқаның әр түрлі нүктелерін байланыстырады. Олардың бір ұшы дененің бір сегментіне немесе аяқ буынына жалғасса, екіншісі - басқа сегменттің қабырғасына бекінеді. Қосжақтаулы бақалшағы бар шаяндарда (Ostracoda класс тармағы) бір жақтаудан екіншіге көлденеңінен өтетін ерекше тұйықтағыш бұлшықеті болады.
Шаянтәрізділердің ас қорыту жүйесі.
Асқорыту жүйесі жақсы жетілген. Ішегі тік немесе аздап иілген түтік түрінде болып, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектерден тұрады. Аналь тесігі тельсонның құрсақ бөлімінде орналасқан.
Ішектің алдыңғы және артқы бөлімдері сыртқы хитинді кутикуланың жалғасымен қапталған, яғни эктодермальды. Түлек кезінде осы кутикулалар да жаңарып ауыз және аналь тесігі арқылы түтік түрінде шығады. Жоғарғы сатыдағы шаянтәрізділердің (Decapoda отряды) алдыңғы ішегі кеңейіп қарынға айналған. Ол кардиальды немесе шайнағыш және пилорикалық бөлімдерге ажыраған. Қарынның кардиальды бөлімінің арқа және бүйір қабырғаларындағы кутикуласы қалыңдап, ізбест сіңген шеті үшкірленген үш күшті шайнағыш тақталарына айналған. Солар арқылы ас үгітіледі. Ал пилорикалық бөліміндегі жіңішке кутикулярлы өсінділер ұсақталған қоректік заттарды нығыздап (престеп) және сүзіп келесі ортаңғы ішекке шығарады.
Ортаңғы ішегі түтік тәрізді, оның екі жақ бүйірінде төмпешіктері немесе өсінділері болады. Осы өсінділерден ас қорыту ферменттері бөлініп, сұйық ас ботқасы қорытылады. Бұларды бауыр қосалқысы деп те атайды. Олар түрлі дәрежеде тарамдалған немесе ұзын түтікті қапшық түрінде болады (Amphipoda және Isopoda отрядтарында). Өзен шаянының екі қалқанды бауыры әрбір жақтан ортаңғы ішекке ашылатын, бір өзекке құйылатын көптеген ұсақ түтікшелерінен құралған. Бауыр сөлі ортаңғы ішектен шайнағыш қарынға барады. Шаяндардың бауыр секреті органикалық заттарды: май, белок, көмірсуларды ыдыратады. Безді қызметінен басқа, шаяндардың бауыры фагоцитозға да қабілетті, яғни бауыр клеткалары ұсақ қоректік заттарды қармап алып клетка ішінде қорытады. Бауыр қосалқысы мен ортаңғы ішектің арасындағы корреляцияны, яғни өзара байланысты, тіпті тәуелділікті байқауға болады. Неғұрлым бауыр қосылқысы нашар дамыса, соғұрлым ортаңғы ішек ұзынырақ болады және керісінше. Мысалы, өзен шаянының ортаңғы ішегі, бүкіл ішектің 1/20 бөлігін ғана құрайды. Ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасады, ол түзу түтік тәрізді, аналь тесігімен аяқталады. Кейбір паразиттік тіршілік ететін шаяндарда, мысалы, Sacculina-ның ішегі толығымен жойылған.
Шаянтәрізділер әр түрлі ұсақ организмдермен және өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарымен қоректенеді.
Шаянтәрізділердің зәр шығару жүйесі.
Шаянтәрізділердің зәр шығару жүйесі екі жұп безді мүшеден тұрады: антеннальды және максиллярлы. Антеннальды бездер жоғарғы сатыдағы (Malacostraca класс тармағы) шаяндарда болады, ал қалғандарында - максиллярлы, тек Leptostraca отрядының өкілдерінде зәр шығару бездерінің екеуі де болады. Безді мүшелер түрі өзгерген целомодукталар. Антеннальды және максиллярлы зәр шығару жүйесінің құрылысы ұқсас. Әр мүше қапшықтан және одан басталатын, безді қабырғалары бар, иілген түтікшеден тұрады. Түтік бірнеше иірім жасап кеңейген қуысқа - қуыққа ашылады. Қуық қысқа өзегімен антенналарының түбінде (антеннальды без) немесе ІІ-ші максиллаларының (максиллярлы без) түбінде ашылады.
Шаянтәрізділердің тыныс алуы және қан айналу жүйесі.
Тыныс алу жүйесі Polychaeta класындағыдай аяқтарымен тығыз байланыста. Көптеген ұсақ шаянтәрізділерде арнайы тыныс алу мүшелері жоқ (Ostracoda, Maxillopoda класс тармағы). Олар бүкіл денесімен тыныс алады. Басқаларында тыныс алу мүшесі желбезектер. Олар аяқтардың протоподиттерінен басталатын тақталы немесе бұтақталған жұқа қабырғалы өсінділері - эпиподиттер. Негізінен олар (Amphipoda отряды) кеуде аяқтарында дамыған. Decapoda отряд өкілдерінің желбезектері алдымен кеуде аяқтарының протоподиттерінде дамып, соңында дененің бүйір қабырғасынан ауысып, бас қалқаншасындағы бүйір шеттерінің астында, ерекше желбезек қуысында орналасады. Сонда Decapoda-ның желбезектері ұзына бойы қатарласып орналасады. Бірінші қатардағы желбезектері аяқтардың протоподиттеріндегі алғашқы тәртібін сақтайды, екінші қатардағы - протоподиттердің денемен байланысқан жерлерінде, ал үшінші қатардағылары дененің бүйір қабырғасында орналасады.
Су желбезек қуысына бас қалқаны мен дене арасындағы саңылауы арқылы бір жағынан кірсе, екінші жағынан шығарылады және де осы бағыт өзгеруі мүмкін. Суды желбезек қуыстарынан айдайтын, минутына 200 қозғалыс жасайтын, екінші максилланың ерекше өсіндісі. Басқа жоғарғы сатыдағы шаяндарда (мысалы, Isopoda отряды) желбезектері кеудесінде емес, құрсақ аяқтарында дамиды. Желбезектерінің ішіне гемолимфа құйылатын дене қуысы жалғасады, желбезектердің кутикуласы өте нәзік болғандықтан, газ алмасу оңай өтеді.
Қан айналу жүйесі ашық типті. Гемолимфа қан тамырларының ішінде қозғалып, кейін арнайы қабырғалармен шектелмеген дене қуысының бөлімдері - синустарға құйылады.
Аса қарапайым формаларында жүрегінің құрылысы метамерлі: ол - әрбір сегментінде жұп остиясы бар бүкіл дененің арқа жағымен ұзына бойы созылатын түтік (кейбір желбезекаяқтыларда). Бірақ Cladocera-да (Phyllopoda отряды) жүректің қанды араластыруға ғана қабілеті бар, бір жұп остиясы бар, қапшық деңгейіне дейін қысқаруы байқалады. Жоғарғы сатыдағы шаяндарда да ұзын түтікті жүрегі бар формалары бар (Amphipoda және ауызаяқты шаяндар - Stomatopoda отряды). Онаяқтылардың (Decapoda отряды), мысалы, өзен шаянының үш жұп остиясы бар қысқа жүрегі болады.
Қан айналу жүйесі тыныс алу мүшелерінің даму деңгейімен белгілі дәренжеде байланыста. Егер , желбезек қызметін кеуде аяқтарының эпиподиттері атқарса, онда жүрек түгелімен кеудеде жатады, ал тыныс алуға құрсақ аяқтарының эпиподиттері жұмсалса, жүрек құрсақта орналасады.
Жүректің алдыңғы, ал кейде артқы шетінен де алдыңғы және артқы аорталар деп аталатын ірі қан тамырлары басталады. Қан айналудың тәсілдері алуан түрлі. Солардан өзен шаянының қан айналу жүйесін қарастырайық. Перикардия қуысындағы жүректен бірнеше ірі қан тамырлары тарайды: алдыңғы аорта (қолқа); антеннальді артериялар; жоғарғы және төменгі құрсақ артериялары; нерв асты артериясы. Осы қан тамырлары тарамдалып, кейін үзіледі де, ішіндегі гемолимфа сұйықтығы миксоцель қуысына құйылып ішкі мүшелерінің арасымен өтіп, оттегін таратады. Дене қуысынан веналық қан (көмірқышқыл газына бай) венозды қан тамырлары арқылы желбезктерге барады, сол жерде гемолимфа оттегіне қанығады да, желбезек қан тамырлары арқылы перикардийге, одан әрі остий арқылы жүрекке құйылады.
Көп жағдайда шаянтәрізділердің гемолимфасы түссіз, бірақ кейбір кезде плазмада ерітілген гемоглобиннің әсерінен қызыл түске боялған. Кейбір онаяқты шаяндардың (крабтардың біразы) гемолимфасы көгілдір немесе ауа тигенде көкке боялады, ол құрамында мыс және оттегінің тасымалдануын реттейтін тыныс пигменті - гемоцианиннің болуына байланысты.
Шаянтәрізділердің жүйке жүйесі, сезім мүшелері.
Шаянтәрізділердің нерв жүйесі көпқылтанды буылтық құрттардыкіне ұқсас. Ол жұп мидан, жұтқыншақ асты ганглиясынан, жұтқыншақ маңыңдағы сақина - коннективадан және құрсақ нерв тізбегінен құралған. Төменгі сатыдағы (желбезекаяқтылар - Branchiopoda класс тармағы) түрлерінің құрсағында екі нерв бағанасы болады, олардың ганглиялары бір-бірімен көлденең комиссурамен жалғасқан сатылы нерв тізбегін құрайды, ал жоғарғы сатыдағыларда екі нерв бағаналары, сонымен қатар ганглиялары да бір-бірімен қосылып, құрсақ нерв тізбегіне айналған, тек көрші ганглилердегі (сегменттердің арасындағы) ұзына бойы коннективтердің жұптығы сақталады да, құрсақ нерв тамырының бастапқыда жұп екендігін көрсетеді. Шаянтәрізділердің әрбір тобында дене сегменттерінің бір-бірімен бірігуіне байланысты жүйке ганглияларының бірігуі және ұзынша келген бағаналардың қысқаруы да байқалады. Мысалы, өзен шаянының антеннула мен антеннаға бастама беретін миынан тыс, денесінің 18 сегментінде 12 ғана нерв түйіні бар, ол: құрсақ тізбегіне бастама беретін - жұтқыншақ асты ганглиясы (3 жұп ауыз аяқтары мен 3 жұп жақаяқтарына сәйкес келетін ганглияларының қосылуы); 5 кеуде ганглиялар (саны дәл сондай жүру аяқтарына сәйкес) және 6 құрсақ ганглилері болады. Крабтар да тек 2 нерв түйін бар - ми мен кеудедегі жалпы түйін қосындысы (құрсақ түйіндерінің қосылуы нәтижесінде пайда болған). Сонымен қатар, нерв ганглияларының түгелімен бір-бірімен қосылуы ескекаяқты шаяндарға (Copepoda отряды) және бақалшақты шаяндарға (Ostracoda класс тармағы) тән, оларда асқорыту жүйесін тесіп өтетін жинақты ганглиозды массасы бар.
Жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы үш бөлімнен құралған: алдыңғы - протоцеребрум, ортаңғы - дейтоцеребрум және артқы - тритоцеребрум. Протоцеребрум күрделі (фасеттік) және қарапайым көздерді, дейтероцеребрум антеннулаларды нервтендіреді, ал антенналарға баратын нервтер жұтқыншақ маңы коннективтерінен басталады. Шаяндарда жақсы жетілген симпатикалық жүйесі бар, ол ішектің жұмысын реттейді.
Басқа бауынаяқтылардағыдай шаянтәрізділердің нерв жүйесінде нейросекрет - гормондарды бөліп шығаратын нейросекреторлы клеткалар орналасқан. Олар организмнің ішкі ортасына, гемолимфаға арнайы сөлдерді шығарып, жеке мүшелердің зат алмасу, түлеу, тағы басқа процестерді реттеп тұрады. Шаяндардың нейросекреторлы клеткалары протоцеребрум, дейтоцеребрум және құрсақ нерв тізбегінің әр түрлі бөлімдерінде орналасқан.
Сезім мүшелері жақсы жетілген, олар сезімтал талшықтар түрінде (рецепторлар) дененің белгілі бөліктерінде - антеннула, антенна, аяқтарының беткейіндегі талшықтар мен түктерінде орналасқан, иіс, дәм, химиялық сезу қызметін орындайды, бұлардың түбінде, гиподермальды эпителидің астында биполярлы нерв клеткалары бар.
Тепе-теңдікті сақтау мүшесі - статоцист - онаяқтылар (Decapoda) отрядының өкілдерінде жақсы дамыған. Олар антеннулаларының негізгі буынында, жабынды қабаттың терең ойығында орналасқан, ішкі жағы қауырсынды нәзік түкшелермен қапталған. Олар тітіркендіруді қабылдайтын нерв клеткаларымен байланысты. Көп жағдайда статоцист сыртқы ортамен байланысып, ішіне «есту тасшалары» немесе «статолит» қызметін атқаратын ұсақ құм түйіршіктерін жинап алады. Түлеу кезінде статоцисттердің хитинді жабыны мен статолиттер түсіп қалады да, шаян жаңа құм түйіршіктерін жинайды (не қысқыштарымен, не бірнеше рет басын су түбіне сұғып). Сонымен қатар, статоцист мүшесі басқа да жоғарғы сатыдағы шаяндарда болады, мысалы, Mysidacea отрядында, бірақ олар құрсақ аяқтарының соңғы жұбының негізінде орналасады.
Шаянтәрізділердің көру мүшесі - қарапайым - науплиальды және күрделі - фасеттік көздер. Науплиальды көз негізінен шаянтәрізділердің науплиус деп аталатын дернәсіліне тән, бірақ жиі ересек түрлерінде де кездеседі. Ол антеннулалардың аралығында орналасып, бір қатар ретинальды клеткалардан тұратын 2 немесе 4 көз шынысының (бақалшақтардың) бірігуінен құралған. Әрбір бақалшақ қою пигментпен қоршалған. Дене беткейіне қараған жағында жарық шағылыстырғыш көз жанары (хрусталигі) болады. Көз ойысшығына қарайтын ретинальды клеткаларының ұшынан миға нерв талшықтары барады, сондықтан көздің құрылысы - инертті.
Буынаяқтылардағыдай шаянтәрізділердің көпшілігінде күрделі жұп фасеттік көздері дамыған. Осындай көздің құрамында тығыз жанасқан және бір-бірінен пигменттік жіңішке қабаттарымен шектелген көздің үстіңгі бетінен түбіне шейін бойлап жатқан омматидиялар деп аталатын ұсақ көзшелері болады (өзен шаянында 3000-нан аса). Бұлардың өзі өте күрделі құрылысты. Әрбір омматидия жоғарғы кутикула немесе оптикалық қабатынан және төменгі клеткалық немесе тітіркенуді қабылдайтын ретинальды клеткалар қабатынан тұрады. Оптикалық қабат - екі жағы дөңес линза тәрізді, мөлдір жарық шағылыстырғыш көз жанары (хрусталик) және оның астында жатқан көз жанары конусынан тұрады, бұлар бірігіп оптика жүйесін құрайды. Буынаяқтылардың көз жанары алты қырлы немесе фасеткалы (французша facette - қыр) құрылысты, осыдан да бұлардың күрделі көздерін фасетті деп те атайды. Клеткалық немесе тор қабаты - сезімтал ретинальды клеткалар тобынан құралған. Олардан мидың көру аймағына нерв тамырлары кетеді. Ретинальды клеткалар тобының ортасында рабдом деп аталатын көру таяқшалары орналасқан. Омматидиялардың оптикалық және клеткалық қабатын экрандайтын пигментті клеткалары қоршап жатады. Барлық омматидиялардың нерв тамырлары қосыла отырып, миға қарай көру ганглияларын түзейді.
Шаянтәрізділердің фасетті көздері көп жағдайда бастың ерекше қозғалмалы сабақшаларында орналасқан.
Шаянтәрізділердің әр түрлі өкілдерінде тек науплиальды көздері (Copepoda отряды, Ostracoda класс тармағы) немесе тек фасетті көздері (көптеген жоғарғы сатыдағы - Malacostraca класс тармағының өкілдерінде), ал жапырақаяқтыларда (Branchiopoda класс тармағы) науплиальды және фасетті көздері болады.
Кейбір шаянтәрізділердің белгілі жарық тітіркендіргіштерін қабылдауы, гормондарды бөлетін нейросекреторлы клеткалардың қозуына байланысты. Ол дене түсінің өзгерісіне әкеледі. Мысалы, Кейбір креветкалар мен крабтар сыртқы қоршаған ортаға байланысты денесінің түсін өзгертіп тұрады. Бұл қабілеттілік терінің астыңғы жағындағы ерекше ірі хроматофор - клеткаларының цитоплазмасындағы боялған пигмент дәндерінің орын ауыстыруына байланысты. Неғұрлым пигмент дәндері клеткаға біртекті таралса, соғұрлым денесі пигменттің түсіне байланысты бір түске боялады, ал дәндер клетканың ортасына жиналса, онда түсі ашық. Пигментті клеткаларының іс-әрекеті көру ганглилеріндегі ерекше синус бездерінен бөлінетін гормондар - нейросекретпен реттеледі. Дене түсінің осындай өзгеруі - қорғаныштық бейімделуге жатады.
Шаянтәрізділердің жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.
Шаянтәрізділер дара жыныстылар, тек паразиттік өкілдерінде және тіркеліп тіршілік ететіндерде гермафродитизм кездеседі. Жыныс диморфизмі айқын.Аталықтарының антеннулалары, не антеналары аналығын ұстайтын мүшелерге айналған. Құрсақ бөліміндегі аяқтары шағылыс мүшесіне айналып, түтік тәрізді өзен шаянының 1 және 2 жұбы осындай болады.
Аталық пен аналық жыныс жүйесінің құрылысы ұқсас жұп жыныс өзектері / тұқым шығаратын жолдары жалғасады да, олар жыныс тесігімен аяқталады.
Сперматофораларды аталықтары аналықтардың жыныс тесігінің жанына немесе құрсақ аяқтарының арасына жабыстырып қояды. Жұмыртқалардың ұрықтануы сырттайөтеді. Жұмыртқа салар алдында аналығы жыныс тесігінен рнемесеқұрсақ аяқтарының түбінен ерекше секрет шығарады, ол сперматофораларды ерітіп, босап шыққан сперматозоидтар жұмыртқаларды ұрықтандырады.
Достарыңызбен бөлісу: |