18-тапсырма. Газет арқылы жеткен құттықтау хаттардың тіліне талдау жасаңыз. Хат тіліне тән ресми және публицистикалық ерекшеліктерді табыңыз. Құрметті ұжым қызметкерлері! Ардақты ардагерлер!
Сіздерді ''Қазақ әдебиеті'' газетінің 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық ой-сана үрдісін өрбітуге өз үлесін қоса білген басылымның бүгінгі мерейтойы жалпы қазақ журналистикасы үшін айтулы оқиға. Газет редакциясында әр жылдары елге танымал белгілі қалам шеберлері еңбек етіп, бұл басылымның қоғам өмірінде лайықты орын алуына қыруар күш-жігер жұмсағаны аян. Ел зиялыларының бірнеше буын өкілдері салған осынау сара жол бүгінде сіздердің тараптарыңыздан өз жалғасын табуда.
“Қазақ әдебиеті“ газетінің барлық басылымындарында тәуелсіз мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, оның келешегі жайындағы дүниелер халқымыздың көңілінен шығып отырғаны шындық. Келешекте де сіздердің қаламгерлік қызметтеріңіз ел бірлігіне, Тәуелсіз Қазақстанның туын биік көтеруге, замана шындығын жазуға, демократияны дамытуға жұмсала береді деген сенімдемін. Барлық ұжым мүшелеріне, оның ардагерлеріне басты байлық - зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, творчестволық табыс, баянды бақыт тілеймін.