Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет6/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123
Қызыл жебе
садағасы кеткісі келіп тұратын. Шығарға жаны бөлек, әйтпесе 
Тұрар дегенде басқа дүниенің бәрін талақ қылуға дайын. 
Бар ықыласы баласына ауып, жас келіншекке кейде керенау 
қарап кетуші еді. Тегі сол Тұрарға бола Ізбайшаға бір рет қол 
жұмсағаны да бар. Оның үстіне ұл бала Ізбайшаның өгей шеше 
екенін біледі. Өзінің туған шешесі Қалипа марқұм еміс-еміс 
болса да есінде. Ал Түйметай туған анасын білмейді. Сондықтан 
да Ізбайшаға бауыр басып, жалқы туған тұсаққа теліген жетім 
қозыдай тез иіс алысып кеткен. Тұрар болса «жетім қозы 
тасбауыр, түңілер де отығар» дегеннің керінде еді. Ол шешеден 
жетім екенін анық аңғарған. Анда-санда Қалипаның қарт әкесі 
Мамырбай шал келгенде бауырына тығылатыны сондықтан. 
Нағашы атамның ауылына барам деп әкесін мазалай беретіні де 
тегін емес. Мамырбай шал да ботасы байлауда қалған інгендей 
еңкілдеп қайта айналып, Бесағаштағы Рысқұл үйіне келе беретін. 
Жиырма үйлі Тау-Шілмембет ауылы бұл Мамырбайдың қызы тірі 
күнінде бір көрінбей, Қалипа марқұм болған соң көк шолағын 
тепеңдетіп қайта-қайта келгіштегеніне қайран қалысқан. 
Мамырбай кішкентай Тұрарды көргенде жастайынан жер 
жастанған Қалипаны көргендей болатынын, Тұрар сексендегі 
Мамырбайдың бауырына басын тыққанда мұрнына анасының 
исі келетінін Тау-Шілмембеттіктер біле бермейтін.
«Мына Жаныстың жаман шалы неғып бауырмал бола қалды», 
– деп бостан-босқа дал болар еді.
Ал Мамырбай ойлайды:
«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ», – деп.
Бірақ қателеседі, әрине. Қайынатасына мінезі шәлкес 
көрінетін Рысқұл Тұрарға жақындығы жездедей-ақ болған жоқ. 
Онсыз Рысқұлға өмір мәнсіз-мағынасыз.
«Балаға әкенің жақындығы жездедей-ақ» – депті біреу. Оны 
көпшілік қағып алып, қайталап айтып жүреді. Сірә, жүздеген 
жылдар қайталаған шығар. Ендеше шынашақтай шындықтың 
бар болғаны да. Өмірде көкек құс сияқтылар аз ба? Көрінген 
үйме тезектің түбіне жұмыртқа салып, балапан басып, баласына 
қарамай кететін қайлабас тарғыл көкек кейін құлаған тамның 
дуалында жағы тынбай зарлап отырады.


14
Қызыл жебе 
Рысқұлдың табиғаты тарғыл көкектен басқалау. Қазір тарғыл 
тастың тасасынан тауешкі аңдыған мергендей, тәуіп атаның 
қас-қабағынан көз алмай отыр. Баланың бар тағдыры енді осы 
Ахаттың қолында сияқты, оның аузынан шығар сөзге зарығып 
отыр. Бір сәт Тұрарға көзі түсіп еді, бала өзіне тесіле қарап жатыр 
екен. Рысқұлдың тұла бойы шым ете қалды. Сонда ол Тұрар өзі 
өле кетсе, мына әке күллі әлемнің адамдары жиылып арши алмас 
қалың қайғыда қалатынын ойлап, уайымдап жатқанын айтпай 
сезді.
Әке мен баланың арасында үнсіз ұғыныс, тілсіз махаббат, 
жіпсіз жалғанған жүректер барын осы жай аңдатар еді. Жасына 
жетпей көзіне ой тұңғиығы ұялаған жәдігерді қу құдай көп 
көрмесе екен, маңдайымды тайқитып, сорымды сорадай ағызып 
кетпесе екен деп, Рысқұл іштей шырылдады.
Мамырбай Рысқұлдың аламан, албырт мінезін ұната бермейді. 
Жасы егде тартқанша орнығып, орта түсіп, жуаси қоймағаны 
ұнамайды. Осынша тақыр кедей болғаны, анда да, мұнда да 
сыйыспай жүргені қу мінезінен деп ойлайды. «Күштіменен 
күреспе, мықтыменен тіреспе» деген бұрынғылар. Шамаң 
келмейтін болған соң құр тыраштанып не керек, одан да ақырын 
жүріп, анық басып, құба төбел қу тіршілікте біреуден ілгері, 
біреуден кейін дегендей, бала-шағаңды асыра. Адыр болғаныңмен 
ірі болмасаң – бәрі бекер. Бәрінен де осы Рысқұлдың Қалипаны 
елең-алаңда қолынан тартып әкеткені Мамырбай шалдың кәрі 
көкірегінен шемен болып кетпейді-ақ. Шал да болса Түлкібас-
Жуалыдан ауып келген Шымырдың бір тентегінің қорлығына 
көнбек емес еді. Қалипа марқұм:
– Жөкеме айтыңдар. Өз ықтиярыммен шықтым. Шатақ 
шығарып, ұятқа қалмасын, – деп сөз салыпты деген соң барып 
Мамырбай өз шынтағын өзі тістей алмай қапа боп қалған.
Көк шыбын біраз үні өшіп, жым-жырт болған соң қайтадан 
безілдей бастады. Құрақ терезені тесіп шығуға мың жылда 
да шамасы жетпес, бірақ шыныны соққылап, ызыңдағанын 
қоймайды. Далаға, кең дүниеге шығуға деген құштарлық 
қыстаған бір мақұлық.


15


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет