42. Салалас құрмаластың белгілері, түрлері
Салалас құрмалас сөйлемнің құрамындағы синтаксистік компоненттер өзара тең дәрежеде байланысады: Қараңғы түсті, шам жағылды. Бұл байланысу – салалас құрмалас сөйлемнің басты гр-лық көрсеткіші. Сонымен бірге мұндайда, яғни жеке сөйлемдердің аралық байланысында ауыспалы интонация да елеулі қызмет атқарады. Салалас құрмаластағы алғашқы сөйлемнің тиянақты аяқталуы – олардағы жеке сөйлемдердің өзіндік дербестігін сақтап тұрады. Алайда бұл дербестік шартты түрде келеді, өйткені құрмаластың қарамағындағы әрбір сөйлем мағыналық жағынан бірбірінен оқшауланбай, дараланбай, қайта керісінше бір-бірімен өте тығыз байланыста, синтаксистік қарым-қатынаста жұмсалады. Сөйтіп, салалас құрмалас сөйлем алғашқы компонент баяндауышының тиянақты аяқталуымен ажыратылады. М.: Қар еріп ерте кетті, жер дүрілдеп ерте көктей бастады (Ғ.Сланов); Алысырақта әлдекімдердің күбірлеген жаңғырығы естілген сияқтанды, бірақ қай жақтан екенін шамалай алмадым (С.М.). Бұл заңдылықтар олардағы синтаксистік компоненттердің сөйлемдік қасиетін сақтап тұруға да септігін тигізеді.
2. Салалас құрмалас сөйлемнің айырым белгілері жалпы құрмалас сөйлемге тән заңдылықтардың негізінен шығып жатады. Жоғарыда сөз болған салалас құрмалас сөйлемнің бойындағы негізгі белгілерден олардың өзіндік ерекшеліктері шығады. Олар: а) Салалас құрмалас сөйлемнің синтаксистік компоненттерін байланысқа түсіретін баяндауыш сөздер тиянақты тұлғамен аяқталады. Мұндай «байланыстырғыш баяндауыш» салалас құрмалас сөйлемнің алғашқы компонентінен орын алады. Осы орайда салалас құрмалас сөйлемнің баяндауышы етістіктен, етістіктің ашық, бұйрық райлы түрлерінен жасалады, сонымен бірге олар басқа сөз таптарынан да кездесе береді. М.: Оның жасы жиырма екіде, алайда көргені, өмірден түйгені өте көп. ә) «Байланыстырғыш баяндауыштың» тиянақты аяқталуына байланысты салалас құрмалас сөйлемнің синтаксистік компоненттері тұлғалық жағынан бір-бірімен теңдестік дәрежеде жұмсалады. Алайда бұл компоненттер мағыналық жағынан немесе интонациялық жағынан тиянақты бола алмайды, өйткені олардың компоненттерінің мағыналық үйлесімділігі болмаса, жалпы құрмалас сөйлем де құралмаған болар еді. б) Салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің бастауышы мен баяндауышы әр уақытта да жақ жалғауы арқылы өзара қиыса жұмсалады: Мен келіп едім, сен жоқ екенсің. в) Салалас құрмалас сөйлем синтаксистік компоненттерінің аралығында интонациялық кідіріс айқын сезіліп, ол салалас құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын гр-лық тәсіл ретінде көрінеді. Әрбір салалас сөйлем аяқталған біртұтас интонациямен ғана аяқталады. Ал оның әр компонентінен кейін келетін интонация – аяқталмаған, тиянақсыз, санамалы, салаластырушы, ұласпалы интонация болады. М.: Кәлен суық қабақ астынан шаншыла қарап еді, осы кезге дейін безектеп болмай отырған Жамал жым болды (Ә.Н.).
3. Салалас құрмалас сөйлем компоненттерін құрмаластыратын гр-лық тәсілдер ішіндегі маңыздысы – жай сөйлемдерді жалғаулықтар арқылы құрмаластыру. Әрине, бұл тәсіл интонация сияқты салалас сөйлем атаулының барлығында бірдей бола бермейді, соған қарамастан ол – құрмалас сөйлем жасауда негізгі гр-лық тәсіл деп саналады. Жай сөйлемдерді бір-бірімен салаластыра құрмаластыратын жалғаулықтар мыналар: а) себептік қатынасты білдіретін жалғаулықтар: сондықтан, сол себепті, өйткені, неге десең. М.: Келесі көктемде мен Әубәкірдің қойын бағуға жалдандым, өйткені Шодыр үйінің жұмысы өте ауыр бола бастады (С.М.); ә) мезгілдік, өсіңкілік қатынасты білдіретін жалғаулықтар: және, да, де, та, те, әрі. М.: Дарын домбыраны қағып-қағып жіберді де, Әлмеш «Бозторғайды» бастап кетті; б) қарсылықты қатынасты білдіретін жалғаулықтар: бірақ, сонда да, сөйтсе де, алайда, ал, дегенмен. М.: Күлән енді тіл табысып кетерміз деп дәмеленіп еді, бірақ ол ойлағаны болмады. в) кезектестік, талғауластық, бірдейлестік қатынасты білдіретін жалғаулықтар: бірде, біресе, кейде, не, немесе, болмаса, әлде, я, яки. М.: Біресе Хамит Күдірені алып ұрады, біресе Күдіре Хамитты алып ұрады; г) бейтараптық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: мейлі, құй. М.: Мейлі мен барайын, мейлің сен бар. Салалас құрмалас сөйлемді жасаудың келесі бір тәсілі – мағыналық жағынан өзара іліктес болып келетін жай сөйлемдерді бір-біріне тіркестіре айту, яғни ешқандай жалғаулықсыз жұмсау. Салаластың бұл түрінде оның құрамына енетін жай сөйлемдердің байланысы онша тығыз, берік болмайды, дербестік, форма жағынан тиянақтылық басым болады. Жалғаулықсыз салалас сөйлемдерде компоненттер бірлігі, негізінен, жай сөйлемдердің мағыналық жағынан өзара байланыстылығынан, шарттастығынан, интонация тұтастығынан және компоненттер құрылысындағы кейбір ортақ сипаттардан көрінеді.
Салалас құрмалас, оның түрлері.
1. Жалғаулықты және жалғаулықсыз салалас сөйлемдердің мағыналарына қарай түрлері (Мезгілдес, себептес, қарсылықты, шартты, салыстырмалы салалас сөйлемдер);
2. Жалғаулық арқылы жасалатын салалас сөйлемдер (Талғаулы, кезектес);
3. Жалғаулықсыз салалас сөйлемдер (Түсіндірмелі).
1. Қазақ тіл білімінде салалас құрмалас сөйлемдерді екі түрлі белгісіне
1) компоненттерінің бір-бірімен байланысу жолына;
2) компоненттерінің мағыналық қатынасына қарай жіктеу белең алған. А.Байтұрсынұлы салалас сөйлемдерді компоненттерінің мағыналық қатынасына қарай 5 түрге бөлген:
1) жайылыңқы;
2) қайырыңқы;
3) айырыңқы;
4) сұйылыңқы;
5) қойылыңқы.
Қ.Жұбанов топтамасы мынадай: ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт-жағдай салалас. С.Аманжолов: қарсылас, үдетпелі, талғаулы, себепті, кезектес, бейтарап, тіркес... Сөйтіп, салалас құрмалас сөйлемдердің өзара іштей жіктелу түрі олардың жасалу жолдары мен ондағы синтаксистік компоненттердің өзара мағыналық қарымқатынастарына негізделеді. Өйткені салалас құрмалас сөйлемдердің синтаксистік компоненттері бір бүтіннің қарамағына түсу үшін, олар бір-бірімен әр түрлі мағыналық қарым-қатынаста болып отырады. Осы тұрғыда олардың жеке түрлері ажыратылады: 1) Мезгілдес салалас; 2) Себептес салалас; 3) Қарсылықты салалас; 4) Шартты салалас; 5) Салыстырмалы салалас; 6) Талғаулы салалас; 7) Кезектес салалас; 8) Түсіндірмелі салалас. Бұлардың алғашқы 1-5 түрі әрі жалғаулықсыз, әрі жалғаулықпен қолданылса, 6-7 түрі тек жалғаулық арқылы ұйымдасады, ал 8 түрі жалғаулықсыз келеді. Мезгілдес салалас. Мұнда синтаксистік компоненттердің бір-бірімен мағыналық қарым-қатынасы өзара іргелес бір уақыт шеңберінде, не болмаса бірінен кейін екіншісі іле орындалып жатады. Сөйтіп мұндай сөйдемдер мезгілдес салаластың қатарын құрайды. Жалғаулықты түрі. Бұл түрі әдеби тілде кейінірек етек ала бастады. Салалас құрмаластың бұл түрінде синтаксистік компоненттер екі түрлі мезгілдік қатынаста айтылады. Соған орай оларды 1) бір мезгілдес салалас сөйлем және 2) әр мезгілдес салалас сөйлем деп бөледі. Біріншісінде компоненттерде хабарланған оқиға-әрекеттердің орындалу, орындалмау көрінісі бір мезгідік қатарда өтетін болады: Бұл жолы үшеуі табалдырықтан аспай тұра қалды да, аққұба жігіт есіктің ілмегін салды. Дарын домбыраны қағып-қағып жіберді де, Әлмеш «Бозторғайды» бастап кетті. Ал екінші түрінде алдыңғы компоненттегі іс-әрекет сәл де болса бұрын орындалады да, содан кейін іле-шала екіншісіндегі қимыл жүзеге асады: Залдағы жарық сөндірілді де, пердесі баяу сырғып сахна ашылды (З.Қабд.). Жалғаулықсыз түрі. Мұнда синтаксистік компоненттер ешбір жалғаулықсыз, тек мезгілдік қатынаста өзара іргелесе жұмсалуы арқылы жасалады. Бұлдарда мезгілдік қатынас өте берік, жымдасқан түрде келеді: 1) бір мезгілдес салалас: Шай ішілді, тамақ желінді; 2) әр мезгілдес салалас: Тұмарбай деген ақын ағамыз қонаққа шақырған еді, Гауһар екеуіміз соған бардық (Ә.Тәжібаев). Себептес салалас. Мұнда алғашқы компонентте оқиғаның себебі білінсе, соңғысында – салдары айтылады. Жалғаулықты түрі сондықтан, сол себепті, өйткені, себебі тәрізді жалғаулықтардың көмегімен жасалады: Анаргүл көзіне көрінгеннің бәріне ұрсатын, сол себепті балалар оған жоламауға тырысатын (Б.Мом.). Ал жалғаулықсыз түрінде сол жалғаулықтардың мән-мағынасы сөйлемнің синтаксистік компоненттерінің орналасу тәртібі, олардың аралық қатынастары арқылы белгілі болып тұрады. Егер олардың арасына аталған жалғаулықтардың бірін қойса, сөйлемнің мағыналық көрінісі одан сайын айқындала түседі: Сырыңды досыңа айтпа, оның да сыр айтатын адамы болады (І.Есенб.); Қымыз әкеліңдер, мына жігіттер жолдан қаталап шөлдеп келген болар (Ә.Ш.). Қарсылықты салалас. Жалғаулықты түрі бірақ, дегенмен, әйтсе де, әйткенмен, алайда, сонда да жалғаулықтарының қатысуымен жасалады. Ал жалғаулықсыз түрінде алғашқы компонент баяндауышы еді, екен көмекшілерінің қатысуы арқылы жасалады: Тәңірберген бірер рет тіл қатып еді, Еламан үндемеді. Мені жұмсаған жоқ, өзім кеттім. Шартты салалас. Шартты салалас сөйлемдердің жалғаулықты түрі қазақ тіл білімінде еленбей жүр. Зер сала қарасақ, мұның да жалғаулықпен келетін түрі болатынын байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |