43.Мезгілдес салалас.
Мезгілдес салалас сөйлем компоненттері бір мезгіл ішінде я бірінен кейін бірі іле-шала болған немесе болатын іс-әрекет, жай-күйлерді де, мезгілдік қатынасы жоқ, бірақ мағыналық жағынан өз ара ыңғайлас болып келетін біртектес жай-күйлердіде білдіреді.
Мезгілдес салалас сөйлем құрамына енетін жай сөйлемдер бір-бірімен да-де және әрі жалғаулықтары арқылы құрмаласады. Бұл жалғаулықтардың ортақ қасиеттерімен қатар әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Енді соған келейік.
Да жалғаулығы арқылы жасалатын мезгілдес салалас сөйлемдер.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен кұрмаластыруда өте жиі колданылатын да -де, та –те жалғаулықтары. Үндестік заңының әсерімен түрленіп айтылатыны болмаса, бұл да деген бір ғана жалғаулық.Бұл жалғаулық салалас құрмалас сөйлем жасауда әр компонент ішінде қайталанып та, қайталанбай екі жай сөйлем арасында да қолданылады.
Мысалы:Менің артымнан тағы бір қыз туады да, әке-шешем атын Балтуған қояды. (С. Мұқанов.) Арада көп күн салмай-ақ ауа райы бір қалыпқа тоқырады да, аспан түйтек-түйтек салқын қоңыр
бұлттан арылды. (Х. Есенжанов.) Жер астында жел де жоқ, тілін соза қызара жалтыраған машинамнан басқа жарық та жоқ. (Ғ. Мүсірепов.) Қазір қара бие де қарт, Қайыпжанның өзі де ел ағасы. (Х. Есенжанов.) Бұл мысалдың алдыңғы екі сөйлемінде жалгаулық екі компонент арасында ғана келсе, соңғы екі сөйлемінде ол - компонент сайын қайталап айтылған.
Да жалғаулығы арқылы құрмаласқан компоненттердің бір-бірімен мезгілдік қатынасы әр түрлі. Мысалы: Торпақты сол арада біреу сатып алды да, ақшасын Әсти қалтасына салды.(С. Мұқанов.) Құнанбай Ұлжан қасына отырды да, Мәкіш пен Абайдың жүзіне қарады. (М. Әуезов.) Наронның епті келген кішкене саусақтары қағазды көзге ілікпестей шапшаң жаздыда, жіті көздері жазуға қадалды. (Х. Есенжанов.)Бұл келтірген мысалдағы сөйлемдердің барлығында да әуелі алдыңғы сөйлемдердегі іс-әрекеттер болған да, содан кейін оған іле-шала соңғы сөйлемдердегі іс-әрекеттер болып отырған, яғни мезгілдік жағынан бірінен кейін бірі іркес-тіркес болған.
Ал енді: Үріккен қойдай шоғырын жазбай шапқан үш солдат бөлек кетті де, қара көк аттың үстіндегі Абылаев пен қасқа айғырлы Бақы бір бөлек кетті. (Х. Есенжанов.) Ушаков солқ-солқ күліп, қолын анда-санда бір сермеп қалып булығып жатыр да, Рязанов немене айтты дегендей әркімге бір қарайды. (F. Мүсірепов) деген сөйлемдер компоненттері бір уақыттың ішінде, мезгілдес
қатар болған іс-әрекеттерді, жай-күй, көріністерді баяндайды.
Достарыңызбен бөлісу: |