7. Ресейлік риторика және өкілдері. *Ресейлік риториканың екі жүз-үш жүз жылдай тарихы бар. Әжептәуір даму жолы, біршама жинақтаған тәжірибелері де жоқ емес. Риторика жөніндегі алғашқы орыс шығармашылығына ертеректегі «Сказание о семи свободных мудростях» деген баяндаулар жатады. Бұл жазбалар әр қилы ғылым (мудрость-данышпандық) салаларынан азын-шоғын мәліметтер беретін жеті бөліктен тұрады: грамматика, риторика, диалектика, мусика, арифметика, геометрия, астрономия. Бұлардың әрқайсысының сыпат-ерекшелігі, керектігі, пайдалы жақтары, өзге білім түрлерімен байланысы әңгімеленеді.
*Зерттеушілердің пайымдауынша, «Сказание» ХУІІ ғасырдың екінші онжылдығында орыс топырағында жасалынған. Аталған шығарма орыс қызыл сөзділігі турасындағы оқулықтарға негіз етіліп алынған. Ең тұңғыш орыс «Риторикасы» тізімі(жазбалары) 1620 жылға жатады. Кітап жан-жаққа кең таралып, Москва, Новгород, Ярославл қалалары білген және көптеген монастырларда оқытылған. Көптеген онжылдықтар бойында Ресейдегі бірден бір оқу құралы болған. Ол жұмыстың 36 тізімі белгілі. «Риторика» екі кітаптан тұрған: «Об изобретении дел» және «Об украшении слова».
*Мұнан өзге Москва мен Санкт-Петербургтің кітап қоймаларынан ескі ғұрыптың (старообрядческой) «Риторики в 5-ти беседах» деген 13 тізімі, М.Усачев «Риторикасының» 15 тізімі, Софрония Лихуданың 1698 жылғы «Риторикасының» 30 тізімі, Козьма Афоноиверскийдің 1710 жылғы «Риторикасының 19 тізімі, т.б. табылған. Осы аталған шығармалардың көшілігіне В.П.Вомперский. «Риторики в России ХУІІ-ХУІІІ вв.». –М.: 1988. және Л.К.Граудиной и Г.И.Миськевич. «Теория и практика русского красноречия». –М.: 1989. деп аталатын кітаптарында толық сипаттамалар берілген.
*Орыс әдеби тілінде «оратор» сөзі ХУІІІ ғасырдың аяғында анда-санда қолданыла бастаған. Тіпті, ХІХ ғасырдың екінші жартысының өзінде ол тырнақшаға алынып, аз қолданылған, онда да экзотикалық әсер үшін. Латын тілінен енген «оro»-дан «оратор» - «здесь говорю» ескі славяндық «вития» сөзін ығыстырып шығарған. Орыс шешендік өнерінің теориясы мен әдістемесінің негізін ХУІІ ғасырдың орта шенінде Михаил Васильевич Ломоносов(1711-1765) қалаған.