8. Риторикалық-ораторлық сөз табиғаты. *Кім де болса сөзге дайындалмас бұрын, оның тақырыбын анықтап алады, соған сәйкес сөздің түр-түсін табуға күш салады. Ал, бұл дегеніңіз оңай шаруа емес. Осы жерде бір көңіл бөлетін нәрсе, көбінесе, шешен тақырыпты өзі таңдап ала бермейді, қоғамдық тіршілік ағымына орай, тұтқиылдан, тіпті, күтпеген тұстан ұсынылады. Бір-екі күннің ішінде шұғыл қамданып, бұқараға қаратылып айтылатын сөз бар да, асықпай-аптықпай дайындалып барып баяндалатын да сөз бар. Соңғысы метептерде, жоғары оқу орындарында қолданылады. Бірақ, қайсысында болса да өз бойыңнан зор жауапкершілік, ағыл-тегіл дайындық, жинақылық, сергектік тауып, табанды жігер-қайрат жұмсауға тура келеді.
*Күні бұрын аудитория табиғатына есептелмеген кең, ауқымды тақырып уақытқа сыймау қаупіне байланысты, шешенді адстыруы мүмкін. Мұның өзі баяндама үстінде жеке фактілерді санамалап өте шығуға апарып соқтырады. Уақыт неғұрлым аз берілсе, айтылатын проблемалар да аз болуы керек. Қазіргі информациялық хабарлар тасқыны молайған заманда сөздің тақырыбын ықшамдап, тиянақты дәл етеп алудың, ойластырудың мәні үлкен. Шамасы, бұл әдіс жоғары оқу орындарында оқылатын лекциялар үшін жарамас, өйткені онда белгілі бір ғылыми жүйе, бағдарламалық(сағат саны, ұзақтығы, өтілетін уақыты, курсы, т.б.) қисын болады да күннен-күнге жалғастырылып оқыла береді.
*Ал, бұқара алдында оқылатын лекцияның тақырыбы нақты, көңіл аударарлықтай, елең еткізерліктей боғаны жөн. Сондықтан, сөзі тартымды болуы үшін көп ізденіп толғанады. Ойша ертең не айтатынын, қалай жүріп-тұратынын елестете бастайды. Сасқалақтауы да ықтимал, бұған бой алдырмаған жөн. Осы жерден «сөз азабы» басталады. «Білуін білемін-ау, соны қалай айтар екенмін» деп жатады. Мұндай күйден құтылудың бір ғана жолы бар. Ол – күні бұрын сөздің жасалынған жоспары. Іште пісіп жетілген ой(іштегі сөз) белгілі бір ретке, тәртіпке түсірілсін, басы-аяғы болсын. Көпшілікке ұсынылып жатқан идея, ой-пікір ұстанымдар бірінен бірі туындап жатсын.
Сөз тақырыбын анықтап алғаннан кейін, енді, сол сөйленетін сөздің түр-түсін табу керек. Тақырыпқа сай сөздің мазмұны және мазмұнына сай пішіні де болуы керек қой! Келесі дәрістерде сол мәселелерді таратып, тарқатып баяндаймыз.