*Риторикалық өнердің ертеде өркендеген өңірлерінің бірі – көне Рим мемлекеті. Мемлекет ретінде нығайып, гүлденген шағында төңірегін қатты тітіретті, әскери әлеуеті күшейген үстіне күшейіп, даңқы алысқа кетті. Сәулетті, сәнді құрылыстар салынып, цивлизациялы орталыққа айналды. Олай болатыны Рим сенаты мен оның құзырындағы Гай Юлий Цезарь(102 кейде 100-44 б.э.д. жылдар), Марк Антоний(143-87 б.э.д. жылдар) сияқты жаулаушы қолбасылар өздері басып алған аймақтардан, шеттен неше түрлі ісмәр - шеберлерді империяға күштеп әкелген. Көркейген елге кейінірек қолөнершілердің өздері-ақ қызығып ағыла бастаған.
*Бұл – бір кездері, біздің эрамызға дейінгі ІУ-У ғасырларда барынша өркендеген Ежелгі Грецияның, енді, б.э.д. ІІ - І ғасырларда басынан бағы тайып, құлдырап, сөне бастаған кезі еді. Тура осы тұста б.э.д. І ғасырда антикалық Рим державасы бой көтеріп келе жатты. Ал, енді, осы ат-атауының өзі аңызға айналған елдің пайда болуы, дамуы жайлы неше түрлі шын-өтірігі аралас ертегі-әңгімелер кең жайылып кеткен. Рим империясының құлауы, күйреуі турасында мыңнан астам кітаптар жазылса, оның дүниеге қалай келгендігі жөніндегі мәліметтер бүгінге дейін аса көп емес. Деректерге көз салсақ, айдалада елеусіз қалған Тибр өзенінің жағасындағы шағын ғана шарулар қауымдастығанан, қарабайыр патриархальды мешеу тұрмыстан, анадай ақша-тауар айналысы жетілген Жерорта теңізі жағалауының ең алып мемлекетіне (қазіргіше әлемдік) айналған.
*Он екі ғасырлық ғұмырында Рим империясы талай-талай оқиғалардың куәсі болды. Таңғаларлық даңқы да шықты, таңы айырылып талқаны да шықты. Даңқын шығарғандар арасында, әсіресе, риторикалық өнердің өрен жүйріктері, саяси қайраткерлер де аз емес еді. Олар: Үлкен Марк Катон (Старший), Марк Туллий Цицерон, Марк Антоний, Марк Фабий Квинтилиан, т.б.
6. Цицеронның риторикалық еңбектері мен сөздері. *Бұдан 2000 жыл бұрын Цицерон мынандай қорытындыға келген: «Ақын болып тууға болады, ал шешен(оратор) болып қалыптасады». Әрине, бұл ретте жеке бастың бейімділігі сияқты қасиеттерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ, қандай да бір қабілет-бейімі жоғары адам болғанымен, еңбектенбесе, одан ештеме шықпайды. Барлық ұлы ораторлар керемет еңбекқор жандар болған. Сол тынбай ізденген еңбектерінің нәтижесінде ойын, пікірін халыққа тиімді жолмен айқын, дәл жеткізген, құрмет-қошемет көрген.
*Марк Туллий Цицерон біздің эрамызға дейінгі 106 жылы 3 қаңтарда Арпина қаласының маңында дүниеге келген. Деректер бойынша, бұлардың «Цицерон» атанып кету себебі - ілгеріде Туллилер әулетінің бірінің мұрны жалпақ келіп, онысының имек ұшында Cicero – горох – ас бұршақ дәніне ұқсас түйір-түйме болыпты. Ал, екінші бір қауесетте ұлы оратордың арғы аталарының бірі керемет горох-ас бұршақ өсіргіш бақшашы-бағыбан атанса керек. Сол-сол-ақ екен, Сicero(горох-ас бұршақ) кәсібі оларға фамилия болып кетіпті. Мұны кезінде атақты оратор Цицерон әжептәуір мәртебе көріп, мүлде одан ажырамай қойыпты.
*Цицеронның әкесі салт аттылар(әскерилер) қауымына жатқан. Бірақ, денсаулығы нашар болғандықтан, ауылдық-қалалық тыныш өмірді қалаған. Саяси мансаптан аулақ жүріп, тек әдебиетпен айналысыпты. Балаларының тәрбиесіне айрықша көңіл бөлгендіктен, жеті жасар Марк пен үш жасар Квинтті ертіп Римге келген. Оның Рим қаласының батыс бөлігіндегі Карина(Carinae) кварталында жеке меншік үйі болыпты. Сөйтіп, болашақ оратор Марк жас кезінен жақсы білім алған(Утченко С.Л. Цицерон и его время. –М.: Мысль, 1986. -352 с.: 104-105-беттерде).
*Цицеронның шешендік өнер жайлы еңбектері: «Брут», «О знаменитых ораторах», «Об ораторе», «Оратор». Римдік саяси қайраткер, шешен әрі жазушының соңында 58 сот және саяси сөздері, 19 риторика, саясат, философия жөніндегі трактаттары мен 800(кейде 900)-ден астам хаттары қалған.