2.3.6.Сүйек майындағы қанжасам. Сүйек майының бастамасының қалануы құрсақішілік дамудың 2-ші айында жүзеге асырылады. Алғашқы гемопоэздік элементтер дамудың 12 аптасында пайда болады; олардын басым көпшілігі эритробласттар және гранулоциттердің ізашарлары болып табылады. КДЖ сүйек майында дамуы экстраваскулярлы жүретін қанның бүкіл пішіндік элементтері қалыптасады.КДЖ біраз бөлігі дифференцияланбаған қалпында сақталады, олар басқа мүшелерге және тіндерге орын ауыстырып, қан жасушаларының және дәнекер тіннің даму көзі бола алады. Сонымен, сүйек майы универсалды қанжасамды қамтамасыз ететін орталық мүшеге айналады және постнаталды өмір бойы осы қызметті аткарады. Ол тимусты және баска гемопоэз мүшелерін қанжасаушы дің жасушаларымен қамтамасыз етеді.
2.4.1.Гемопоэздің реттелуі.Қанжасам КДЖ пролиферациясы мен саралануын және олардың дамуының келесі сатыларын қамтамасыз ететін өсу факторымен, гемопоэздік жасушалардың дифференцировка бағытын анықтайтын гендердің экспрессиясына ықпалын көрсететін транскрипция факторымен, сонымен қатар, дәрумендермен, гормондармен атқарылады.Өсу факторларының құрамына колония белсендіруші факторлар, интерлейкиндер және тежеуші факторлар кіреді. Олар молекулярлық массасы 20 килодальтон маңында анықталатын гликопротеин болып табылады. Гликопротеиндер гемопоэзді және жасуша дифферондарының дамуын реттейтін, айналымда жүрген гормондар тәрізді және жергілікті әсер көрсететін медиаторлар тәрізді де әрекет жасайды. Олардың барлығы дерлік КДЖ, КТБ, коммитацияланған және жетілген жасушаларға ықпалын іске асырады. Бірақ бұл факторлардың нысаналы жасушаларға тигізер әсерінің жеке ерекшеліктері де болады. Мысалы, дің жасушаларының өсу факторы КДЖ эмбриогенездегі пролиферациясы мен миграциясына әсер етеді. Постнаталды кезенде гемопоэзге бірнеше КБФ (колония белсендіруші фактор) әсер көрсетеді, олардың ішінде гранулоциттердің және макрофагтардың дамуын белсендіретін факторлар (ГМ-КСФ, Г-КСФ, М-КСФ) және интерлейкиндер тереңірек зерттелген.
Сонымен, қанжасам жасушалар дифферонының дамуы микроортамен тығыз байланысты өтеді. Миелоидты және лимфоидты тіндер дәнекер тіндердің тобына кіреді, яғни ішкі орта тіндеріне жатады. Ретикулоциттік, адипоциттік, тін базофилінің және остеобласттық дифферондар және жасуша аралық зат (матрикс) бірігіп гемопоэздік дифферондар үшін микроортаны қалыптастырады. Микроортаның гистологиялық элементтері және гемопоэздік жасушалар үзіліссіз байланыста қызмет атқарады. Микроорта қан жасушаларының (олардың рецепторларымен байланысқан кезде немесе айрықша факторларды бөлу барысында) саралануына ықпал жасайды. Миелоидты және лимфоидты тіндерде ретикулярлық стромалдық және гемопоэздік элементтер бірегей қызметтік тұтас жүйені құрайды. Тимустың стромасы күрделі болып келеді, ол дәнекер тіннен де, сонымен бірге ретикулоэпителийлік жасушалардан да құралған. Эпителийлік жасушалар ерекше заттарды - тимозиндерді өндіреді, олар КДЖ Т-лимфоциттердін дифференциялануына әсер етеді. Маманданған ретикулярлық жасушалар лимфа түйіндерінде және көкбауырда, арнайы Т- және В-аймактарда өтетін, Т- және В-лимфоциттердің және плазмоциттердің пролиферациясы мен саралануын қамтамасыз ететін микроортаны түзейді.