КАЛИЙАЛМАСУЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ Гипокалиемия — қандағы калий мөлшерінің 3,8 ммоль/л-ден төмен болуы,
ал ол калийдың теріс тепе-теңдігі кезінде байқалады.Гипокалиемия мынадай жағдайларда пайда болуы мүмкін:
1) калий тамақпен бірге жеткіліксіз түскенде;
2) несеппен оны көп мөлшерде жоғалтқанда.
Көріністері: ет әлсірейді, тіпті кейде еттік салдану, асқазан, ішек, қуықтың
күш-қуаты және қозғалысының азаюы, артериялық қысымның төмендеуі пайда болады. Гиперкалиемия деп қандағы калий мөлшерінің 5,4 ммоль/л ден жоғары болуын айтады оның себептері төмендегідей болуы мүмкін:
а) калийдың тағаммен бірге немесе калий бромиді, калий хлориді, калий иодиді және басқадай дәрі-дәрмек түрінде организмге артық түскенде;
ә) оның бүйрек арқылы шығарылуы азайғанда;
б) тіндер ыдырауының күшеюі салдарынан (жарақат, күйік, көлемді гемолиз), калийдің жасуша ішінен қанға өтуі ұлғайғанда;
Көріністері: калий мөлшерінің қанда көбеюі аяқ-қол, іш, тіл еттерінде
ауыру сезімі, еттің сал болуы, ішектің күш-қуаты әлсіреуімен көрінеді. Гиперкалиемия кезінде брадикардия байқалады.
ФОСФОР АЛМАСУЫНЫҢ БҰЗЫЛЫСТАРЫ. Гипофосфатемия - қан сарысуында фосфор мөлшерінің азаюы, ол мыналарға байланысты:
а) қалқанша серік бездерінің гиперфункциясына, бұл кезде, бүйрек өзекшелерінде фосфордың қайта сіңірілуі тежеледі;
ә) Д гиповитаминозына, бұл кезде фосфаттың несеппен бірге шығарылуы күшейген;
б) бүйрек өзекшелерінің алғашқы жеткіліксіздігіне, яғни проксималды, дисталды өзекшелерде фосфордың қайта сіңірілуі бұзылғанда.
Гипофосфатемияда сүйектің минерализациялануы тоқталады, рахит ауруы, сүйек жұмсаруы, сүйек сынғыштығы дамиды.
Гиперфосфатемия деп қан сарысуында фосфор мөлшерінің жоғарылауын айтады. Ол төмендегі жағдайларда байқалады:
а) қалқанша маңы бездерінін гипофункциясы кезінде; бұл кезде фосфордың бүйрек өзекшелерінде қайта сіңірілуі күшейеді, ал өзекшелерге секрекция арқылы шығуы баяулайды;
ә) бүйрек шумақтары бүлінгенде, бұл кезде фосфордың несепке сүзілуі тежеледі, соның нәтижесінде гиперфосфатемия және гипофосфатурия пайда болады.