Стилистика бойынша лабораториялы3 ж7мыстар



бет5/30
Дата07.09.2023
өлшемі0,6 Mb.
#106472
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
3-семинар жұмысы
Тақырып: Сөйлеу стилінің қолданылуын бақлау

1-тапсырма


Төмендегі сұрақтарға жазба түрде жауап беріңіздер.
1. Стильдер қолданылуына қарай нешеге бөлінеді?
2. Сөйлеу стилінің өзгешелігі неде?
3. Жазба стиль дегеніміз не?
4. Сөйлеу стилінде қай стильдер көп қолданылады?
5. Сөйлеу стилі мен жазба стильдің айырмашылығы қандай?

2-тапсырма


Абайдың «Он төртінші», «Он бесінші» қара сөзінің бірін ұғынып, мағынасын жеткеріп беріңіз.

Он төртінші сөз


Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділеті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, байлаушылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – бәлеге, жаманшылыққа өлертпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе, құдайға терістіктен не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

Он бесінші сөз


Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Егер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінген пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойыны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақты. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, ананы» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Егер кісілер ер тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?

3-тапсырма


Жиреншенің шешендік сөзінің мағынасын ұғынып, өз түсінігіңізді жеткере біліңіз. Қандай стильдің көп қолданылғандығын анықтаңыз.

Жиренше шешеннің айтқандары


Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» - деп сұрақ қойғанда, алпысы бір ауыздан былай депті:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді.
Аспанда ай өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен бәріне былай деп қарсы шығыпты:
Ағын судың өлгені, -
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені, -
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені, -
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені, -
Қар астында жатқаны.
Ажал деген – атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Қарашаш өліп, Жиренше қартайып, ақылсыз әйел, парықсыз бала сыйламай, Жиреншеге бұзау баққызып, тезек тергізіп қояды.
Көріскелі келген Жәнібек Жиреншеге далада кездесіп: Сонда Жиренше шешен іркілместен:
­- Қатын шайпау, ұл тентек,
Екеулейді, ей, ханым.
Кәрілік жеңді, мал тайды,
Төртеулейді, ей, ханым.
Басымнан бақтың тайғанын
Көрмейсің бе, ей, ханым.
Арқамдағы қу тезек,
Әркімге келер бір кезек, - депті.

4-тапсырма


Төмендегі монологты немесе өзіңіз қалаған монологыңызды әңгімелеп айтып беріңіз.

Қазақ монологы


Қазақ боп туғаныма мен ешқашан өкініп көрмеппін-ай! Мен бұдан басқа болмыстарға көп екіленіп, өкініп көрген болсам да қазақ боп туғаныма емес, тіпті қазақ деген ұлт өзінде мендей бір ұл бар екенінен өкінген болар, қазақ деген ұлтқа бірде-бір игі істемегем өйткені, алғанмында бермеппін еш. Тегі мынау ұлаңғайыр даланы жайлап жатқан, халықтың санасы, кәраматы, ой-өрісі даладай кең, көркем, кемеңгерлік келбеті айқын көрінеді. Қашанда қазақ өнер білімге шөлдеген, сусаған ғой. Осы қайсар қазақ түбінде дегеніне жетіп, өнер-білім, мәдениеттің биік шыңына шықпайды деп айта алар адамды табу қиын-ақ. Тәуелсіздіктің таңына тізерлеп, тартысып қол жеткізген қазақ осы күндері аяққа тұрып мәңгі тізе бүкпес дәрежеге жетіп отыр. Аллаға шүкір, кім қалай айтса да солай.

5-тапсырма


Абай жолынан алынған диалогты оқи отырып, өз түсінігіңізді жеткеріп беріңіз. Немесе өзіңіз қалаған бір тақырыпқа диалог құрап, айтып беріңіз.

… Бұрын бөгелмей жүріп келе жатқан жандарал, енді Абайдан жарым адымдай кейін басты да, жалт қарады.


- Құнанбаев! А-а, әлгі ел бүлдіргіш Кұнанбаев сіз бе?
Абаймен екеуі осыдан соң қарсы сөз қадасып тұрып қалып, орысша жауаптасып кетті.
Абай тез жауап берді:
- Иә, сол менмін, Ваше превосходительство.
- А, сіз неге ондай болдыңыз?
- Мен алысамын! Себеп солай …
- Неге алысасыз?
- Алысу – тіршілік заңы. Дүниеде жанды, жансыз заттың бәрі де алысумен тіршілік етпей ме? Мен ғана емес, тіпті, сіздің өзіңіз де алысасыз, Ваше превосходительство.
- Сіз немен, кімге қарсы алысасыз?
- Мен жауыздықпен алысамын.
- Сізді неге жұрт көп жамандайды?
- О да ғажап емес … Тірлікте жауыздық көп пе! Жақсылық көп пе? Менің білуімше, жауыздық пен жауыздар көбірек …
- Сіз солай дейсіз бе?
- Солай деймін, Ваше превосходительство.
- Осы айтқандарыңыздың дұрыстығын сөзбен, іспен бекіте аласыз ба?
- Бекіте аламын деп бек сенемін.
- Ну … көрейік! Менің соңыма еріңіз! – деп, жандарал бұйыра сөйледі де, ілгері жағалап жүре берді.
Абай бар қазақтың қатарынан шығып, салмақпен басып, жандаралдың қасына ерді. («Абай жолы», 272-273 беттер).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет