«БЦП – балалардың церебральды сал ауруы немесе паралич, бұл жүйке жүйесінің ауыр науқасы. БЦП – мидың қозғалыс жүйесінің зақымдануынан пайда болатын, бұлшық ет қызметіне орталық жүйке жүйесі тарапынан бақылаудың болмауымен немесе жеткіліксіз бақылануымен көрініс беретін, қимыл- қозғалыстар бұзылуының бір тобы.
БЦП-да қимыл-қозғалыс және сенсорлық жүйелер арасындағы, қимыл-қозғалыс жүйесінің буындары арасындағы, ырықты және ырықсыз қозғалыстар арасындағы өзара әрекет бұзылады. Бұл науқас ми қыртысының жоғары қызметінің бұзылуымен, пирамидалық жолдардың және қыртыс асты өзектердің зақымдануымен сипатталады. Көп жағдайда, баланың мүгедек болуына әкеп соқтырады. Кейінгі жылдары бұл ауру балалар арасында кең таралуда. БЦП – мидың ерте онтогенездегі жетілмеуінің немесе зақымдануының нәтижесінде пайда болады. Оның ішінде, мидың ең жас бөліктері (ырықты қимыл-қозғалыс, сөйлеу сияқты қызметтерге жауап беретін бөліктер) зақымданады.
БЦП түрлеріне ортақ спецификалық бұзылулар 1. Паралич (сал) пен парез Орталық паралич - ырықты қимыл-қозғалыстар жасаудың мүмкін болмауы. Бала денесін өз қалауымен қозғалта алмайды. Парез – салдың жеңіл түрі, ырықты қимыл-қозғалыстардың шектелуі. Орталық параличтер мен парездер, мидағы қимыл- қозғалыс аймағы мен қимыл-қозғалысты жеткізуші жолдардың зақымдануы салдарынан болады. Ми зақымдануының ауырлық деңгейіне байланысты, тұтастай сал күйі немесе жартылай қимыл-қозғалыс шектелуі пайда болады. Бұл бұлшық ет күшінің төмендеуімен байланысты. Мысалы, баланың қолын немесе аяғын өздігімен көтеруі, алға созуы, бүгуі, екі жағына созуы мүмкін емес немесе қиынға соғады. Мұның барлығы, маңызды моторлық функциялардың дер кезінде, толыққанды дамуына кедергі жасайды, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларының, ойын, оқу, заттық әрекеттердің дамуын қиындатады.
2. Бұлшық ет тонусының бұзылуы Кез келген қимыл-қозғалыс актісі үшін қалыпты, дұрыс бұлшық ет тонусы қажет. Бұлшық ет тонусының реттелуі, жүйке жүйесінің әртүрлі буындарының, өзара үйлескен қызметімен жүзеге асырылады. БЦП–да бұлшық ет тонусы жоғарылайды (спастика, бұлшық ет гипертониясы). Әсіресе, аяқ-қолдардың бүгуші бұлшық еттерінің, жамбас бұлшық еттерінің, табандағы бүгуші бұлшық еттердің т.б. кейбір бұлшық ет топтарының тонусы аса жоғары болып келеді. Бұлшық еттер тонусының жоғарылауы, БЦП балалардың спецификалық кейпін туғызады: аяқтары тізеден бүгіліп, бір-біріне түйістірілген, салмақ табанға емес аяқ башпайларына түседі, қолдары шынтақтан бүгіліп, денеге жанасқан, саусақтары жұдырыққа түйілген.
БЦП-ң гиперкинетикалық формасы, бұлшық ет дистониясымен сипатталады. Дистония - бұзылу, яғни бұлшық ет тонусының құбылмалылығы. Қалыпты жағдайда, бұлшық еттер бос болып көрінеді және гиперкинездер жоғалады, босаңсиды, сәл қимыл жасай бастаса, тонус күрт жоғарылайды, бұлшық еттер бірден қатты жиырыла бастайды гиперкинездер күшейеді. Атетоидтық гиперкинездерде, бұлшық ет дистониясы тонусты өзгертеді, құрт тәрізді жыбырлаған, үздіксіз спазм пайда болады. БЦП-ң атониялық–астатикалық формасында, бұлшық ет гипотониясы орын алады. Гипотония - бұлшық еттердің әлсіз, болбыр болып келуі. Ригидтілік құбылысы да жиі кездеседі. Ригидтілік немесе ебедейсіздік - тетанус жағдайы – шамадан тыс қатты жиырылу. Қимыл-қозғалыс шұғыл, оқыс орындалады, оқыс қимылдар жасалады.