Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы



бет12/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26
4.1 Сюжет пен фабула композициясы

Зерттеуге таңдап алынған көркем мәтіннің сыртқы құрылымының ерекшеліктерін ғылыми ой-елегінен өткізген соң оның ішкі композициясын, яғни көркем мәтіннің мазмұнына тікелей байланысты негіздердің ұйымдастырылу заңдылықтарын зерттеуге кірісуге болады. Көркем мазмұн – өте күрделі ұғым, кең мағынада алғанда, мазмұн-пішінмен тығыз бірлікте болатын эстетикалық категория. Тар мағынада алғанда мазмұн ұғымы бір көркем мәтін төңірегінде әңгіме етіледі, бірақ ол мәтіндегі сюжет, образ, тақырып, идея сияқты түсініктердің қай-қайсысынан болсын ауқымды, өйткені олардың бәрі бірігіп барып көркем мазмұн құрайды.


Сюжет пен фабула ұғымдарының ара-қатынасы, байланысы жөнінде әдебиеттануда тұрақты пікір қалыптаспай отыр, оған себеп те көп. Бір топ ғалым сюжет терминінің семантикалық өрісін кеңейтіп қолдануды, сондықтан фабуланы ғылыми айналымнан шығарып тастауды ұсынған болатын. Кейбір зерттеушілер екі терминді де сақтай отырып, бірақ әрқайсысының ұғымдық шекарасын нақтылап, қолдану аясын анықтауды жақтайды. Қазақ әдебиеттанушылары өз еңбектерінде сюжетті жиі қолданады, жекелеген еңбектерде екі терминді синонимдік мағынада қолдану да байқалады.
Аздаған айырмашылықтары ғана болмаса, орнықты ғылыми пікірлердің дені сюжет терминінің мазмұндық ауқымы, қолданылу өрісі фабуладан кеңірек дегенге тоқтайды екен. Тарихи тұрғыдан қарағанда ғылымда фабула (латын) ұғымы сюжеттен (фр) көп бұрын қолданыла бастағаны белгілі.
Фабула туралы бұрын-соңды айтылған пікірлерді жинақтап сараптасақ, олар мынадай үш түрлі негізгі көзқарастың төңірегінде топтасқан: а) фабула – көркем мәтіндегі оқиғалардың ретті қатары; ә) фабула – себеп-салдарлық қисынға тәуелді негізгі оқиғалардың ретті орналасуы; б) фабула – динамикалық мотивтердің тізбегі (Томашевский Б.В.) Ғалым көркем мәтіндегі жағдайды (ситуация) өзгерте алатын сарынды динамикалық мотив деп есептейді, яғни ол – тартысты дамытатын, оқиғаны ілгерілететін, кейіпкерді жаңа қырынан танытатын белсенді көркемдік күш. Прозалық туындыда оқиға барысына елеулі өзгеріс енгізе алмайтын статикалық сарындар (табиғатты көрсету, портретті суреттеу, ретордация, лирикалық шегініс т.б) болады. Б. Томашевский прозалық мәтінде еркін және байлаулы мотивтер бар екенін дәйектеген болатын. Көркем мәтіннің жалпы мазмұнын баяндап беру кезінде еркін мотивтерді тастап кеткеннен оқиғаның реті, себебі, уақыты көп өзгере қоймайды, ал байлаулы мотивті ұмыту оқиғаның ретті байланысына нұқсан келтіреді, мәтінді осы тұрғыдан да талдап, мотивтерді жіктеп қараған артық емес. Соңғы кезде интегративтік және дисперстік мотивтердің сюжет құрылымындағы белсенді қызметі жиі айтылып жүр.
ХХ ғасырда сюжет термині төңірегіндегі ғылыми ізденістер күрт өсіп, сюжетология ғылымы қалыптаса бастады, ол негізінен мынадай тезистерді зерттеуге ден қойды: а) сюжет – ең алдымен бейнелеу құралы; ә) сюжет – шығарманың нақты мазмұны; б) сюжет – мотивтердің көркем мәтіндегі ретті байланыстары; в) сюжет – оқиғалар мен оларды баяндау мен суреттеудің жүйелі бірлігі; г) сюжет – оқиғалардың даму барысы.
Прозалық мәтінді талдау барысында оқушылар оның сюжетіндегі динамикалық мотивтерге көбірек назар аударатыны байқалып жүр. Шығарма қызметі өзгермелі, жылжымалы мағына мен мәндерден тұратынына ден қойғанда оқиғаның даму ретіне қарай мотивтердің де қызметі, мазмұны өзгеретінін ұмытпау керек. Т. Ахтановтың «Боран» романында табиғаттың бұл құбылысы статикалық сипатта бейнеленеді, бірте-бірте ол адамдардың қарым-қатынасына әсер ете бастайды. Қоспанның алай-дүлей бораған ішкі сезімдері, адамдардың тағдырын қарша үйірген оспадар шешімдер мен қарарлар бораны, айналаға адамша қарауға, өзгені көруге мүмкіндік бермейтін үндеулер бораны мен бұйрықтар ызғырығы оқиға дамуына ерекше әсер ете бастайды. Боран образы әрі статикалық, әрі динамикалық қызмет атқарып, көркем мазмұнға айналады, автордың өз романын осылайша атауының бір себебі мазмұнға айналады, автордың өз романын осылайша атауының басқа себептері де бар.
Прозалық мәтінде сюжет құрылымы мен фабуланың барысы әр түрлі бола береді.
Мәтіндегі сюжет пен фабуланың композициялары бір-біріне сәйкес келмей қалуы да мүмкін. Детективтік сипаттағы шығармаларда, әдетте, біз ең алдымен қылмыстың болғанын білеміз, одан кейін тергеу жұмыстарының жылжуы арқылы қылмыстың себебі мен жағдайын бірте-бірте біле береміз. Атақты
Ш. Холмс жайындағы әңгімелердің көбінің композициясы осылай құрылған. Кейде бір мотив шығарманың аяғына дейін құпияда ұсталады, оқырманның назарын, ойын аудару үшін жазушылар бұл әдісті жиі қолданады. Осы туындының фабуласын айту үшін алдымен құпияны ашу керек, ал сюжетте оқиға түзілісі оның соңынан басына қарай жылжытылған.
Сюжет барысы фабуланың дамуымен ыңғайлас та бола алады. «Абай жолы» эпопеясында оқиғаның даму логикасын бұзу жоққа тән. Сюжет пен фабулаға негіз болған өмір – өз еркімен ағып жатқан судай көп ауыстырусыз, оқиға көп алмастырылмай, алға-кейін жиі жылжытылмай негізінен өз ағынымен берілген.
Әңгіме, повестерде жиі кездесіп жүрген тағы бір әдіс – мәтінде алдымен оқиғаны баяндаушы таныстырылады, қалған уақытта әңгімеші өз қалауынша өткен-кеткенді еске түсіріп отырып, тұтас оқиға құруға тырысады, автор оған бірде көмекші, бірде ақылшы болып отырады.
Бірнеше сюжеттік желісі бар романдарда оқиғалардың уақыт жағынан бірізділігін сақтау автор үшін оңай емес. Жазушы олардың біреуін үзіп қойып, екіншісін баяндап болғасын оған қайта ауысады, сөйтіп мәтіндегі оқиға жалғасып кете береді. Кейде ықшамдылық үшін автор оқиғаларды суреттемей, олардың қысқаша мазмұнын ғана айтып кетеді. Фабулалық уақыт қысқарып, шығарманың көлемі азаяды, оқырман назарын ең басты, шешуге сәттерге бағыттауға мүмкіндік туады.
Сюжет композициясы дегеніміз - оны құрайтын негіздердің мәтіндегі ұйымдастырылуы, орналастырылуы. Антитеза мен шендестіруді, баяндау ырғағын, суреттеу сипатын күрт ауыстырып отыру, оқиғалардың хронологиясын өз қалауынша өзгерту арқылы жазушы шығарманың мағынасын тереңдетеді. Оқулықтарда композиция құрайтын элементтер қатарына суреттеу, әуезе, әңгімелеу, баяндау, әңгімешінің интригасы, қыстырма эпизодтар, микро және макросюжеттер, негізгі және қосымша сюжеттік желілер, лейтмотив, көркемдік дәлелдеу мен нақтылауға байланысты компоненттер т.б. жатқызылған. Кейде автор мәтінінің бір бетінде бір мезгілде әр жерде өтіп жатқан оқиғаларды баяндауға мәжбүр болады, мұндайда оқиғаларды монтаждау әдісі қолданылады. Сюжетке тығыз байланысты тартыс, интрига, перипетия, коллизия, қимыл, әрекет сияқты ұғымдар оқиғаның дамуына тікелей әсер етеді. Студент бұл терминдерді жеке-жеке де, белгілі бір байланыста да қарастыру арқылы мәтіндегі сюжеттің даму өрісін нақты көрсете алады.
Сюжеттің Аристотель белгілеген бес элементі – экспозиция, оқиғаның байланысы, дамуы, шарықтау шегі, шешімі ғасырлар бойы ғылыми зерттеулерге негіз болып келді. Олардың ішінен Гегель триадасын, «Фрейтаг схемасын» т.б. бөліп атауға болады. Қазіргі кезде сюжет элементтерінің қатары молықты. Оған қоса сюжеттердің бей-берекет араласуы (контоминация), ұзаруы, қысқаруы, қосарлануы, трансформациялануы, күрделенуі, қирауы оның элементтерін нақты зерттеуге жол сілтейді. Сюжет тек мәтін ішіндегі құбылыстарды ғана сипаттамайды. бір жазушының негізгі шығармалары бірігіп бір ортақ сюжет құрауы мүмкін (Достоевскийдің бес романы сияқты).
Сюжеті күрделі көркем мәтінде байланыс, кульминация, шешілу бірнешеу болуы мүмкін, бірақ айналып келгенде бәрі қосылып ортақ сюжет құрайды.
Ш. Айтматовтың «Боранды бекет» романында космонавтарға, Найман анаға, Едігей өміріне қатысты сюжеттік желілерді жеке-жеке де, тұтастырып та қарастыруға болады.
Сюжеттің шешілуіне финал, эпилог, соңы деген ұғымдар мағыналық тұрғыдан жақын. Финал – көркем мәтіннің аяқталар сәті, ал соңы – мәтіндегі соңғы абзац, сөйлем не сөз. Бұлар жөніндегі толық мәлімет беретін зерттеу ретінде «Сюжет жєне көркем жүйе» (Даугавпилс. 1983) деген жинақтар шоғырын қарау керек. Осы элементтердің әрқайсысының көркемдік қызметін арнайы зерттеу обьектісі етіп алуға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет