Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Мазмұндық-мағыналық және тақырыптық жүйені талдау амалдары



бет16/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26
Байланысты:
Т.Есембеков.Көркем мәтінді талдау негіздері (1)

4.5 Мазмұндық-мағыналық және тақырыптық жүйені талдау амалдары

Әдеби мәтіндегі тақырыптар жүйесін анықтау мен талдаудың өз қиындықтары бар, өйткені тақырып ұғымын ғылыми пайымдауда орнықпаған пікірлер аз емес. Тақырып мәтінде көбінесе «мен мұндалап тұра бермейді, сондықтан оны мәтінің тек ішінен не одан тыс жерден іздеу керектігі туралы талас тоқтар емес. Егер тақырыпты жазушының нақты өмір құбылыстарын бейнелеуі деп түсінсек, оны шығарма мәтінінен іздеу керек, бірақ көркем мазмұнның тақырыптан ауқымы әлдеқайда кең екенін де естен шығармаған жөн.


Тақырып – барлық әдеби мәтінге тән ұғым. Көркем мәтіннің жалпы тақырыбымен қатар оның жеке бөліктерінің де өз тақырыбы болатынына мысал көп. Айналып келгенде олардың бәрі жиналып негізгі тақырыпқа бағынады деген пікірдің жаны бар. «Қан мен тер» трилогиясында екі тақырып бар, олар туындының атауында тұр. Трилогияда тер төгілетін бейбіт өмірмен бірге қан төгілетін соғыс картиналары араласып отырады. Осы екі тақырып қосыла келіп ғасырлар тоғысындағы қазақ қоғамындағы ахуалды, адам өмірінің қыр-сырын ашуға бағытталған. Оған қоса махаббат, отбасы тағдыры, балықшылар тірлігі, Арал мәселесі де негізгі тақырыппен тығыз байланысқан. Мұны жүзеге асыруда автор қолданған амал-тәсілдерді арнайы тексерудің ғылыми мәні бар.
Болмыстың адам санасына әсер-ықпалы обьект пен субьект арасындағы күрделі қарым-қатынастар арқылы жүзеге асады, ал олардың байланыс деңгейі арқылы тарихи дәуір бейнесі, ұлттық дәстүр, әдеби жанр түрі анықталады.
Мәтіндегі суреткердің ырқынан тыс өмір құбылыстары мен шығрмашылық тұлғаның ойы мен қиялы тудырған құбылыстарды айырып алу қиын, дегенмен олардың арасындағы жиі кездесетін типологиялық байланыстарды былайша жинақтап көрсетуге болады.
І. Олар творчестволық процесте де, әдеби шығармада да бір-бірімен терең байланыста. Егер ғылыми зерттеуде субьективтік сәттер мүмкіндігінше аз болса, ал көркем мәтінде обьективтілік көбіне-көп субьективтілік баға арқылы көрінеді.
2. Әдеби шығармада обьект ретінде суреткердің ырқынан тыс тұратын басқа адамдардың ойы, сезімдері алынуы мүмкін, яғни бұл жағдайда субьект обьектіге айналып тұр. Әрі жазушының жеке ойы, көзқарасы тек оған ғана тән емес, олар бір топтың, қоғамның тарихи-әлеуметтік дамуының көрінісі дегенге тоқтасақ, онда обьект те субьектіге ауысатындығын қабылдау керек.
3. Автор өз көзқарасын, сезімін /субьект/ әдебиеттің нақты амал-құралдарымен /обьект/ жүзеге асырады. Сондықтан творчестволық тұлға шығармадағы мазмұнды субьективтік тұрғыда қалыптастырады және туындының тарихи-әлеуметтік болмысын көп сәтте обьективті түрде ашуға күш салады.
Көркем мәтіннің мазмұнын жете түсіну үшін «таным жєне бағалау», «бейнелеу обьектісі» деген ұғымдар қолданудың маңызы зор.
«Бейнелеу обьектісі» - сан алуан /орта, дәуір, адам, мінез-құлық, табиғат/.
Ал «таным және бағалау» - біртекті және тұтас ұғымдар.
Көркем мәтін – өнерге тән жүйелі тәртібі бар идеялық-эмоциялық, образды-эстетикалық мән мен ойдың өмір сүру формасы деген пікірге ойлана қарау керек.
Көркем шығармада идеялық-эмоциялық тақырып пен сол тақырыпты бейнелейтін образды пішін бар. Осы образды пішін – әдеби туындыдағы көркем мазмұнның көрінуінің бір жолы. Сонымен қатар пішін – қатаң тәртіпке бағындырылған, аяқталған, әр бөлігі бір-біріне тығыз байланысты тұтас дүние. Сондықтан пішіннің әр бөлігінің мазмұндық сипатын ғана емес, оның көркемдік қызметін де қоса қарастыру керек.
Тақырыптың өзі мотивтерден құралады, олардың орналасу, байланысу дәрежелеріне жазушы ерекше мән беріп отыруға тиіс. Махаббат тақырыбы кездесу – танысу – тану – табысу - айырылысу сияқты басты мотивтерден тұрады, бұлар мәтінде әр түрлі ретпен, тәртіппен орналастырылады. Егер мотив көп қайталанса, онда лейтмотивке айналады.
Тақырыптар композициясын талдағанда, тақырыптың құрастырылуын ғана емес, міндетті түрде мотивтердің көркем мәтіндегі ұйымдастырылуын да арнайы сөз еткен жөн.
Көркем шығарманың композициясын сатылап қарастырғанда оның құрылымының жалпы заңдылықтары мен ерекшеліктерін, композицияның негіздерін құрайтын сюжет, образ, уақыт пен кеңістік, баяндаудың қалайша, қандай әдіс-амалдармен жүзеге асырылғанын талдаған жөн.
Көркем мәтін композициясы салыстырмалы, параллель, сатылы, «шиыршық», «сақина» тәріздес болып келеді. Әр әдеби тек пен түрдің образдары, мотивтер әлемі, компоненттері белгілі бір жалпы зањдылықтарға бағынады.
Көркем мәтінің табиғатын танитын, оның құрылымдық жүйелерімен ғылыми жұмыс жүргізудің амал-тәсілдерін меңгерген адам әдеби шығарманың құрылымының жетістік-кемшілігіне дәйекті түрде баға бере алады.
Әдеби шығарманың мазмұнын жете түсіну және бағалау үшін көптеген ұғымдар мен түсініктерге сүйенуге тура келеді. ХХ ғасырда әдебиеттануда «идеялық-тақырыптық негіз», «идеялық мазмұн» деген тіркестердің ғылыми ықпалы көп болды. «Идея» терминінің «мазмұн» ұғымынан гөрі мағынасы тарлау деген көзқарасты көпшілік мойындаған. Идея дегеніміз - автордың тақырыпты түсінуі және оны басқаларға түсіндіру жолындаѓы іс-әрекеті деген анықтамалардың түп-төркініне тереңірек бойламаса болмайды. Көркем әдебиеттегі идеяның ғылыми зерттеудегі идеялардан түбегейлі айырмашылықтары бар. Ғылымдағы идея болмыстың құбылыстары жөніндегі жиынтық көзқарас болса, ал өнердегі идея – автор ойы, жеке шешім, ол көркем мәтіннің элементтерінің ішкі бірлігінен тұрады. Көркем шығарма идея тудыру үшін емес, оқырманды идеяға алып келу, идеяны оқырманға жақындату үшін жазылатынын есте ұстау керек.
Әдеби мәтіндегі бірнеше идея мен негізгі ойлар қосылып шығарманың идеялық концепциясын құрайды, яғни ол автордың өз шығармасындағы образдар жайындағы идеялық-эмоциялық бағасының көріну түрлері мен жолдарын қамтитын бірлік.
Ғылыми, публицистикалық мәтіндерде автор алдымен тақырыптың зәрулігін анықтайды, еңбектің мақсат-мүддесін белгілейді, өз тұжырымдары мен шешімдерін ұсынады. Ал көркем мәтінде бұл жәйттердің ешқайсысы ашық айтылмайды, олардың шекаралары да анық болмайды.
Тақырып – көркем мәтіндегі таным предметі деген қағидаға тоқтасақ, онда ол көркем мазмұнның обьективтік негізі дегенді де қабылдауға тура келеді, бірақ «таным негізі» мен «бейнелеу негізі» деген түсініктерді айыра білу өте маңызды.
Көркем шығармада бейнеленген өмір суреттері мен кейіпкерлердің дені – қаламгер қиялы мен ойының нәтижесі. Олардың бойы мен мінезінен өзгелерге тән қандай ортақ қасиеттер мен сипаттарға, замана болмысы мен ортаның қай ерекшеліктеріне назар аударылды, яғни тарихи-әлеуметтік болмысты анықтау арқылы автор тақырып ауқымын қалай ашуға тырысты деген сұрақтарға жауап ізделінеді.
Жалпы тақырып туралы сөз бола қалса, проблематика атты ұғымға жете назар аударуға тура келеді, өйткені бұл түсінік авторды қызықтырған тақырыптың негізгі мәселесін айқындап тұрады. Тақырып пен проблеманы шатыстырудың қажеті жоқ. Тақырыбы бір болып көрінгенімен, проблематикасы бөлек шығармалар бар. Т. Ахтановтың «Күткен күн» және «Шырағың сөнбесін» романдарының жалпы тақырыбы соғыс туралы болғанымен, проблематикалары бөлек. Керісінше, әр түрлі тақырыптағы көркем мәтіндер бір проблемаға арналуы мүмкін. Проблематика – шығарманың идеялық қазығы деген көзқарастың да ғылыми ойлауда өз орны бар болғандықтан мұндай пікірді әдеби зерттеуде пайдаланудың орны бар.
Әдеби мазмұнның аса маңызды негіздерінің бірі – көркем мәтіндегі автордың идеялық-эмоциялық бағасы. Бірде жалпылама, көбіне нақты немесе жинақталған түрде болғандықтан олардың көркемдік-эстетикалық салмағы әр түрлі болады. Суреткер шығармасында жеке адамға ғана емес, адам іс-әркекетінің типіне, олардың қарым-қатынасына, жалпы табиғатына баға береді. Гоголь Хлестаковты ғана мазақ етпейді, хлестаковшыларды, оны тудырған орта мен қоғамды да сынайды. Ендеше идеялық-эмоциялық бағанын танымдық және сезімдік және компенсаторлық сипаттары бар екенін естен шығармаған орынды.
Идеялық-эмоциялық баға бірыңғай не позитивті, не негативті / не оң, не теріс/ болуы мүмкін. Идеялық қостау, қоштау, нығырлаумен қатар идеяға ашық, жасырын қарсылық та көркем мәтіндерде араласа жүруі де әбден ықтимал.
Қорыта келгенде, тақырып, проблематика, идеялық-эмоциялық бағалау үшеуі қосылып, көркем шығарманың идеялық жүйесін құрайды. Ал туындының идеялық мазмұнының ауқымы оның идеясынан гөрі кеңдеу болады, өйткені бейнеленген сәттерден туындайтын рецепторлық қосымша мағыналар да бар екенін ұмытпаған жөн.
Л. Тимофеев өз оқулығында «идея-сұрақ», «идея-қате», «идея-жауап» деген дәйектеме жасаған, бұл тұжырымға да назар салған орынды.
Қаламгер құбылыстарды тұтас күйінде көрсетуге мүдделі болса, онда жалқы мен жалпы диалектикалық бірлікте болады. Адам характерінің сыры трагедиялық, драмалық, комедиялық сияқты түрлі сәттерде ашылады. Оның үстіне көркем мәтіндегі қаламгердің «соты» мен «үкімініњ» сипаты көркем маманның ең белсенді, әрі ќажетті бөлігі – пафосқа байланысты.
Идея субьективті, обьективті, ақиқат және жалған болуы мүмкін, оның үстіне авторлық тенденция мен тенденцияшылдықты да айыра білу керек. «Негізгі ой», «өзекті ой», «өзекті идея», «авторлық бояу», «ұлттық реңк», «басты желі» - осылардың бәрі жиналып, пафос деген ұғымның мән-мағынасын ашады.
Пафос ұғымының қалыптасып даму тарихына жасалған ғылыми шолу аталмыш категорияның кейбір сипаттарын кеңірек түсінуге көмектесер.
Аристотель алғашқы болып: көркем шығарманың оқырманға, көрерменге етер әсеріне ерекше назар аударды, осыған байланысты әдебиеттануға «катарсис» деген ұғымды енгізді. Ол адамды рухани тазалыққа бастаудың трагедиялық, патетикалық жолы бар деп білді. Аристотель пафосты обьективтік жайлар арқылы экспрессивтік бейнелер жасау жолы деп таныды.
Лонгин бұл көзқарасқа басқаша қарады, ол «Пафос асқақ, әрі орынды болуы керек, оның сөздері ерекше, шабытты, жалынды болғанын қалаймын» деп пафостың субьективтік негізге байланысты екенін ашып айтқан. Оның үстіне Лонгин «Тәңірлік шабыт», «Талантың әулиелік ақымақтығы» сияқты ұғымдар енгізіп, пафосты қиялмен, фантазиямен байланыстырды, құштарлық пен құлшыныстың себептеріне бойлауға тырысты.
Осы екі пікірді әрі қарай дамытуға Лессинг пен Шиллер көп үлес қосты, олар пафосты сұулықпен байланыстырып, сол арқылы адамдардың көзқарастарын түзетуді мақсат етті. Пафосты нақтылау, шектеу, қалыптауға мынадай ойларды қазық етті: жұмысшының трагедиясы – жұмысшыға ерекше әсер етеді, ендеше тек нанымды бейне арқылы толық эстетикалық ләззат алуға болады. Олар өмірдің ерекше қайғылы және күлкілі сәттері арқылы ғана адамға ерекше әсер етуге болады дегенді көптеген мысалдармен дәйектеуге күш салды.
Гегель пафос деген ұғымды екі мағынада қолданды.
1) кейіпкердің қоғамды өмірге ерекше құлшынысты іс-әрекеті, шабытты қимылы.
2) автордың жаны, оның болмысқа елігуі, шабыты.
Сонымен қатар неміс ойшылы трагедиялық ахуал мен мүсіркеуді, күлкі мен мазақты ажырату қажеттігін айтқан, ең бастысы – Гегель көркем мәтіндегі пафос оқырманға әсер ету үшін оның авторы тұтас әрі кемел рухтың иесі болу керектігін қадап айтқан. Демек, пафос (көне гр. күшті, шабытты сезім) – қаламгердің дүниетанымына, тіпті жеке басының қасиеттеріне тығыз байланысты ұғым екен.
Пафостың түрлері, көркем мәтінде көріну жолдары туралы зерттеулер бар, оларда пафостың қаћармандық, трагедиялық, драмалық, сатиралық т.б. түрлері айқындалып, әрқайсысына сипаттама берілген, олардың сыртқы жєне ішкі факторларға тәуелді екені дәлелденген. Пафосқа байланысты тағы да екі ұғымды білген тиімді. Біріншісі – тенденция (көне гр. тілінен аударғанда – бағыттау, ұмтылу) автордың өз идеясын өте белсенді түрде жүзеге асыруының көрінісі. Екіншісі – «тенденцияшылдық», яғни қаламгердің обьективтік болмысты өзіндік субьективтік идеяға күштеп бағындыру амалдары. «Бальзак парадоксы», «Толстой құпиясы» деген атаулармен белгілі әдеби құбылыстар аталған ұғымдарға байланысты.
Сонымен, идея, тақырып, пафос, проблематика, эмоциялық баға, идеал, тенденция сияқты жалпыэстетикалық категориялар көркем мәтіннің туу себептері мен көркемдік-эстетикалық негіздерін анықтауға көмектеседі екен.
Әдеби шығарманың мазмұнын тану мен талдау оның композициялық құрылымын, сюжетін, идеясы мен тақырыбын қарастырумен ғана шектелмек емес. Оған қоса шығарма мазмұны тек мәтін аумағымен ғана өлшенбейтінін де ұмытпау керек.
Әдеби мәтіннің қоғамдық, әлеуметтік, эстетикалық қызметінен қосымша мазмұндар туындап жатады, сондықтан «әдебиет және заман», «көркем мәтін жєне оқырмандық орта» атты ғылыми бағыттардың дамып отырғаны – осындай сұраныстан туып отырған жағдай.
Көркем мәтіннің мағыналарын анықтау үшін оны түсіну, тану, бағалаудың оңтайлы және өнімді жолдары үнемі іздестіріліп келеді, бұл туралы талас жетерлік. Сөз өнеріндегі мағыналар иерархиясын айқындау ерте замандардан басталған. Сенс (sensus – мағына, ақыл) ұғымы философтар мен филологтар үшін зәру мәселе болып келеді. Алғашқы кезде әріптік, аллегориялық, тропологиялық, аналогиялық, физикалық бес мағына айқындалған. Уақыт өте келе бұл мағыналар нақтыланып отырды, сандық, сапалық құрамы өзгеріске ұшырады. Данте тура, аллегориялық, моральдық жєне аналогиялық мағыналардың қызметіне ерекше назар аударған. «Мағыналар шеңбері», «мағыналық сатының басқыштары», «мағыналық қабаттар», «мағыналық қуыстар» сияқты әр түрлі зерттеулерде қолданылған ұғымдық аппараттарға да ойлана назар аударғанның берері мол.
Қазіргі кезде мәтіннің көпқабаттылығы немесе көпмағыналылығы туралы бұрыннан белгілі пікірлер күрт жандана бастады. Мағыналардың жылжымалылығы, өзгермелілігі, амбиваленттілігі туралы пікірлердің дені – интерпретациялық ізденістердің заңды нәтижесі деуге негіз бар.
Мәтіннің мағыналары автор, оқырман және персонаждар арасындағы күрделі қатынастардан туындап жатады, осы үшеуіне ортақ әмбебап мағыналар жөнінде де айтылған пікірлер аз емес. Демек, мәтінде авторлық мағына бар, оқырман жұмыс барысында мәтіннен өз мағынасын табады, аудармашы осы мағыналарға өз түсінігін үстейді, біраќ бұдан нұқсан келмейді.
Көркем мәтіннің мағыналарын жіктеу, жүйелену жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырады, оларға сипаттама берудің түрлері көп, солардың бастыларын атап өтуге болады:
1. тарихи-әдеби мағына қаламгердің ұлттық әдеби үдерістегі орнын анықтау барысында байқалады.
2. Логикалық мағынаның образдардың, мотивтердің, ажарлау айқындауға себі бар.
3. Адамгершілік мағына көркем мәтінде қайырымдылық, жауыздық, қылмыс пен жаза сияқты этикалық категорияларға байланысты ұғымдар түсініктер мен пікірлерден туындайды.
4. Әлеуметтік мағына қоғамдағы саяси-экономикалық жағдайдың бейнеленуінен көрінеді, сонымен қатар ол адамзат өркениетінің жетістіктері мен зардаптарына назар аударуға байланысты.
5. Эстетикалық мағынаны шығарманың пішіні мен мазмұнының үйлесімділігінен, автордың әсемдік пен сиықсыздық, трагизм мен комизм, драматизм сияқты эстетикалық категориялардың табиғатын түйсіну деңгейінен, олардың мәтінде көріну сипатынан іздеу керек.
6. Эзотериялық мағына автордың мистикалық, иррационалдық сәттерді кейіпкер санасы арқылы бейнелеуінен көрінеді.
7. Аллегориялық мағына – астарлы мағынаның бір түрі, оныњ символдығ (көпмәнді) мағынадан ерекшелігі – оның дәстүрмен тығыз байланыстылығы.
8. Көркем мағына мәтіндегі образдардың нақты, сезімдік, иллюзорлық жєне қияли қарым-қатынастарынан көрінеді.
Жоғарыда аталған мағыналармен қатар көркем шығармада психологиялық бейнелердің сезім дүниесі, ой өрісі, интеллектуальдық, абстрактілік, жазушының шығармасындағы дәстүр мен жалғастық, сатиралық, интермәтіндік мағыналарды бөліп қарастыруға болатын сияқты. Көркем мәтіндегі мағыналарды зерттеуде рецептивтік эстетиканың қағидаларына сүйенген тиімді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет