4.4 Баяндау композициясы
Көркем мәтіннің сыртқы тұтастығы мен ішкі бірлігін, яғни құрылымының бүтіндігін қамтамасыз етуде баяндаудың, суреттеу мен әңгімелеудің, әуезенің жүйелі қызметі өте маңызды. Мәтін тұтастығына әсер ететін негіздер қатарына оның мағыналық бірлігі мен коммуникативтік қызметінің деңгейі жатқызылып жүр. Мәтіннің коммуникативтік функциясы – автордың ұстанымына сәйкес бейнеленетін құбылыстар мен образдар жайлы толыққанды ақпарат және сипаттама беру болса, ал осыны жүзеге асыру үшін ол сөздерге, сөйлемдерге, абзацтарға бөлінеді. Демек, көркем мәтіннің коммуникативтік және семантикалық, структуралық және стилистикалық сипаттары баяндау түрлері мен ретіне байланысты екен.
Автордың баяндауға қатысы әр түрлі деңгейде көрінеді. Өзінің оқиғаның кейіпкері, куәгері болып баяндауы ІІІ жақтан жүреді. Автордың баяндаушының жолдасы, сапарласы, көмекшісі де бола алатынын Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасынан көруге болады. Бейтарап бақылаушы, нарратор, бенефицарий роліндегі баяндаушылар қазіргі прозада жиі кездеседі. Бір шығармада бірнеше баяндаушы қосыла жүретін мысалдар да бар, яғни баяндау түрлері араласып отыруы кездеседі. Әдеби мәтінге қыстырма түрінде новелла, әңгіме, өлең жолдары енгізіліп, автордың оларға түсіндірме беруі де кездеседі («Қорғансыздың күніндегі» Күшікбай туралы аңыз, кемпірдің әңгімесі).
Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың аңыры» романында баяндаушы рөлін төрт кейіпкер – хан, ханша, күтуші, шебер атқарады. Баяндау, суреттеу, әңгімелеуді жазушы өз мітінінде белгілі бір жүйеге сәйкес қолданылады, олардың мәтіндегі ретін, санын, сипатын анықтау арқылы автордың ұстанымын, мәтіннің композициялық ерекшеліктерін нақтылауға болады.
Көркем мәтінде оқырман үшін баяндаушының образын, түрін, сипатын, қызметін анықтау аса маңызды болып табылады. Баяндаушыны айқындаудың ең ыңғайлы әдісі – ол қолданған есімдік түрін немесе түрлерін білу (мен, біз, ол). Осыған сүйене отырып, «І жақтан баяндау» және «ІІІ жақтан баяндау» сияқты түрлері белгіленген, бірақ мұндай жіктеу ғалымдарды қанағаттандырмай отыр. Ж. Женетт, К. Долинин сияқты зерттеушілер баяндаудың түрлерін бағалауда «гетередиогетикалық» және «гомодиогетикалық» деген терминдерді пайдалануды ұсынған. Гетередиогетикалық баяндау қолданылған көркем мәтінде автор оқиғаға мүлдем араласпайды, кейде тіпті оның мәтінге қатысы жоқ сияқты болып кетеді. Ал гомодиогетикалық сипаттағы баяндаушы екі түрлі мәндегі қызметтер атқарады: 1) «мен – куәгер», «мен – кейіпкер». Екінші мәндегі баяндаушының қызметін көбінесе автодиогетикалық деп атау кездеседі.
«І жақтан баяндау» деген ұғымның қисынсыз жақтары болғандықтан, кей ғалымдар оны авторлық немесе эксплициттік деп белгілеуді ұсынуда. Жеке зерттеушілер «фабулалық автор» ұғымын пайдаланып жүр. Баяндаудың бұл түріне «автор» мен «баяндаушының» бірігіп кететіні бар (мемуар, автобиографиялық мәтіндер). Сонымен қатар екеуінің бір-бірімен қарсылас болатынын да қазіргі модернистік романдардан байқауға болады. Ф. Лежен деген ғалым баяндаушының образын мынадай төрт категория арқылы анықтауды ұсынады: сөйлеу типі, сюжет, автор ұстанымы, баяндаушы тұрғысы. Зерттеушінің пікірінше, бұлар көркем мәтіннің жанрлық түрін де нақтылауға көмектеседі екен. Я. Линвельт жєне В. Фюгер сияқты ғалымдар баяндаудың аукториалды ( «мен – баяндаушы» және акториальды («мен – баяндасушы») түрлеріне назар аударған, олардың бір-біріне ауысуына, кейде бірігіп кететініне көңіл бөліп отыруды қажет деп тапқан. Р. Барт баяндаушы мен персонаждың бір-біріне ынтықтығын айта отырып, олардың ешқашан қосыла алмайтындығын өзінше «таза емес ұят» деген ұғым арқылы дәлелдеуге тырысқан. Нарратологтар баяндаушы-кейіпкер мен куәгер-баяндаушының арасында дихотомиялық байланысқа сүйене отырып, олардың функцияларының басыңқы-бағыныңқы болып ажыратылатынын көрсеткен.
Демек, баяндау түрін таңдап алуға көп нәрсе байланысты екен. Бір құбылысты, ерекше оқиғаны не І, не ІІІ жақтан баяндап берудің әртүрлі мүмкіндігі көп жағдайда баяндау сипатына қатысты. Кейде қаламгердің баяндаудың бір түріне ерекше ықыласты болатынының себептеріне назар аударған дұрыс. Автор мен баяндаушы арасындағы әлеуметтік, идеологиялық қарым-қатынасқа назар аудару керек. «Бовари – мен» деп айтқан Флобердің пікірінде әрқилы мағына бар. Мұндай жағдайлар Стендаль, Толстой, Әуезов сияқты қаламгер шығармашылығында да кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |