Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет40/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

АҚМОЛАДАН АЙДАЛУ
(1919 жыл, 5 қаңтар)
Бір күні бізді жөнелтпек болды. Түрменің бастығы екі-үш күзетшілерімен біз отырған бөлмеге келіп:
— Сіздерді жөнелтпек болдық, даярлана беріңіздер. Екі-үш күнде жүресіздер! — деді.
— Қайда жөнелтпексіздер? — дедім.
— Омбыдағы үкіметтің әміріне барасыздар! — деді Сербов.
Бұл хабарды түрменің бастығы айтып кетісімен, отырған жұрт жабырлап әңгімеге түсті.
— Қайда апарады? Кімге апарады? Қалай апарады? Не қылады? Конвойлап апаратын кім?.. — деген сөздерді жолдастар түрліше талқыға салды, әркім әр түрлі болжау айтты.
Бостандықтағы жақындарымызға хабар бердік. Жылы киім алғыздық. Шама келгенше жолға ақша даярлаттық. Абдолланың әкесінен: «Ақшаны Абдолланың қазақша саптама етігінің өкшесінің ішіне тығып, шегелеп жібердік», – деген хабар алдық.
Он екі бөлмелі түрменің іші күңкілдеп сөйлесуде. «Не болар екен», — дейді.
Бізді Омбыға алып жүретін Анненков деген атаманның отряды екен. Анненков — Колчактың белгілі атаманы.
Омбыдан Ақмолаға Анненковтың он бес шамалы партизан солдаты келіпті. Анненковтың партизандарының бәрі — өздері тіленіп кірген бұзықтар. Он бестің екеуі — офицер. Бұлар Ақмоладан тіленген тағы да біраз казак-орыс жігіттерін отрядына қосып алыпты. Барлығы қырық-елу солдатты отряд болыпты. Отряд енді Омбыға жүрмек. Бізді осылардың қолына бермек.
Бұл келгендер — қанішер жендеттер. Атаманның бұзық солдаттары. Колчактың еркелері. Бұлар түрмеде жатқан тұтқындарды қаладан былай алып шығып, бәрін атып, шауып, жусатып кетпек екен. «Қашпақ болып, қарсылық қылған соң аттық» дей салмақ екен. «Енді ешкім тірі қалмайды...» деген сөз түрменің бөлмесінен бөлмесіне күңкілдеп тарауда. Суық сөз қара жыландай асығып сыбырлауда. Түрменің бөлме-бөлмесінің есік-тесіктерінен сумаңдап кіріп-шығуда.
Екі күннен соң түрменің бастығы біздің бөлмеге Ақмола әскерінің бастығын ертіп кірді. Бізге үйреншікті: «Тұрыңдар орындарыңнан!..» — деді. Біз түрегеп тұрдық. Екі бастықтың қасында бір-екі солдаттары бар. Кілтшілері бар. Сартылдаған қылыш, мылтық. Иықтарындағы оқа шендері жарқырайды. Бастықтар бізді жөнелтетіндерін тағы да айтты.
— ...Бірақ осы бастан естеріңізде болсын: жолшыбай біреуіңіз қашсаңыз, қалғандарыңыз атыласыздар, — деп үлкен бастық шығып кетті.
Жолдастардың бәрі де енді шамасынша дайындалып жатыр.
Біраз азық пісіртіп алдық, жөнелтпек кісінің саны елу шамалы. Ақмола түрмесінде жалғыз-ақ ауру себепті Нұрғайын мен учитель Горбачовты қалдырмақ...
Бәріміз де дайынбыз. Жиналып, түйінісіп алдық. Біз отырған төртінші бөлмеде жиырма шақты кісіміз. Кір сәкінің үстінде өздеріміз де кір-кір болып шүпірлеп отырмыз. Алып жүретін солдаттардың келуін сағат сайын күтудеміз. Енді не қылса да даярмыз...
Уақыт қыстың нағыз ортасы. Күн аяз. Қысқа күн батып, кеш болған. Бөлме қаракөлеңке. Бөлменің әр бұрышында күңкілдеп сөйлесіп жолдастар отыр. Темір торлы терезенің ашық, кішкене көзінен уілдеп лықсып суық жел кіреді. Ашық көздің жиегіне тұрған сүңгі мұздардан ептеп тырсылдап тамшы ағады. Бөлме қараңғы... Алдыңғы тағдыр да қараңғы. Терезенің ашық, кішкене көзінен тыстағы шықырлаған аяз естіледі. Ұзақ отырдық... Түн ортасы болды. Жолдастардың қараңғыда күңкілдеген ауыр сөздері бірте-бірте азайып басылды. Киінген бойымен жолдастар бүк түсіп-бүк түсіп талып ұйықтасты. Қанатын жайған қара түн түрменің іші-тысын түнеріп басты. Түрме тұнжырап демін ішінен алды. Дыбыс өшті, жалғыз-ақ терезенің тыстағы түбін күзетіп жүрген солдаттың тықыры естіледі. Және терезенің ішінен анда-санда тырсылдап тамған тамшы тырсылы естіледі. Анда-санда ұйқысырап, сандырақтап, бір түрлі ауыр дем алған жолдастардың ыңқылдары естіледі.
— У-у-у-й-п!.. а-а-һ-һ... — деп ыңқылдайды тұтқындар!
Тұншықтырып басқан қара пәле тым ауыр. Мойынға алған жүк те ауыр. Ұлы майданға шықтың, енбекші таптың азаматы! Мойныңа арттың ауыр жүкті. Тар жол, тайғақ кешуден сол жүкті алып өтуге міндеттісің. Жүк ауыр, ыңқылдайсың! Бірақ шыдайсың жүк астында өлсең де!.. Кім біледі? Бәріңді ертең қаладан алып шығып атып тастар. Бірақ не үшін өлгендеріңді еңбекші тап айта жүрер. Шыда, шыда, ауыр жүкке! Жығылмай өт тар жолдан!
_ У-у-у-п! а-а-һ-һ! — ыңқылдайды тұтқындар!..
Тас еденде тақырлаған, күңгірлеген дыбыспен оянып кеттім.
Жолдастардың бәрі де тез оянып, үрпиісіп түрегелді. Сыбыр-сыбыр сөйлесіп, есіктің тесігінен сығаладық. Түрме бөлмелерінің ұзын ауыз үйінде шам ұстаған кілтшілер жүр екен. Уақыт —таң алды. Бөлме алакөлеңке. Қылыш асынған, қолдарында шолақ мылтықтары бар төрт-бес солдат көрінді. Солдаттардың формалары жат. Шаңдыған омырауларының бәрі толған винтовканың оғы. Бастарында үлкен қоқырайған қара сеңсең бөріктер. Бөріктерінің төбелері қызыл шүберек. Белдеріне тағы бірдемелер байлаған, жүрістері еркін. Ауыз үйге лезде сондай жат түсті әскери киімділер толып, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Дауыстары самбырлап шыға бастады. Тас еденге мылтық дүмі тие бастады.
Біраз әңгіме шешілетін мезгіл жеткенін жүрек сезді.
«Анненковтың отряды!», «Анненковтың отряды!» — деген сөз алакөлеңке бөлменің әр жерінен сыбыр-сыбыр естіледі. Түрменің ауыз үйіне әскери киінген кісі толды.
Есіктің тас еденді тақырлатқан дыбысы, еденге және қатты қыштан қалаған іргелерге соқтыққан мылтықтың дүмі мен қылыштың қынабының сартылы, күжілдеп самбырлаған солдаттардың дауысы — бәрі қосылып тұнжыраған меңіреу түрмені қозғағандай болады.
Біздің бәріміз де оянып, үрпиісіп отырмыз. Көптен байланып түйілген түйін шешілуге таянды. Тарсылдатып, шақырлатып, күңгірлеп келіп, біздің бөлмені ашты.
Түрменің бастығы мен бір казак-орыс офицері екі-үш солдатпен кірді. Қолдарында шамы бар.
Біз түрегеп-түрегеп тұрдық.
— Сіздер енді қазір жүресіздер. Жылдам киініп, түйініп даярлана беріңдер... — деді. Сүй деді де, шығып кетті.
Біз жылдам буынып-түйініп даяр болдық. Он шақты минуттан соң есігімізді тағы да ашып, түрменің бастығы мен офицер есіктің сыртында тұрып, тізім қағазбен бір-бірлеп бізді ауыз бөлмеге (коридорға) шақыра бастады. Бәріміз де шықтық. Түрменің ұзын үйінің тас еденіне бәрімізді иіріп отырғызды. Қылыш-мылтықты солдаттар қоршап тұрды. Жағалай шешіндіріп, бәрімізді тінте бастады. Іш киімнен басқаның бәрін шешкізіп, түк қоймай сипалап қарап жатыр. Тінтіп жатқан — әлгі өне бойының бәрін оқпен шандыған солдаттар.
Менің аяғымда қазақша саптама етік бар еді. Аяғымнан шешіп алып, «бомба жоқ па» деп, киіз байпағын суырып алып, сілкіп қарады. Қолтығымның астарын қарады. Етігімнің ішіне қолын тығып, қоншын төмен қаратып сілкіп қарады. Өзге киімдерімді де сипалап, жұлмалап қарап-қарап:
— Ал енді киініп ал! — деді.
Көңілім біраз жайланып, киініп алдым. Етігімнің тұмсығына, ұлтарағының астына тыққан біраз жазылған қағаздарым аман қалды. Әр бөлмедегі жолдастарды да біз отырған жерге әкеліп иіріп, шешіндіріп, тінтіп киіндірді. Өйтіп-бүйткенше таң да атып қалды.
Енді бәрімізді тізбектеп, түрменің ішкі қамау қорасына шығарды. Жиырма, отыз солдат бәрімізді қоршап тұрды. Екі офицер мен түрменің бастығы түрме кеңсесіне бір барып, бір келіп жүр. Біраздан соң қала әскерінің бастығы келді. Қала әскерінің бастығы келген соң бізді сол тізбектелінген қалпымызбен көшеге — түрменің алдына шығарды.
Түрменің алдында бізді отыз шақты атты казак-орыс және жиырма шақты жаяу солдат күтіп тұр екен. Бұлардың киімдері әр түрлі. Жалғыз-ақ өзгеше жат киім — бізді тінтіп, түрмеден алып шыққандардікі. Киімдері жат солдаттардың түстері де өте бұзық. Өзге солдаттардан жүрістері де еркін. Бұлар Омбыдан келгендер.
Бір-бір атқа жеккен жиырма шақты жайдақ шана тізбектеліп тұр екен, бізге:
— Төрт-төрттен бір шанаға ие болыңдар, — деді.
Ыңғайласып, төрт-төрттен бір шанаға ие болыстық. Бәкен, Жұмабай, Абдолла, мен — төртеуміз бір шанаға ие болдық.
— Шанаға екі-екіден кезек-кезек мінесіңдер, — деп бұйырды.
Көрпе-жастықтарымызды, азығымызды шанаға қоюға даярланып тұр едік, көзім мылтық ұстаған бір жігітке түсті. Үстінде шолақ тоны бар. Аяғында киіз пимасы бар. Жас жігіт, менің бір жақын туысқаным!.. Атаман Анненковтың отрядының ішінде!.. «А-а?.. Бұ қалай?.. Бұл отрядқа тіленген жігітті ғана алады... Мұны Атаман Анненковтың партизан отряды» дейді! Отряд бізді алып жүрмек. Алып шығып не қыларын өзі ғана біледі. Елу шақты төңкерісшіл азаматтың тағдыры осылардың қолында...» Мен өз көзіме өзім нанбадым! Нануға да болмады. Мені айдауға яки жолда атып тастауға алып шыққан Анненковтың бұзықтарының ішінде менің, өзімнің шөбере апамның баласы да бар!
Япырым-ау! Осы анық сол ма?.. Рас сол болса, мынау бір ұмытпайтын күйік екен! — деп, жас жігітке қадала қарадым. Анық сол екен!.. Көзіме нандым... Шіркін адамзат!.. Ішінде неше түрлі жан бар-ау!.. Ала тұрмыс, неше түрлі адамды жасадың-ау!.. Қасіретті жан да бар сенде, пасық жан да көп сенде! Лағынет, сенің сұм, зұлым пасықтарыңа!» — деп тұрдым. Ішімнен күйініп тұр едім, туысқаным қырындап маған қарай келді. Менің алдыма келіп:
— Ассалаумәликүм! — деді.
Мен үндемей, көрмеген, естімеген болып теріс қарадым.
Мен теріс қараған соң, күмілжіп қасымдағы жолдастармен амандасты...
— Ал жүріңдер! — деді.
Әрбір шананың қасында төрт кісіден шұбатылып жөнелдік. Күн суық. Күн шатынап құлақтанған. Шаңғыт аяз. Қаланың көпшілігі әлі тұрған да жоқ. Әр шананың қасында солдат келеді. Тізбектің алдында, артында атты казак-орыс. Жолмен шұбаған шаналы тізбек. Әр шананың қасында жаяулап бәріміз де жүріп барамыз. Қаланың шетіне шықтық.
Түрменің бастығы бізді қаланың шетіне шығарысып, конвоймен сүйісіп, қоштасып жатыр. Астында күрең аты бар; қатты, қалың қарға омбылап, күрең ат орғиды.
Күнде жол тосып, бізбен амандасып қалуға аңдып жүрген бірен-саран жақындарымыз қаланың шетінде, жол аузында, телміріп қарап тұр. Анадайдан бас изеп қош айтысады. Алыстан көздерінің жасын сүрткені көрінеді. Шаналардың, аттардың, жаяулаған тұтқындардың, мылтық ұстаған конвойлардың табанымен нығарланған аяз қар көп жіңішке дауыспен қосылып шулайды. Қала әуесі қош айтысып, шуласып, сыңсып жылаған тәрізді. Мылтық ұстаған жаяу конвой тұтқындардың араларында келеді. Атты казак-орыстар да шұбалып, біразы алдымызда, көбі артымызда келеді. Кейбір атты солдат аттарын ойнақтатып, орғытып, қарға омбылатып, тізбектің алды-артын орайды.
Бірте-бірте қарасы үзіліп Ақмола артта қалды. Біздің санымыз елу шамалы. Ішімізде бір-ақ әйел бар. Қазақ алтаумыз. Бұл келе жатқан — Ақмоладағы Совдеп жасаушылар. Большевик партиясын ашушылар.
Бізді алып келе жатқан конвой саны жетпіс шамалы солдат. Бұлар бәрі казак-орыс. Колчактың оң көзі. Ең сенімді әскері. Большевиктерді алып жүруге мұжықтан жинаған солдаттарына сенбейді.
Конвойдың ішінде казак-орыстан бөтен жалғыз-ақ менің жиенім келеді. Және бір қаңғырған саудагер шала сарттың баласы бар. Бұлар да атаман Анненковтың партизан солдаттары.
Омбыдан келген он бес солдаттың түстері, мінездері өте бұзық. Тақияларын қодита киген. Иықтарындағы қызыл шүберектерінде күміспен жазған екі әріп бар: «А. А.» Бұл — «Атаман Анненков» деген сөз. Қызылжарға қарай жүретін қысқы жолмен шұбалып, бұрақтап келеміз. Бір шанаға ие болған төрт кісі конвойдың әмірі бойынша екі-екіден шанаға кезек мінеміз. Жұмабай мен Абдолла шанаға мінгенде, Бәкен екеуміз жаяу жүріп отырамыз. Біз мінгенде ол екеуі жаяу жүріп отырады. Шананың жүрісі жаяу кісінің ғана жүрісіндей.
Қаладан шыққан күні қазақ аулына келіп қондық. Алдымен озып кеткен конвойдың кісілері қазақ аулына келіп, түсетін үйді даярлатып отыр екен. Тұтқындарды екі бөліп түсірді. Бір жылдан бері көрмеген, қазақтың сасық, кір, лас, жаман жер үйіне келіп кенелдік те қалдық: түрменің қасында бұл ұжмақ тәрізді көрінді. Үйге, есіктің алдына екі солдат қойды. Тысқа шыққан тұтқындарды солдаттар алып шығады.
Конвойдың офицерлерінен соңғы бастықтары тұтқындар отырған үйге дамылсыз келіп-кетіп жүреді. Кейбіреулерінің қалталарында граната, бомба бар. Бізге көрсетіп қояды. Конвойдың офицерлерінен соңғы бастығының бірі — бір жалпақ бет, қалмақ тәрізді қара. Өте бұзық. Екі сөзінің бірі боғауыз. Өзгелерінен сөзшең. Әңгімешілдеу. Біз отырған үйге келді.
— Біреуіңіз үшін бәріңіз жауап бересіздер, егер де біреуіңіз қашсаңыз бәріңіз атыласыз, естеріңізде болсын. Біріңізге біріңіз көз болыңыздар!.. — деді.
Әрине, «осылар атпайды» деп ойлайтын бізде ешкім жоқ.
Ертең ертемен тағы да жүріп кеттік. Түс кезінде боран соғып кетті. Бір қазақтың ауылында күн ашылғанша түстеніп жаттық.
Бізді қай қазаққа әкеліп түсірсе де, түскен үйдің еркектері жоқ болады. Анненковтың солдаттарына көрінуге қорқатын тәрізді. Бұл ауылға түсісімен кешікпей күн айықты. Жүруге конвой даярланып еді, түскен үйдің қатыны бізді, қазақтарды, сыйламақ болды. Конвойдың бастықтарынан өтініп тоқтатты. Ет асып, бізді құрметтеп жөнелтті... Күн қаһарлы суық аяз болып ашылған. Қар үстінде соқпақпен тізбектеліп жүріп келеміз. Жер жүзін аппақ қалың қар басқан. Күн шықырлаған қызыл шұнақ аяз. Күнде отыз-қырық шақырымнан артық жүре алмаймыз. Қаңтар айының басы. Қыстың қылшылдап тұрған уақыты. Күн шаңытып қызыл-жасыл болып, құлақтанып шатынап, жасыл ұшқын шашады. Жел қарсы алдымыздан. Шытырлаған шұнақ аяз бет қаратпайды. Қарсы алдымыздан жалаңдаған жел дем алғызбайды. Тура қаратқызбайды. Тіфу дегенде түкірік жерге түспейді. Жерге түссе мұз болып қатып түседі. Келе жатқан кісінің аяғының астынан қардың шықырлағаны көз көрімнен ойбайлап естіледі. Бет-ауызға тұрған қырау шоқпардай мұз болып қатып, бетті, мұрынды қатырып қариды. Шаршаған соң денеден будақтап тер шығады. Будақтаған бу аттардан да, адамдардан да шығады. Аттардың танауларына қоспақталып сүңгі мұз тұрды. Терді жалақтаған шұнақ аяз жалап алады. Жалаған жеріне мұз қатады. Шықырлап жолмен шұбатылып келеміз. Тұтқындардың да, конвойдың да беттері үсіп, қаны аға бастады. Сібірдің қызыл шұнақ аязы. Аяз сүйген жерінен қып-қызыл қылып қан шығарады. Аяздың шым еткізіп тістеп, сүйіп алған жерін іле уқалаймыз. Жұлқынамыз, жұлқынып аяңдаймыз.
Қызылжарға қарай жүргенде, Ақмоладан жүз он шақырым жердегі Қушоқы поселкесіне қонаға келдік. Ақмоладан шыққалы келген мұжық қаласы осы. Бізді школға әкеліп түсірді. Мұжық қаласына келген соң, конвой бір түрлі құтырып алды. Мұжықтарға атаманның партизандары күшін көрсетпек. Мұжық қаласына келген соң қырынам деп, арақ, самогонмен өңештерін жібітетін болды.
Біз қамалған школдың бір бөлмесінде бізді қарауылдайтын солдаттар болды. Солдаттың уақ бастықтары самогонмен өңештерін жібітіп алған соң қаланы аралап кетті. Біраздан соң арестовать етіп бір-екі мұжықты алып келді. Боқтап, қорқытып, бөлмелеріне апарып шешіндіріп жатқызып, мылтықтың түбімен құйрықтарына дүре салды. Дүре салу атаман отрядының үйреншікті әдеті болса керек. «Он бес сүмбі, жиырма бес сүмбі...» деп, өздері күлісіп отырады. Қушоқы поселкесіне үсініп келген соң, ертең тағы да мұз қатып бетті қарымасын деп мұрты барлар сыпыра мұрттарын алғызып тастады. Сақал-мұрт алатын ішімізде максималист-коммунист шаштаразшы жолдас Мартылого.
Ертең ерте Қушоқыдан жүріп кеттік.
Бір жылы күн жоқ.
Қызылжарға қарай Ақмоладан жүз сексен шақырым жердегі Мәтен қаласына қонаға келдік.
Мәтен поселкесінің жартысы мұжық. Жартысы казак-орыс. Әрине казак-орыс үстем. Колчактың сүйгені де казак-орыс. Еркесі де казак-орыс.
«Бізді, жолшыбай казак-орыс қаласының біріне келгенде ата бастайды!..» — деген әңгіме тұтқындар арасында талай сөз болған. Сондықтан Мәтенге келгенде тұтқындардың көбі «әлдене болады?..» — деп келді.
Бізді тағы да школ үйіне қамады. Ас қылып ішіп, топырлап, үймелеп жатырмыз.
Жұрт ұйықтауға даярланған кезде, конвойдың Омбыдан келетін он бес солдаттың төртеу-бесеуі жетіп келді. Бәрінің қолында мылтық. Бәрі бөріктерін осырта, қодита киген. Түстері бұзық.
— ... Матрос Авдеев, адвокат Трофимов, Кондратьева, Монин—төртеуіңізді начальник шақырады... жүріңіздер, айда! — деді.
Үрпиісіп қалдық.1
— Не қылады? Не қылады екен?—деп солдаттардан сұрастық.
— Бір жауап алады білем, жүріңіздер!.. — деді.
Айтылған төрт жолдас киінісіп жөнелді. Бәріміз де үрпиісіп, күңкілдеп, сөйлесіп отырдық.
Көпшілік: «жауыздардың енді бастағаны осы» — десті.
Тағы да ауыр ой басты. Тағы да «өлім» деген меңіреу пәле көз алдына келді. Берік тұзаққа түскен торғайдай көңіл шіркін тағы да тыпырлады. «Мына төртеуін жоқ қылып жіберсе не қыламыз?» — деген ой әркімнің миын айналдырды.
Біраздан соң, алып кеткен төрт жолдасты қайта әкеліп үйге кіргізіп кетті.
Үйдегі жолдастар төртеуіне: «Не болды? Не деді? Неге апарған екен?» — деп шүпірлесіп сұрап жатыр.
Неге апарғанын бұлардың өздері де анық білмейді. Апарып бір қараңғы, тар, суық бөлмеге бұларды қамап, тез қайта шығарып, біз отырған школға қайта алып кепті. Төртеуі басқа ештеңе білмейді.
Ертеңіне конвойдың кейбір солдаттарынан ептеп білсек, бұл төртеуін атпақ болып апарып, тоқталған екен... Ертеңінде Мәтеннен ерте жүріп кеттік. Шұнақ аяз азырақ сынды. Қалың орман арасымен келеміз. Жүрісіміз өндімейді. Күніне отыз шақырымнан артық жүре алмаймыз. Шанаға екі жолдас мінгенде, қасындағы екі жолдас жаяу жылжиды. Бір шанаға ие болған біз — Бәкен, Жұмабай, Абдолла, мен төртеуміз. Ақмоладан жүз шақырымдай шыққан соң, Абдолла жаяу жүре алмады. Бір күннен соң Жұмабай да жаяу жүре алмады. Абдолла мен Жұмабай шанада отырады. Бәкен екеуміз жаяу жүреміз. Киім қалың, жол қарлы. Бірақ шаршамаймыз. Жұмабай мен Абдолла отырған соң, шанаға біз мінбейміз. Шанаға төрт кісіні мінгізбейді. Әбден шаршаған соң, шыдай алмай, кей жерде Бәкен де шанаға мініп қалады. Үш кісіні шанаға кеп отырғызбайды. Конвойдың солдаты келіп зекіріп, Бәкенді шанадан түсіреді. Бәкен кейиді.
— Сендердікі не ауру?—деп, Жұмабай мен Абдоллаға кейиді. Бәкен әбден шаршап, жүре алмайтын болған соң, шанаға Жұмабай екеуі кезек мінетін болды. Маған мінуге болмайды. Мен мінсем жаяу жүре алмайтын жолдастар шанадан түсетін болған соң, мен лажсыз ылғи жаяу жүретін болдым.
Көйлек пен бешпент термен су болады. Сырт киімге аяз бен қырау, мұз қатады. Киім ауыр. Қар қалың. Жол қиын. Күн бірде аяз, бірде боран. Тізбектен қалмай адымдау керек...
Ақмоладан екі жүз елу шақырым жердегі казак-орыстың Шортан деген поселке-станицасына келдік. Тағы да школға қамады. Топырлап жаттық. Үш-төрт жолдас конвоймен суға кетті. Бірі Жұмабай. Суды әкелді. Шай қайнатып жатырмыз. Шай ішіп біраз жадырап, әңгіме айтысып отырдық. Мартынов (жұмыскер, механик) төңкерісшілерге арналған Надсоннан бір декламация айтты. Және бір жолдастар да өлең, жырлар айтты...
Көкшетаудан асып, бір күні Азат поселкесіне келіп қондық. Бір тар үйге бәрімізді әкеліп қамады. Күндегідей үйреншікті, есік алдында күзетіп солдаттар тұр. Көкшетау маңына келгелі күзетке ылғи бір жуас солдаттар тұратын болды. Азат поселкесіне келген сонда күзетке ылғи жуастар қалып, ылғи бейбастақ солдаттар қаланы аралап кеткен. Бір уақытта бізбен жапсар бөлмеде күзетші солдаттардың біразының күжілдеген шаң-шұң дауыстары шықты. Жанжалдасқандай болды. Боғауыз естіле бастады. Шаңқ етіп мылтық атылды. Жанжалдасқандар жапсар бөлмеден топырлап шығып, біз отырған бөлменің есігінің сыртына келіп, топырлап күжілдесті, есікті келіп солқылдатты.
— Жібер! Атып тастаймын бәрін! Жібер! Аш!.. — деген дауыстармен біреулер қарсыласқандай болып жатты.
Біздің есіктің ішінде тұрған солдат есіктен шығып:
— Не керек? Бұл не деген бассыздық? — деді.
Тез қайта кіріп, есікті жауып алып, беліндегі қанжарын суырып алып, есікке қарай ыңғайлап ұстап, есікті басып тұрды.
Ар жағынан күжілдеген дауыс: «Аш! Аш!..» — деп есікті тепкіледі. Ішіндегі күзетші қанжарын жалаңаштап ұстаған бойымен, есікті ашпады.
— Бұл не? Бұл не? — деп ішіндегі күзетшіден сұрастық.
Күзетші кейіген түспен:
— Е, иттер, мас болып алыпты... Осында кіреміз деп, былшылдап жүр! — деді.
— Неге кіреміз дейді? — деп сұрастық.
— Отыра беріңдер, кіргізбеймін!.. — деді.
Біраздан соң есікті ұру басылды. Азырақ жайғасып, ақырында қойылды.
Ертең ерте Азаттан жүріп кеттік. Жолшыбай: «Түндегі не?» деп сұрастық.
— Әшейін бір ақымақтар мас болып, сіздерге мылтық атпақ болыпты! — десті.
Қызылжарға қарай жүретін үлкен қысқы жолмен келеміз. Енді жолшыбай олай өткен, бұлай өткен жүргінші қазақтар кез бола бастады. Көбінесе қарсы келе жатқан қалашы қазақтар.
Бір көк атты қазақ кез болды. Бүлкілдетіп келеді екен. Суыққа тоңған. Мойнында үлкен ақ түбіт шарфы бар. Атаманның екі солдаты ұстай алды қазақты. Қазақ бірдеме деп төменшілікпен сөйледі. Шарфынан ұстай алып, солдат тартты, қазақ қылғынып ат үстінен еңкейді. Мойнындағы шарфын жұлып алды да қоя берді. Қазақ бұралқы күшік тәрізді қиралаңдап жөнелді.
Жол аузында бір шақырымдай жерде қазақ аулы кез болды. Ауыл жадағай жерде екен. Жылмитып, үйлерін қар басып қалған. Пештерінің мұржалары, мойындары ғана қараяды. Пеш мұржаларынан будақтап түтін ғана шығады. Ауылдың иттері үріп, тізбектеліп, шықырлап келе жатқан біздің алдымыздан шықты. Атаманның солдаттары иттерге батырлатып мылтық атып қоя берді. Иттер шошып, тұра қашып, қалың қарға тұншығып жатқан ауылға барып тығылды. Қар басқан жаман үйлердің төбесіне шығып алып, шәуілдеп үрісті. Атаманның партизандары иттерге нұсқап ауылды атқылады...
Жүріп келеміз... және бір тізбек қалашы кез болды. Шанаға астық тиеген. Түйеге астық артқан. Қалашылардың үсті-басы қырау. Беттері көгеріп тоңған. Өңкей қазақтың сорлылары. Жүктері ауыр. Әрең жылжып келеді. Атаманның партизандарының біреуі бір қазақты ұстай алып, қағып қалды. Тоңып сіресіп келе жатқан қазақ жалп ете түсті. Қарға домалатып басындағы сең-сең тымағын сыпырып алды. Біреуі екінші бір қазақтың мойнындағы және бір шарфын жұлып алды. Қалған үш-төрт қазақты әшейін, бір-екі салып қалып, «домалатып» қарға аунатып қоя берді. Олардың алуға жарайтын ешнәрсесі болмады. Ештеңе ала алмай қалған атаманның бір партизаны қылышын суырып алып, жүгіріп барып, түйенің үстіндегі артқан қаптарды жарқ еткізіп шауып өтті. Үш қап түйе үстінен домалап жерге түсті. Қаптағы ұндар ақ қардың үстіне ақтарылып шашылып қалды... Сөйтіп жайрап қала берді...
Жүріп келеміз... және біраз ғана қалашы кез болды. Қалашылар таянғаннан атаманның отряды шабуға даярланып келеді.
— Мен бір шапқанда үш арқанды кесе аламын, — дейді біреуі.
— А, мен төрт арқанды да қабат кесе аламын! — дейді екінші біреуі.
— Мен бұрын шабамын! — дейді біреуі.
— Жоқ, мен бұрын шабамын! — дейді екіншісі...
Сықырласып, қалашыға айқастық.
Атаманның қасқырлары қалашыны енді талады. Жарқ етеді қылыш — түйенің үстінен қаптар домалап, ұн менен бидай ақтарылып жатыр. Жарқ етеді қылыш — бөлек-бөлек болып арқан қалады. Қаптар да домалап жатыр, қазақтар да домалап жатыр.
Біреуінің басынан тымақ сыпырылып жатыр, біреуінің мойнынан шарф жұлынып жатыр. Үйіліп-төгіліп жол аузында, қар үстінде қалашылар қалды. Жүріп келеміз...
Көкшетау, оның маңындағы қалың орман әлдеқашан артта қалған. Енді аппақ дала. Төңірегіне көз жетпейді. Ақ теңіз тәрізді. Аппақ ақ теңіздің қиыры жоқ тәрізді. Ақ теңіздің қиыры аспанмен қосылысқан.
Қиырсыз аппақ ызғарлы теңіз. Жым-жылас аппақ айдала...
Жым-жылас аппақ қалың қар басқан айдалада тар жолмен шұбап біз келеміз...
Аппақ қардың үстінде, бір мезгілде ақ қағаздың үстіндегі екі ноқаттай болып, екі қара көрінді. Екі атты кісі тәрізді. Жортып келеді. Екі қараның арасы біресе қосылады, біресе ашылады.
— Ей, Коля, мен аналарға осы жерден тигізе аламын ба, жоқ па? — деді атаманның бір жігіті біріне.
— Түу, қайдан сен тигізе аласың? — деді Коля.
— Неден бәс қыласың тигізсем? — деді партизан.
— Айда, ат, тигізсең мына шарфымды берейін,— деді Коля партизан.
Ол екі арада жолмен жортып келе жатқан екі атты кісі таянды. Екеуі де қазақ екені айқын білінді. Ноқаттай болып көрінгенде-ақ екеуінің қазақ екеніне ешкім шүбәланған жоқ еді.
Атаманның мергені отыра қалып көздеді. Екі атты қазақтың қарсы алдынан басып салды, тимеді. Және басып салды — тимеді... Қазақтар жалт беріп, кейін тұра қашты. Аттарын борбайлап, зымыратып барады. Тағы да атты... тағы да тимеді. Қазақтар ұзап кетті, барып-барып жолды тастап, тың қармен омбылатып қиыстап жөнелді. Мерген тағы да бір-екі атты, қазақтар омбы қармен аттарын малтықтырып, қиыстап кетті. Бұл жерде атаманның солдаттарының жаяу болғандығы жақсы болды.
Олар атты болғанда, екі қазаққа біраз ойын болатын еді. Конвойдың аттары Көкшетауға кірген соң озып кеткен еді.
Міне, атаманның отрядының мінезі!.. Орынборда атамандардың ақсақалы Дутов пен «Алашорданың» ақсақалы кездескенде, қазақтың қарияларынша құшақтасып амандасады! Ал атаманның жігіттері аулақта ел қазағымен кез болса, қазақты нысана қылып атады! Атқанда, Мұстафа Шоқайұлын қорқытқан өзбек басмашы жолдастарынша құр дәрілеп атпайды, қорғасын оқпен атады.
Өкпе жоқ: ақсақалдар да шын жүрекпен істейді. Жігіттері де шын жүрекпен істейді.
Иә! Атаман отрядының істері осы. Бұлар бүйтіп келе жатқанда, атаман Анненковтың басқа отрядтары Семей жақта, Жетісу майданында, «Алашорданың» қазақ отрядымен бірге тізе қосып большевиктермен соғысып жатыр. Және бұлар бүйтіп келе жатқанда, «Алашорда» отағасы, текенің шытасына салған насыбайын қонышынан алып, ерніне құя түсіп, шырт түкіріп қойып, ернін жымқырып Колчактың бір босағасында отыр. Бұлар бүйтіп келе жатқанда, Семейде «Алашорда» мен атаман Анненков большевиктерді құртуға қазақтан «көңілді» әскер жасап жатыр. Бұлар бүйтіп келе жатқанда, «Сарыарқа» газетіне басылған атаманның жарлығын бұл араға келтірелік:
«Ер көңілді қазақ жігіттерінен 1-ші қазақ полкін жасау туралы атаман Анненковтың дивизиясына шығарған нөмір 180-ші жарлығының 3-ші бабы».
«Менің құзырыма келген артиллерия (зеңбірек) капитаны Тоқтамышұлына ер көңілді қазақ полкін жасауға тез қосамын.
Ең алдымен, орысша тәлім алған қазақ азаматтарынан. Учебная команда (офицерлік медресе) жасапсын. Майданның күшін көбейту үшін бұл полктың жасалғаны өте керек. Және заманы да. Өйткені туған жерін қорғау үшін қазақ майданға өзі барып, атысып, үлгі боларлықтай ерлік көрсетіп, Жетісудағы көпшілдерді жоймақ болып жүргені белгілі. Ер көңілді бірінші қазақ полкының қызмет негізі бұйрыққа мойын ұсынғыш, жарлыққа көнгіш, тәртібі мықты, «саясаттан сырт» жүргіштікке құрылады. Жүру, тұру, үйрету реті казак-орыстардікіндей болады. Мемлекетті бүлдіріп, ойран салып, кісі қанын судай ағызып, мал-мүлікті талап, әлі күнге дейін қарасы өшпей жатқан бұзақы көпшілдерді (большевиктерді) жоюға ер көңілді азаматтар іркілмей, елдегі ақсақал, мырзалар да тартпақтамай жұмыла кірісуі мақұл».
(«Сарыарқа».1919 жыл, 14январь. №65.)
Бұлар бүйтіп жатқанда «Алашорда» Анненков отрядымен тізе қосып, большевиктермен соғысып жатқан әскеріне жәрдем жинап жатты. «Сарыарқаның» жаңағы 1919 жылы қаңтарда шыққан 65-ші нөміріндегі бір мағлұматты бұл араға көрсете кетейік:
Газеттен:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет