Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет37/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

(1918 жыл, 3 маусым)
Түн ортасына шейін жазу жазып отырып, кеш жатып, кешірек тұрдым. Жатқан пәтерім Мұқымбай деген сарттың жесір қатынынікі еді. Жуынып болып шай ішіп отырғанымда, жатқан үйімнің бір кішкене баласы жүгіріп кіріп келді.
— Казак-орыстар станицада жиналысып жатыр. Бәрі қылыш-мылтық асынып алыпты. Бір тобы Совдепке кетті. «Совдепті ұстаймыз», — дейді. «Омбыда, Қызылжарда Совдеп қалыпты дейді...»—деді.
— Не дейді?.. Бар, біліп кел, — деп, баланы қайта жібердім. Бала жүгіріп кетіп, тез қайтып келді.
— Совдепті барып қамап, есіктерінің алдында тұр. Совдепке барып отырған Бачок, Монин, Павловтарды ұстап әкетті. Енді бір аттылар Кубриннің үйіндегі қызыл әскерлерді қамап тұр... — деді.
Ол арада үйге біздің «Жас қазақ» ұйымының мүшесі Кәрім деген жігіт асығып кіріп келді. Болып жатқан оқиғаны айтты.
— Сен енді тез қаш, — деді.
Ол оны айтып отырғанда, үйге Совдептің мүшесі Шүкен Тіналин деген қазақ жұмыскері асығып кіріп келді. О да оқиғаны айтып:
— Қарағым, енді тез бойтаса қылайық. Алдымен енді сені іздейді ғой, — деді.
Ол арада тағы бір-екі досжар адамдар келді. Бәрі де «тез қашу керек» дегенді айтты. Және ол арада пәтер үйдің баласы тағы да жүгіріп келді:
— Казак-орыстар күжілдеп Совдептің өзге мүшелерін ұстап әкелу керек деп жатыр, Бәкенді казак-орысы бар, қазағы бар, төрт-бес кісі айдап алып барады. Станицаның маңайы толған атты, жаяу халық. Шәріп Ялымұлы ат үстінде, жиналған жұртқа айқайлап сөйлеп: «Сәкенді, Абдолланы ұстап әкелу керек деп жатыр», — деді.
Шаңқ-шұңқ еткен мылтық даусы естіліп қалды.
Отырған жолдастар шыдай алмады.
Маған:
— Енді тез жөнелу керек, — деді.

Мен:
— Жолдастар тұтқынға алынған болса, мен не бетіммен қашамын? — дедім.


Мылтық даусы шаңқылдап жатыр. Жолдастар қобалжып, мені қиыңқырамай, мені қашыруға үй деп-бүй деп отырды да болмаған соң бәрі шығып кетті.
Мен пәтер иесі әйелді шақырып алып, пәтер ақысын төлеп, кітап, қағаз, нәрселерімді көрсетіп, тапсырып, өзім даярланып отырдым.
Мылтық даусы біресе бір-бірлеп, сирек-сирек, біресе топталып атылып тұрды. Көшеде шауып өткен атты кісілердің дүсірлері шыға бастады.
Пәтер иесі әйел бір кіріп, бір шығып, маған:
— Ойбай, астыңғы біз отырған үйге барып отырыңызшы. Мұнда сізді іздеп келеді ғой енді, — деп қоймады.
Кешікпей қару-жарақты, едіреңдеген бес-алты атты кісі қораға кіріп келді: төртеуі ноғай, екеуі казак-орыс.
Мені тұтқынға алды. Мылтығымды тартып алды. Біраз бермей тұр едім, біреуі арт жағымнан келіп, қамшымен бір-екі салып-салып қалды. Пәтерден алып жөнелді...
Күн ашық, жылы еді. Шаңқылдап, жаңғырығып анда-санда атылған мылтықтың дауысы қақ тулаққа тиген сабаудың дауысындай. Ерсілі-қарсылы шапқан атты кісілердің дүбірі, әр жерде шулаған, ереуілдеп самбырлаған жұрттың дауысына қосылып қаланы сәйгел тиген сиырға ұқсатты.
Көше бойы дүсірлеп, шаңдатып, ерсілі-қарсылы шапқылап жүрген атты, жаяу халық. Біреулер тамаша үшін жүр. Қару-жарақ асынған алты атты кісі, төртеуі татар, екеуі казак-орыс, мені көше бойы айдап, казак-орыстың станицасына әкеле жатыр.
Айдаушылардың бастығы белгілі Шәріп Ялымұлы, біреуі — Нұркей деген бір дүкенші (бай татар), үшіншісі — атбазарында сауда қылатын бір татар, төртіншісі—болыстарға тілмаш болып жүретін көне ат базарында сауда қылатын Нұри Тойғанұлы деген татар.
Өкпелері көтерілген. Көздері ежірейген. Танаулары сәйгел тиген сиырлардың танауларындай желбірейді. Күжілдеп, жан-жақтағы көше бойы үйлерден шығып тұрған халыққа қарап айқайлайды.
— Ә-әй! Сендердің қораларыңда большевиктер жоқ па?! Міне, біз большевиктің қасқырын ұстадық!..—дейді. «Но, жүр!.. Айда, аяғыңды бас, аяғыңды!» — деп, мені қамшымен ұрып қояды. Әсіресе көп ұратын Тойғанұлы. Мен Ялымұлына қарап:
«Шәріп абзи, сіз оқыған адамсыз ғой, мені ұрғызбай апарыңыз, көшеде қолмен ұру адамшылыққа жатпайды ғой...»—дедім.
Елірген ессіз «адамшылықты» не қылсын. Ұрып қояды...
Алдымыздан екі-үш салт атты қазақ шыға келді. Біреуі артымнан келіп, мені қамшымен салып қалды. Қарасам, бір қара сақалды, шұбарлау, бұржық бет қазақ. Мен бетіне қарап жай күлдім де:
— Е, сіз де ұрып қалыңыз, менің сізге де қылғаным бар шығар!.. — дедім.
Қазақ шегініп кейін қалды. Айдап казак-орыстың станицасына әкелді. Станицаның алды гу-гу, толқындай қозғалып, қайнаған халық. Қазақ, татар, орыс, қатын, бала-шаға. Гулеген, гүжілдеген сөз. Ерсілі-қарсылы шапқан атты кісілер. Анда-санда атылған мылтық дауысы. Шаң-шұң, шатыр-шұтыр, ың-шың дауыс шаңмен араласып аспанға ұшады. Жұрттың көбінің-ақ әбден өкпесі көтерілген. Естен, ақылдан айырылған қалың надан тобыр сәйгел қуалаған сиырдай. Көздері ежірейіп, танаулары шелектей болып елірген, күжілдеген. Елірген ес жоқ, надан тобыр — бәрі өкірген сиырдай гулеп, большевикке лағнет айтады. Бәрі уыстап топырақ шашады. Мені станицаның алдына айдап әкелген кезде, есі шыққан тобырдың көбі қозғалып маған таянды. Жаяу тобырдың ішінде ең алдымен маған қарсы келген қазақ — Нұржан деген ақсақалға көзім түсті. Қолында әдемі қара таяғы бар. Көзі мәлік болған сиырдың көзіндей қызарған. Маған жанасып келіп, сүзетін сиырша қарап, мені балағаттады.
Мен ішімнен ыза болып жай:
— Сізге жол болсын?.. Сіз ылғи бізбен бірге болған адам едіңіз ғой?.. Сіз бізбен бірге Совдепте де болған жоқ па едіңіз?—дедім.
— Былшылдама, сен не қылмадың!.. Бәлем, енді сазаң берілер, қылармын саған! — деді Нұржан.
Сол арада гулеп, қозғалып, еліріп таянып келген жаяу тобырдың біразы шулап келіп маған жабылып қалды.
Қолы жеткені мені ұрды.
Ың-шың, шаң-шұң, пәлен-түген деп жатыр.
«Большевик!», «Бұзылған!», «Кәпір!», «Дінсіз!» — деген сөздер естіледі.
Көтеріліп, бірінің басынан бірі асырып сілтеген жұдырықтар мені тұншықтыруға айналды.
Жұрттың ұрғанынан қорқып бар күшті жинап, «шынымен болысатын ешкім болмағаны ма?..» — деп, тез халыққа көз жібергенімде, бір Сүлеймен қажы деген қазақ ұмтылып омыраулап келіп, мені тез қолтығына алып, жабылған тобырдан алып шықты. Жұртқа енді ұрғызбай, жылдам станицаға әкеп кіргізді.
Станицаның іші әбігер. Мылтық ұстаған сақалды, сақалсыз, жас казак-орыстар. Қылыш, алтыатар тағынған офицерлер сарт-сұрт жүгіріп кіріп-шығуда. Станицаның ішінде кейбір жай отырған казак-орыстар да бар. Мылтық асынғандарының түрлері жинақ. Қимылдары шапшаң. Лепіріп, кіріп-шығып жүр. Бәрінің бастығы Кучкопский. Гүжілдеп бұйрық қылып, асынған қылышын сүйретіп сартылдап кіріп-шығады. Сүлеймен қажы мені икемдеп, шала-пұла тінткен болып, төргі бір бөлмеге әкеліп тығып жіберді.
Бөлмеге кіріп келіп, қамаулы отырған Совдептің төрағасы Бачокты, оның орынбасары Бәкенді, комиссарлары Монинді және Совдеп мүшесі Кондратьева деген әйелді көрдім.
Шолақ-шолақ сөз қатысып, бәріміз дағдарып отырдық.
— Атысқан кім?.. — дедім.
— Біздің қызыләскерлер, — деді.
— Өзге жолдастар қайда? — дедім.
— Павловтар да осында, мына бөлмеде, — деді.
Бармақты шайнап отырдық.
Мылтық даусы басылды. Бірақ самбырлаған сөз, шабу, шаң-шұң басылатын емес. Бәрінің бастығы Кучковский екпіндеп, самбырлап әмір беріп жатыр. Біраздан соң ұрып, Байсейіт Әділұлын әкеп біз отырған жерге сүңгітіп жіберді. Байсейітті қаланың шетінен ұстап әкелген екен. Абдолланы айдап қуып жүріп, көп ұрған екен.
Сөйтіп біраз большевикті біз отырған үйге тығып болды. Көбі ұрылған. Беттері, бастары қан. Әсіресе Катченконың беті көбірек қан...
Бәріміз бас қосқан соң, істің мән-жайын көрген соң, бармақты шайнай-шайнай отырдық. Елірген тобыр станицаның маңайын жынның ойнағындай қылды. Станицаны айналып алған. Ес жоқ. Азан-қазан. Көбі тамашаға жүргендер. Асыққан, жүгірген жаулар. Жиналған ат. Біреу дүсірлеп атпен тұра қамшылап кетіп жатыр, келіп жатыр. Тамашаға жиналғандардың кейбіреулері, ұсталған большевикті көріп, жығылған үстіне жұдырық салып та қалады. Төніп келіп, біз отырған бөлменің терезелерінен қарайды... Біреу терезені қағады. Қарадық. Қилыбай деген қазақ шал. Құнжыңдап, қолын шошаңдатады. Не деп тұрғанына түсінбей, қадала қарадым. Көзіне көзім түсті, бет-аузы, көзі жыны ұстаған бақсыныкіндей.
Маған қарап, қарға тұяқ жұдырығын түйіп, бірдеме деп кіжінген тәрізді болады. Терезеден о да бізге айбат шашқан болады. Сорлы!.. Сорлы!.. Не шара бар? Бетіне қарап, тек: «бейшара, бейшара!..» –деп, басымды изедім. Және біреулер келіп терезені қағып кіжінді. Басыбек деген саудагер қазақтың баласы. Боқтайды. Әсіресе Бәкен мен Байсейіттің атын айтып боқтайды. Басыбек баласының үйінде жүрген бір жалшы, ақысын бермеген соң, Бәкенге келіп арыз береді екен. Бәкен мен Байсейіт Басыбек баласын шақыртып алып, жалшыға табанда екі жүз сом алып береді екен.
Міне, енді саудагер, Басыбек баласы Байсейіт пен Бәкенді, олардың жолдас совдепшілерін аясын ба!..
Сөйтіп, казак-орыс оп-оңай қаланы алды. Казак-орыстардың оп-оңай Ақмоланы алғандығына осы күнге шейін жолдастар Совдептің төрағасы Бачокты айыптайды. Айыптайтын себебі: Бачок ешкімге Ақмолада болайын деп жатқан оқиға туралы біле-тұра хабар берген жоқ. Әуелі Совдептің басқармасына да айтқан жоқ. Егерде уақытында қамданып, большевиктер алдын ала казак-орыстар көтеріліс жасайтынын біліп отырса, мұндай болмас еді. Совдептің тұтқынға алынғанына қарамай, азғана қызыләскеріміздің штабы казак-орыстарға берілмей атыс қыла бастағанда, тұтылған Бачокты казак-орыстар біздің штабқа алып барыпты. Атысып жатқан қызыләскерді Бачок тоқтатыпты...
Бесін ауа бәрімізді қағазға тіркеп, жарақты казак-орыстар тысқа шығарып, атты, жаяу айдап жүрді.
Әлі де қамалап шұбаған тобыр. Көше бойы таңырқап қараған халық. Кейбіреулер қуанады. Бір казак-орыс кемпірі қақпасының алдында қарап тұрып шоқынып жатыр. Бізге қарап қойып, түртініп: «Шүкір құдайға» («Слава богу!»)—дейді. Қуанатын, әрине, байлар, онсоң казак-орыстың кемпір-шалдары.
Бізді айдап кеп, бір көшедегі күйген кірпіш сарайға қамады. Казак-орыстардан есікке күзет тұрды. Кеше бұғып жүргендер қалаға ие болды. Көбінде ес жоқ. Әсіресе казак пен татар байларында ес жоқ. Шәріп Ялымұлы мас. Әңгіленіп алған. Қолында алтыатары бар. Біздің сарайға талай келді.
Біз сарайға келген соң да, ұсталған бірен-саран большевиктерді әкеліп сонда тықты.
Топырлап жатырмыз. Көбіміз аң-таң. Бұл халге қалай түскендікке жолдастардың көбі таңырқайды. Тамсанады. Кейбіреулер Бачокке ренжиді. Балағаттайды.
Қамаудың алдынан қарап өтіп жатқан адам. Дос та бар, дұшпан да бар. Біреу күйінген, біреу сүйінген. Жолдастар қамауда отырып, сырттағы жақындарынан хабар ала бастады. Ең алдымен хабар берген және одан кейін де тынбай хабар беріп тұрған, жолдас Павловтың қатыны.
— Ылғи бастықтарды атамыз деп жатыр. «Он екі кісіні атпақ», — деп хабар келді. «Мұның ішінде сегізі — орыс, төртеуі — қазақ».
Қазақ кімдер?.. «Бәкен, Сәкен, Абдолла, Байсейіт...»
Біресе: «Алты кісіні атады екен...» деп хабар келді. «Мұның ішінде бір қазақ бар» — дейді.
— «Он екі кісіні атуға ма, жоқ онан аз атуға ма?..» — деп, казак-орыстардың бастықтары мен қала байларының, төрелерінің бастықтары жиылыс қылып жатыр, — деп хабар келді.
Қалай болғанда да, халдың нашар екенін әбден білдік.
Түн болды. Жаттық. Түнімен дүсір. Самбырлаған дауыс. Шабуыл.
Ертеңінде ұсталып келген бірен-саран большевиктер «дейді» деген түрлі хабар айтып келді. «Омбы, Қызылжар, Көкшетау қалаларын да алыпты. Ол жақта большевиктерді атып, асып жатыр дейді...», «Казак-орысқа қосылған чехословактар дейді»,—деп келді.
«Ұсталған кісілер көп... «Уақ» большевиктерді басқа жерге қамап жатыр...» — деп келді. Мұнысы рас көрінеді.
Біраз үрейлендік. «Шынымен революция біткені ме?..»—деп уайымдай бастадық. Казак-орыстардың бастығы, қаланың коменданты, офицер Кучковский келіп, жатқан жерімізді көрді:
«Бәріңіздің жұмыстарыңызды комиссия тексеріп қарайды. Сіздерді қамағанымыз, — әшейін уақытша ғана, үкіметті алғанда, бүйтпеске болмайды ғой. Бәріңізде тез босайсыздар», —деп кетті...
— Бастықтарды атуға үкім қылыпты,—деп, соңынан іле және хабар келді.
Үйіліп, топырлап жаттық. Жатқан қамауымызда терезе жоқ. Темірмен қоршаған бір төрт бұрышты тесігі бар. Күндіз есік ашық тұрады. Есіктің алдында мылтық ұстаған үш-төрт казак-орыстар тұрады.
Күзетте тұрған казак-орыстардың ішінде, Ақмолада оқығандағы менің учителім — Красноштанов көрінеді. Есік алдынан, сүйінген қастар, күйінген достар қарап, көше бойы өтіп жатыр. Достардың кейбіреулері иек қағып амандасады. Кейбіреулері әр түрлі ас әкеліп жатыр. Қазақ қайда барса да ет пен қымызды тастағысы келе ме?.. Асы ет пен қымыз және басқа тамақтар.
Қамаудағы жұрттың айырылған есі бірте-бірте кірді. Оқиғаны әңгіме қылып жатырмыз. Қара уайым қара пәлеше басты. Халдың нашар екенін әбден сездік. Ызалы күйік көкірекке толды.
Іргеге арқасын сүйеп отырған Бәкеннің қасына келдім. Бәкен уайым айтты:
— Енді өлеміз ғой. Бірақ әйтеуір, дұрыстық үшін өлеміз. Сол жері жақсы. Кейінгілер айта жүреді ғой... — деп, қасына келіп отырған мені құшақтады да:
— Мен өлсем де, сен аман қалсаң игі едің: «сен газетке жазып, кітапқа жазып, біздің не үшін өлгенімізді кейінгілерге айтар едің...—деді. Мен:
— Қой!.. Кім біледі?.. Олай деме, бәрімізде аман-есен құтылармыз. Тағы да, әлі талай майданды көрерміз. Мұндай кімнің басынан кешпеген! — дедім.
Дағдарып отырмыз. «Бұл қалай болды?», «Неғып бүйтіп қалдық?» — деген ой бастағы миды шырқ айналдырды...
Бұл оқиға жалпы Россияда болды ма, жоқ, жалғыз Ақмолада ма? Міне, осыны әлі ешкім білмейді. Сарайда жүз шамалы кісіміз: Совдепшілердің ең ірілері. Өзге «уақ» дегендері өзге қамауда. Қай жер аман, қай жер жау қолында екенін ешкім білмейді.
Бір уақытта Бачокты жауапқа шақырды. Павловты шақырды. Біреуі — Совдептің төрағасы. Бірі — ақша комиссары. Бұларды апарып тез қайтып әкелді, бұлардан жалғыз-ақ ақшаның ғана жайын сұрапты.
— Не білдіңдер?.. Үкімет кімнің қолында екен?.. — дейміз.
— Жөнді ештеңе білмеймін.
Жалғыз-ақ Бачок:
— Үкімет эсер партиясының қолында болса керек... — деді.
Кеш болды. Түн болды. Қамалып жатқан сарайымыз біртүрлі қапастық. Түн ортасында дүсірлеп келіп, жабулы тұрған есікті ашты. Жиырма шақты жарақтанған атты казак-орыс келіп, есік алдында тұрып бір қағазын оқып, кейбір жолдастарды шақыра бастады.
Аты аталып шақырылғандар біртін-біртін шығып жатыр. Шақырылғандардың көбі ылғи бастықтар.
Қырықтан аса кісіні шақырып, тысқа шығарып, қатарлап тұрғызып жатыр. Айнала қамап жарақ асынған атты-жаяу казак-орыстар тұр.
Қағаз оқып, әмір қылып жүрген Сербов деген монархист, өзі техник, Донның казак-орысы. Қазір енді әскерше киініпті. Ақмолада Совет үкіметі жасалардың алдындағы сансыз жиылыстарда, митингтерде большевиктерге қарсы шығып сөйлеп жүретін адамдардың бірі осы Сербов болушы еді. Міне, бұл енді қазір қылыш асынып алған. Қолында қағаз. Сасық күзенше шақылдап, зекіп, кекетіп, большевиктерді қатарлап жатыр. Катченконы қайта-қайта кекетіп, бетіне таяп сіріңке тартып, жарық қылып көрді. Кекете күліп, жарықпен бетін анықтап көрді:
— Ә, жирен мұрт!.. Бірде менің көзімді тырнап ала жаздап едің! — деді...
Аспанда ай да жоқ. Бұлт та жоқ... Бірақ жұлдыздың жарығымен түн онша қараңғы емес. Сербов батыр бізді қайда апаратынын білмейміз. Сербов сасық күзеннің айғырынша шақылдап әскеріне әмір қылды. Әскер қылыш-мылтықтарын сарт-сұрт еткізіп оңтайлап алды.
Даусы күңгірлеп Сербов: «Кәне, жүріңдер!» — деді.
Атты-жаяу конвой қоршап, бізді айдап жөнелді. Қатарласқан бойымызбен жүріп келеміз.
Қала — қараңғы, күңгірт, тұманның ішінде. Қала тынысын тоқтатып, өліп қалған бір зор мақұлық тәрізді. Көше жым-жырт, дыбыс жоқ. Бізден басқа қыбырлаған бір қара жоқ. Дем ішке тартылғандай, көз қадалып қатқандай. Айнала қоршап, мылтықтарын даярлап ұстап келе жатқан жаяу казак-орыстар. Олардың сыртынан қоршап, қылыштарын жалаңаштап, даярлап келе жатқан атты казак-орыстар. Атты казак-орыстардың жалаңаштап, қолдың саласындай көкке көтерген қылыштары аспандағы жұлдыздардың сәулесімен жылт-жылт етеді. Сырт-сырт басып, аяңдап біз келеміз. Атты казак-орыстардың астарындағы аттары ғана пысқырады, басқа ешкім де дыбыс шығарып сөйлемейді. Айдаушылар мен айдалып келе жатқандар, бірінен-бірі көздерін алмай аңдысып келе жатқан тәрізді. Пышақтарын төсеп аңдысып, бірінің көзі тайып кетсе, бірі қара пышақты салып жіберейін деп келе жатқан тәрізді. Әркім қалың ауыр ойға батып, қара тұманның ішінде келе жатқан тәрізді. Әкеле жатқан жерін, неге әкеле жатқандарын казак-орыстар да әбден белгілеп, дайындап қойған тәрізді. Айдалып келе жатқан большевиктер де баратын жерлерін және не үшін бара жатқандарын әбден біліп келе жатқан тәрізді. Жұлдыздардың сәулесімен жалаңаш қылыш, жалаңаш мылтық жылт-жылт етеді. Мұнарға батып, тым-тырыс болып түнерген қаланың үйлері шұбатылып қалып жатыр. Тұнжырап аңдысып, аяңдаған қалыпта, қаланың ортасынан шетіне қарай шықтық. Бір уақытта артымда келе жатқан Құсайын Қожамбердіұлы мен жанымда келе жатқан Нұрғайын екеуімізге ақырын:
— Япырым-ай, қаланың шетіне шығарып, мыналар атады-ау! — деді.
Мен:
— Бәрібір ғой, қайда апарып атса да, — дедім.
Қиял мен ойдың жүйріктігінде қисап жоқ. Барлық өткен өмір, тіршілік, жастан оқуға, білімге талпынып оқығандық. Бала күнгі ауылдағы өмір, Нілді заводындағы оқыған күндер; Ақмолада школда оқыған күндер. Жастықтың әуеніндегі әр түрлі істеген істер. Одан Омбыға барып, семинарияда оқыған күндер. Ондағы «Бірлік» деп ат қойып, оқып жүрген қазақ жастары болып ашқан ұйымның уақыттары. Өмірден күткен жемістер, тіршілікте иман қылып тұтқан мақсұттар. Елдегі көрген тіршілік. Ең әуелгі 1916 жылғы учитель болып, Бұғылы елінде, Нұра бойында өткізген бір жылым. Бостандықты қарсы алғандағы тілек, газет, комитет, митинг. Совдеп істемек болған, талай даярлап жүрген пландар. Әке, шеше, туған-туысқан. Жан қиысар достар. Жақсы көретін сұлу... Бәрі лезде бұлдырап, көшкен елдей шұбатылып, тізбектеліп, көз алдыма ап-айқын болып келіп, өтіп жатыр. Бала күндердегі арттағы істер, неше жылғы алдағы істер лезде сағымдай ғана елестеп өтті. Алдағы зор иман, зор үміт көз алдыма келіп, жүрек күйіп, қорғасындай еріп кетті. Осының бәрі қазір бір-ақ минутте жоқ болмақ... Бала жастан көрген күнің бір минутке тұрмайды. Өмір мағынасыз бір ойыншық тәрізді көрінді. Иә, ойыншық!.. Олай болса, өлудің де, тірі жүрудің де айырмасы жоқ... «Өлім келсе, келсін!.. Тез келсін!..» — деген ойға тоқтадым...
Иә, тағдырдың ісі осы! Жүрек, сезім өлімнен қорықпай, өлімге тура қараған тәрізді. Жан-жағың түбі жоқ тұңғиық болса, тұңғиықтан шығуға бір-ақ ауыз болса. Ол ауыз — күнәсыз өлім болса, — адам тайынбай, өлімге тура қарамақ. Қайта өліммен тезірек айқасуға ұмтылмақ. Міне, біздің бәріміз де осы халде болсақ керек!..
Келе жатқан жігіттерде үн жоқ. Бәрі белдерін буған...
Бір уақытта бұрылдық. Қаланың шетіне қарай бұрылдық... Жүріп келеміз. Міне, айнала түпсіз тұңғиықтың жалғыз өткел аузында, қанжарын қайрап тұрған өлімге таяндық... Өмір де, тіршілік те әншейін бір түс тәрізді. Өңім де түс тәрізді. Дүниеде болдың, енді жоқ болдың. Жоқ болмайтын жан жоқ... Біреу ерте, біреу кеш... Азар болса, біз ертерек жоқ болармыз. Бәрібір, әйтеуір жоқ болатын болған соң... Қайта тезірек болсын... Ана сорлы қайтеді?.. Жылайды-ау!.. Шынымен кеткеніміз бе?.. Шынымен, сорлы ана жылап қала ма?.. Қой, өлмеспіз!.. Не қылдық біз!.. Қазір бытырап қаша жөнелеміз... Апыр-топыр болып, шаңқ-шұңқ еткізіп мылтық атар. Қылыш шабар. Түннің мұнарына кіріп кетеміз... Елге барамыз...
Міне, осындай ойлар сапылдап, тізбектеліп келеді. Қаланың шетіндегі бір тас үйге таяндық. Сол тас үйдің қақпасының алдына келіп тоқтатты. Темірін, кілттерін, темір шынжырларын салдырлатып қақпаны сықырлатып ашты. Қақпаның ішіндегі төбесі ашық үлкен биік қамауға бәрімізді кіргізді. Иіріп тұрды. Түкпірдегі тас қыс үйден шыққан біреулермен Сербов міңгірлесіп сөйлесіп және бір-екі қылыш асынған адамдармен күбірлесіп сөйлесті, әрмен кірді. Ар жағынан темірлері, кілттері салдырлап бір есіктер ашылды. Күңгір-күңгір сөйлесіп, біраз кешікті. Біраздан соң қылыш асынған бір-екеуі келіп, біздің бір кісіні шақырып ертіп алып кетті. Апарып түкпірдегі үйге кірді. Біраздан соң тағы да біреуімізді ертіп әкетті. Одан кейін және біреуімізді ертіп әкетті. Апарып не қылып жатқанын білмейміз. Жолдастардың кейбіреулері тықыршып тұр...
Менің қасымда тұрған Нұрғайын маған:
— Япырым-ай, не қылып жатыр екен?.. Өлтіріп жатыр ма екен? Не қылып жатыр екен?.. — деді.
Мен кейідім:
— Не қылып жатыр екен дейсің!.. Не қылса ол қылсын, былшылдамай тұра берсейші! — дедім.
Нұрғайын да тұрып кейіді:
— Е, сен менің сөзімді осы жерде де тиямысың? Қазір бұл жерде сен мені тия алмайсың!..—деді.
Мен ретсіз, орынсыз айтқаныма өзім де ішімнен өкініп:
— Жарайды, қойшы енді, — дедім.
Нұрғайын екеуіміздің бұл сөзіміз тәуір болды. Тұнжырап қалшия қарап үндемей тұрған жолдастардың таяу тұрғандарының басып тұрған ауыр ойларын серпіп тастағандай болды. Жолдастар қозғалып бір-біріне сөз қата бастады. Жолдастарды бірте-бірте апарып түкпірдегі есікке енгізіп жатыр. Сталинге кедейлер сьезінің атынан «Алашордаға» бермек болған автономиясына наразылық білдіріп жазған телеграмманың қолжазбасы менің қалтамда еді. Тұрған жерде, соны қалтамнан алып, уақ қылып жыртып тастадым.
Бір мезгілде кезек маған келді. Мені алып түкпірдегі есікке енгізіп, майшамның жарығымен тар жолмен алып келіп, бір орындықты алдына қойып, оның үстіне қағаз қойып отырған ұзын мұртты, жуантық сары «төренің» алдына әкелді. Сербов терезенің алдында сүйеніп тұр екен.
Менің аты-жөнімді жазып алды.
— Ақшаң бар ма? — деп сұрады.
Қалтамдағы қағаздарымды көрді. Сонан соң әлгі мені алып келген, қылыш асынған екі жендетке:
— Бір бөлмеге апар!.. — деді.
Мені ертіп әкеп, қараңғы, салқын, асты тас бір бөлмеге енгізіп жіберді. Ауыр есікті сарт еткізіп жауып, сыртынан бір темірін шақырлатып қайырып қойды.
Мен бөлмеге кіріп, есік жабылысымен, қараңғы бөлменің төр жағынан бір-екі-үш адамның дыбысы шықты.
— Бұл кірген кім?.. — деді.
Дауыс менен бұрын кіргізген, біздің жолдас, адвокат Трофимовтікі екен. Салқын, қараңғы, едені тас үңгірдің төрінде, сол тас еденде жатқан жолдастардың қасына сипалап келіп мен де қосылдым. Мен де тас еденге жаттым.
Өзара анда-санда сөз қатысып жатырмыз. Біраздан соң тағы бір жолдасты әкеп енгізді... Сөйтіп, көбімізді сол бөлмеге қамады.
Қап-қараңғы бөлмесе кіріп келген бір жолдас аяғымен сипалап, төрдің алдына шалқамнан түсіп жатқан менің аяғыма келіп тірелді. Жолдас мені аяғымен түртіп тұрып:
— Бұл жер еденде жатқан не? — деді. Жолдас орыс еді.
Мен орысша:
— Жер еденде жатқан кісі! (На полу лежит человек),—дедім.
Бұрышта жатқан жолдас Трофимов:
— Аһ!.. Мынау қалай күшті айтылған сөз!.. (Ах, как это сильно и характерно сказано!) — деді.
Сөйтіп, қараңғы үйде қамалып, сөйлесіп, тас еденде жаттық. Таң атты. Жер еденнен жұрт ұйпалақтанып тұрды. Біраздан соң мылтық асынған күзетшілер бәрімізді қамау қорған қораға шығарды... Сонсоң қайта әкеліп жапты.
Бөлмеге казак-орыстың комендантының помощнигі Моисеев деген жас офицер келді. Моисеев казак-орыс емес. Ақмоланың бір байының баласы. Өзі Ақмоланың қала школасында менімен бірге оқыған еді. Қазір прапорщик-офицер, жас жігіт. Школада менімен қатар орындықта отыратын еді. Екеумізде газет оқушы едік. Ойнап, школда саясат істері туралы талай сөз таластырып жүретін уақыттарымыз болушы еді.
Балқан соғысында біз оқып жүрген школдың оқытушылары Болгарияға жәрдем жинаған еді... Қаланың ұлықтары қатынасып, школда сауық кешін жасаған еді. Түркияны қаралап, Болгарияны ақтап, қуаттаған еді. Школда оқып жүрген балалар он тиыннан, бес тиыннан Болгарияға жәрдем ақша жинағанда мен наразылық білдіріп, бес тиынды бермей қалып едім. Оқушыларға Моисеев мені «бұл — түрік патриоты...» — деп еді.
1913 жылы Ақмоладан мен Омбыға оқуға кеттім. Одан кейін кездеспей жүріп, сол 1917 жылдың ақырында Ақмолада Совет үкіметін орнату жолындағы талас-тартыс жиылыстарда онымен қайта кездесіп едік. Онан соң әкесінің үлкен үйлерін, жақсы диірмендерін, көп өгіздерін алып едік. Және Нұра өзенінің бойындағы қазақтардан зорлықпен алып отырған жерлерін, Ақмолада Совет үкіметі орнамай тұрғанда-ақ мен қазақтарға еріксіз қайтып алғызып едім.
Міне, бірге оқыған жолдас Моисеевпен енді жау болып ұшырастық. Қылыш, мылтық асынған. Үстінде офицер киімі. Белбеуін иығына әдемі ілгекті қайыспен көтерген. Қасында түрменің бастығы. Және бір-екі қару асынғандары бар. Екеуміз қарастықта қойдық...
Біз тас еденде отырмыз. Бізді көріп, түрменің тәртібі туралы түрменің бастығынан Моисеев сөз сұрап, оған өзі бір-екі бұйрық қылып шықты.
Бостандықтағы жақын адамдарымыз түйдек-түйдегімен асты жіберіп жатыр. Қымыз бен ет жатқан бөлмемізге толып кетті. Түрлі хабарлары да келіп жатыр.
Бір хабар айтады:
— Казак-орыстар большевиктің бастықтарын атамыз деп жатыр, өзге халық атқызбаймыз деп жатыр... — дейді.
Бір хабар айтады:
— Пәлен кісіні атуға даярлап, аттарын жазып қойыпты, бірақ анық атылатын кімдер екені жарияланған жоқ... — дейді.
Бір хабар айтады:
— Қазір атуға қорқып отыр, өйткені көп жер әлі де большевиктердің қолында, әуелі Омбы да әлі большевиктердің қолында тұр! — дейді.
Соңғы хабарды естіген соң, жүрек лүпілдей бастады. Жолдастар әрбір хабарды неше түрлі саққа жүгіртіп, талқыға салады. Әркім түрліше болжау айтады.
Ертеңінде мылтықты күзетшілер бізді тағы қамау қораның ішіне шығарды. Күзетке келген бір студент «эсермен» сөйлестім. Ол бізбен күліп сөйлеседі... Қаланың ендігі комендантының атынан қораның ішінде жапсырулы тұрған бір-екі қағазды оқыдық.
Қағазда бізді (большевиктерді) «Халықтың, отанның дұшпандары...»—деп жариялапты.
Және: «Енді күллі Россияда халықты, отанды бүлдірген жауыздар өкімет басынан қуылады. Енді бұл жауыздардың қолдарынан барлық Россия үкіметі алынады. Қолға түскен жауыз большевиктер тиісті жазаларын тартады...» — депті.
Және бір қағазға жазып қойыпты: «Атбасар алынды. Қаланың үкімі пәленнің қолында. Көкшетау алынды, қаланың билігі атаман Анненковтың қолында. Қызылжар алынды, қаланың билігі полковник Волковтың қолында. Омбы алынайын деп жатыр. Қаланың төңірегінің бәрі алынып бітті. Большевиктер қаланың ортасында ғана тығылып, атыс қылып жатыр», — деген...
Жолдастардың көбі бұл қағаздарды оқыған соң бармақтарын енді қаттырақ шайнады. Жүрек қаттырақ соқты. «Омбы алынбай қалса, казак-орыстар қашады... Әттеген-ай! Неғып біз бұлай болып қалдық?..» — деген ой әрқайсымызды қинады.
Ертеңінде қораның ішіне жапсырулы тұрған қағаздан «Омбы алынды» деген хабарды оқыдық.
Омбы алынған соң, большевиктерді халықтың, «отанның дұшпандары» деп, бұрынғыдан бетер балағаттап, енді өздерінің күштерін тіпті зорайтып көрсетіп жариялапты.
Ақмоланы алған «батырлар» Омбы алынбай тұрғанда іштерінен қорқып, «әлдене болады» деп жүр екен. «Омбыны алдық» деген хабар келген соң, ысқырып шықты.
Қаладағы барлық прапорщик, офицерлерді жарақтандырып, олардан отряд жасады. Қаладағы байлардың, саудагерлердің жас-кәрісінің бәрін жарақтандырып, әскер тәртібіне қойды. Уезден, қаладан «мынау большевик» деген яки мынау «большевиктерді қуаттайды» деген адамды абақтыға топырлатты.
Бізді түрменің әр бөлмесіне бөліп-бөліп кіргізді. Ең «қауіпті» бастықтар деген 24 кісіні шынжырлады. Шынжыр салынғандар: Қызыл әскер штабының бастығы матрос Авдеев, Совдептің ақша-қазына комиссарлары Павлов пен Монин, Совдептің төрағасы Бачок, оның орынбасарлары Катченко мен Серікбайұлы, Трибуналдың төрағасы Дризге мен Мартылого, азык-түлік комиссарлары Богомолов пен Асылбекұлы, Совдептің президиум мүшесі және оқу комиссары Сейфуллин, еңбек комиссары Грязнов, Әділұлы және Жайнақұлы, Бекмұқамбетұлы, Ғиззатоллаұлы, Совдептің мүшесі емес социал-демократ Петракеев — тағы басқалар. Қырға, Ереймен жағына, әлгі белгілі Олжабай Нұралин болыс пен Әлкей болыстарды жауапқа алып, жазасын беруге шығып кеткен Жұмабайларды ұстап әкеліп, оларға да шынжыр салды. Жұмабайларды ұстап әкелген — әлгі Олжабай болыстар.
Өз киімдерімізді алып, жаман кенептен жасаған түрменің көйлек-дамбалын берді. Жеңі мен арқасы сары, өзге жері қара түрменің сырттан киетін, масқара бешпентін берді. Бізді қораның ішіне шығарғанда жағалай мылтық ұстаған конвой солдаттар тұратын болды. Омбы алынған соң казак-орыстар ақырып, жыланша ысқырып боқтай бастады. Сырттан бізге енді ешбір ас өткізбейтін болды. Қарауыл күшейді. Қарауылға біресе казак-орыстар, біресе прапорщиктердің отряды, біресе қала байларының, саудагерлерінің, мешандарының балалары келеді.
Бізге түрменің беретін асы сырты күйген, іші иленген, көк аяз, шикі қап-қара нан мен қара су болды.
«Мынау большевик» деген кісіні, яки «мынау большевикті қуаттайды» деген кісіні Ақмола уезінің жан-жағынан әкеп түрмеге тоғытып жатыр. Нілді, Спасск, Қарағанды заводтарынан бір топ жұмыскерді әкеп қамады. «Жас қазақ» ұйымындағы балаларды да ұстай бастады. Түрменің 12 бөлмесі лық толды. Енді түрмеге симағандарды қаладағы қараңғы, нәрсе сақтайтын, нәрсе қоятын тас үйлерге қамап жатыр. Казак-орыстың кісілері шабуылдап, Ақмола уезінің барлық поселкелерін, барлық маңайдағы қазақ елдерін құтырған қасқырша кезіп, бет келген адамның басына қамшы ойната бастады. Елді бүйі тигендей қылды. Ел құтырған қасқырлар тиген қой тәрізді болды. Казак-орыстар, байлар едірейіп алды.
Нашарда үрей қалмады. Бір сөзбен қарсы келген кісілерге, яки «мынау теріс қой» деген кісіге, тіпті ешбір жазасы жоқ болса да, көңіліне жақпаған кісіге —қамшымен яки мылтықтың сүмбесімен дүре сала бастады. Мәселен, бізді шынжырларда ұста іздепті. Бір қазақ ұстаны шақырыпты. Ұста бізді шынжырлауға көнбепті. Көнбейсің деп ұстаны сойып салыпты. Ұста сонда да көнбей қалыпты. Қысқасы, жалпы еңбекші, нашар ел қой мысалында болып, бұлар қойға тиген құтырған қасқырдай бола бастады. Совет құлағанша Советті онша сүйкімді көрмеген кейбір бұқаралар ақтардың аяқ алысын көріп ойлана қалатын болды.
Енді бізді біресе: «Орынбор жақтағы казак-орыстардың жандаралы Дутовқа жібереді екен...» — деп хабар шашады. Біресе: «Омбыдан бір кісі келген соң, әскери сот ашып, тексеріп, бастықтарының бәрін атады екен...» —деп хабар таратады. Күннен-күнге басқан тұман ауырланып, қалыңдап, хал жаманға айнала берді. Барлық Сібір қалаларының бірінен соң бірін ақтар алған хабарларын күн сайын жариялап жатыр. Бір жұманың ішінде Сібірдің көп жерін ақтар алып бітірді. Түрменің бірінші бөлмесінде әрбір алынған хабарды ортаға салып, істің ақырын әр түрлі болжап отырдық. Біріміз қозғалсақ қол-аяқтағы шынжырлар, кісенді аттардың кісендеріндей сылдырлайды. Бәріміз қозғалсақ темір шынжырлар түрмені күңірентіп ың-шың қылады.
Бірінші бөлмеде отырған алты-жеті қазақ, өзге жерлердегі жолдастар — большевик қазақтар қандай халде екен деп әңгіме қылдық. Әрине, сөз болатын: Көкшетауда Сабыр Шәріпұлы, Омбыдағы қазақ жұмыскерлері: Тәтімұлы, Жәнібекұлы, Мүкейұлдары және Шаймерден Әлжанұлы, Қызылжардағы қазақ жұмыскері: Есмағамбетұлдары, Дүйсекейұлдары және олардың бастығы, уездік комиссар Ысқақ Көбекұлы және Омбыдағы оқушылардың «Демократ советін» жасаған жас большевиктер, тағы басқалар. Бұлар не халде екен деп әңгіме қылдық.
Жоғарғы айтылғандардың ішіндегі ол уақыттардағы ірісі және маған өзгеше танысы фельдшер жолдас Шаймерден Әлжанұлы.
Бұл «Алашорданың» белгілі жауы еді. «Алашорданың» азбандары да Шаймерденге өте қас еді. 1917 жылы Омбыға Орынбордан Бөкейханұлы келгенде, Омбыдағы қазақ жастары қазақтың «қамқоры» «Әлекең» келді деп құттықтап оны қарсы алып, жиылыс қылып, жиылысына келген Бөкейханұлын құттықтап сөздер сөйлегенде, көптің ішінен жалғыз шығып, Бөкейханды мінеп сөйлеген Шаймерден еді. Төренің аяғын құшайын деп жүрген төрешік «қазақ жастары» Шаймерденді «жынды» деген еді. Шаймерден жиылыстарын тастап шығып кеткен еді. Оның соңынан Таутан Арыстанбекұлы тәрізді жолдастар да кеткен еді. Бұл туралы оқушыға бұдан бұрын айтылып та өтті.
Және Ақмола губерниясынан басқа жердегі бірен-саран большевик қазақтардың халдары қандай болды екен деп уайым қылдық.
Семей губерниясында өзгелер «Алаш» болып еліріп жүргенде, большевиктерге қосылған жалғыз Нығмет Нұрмақұлы еді. Нығмет Қарқаралы уезінде оқытушы еді. Октябрь төңкерісінен кейін, Қарқаралыдан Нығмет маған жазған бір хатында бүй деген еді:
«Сәкен, істерің қалай?.. Бұрынғы патшаның тепкісінде жаншылған халықтарға теңдік беріп, адам санына санайтын жалғыз большевик партиясы екеніне көзім жетті. Сол себепті мен де большевик болдым...»—деген еді. Енді сол Қарқаралыдағы Нығметтің қандай халде екенін ойлап сөз қылдық.
Қазақстанның өзге губернияларынан 1917—18 жылдарда большевик партиясына қосылғандарды біз көп естіген де жоқ едік. Және газет беттерінде де көрген жоқ едік. Қазақ большевиктері саяси күресті «Алашпен» айқасып бастаған еді. Ал Қазақстанның әрбір губерниясында шыққан газеттердің — біздің Ақмолада шыққан «Тіршілік» газетінен басқасының бәрі «Алаш» ұранына салып жатты. Әлеумет тарихына қарағанда, 1917 жылғы саяси күрестің зор майданындай ұлы дүбірлерде оқыған адамдардың саясат, әлеумет күресіне қатысқандарының бәрі де сол заманда шығып тұрған газет, журналдардың айналасына жиналмақ. Егерде әлеумет ісіне қатысқандар маңайындағы газет, журналдың бағытына риза болмаса, өздері бөлек газет, журнал шығарып, майданға шықпақ. Не болмаса басқа жерлердегі бағыты үйлес деген газеттерге пікірлерін жазып майдандаспақ. Бұл — саясат, әлеумет тарихының тәжірибесі. Мұны бұлай болмаған деп ешкім де айта алмайды.
Міне, сол 1917 жылғы ұлы дүбір, ұлы майданда Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаштың» ордасы болды, Семей губерниясы, Қарқаралы уезіндегі жалғыз Нығмет Ақмолаға — «Тіршілік» газетінің басындағы бізге хат жазып жатты.
Ақмола губерниясында — Ақмолада шыққан «Тіршілік» газеті «Алашты» мінеп, жазып жатты. Ақмола губерниясы Қызылжар қаласында «Үш жүз газеті» «Алаштың» азбандарын боқтап жатты. Ал Ақмола губерниясының бұл екі газетіне де риза болмаған біраз адамдар — «жасалаштар» Қызылжарда 1918жылдың жазынан бастап «Жас азамат» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылды. «Алашорданы» көтерді.
Торғайдың оқығандары, Қостанайдың, Оралдың «алдыңғы қатардағы» оқығандары қосылып, Орынбор қаласындағы «Қазақ» газетінің шылауында болды. Бұлар көп жерге — барлық Қазақстанға жөн-жобасын беріп тұрды. «Қазақ» газеті «Алаштың» ұйым ордасы болып тұрды.
Түркістан оқығандары Ташкенде «Бірлік туы» деген газет шығарып, «Алашты» ұран қылып тұрды.
Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды. Тырбанып бұларға қарсы болған Жақыпұлы Серіктер ғана жүрді.
Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды... «Ту ұстаған топтың Әлекең жүр басында. Сұр кепкісі басында; Гимназистер, студенттер қасында...» —дейді.
Қазақтың барлық газеттерін мақтайды. Жалғыз «Үш жүз» газетін боқтайды. «Тіршілік» туралы ептеп, жұмбақтап, ноқат қойып жазады.
Міне, осы газеттерді оқып, Қазақстанның басқа жерлерінде қазақтан большевикке қосылғандарды көп есіте алмаған соң, большевиктерге қосылған әредік қазақтардың алыстағыларымен араласа алмаған соң, түрменің ауыр халінде отырып, жалғыз әлгі айтқан жолдастарды ғана сөз қылып отырдық.
Ақмола большевиктерінің халдері, сөйтіп, өте нашар күйге түсті. Ақмолада қазақ большевиктерінің тұтқынға түспей кеткендері мына төмендегілері болыпты: Тұрысбек Мыңбайұлы, Жақия Айнабекұлы, Әбубәкір Есенбақұлы, Ғалым Әбубәкірұлы, Баттал Смағұлұлы, Көшербай Жаманайұлы, Шүкен Тінәліұлы, Сейіт Назарұлы, Арын Малдыбайұлы, тағы да басқалар. Және Ақмоладағы қазақ жастарының «Жас қазақ» ұйымындағы екпінді, алдыңғы қатарда жүрген, бірқатарларын да ұстамақ болған соң, олар да қашып кетіпті. Мыналар: Бәкен Жанабайұлы, Көжебай Ерденайұлы, Салық Айнабекұлы, Өмірбай Дөнентайұлы, Дүйсекей Сақбайұлы және басқа осы тәрізді «Жас қазақ» ұйымының балалары.
Сөйтіп, темір шынжырды күңірентіп, тас еденде топырлап жаттық.
Күзетші қанша болғанмен, тыстан хат-хабар алып тұрамыз. «Семейде «Алашорда» үкіметі жарияланып, ашылды» деген хабар алдық. Семейдегі «Сарыарқа» газеті «Алашорданың» ресми тілі болыпты. «Сарыарқаның» ұран салған нөмірлері Ақмолаға келіп те қалыпты. Тыстағылар бізге бір нөмірін жіберді. Дәл бізді балағаттаған нөмірі екен. Ұмытпасам 42-нөмірі. Және бұл нөмірінде «Алашорданың» желбуаз үкіметінің жазған «жарлығы» бар екен. Ұмытпасам, жарлықтың нөмірі — 4.
Жарлығында:
«Қазақтан» большевик болған жауыз арамзаларды кімде-кім ұстаған жерде жазасын берсін. Бұларды тамырынан құрту керек», — дейді.
Өлімді күн сайын күтіп отырдық. Революцияның дұшпандары күннен-күнге абжыланша уын шашып, ысқыра берді. Қажы, молда, би, болыстар тыныстарын кеңітіп, жайланып демдерін алды.
Темір торлы тас сандықтың ішінде шынжырланып байлаулы Қызыл сұңқарлар жатты... Қастың айызы қанды. Достың жүрегін жалын шалды...

VI. АҚМОЛА ТҮРМЕСІНДЕ


Түрмені казак-орыстар мен прапорщиктердің отряды келіп күзеткенде, жыланша ысқырып келді. Әсіресе казак-орыстардың отряды келгенде, тобырлы жын келгендей болады. Кеуделерін ерсілі-қарсылы қатар тізген оқпен шырмап тастаған. Иықтарына қылыш, мылтық, шыбыртқы қамшы асынған. Бөріктері бір жақ шекесінде, шалбарларының екі жақ сандары төрт елідей жол Қызыл шүберек. Неғұрлым түстерін ызғарлы, суық қылып көрсетуге тырысады. Дауыстарын күжілдетіп, айтатындары боғауыз, зекіру. Кейде крестьян жастарынан жинап алған солдаттары күзетке келіп тұрғанда, түрмедегілер өздерінің кісілері келгендей болады.
Үкіметті қолға алған батырлар бізді тергеуге және барлық Ақмола уезінде большевикшілдікті (большевизмді) жоюға комиссия жасады. Комиссияның бастығы — патшашыл Сербов.
«Өлім жазасын қылады» деген хабар күн сайын әр түрлі болып, жаңарып естіліп отырады. Түрмеге бір күні саудырап, бір топ болып Сербов пен түрменің бастығы және жеті-сегіз әскери адамдар келді. Бәрі иықтарына жарқыратып оқаларын тағып алыпты. Етіктерінің өкшелеріне сылдырмақ шошақ темір қадаған... Бәрінің қимылдары сарт-сұрт, сылдыр-сылдыр етеді.
Бұл — Сербов түрмеге ертіп келген қаланың әскер бастығы екен. Саудырап біздің бөлмеге кіргенде түрменің бастығы гүрілдеп, бізге «тұрыңдар!..» деді. Біз тұрдық. Әскердің бастығы бізге:
— Бәріңіздің жұмыстарыңызды сот қарайды. Әрқайсыңыздың істеген істеріңізге қарай закон бойынша іс қылады. Законсыз ешнәрсе істелінбейді, — деді...
Ақтар үкіметті қолдарына алысымен, тығыз уездік съезд шақырған. Әрине, жиылысқа поселке мен ауылдың ылғи байлары, бұрынғы болыстары келді. Қандай қақпайлау болса да, кей жерлерден Совет үкіметін жақтайтын адамдар да келіп, жиылыс ашылған күні: «Ең алдымен мынау қамауда жатқан Советтің адамдары босансын!» — деді.
Казак-орыстардың бастықтары, байлар, офицерлер бұған шамданып, қамаудағы Совет адамдарын жақтап сөйлеген өкілдерді жауапқа алып, тұтқын қылды.
Ақтар күн сайын қаһарланып шығады. Даңғой офицерлер Ақмолаға толып кетті. Иықтарына жарқыратып екі елі оқаларын тағып алған. Көше бойы жалт-жұлт, сарт-сұрт етіп, жын соққан тайлақша елірген офицерлер мен байлар.
Түрмеге сыймай кеткен және басқа үш-төрт тас үйге лық толған қамаудағы адамдарды тексеріп, өздерінше «зиянсыз» деген адамдарды босатып жатыр. Көбінен пара алып босатып жатыр. «Жас қазақ» ұйымынан ұсталған жігіттерді шығарды.
Мәселен, Дүйсекей Сақбайұлы, Темірғали Асылбекұлы тағы басқалар — большевиктерге жанасып, Советке қызмет қылғандарды шығарды. Қазақтардан шығарылған: фельдшер Наурызбай Жолайұлы, Дәуіт Бегайдарұлы, мұғалім Ғалымжан Құрмашұлы, мұғалім Ғали Кітапұлы, жазушы Кәрім Әубәкірұлы, Уәли Қангелдіұлы, тағы басқа толып жатқан большевиктерді «қуаттаушылар».
Жоғарыдағылардың ішінде Уәли Қангелдіұлын сырттағы бір жақындарының себептерімен, байқамай шығарып қалып, артынан іле қайта ұстамаққа іздеген еді. Уәли қашып кетті. Уәли оқыған, білімді, ақылды жігіт еді. Социал пікірлі еді.
Кейбіреулерді: «Мен большевик емес едім, оларға әншейін кіріп едім...» — деп жалбарынуының арқасында шығарды (мәселен, Нұржан Шегебаласы).
Түрменің халы нашар. Өз киімдерімізді іш киімдерімізге шейін сыпырып алып қойған. Сырттан төсек-орын бергізбейді. Үстімізге киюге бергендері жұқа, бүрлі кенеп көйлек-дамбал. Қара ала шолақ кемзал. Астымызға салуға бергені бір-бір жұқа кенеп қап. Қапқа азырақ шөп толтырып берген. Соны астымызға салып жатамыз. Сыйғанымыз тақтайдың үстіне, сыймағанымыз жерде, тас еденде жатамыз. Түрменің іші кір, лас, сасық. Ішіндегі жұрт өте тығыз. Сырттан ас бергізбейді. Беретін асы қара су, сырты күйген, іші шикі зілдей қара нан. Кейбір жолдастар наннан құмалақ жасайды, дойбы жасайды.
Түрме он екі бөлмелі. Бәрінде лық толған тұтқын большевиктер. Қамаудағы жұрт ап соққандай жүдеді. Біз жатқан бөлме он екі терезелі. Терезе жуан төрт қырлы темірмен торланған. Терезенің бір орташа көзі ашылып-жабылады. Адам тығыз болғандықтан түрменің іші ысып, қапаланып кетеді. Сасық түрме одан сайын сасиды. Сырттан таза ауа кіргізіп азырақ тыныс кеңітуге, терезенің әлгі ашылып, жабылатын көзін көбінесе ашып қоямыз. Ашқызғанда да ысыған қапалық кетпейді. Бөлменің тақтай сәкісінде, тас еденінде түнде жатқанда алақандай бос орын болмайды.
Күндіз бет-бетімізбен шүпірлеп, дөңгеленіп, уақыт өткізуге түрлі лаж істеп отырамыз. Біреулер қара нанның шикісінен жасаған дойбы ойнап отырады. Біреулер наннан жасалған құмалақ салып отырады. Біреулер жай әңгімелесіп отырады. Бірен-саран жолдастар өз алдына тұнжырап, ой тұманын аралап отырады. Кейбіреулер терезеден қарап отырады.
Күн сайын терезенің алдынан жолдастардың жақындары өтіп жатады. Казак-орыстар қарауылда тұрғанда, өткен кісілерді терезеге жанастырмайды. Еріксіз жинап алған крестьян солдаттары қарауылда тұрғанда, терезеге жанастыра береді. Терезе алдына келген жақындармен кейде бір-екі ауыз сөз қатыссақ та, олар парық қылмайды.
Түрме Ақмоланың күнбатыс жақ шетінде. Түрменің біз отырған бірінші бөлмесімен қатар екінші, үшінші, төртінші бөлмелердің терезелері сыртқа қараған. Бұл терезелерден қаланың кейбір шеткі үйлері көрінеді. Және қаланың күнбатыс жағындағы белес қана көрінеді. Қашығырақ Есілдің бір тоғайлы жері көрінеді.
Қарауыл солдат тәуір болса, терезенің алдынан жақындарымыз өткенде, сөз қатысып, амандасып, керекті хабарлар болса, алып қаламыз.
Мен терезеден көп қараймын. Терезенің алдына мініп алып қарап отырамын...
Жаздың толықсыған кезі. Терезеден көкпеңбек болып дала көрінеді. Көкала кілем жамылғандай белес көрінеді. Көк желекке оранғандай Есілдің тоғайы көрінеді...
Біздің терезенің қиғаштау қарсысындағы бір шеткі үйге біздің Кременский деген шалдың балалары көбірек келетін болды. Әлгі үйдің терезелері біздің терезеге қарсы. Екі арамыз жүз елу қадамдай. Әлгі үйге Кременскийдің балалары келсе, терезелерін ашып қояды. Ойнап, ән салып жатады. Кейде Кременскийдің балалары біздің терезеге әлгі үйдің терезесінен бинокльмен (дүрбімен) қарайды. Біз қарасақ, қолмен біртүрлі ым қылады. Біз түсінбейміз. Баласы ым жасай бастағанда, отырған шал Кременскийді терезеге әкеп қаратамыз. Шал баласынын ымдарын түсінеді. Бұ да ым қылады. Сөйтіп, ымды бізге перевод қылады.
Жаздың толықсыған кезін түрмеде өткізіп отырмыз... Түрме жұрттың бәріне де оңай емес. Лac, тар, сасық қапас кімге жеңіл тиеді?.. Әсіресе жаз күні... Қапас әсіресе жаз күні, өте-мөте қазаққа оңай тимейді. Жаратылыстың құшағында өскен қазақ баласына темір шынжырлы тар қапас дозақтан қиын... Әсіресе толықсыған жаз күні...
Терезеде отырып, көк белес, көк ала белес, көк далаға қараймын. Жаздың жұмсақ желі терезенің ашық көзінен кіріп, жібектей болып, бетті шарпиды. Жібек желге төсімді ашамын. Барлық денемді тосамын. Күйіп-жанған денеге жібек желдің жұмсақ демі шипа тәрізді тиеді. Ұшқыр ой қапасты тастап, шарқ ұрып кетеді. Тұтқыннан босаған сұңқардай жер мен көкті кезеді. Қиырсыз кең, көк ала кілем түріндей көк майса даланы шарлайды. Бұлақ сулары сылдырлап күліп сумаңдап аққан орманды, елсіз тауларды кезеді. Қалың құстары, мың түрлі құстары шулаған, шалқыған аққулы көлдері, көк жібек сулары иреңдеп аққан өзендерді кезеді. Елге барады. Елсізге барады...
Терезеден қарап отырамын... Міне, ырдуан ағаш арбаға өгіз жеккен қазақ келеді. Келе жатқан өкшесі — анау, алыс көрінген дала. Арбасына тиегені тезек. Өзі жаяу, өгізін айдайды. Өгізі саспайды. Асықпайды. Түрменің терезесіне жай қарайды... Жалқау қимылдап өгізін айдайды. Өгізі басын жерге тұқырып, бүлк-бүлк аяңдайды. Ырдуан арбасының дөңгелектері қиралаңдап дөңгелеп, ақырын шиқылдап ыңырсиды... Уа, шіркін, бостандық... Сенің қадіріңді қапастағы тұтқыннан басқа кім біледі? Ана қазақтай, өгізге жеккен ырдуанмен тезек тасып жүрсе де шіркін, бостандық артық екенсің!.. Мынау ана құшағын, төсін ашқан кең даладан келеді-ау!
Қазақ өгізін айдап өтті...
Міне, бір топ балапандарын шүпірлетіп ертіп, асыранды ақ қаз келеді. Мамырлап, иілген ұзын сұлу мойнын созып, алды-артына қаранып, қаз жай аяңдайды. Мойнын салып қаңқылдап, балапандарын толғанады. Балапандары жұмыртқадан жаңа ғана шыққан. Шүйкедей-шүйкедей сары үрпек. Тәлтіректеп талтаңдап анасының соңынан ақырын тырбаңдап шұбайды. Толғанған анасына, нәзік жіңішке дауыстарымен шиқылдайды. Анасының соңынан жығыла-сүріне, қалмауға тырысады. Анасының екі көзі жан-жақта. Екі көзі балаларында. Балапандарын толғанып, шұбатып аяңдайды. Бара жатқан беті, анау ойпаңдағы көгал. Көгалға барып жайылмақ... Шіркін, бостандық! Шіркін жаз!.. Жайылған ақ қаздай көгалына барып аунаған жанның арманы бар ма екен!..
Ақ қаз балапандарын ертіп көгалға барды...
Әне, қазақ қызы келеді. Анадайдан екі көзі түрменің терезесінде. Мен отырған терезеге қарайды. Маған қарайды. Екі көзі мөлдіреген қарақаттай... Жасы он төрт-он бес шамасында, ұзынша бойлы, талдырмаш. Үстінде қос етектеп бүрмелеген ақ көйлегі, басында қара барқыт тақиясы бар. Жібектей қап-қара қалың шашын әдемілеп, екі бұрым қылып өрген. Шашының ұшына қызыл жібек лента байлаған. Міне, жай аяндап терезенің қатарына келді... Терезенің алдында жүрген қарауыл солдатқа қарайды... Жүрісін тіпті ақырын баяулатты. Кейін қараған болып, кейінде бірдемені күткен болып тоқтады. Мұңайып маған қарады. Көп тұра алмады, жүрді. Мөлдіреп қараған көздері қайғыға ортақ болған тәрізді. Тұтқынның халін шын сезіп аяған тәрізді. Қамыққан көңілді мөлдіреген көздері жұбатқан тәрізді... Сезгіш жүрек, нәзік сұлу көкөрім қарындасым! Не ойлап сонша мөлдіреп қарайсың?.. Сенің қарауың қайнаған жүрекке, өртенген көкірекке қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей-ау! Рақмет! Терезенің алдынан екі күнде бір өтесің. Кімсің? Кімнің қызысың?.. Бізге кім деп қарайсың! Біз — түрмедегі зор айыпты бұзық адамдар емеспіз бе? Біз халықтың, отанның дұшпандары емеспіз бе? Бізге неге сонша, аяған жүзбен қарайсың? Сезгіш жүрек, сұлу жанды қарындасым! Кімнің қызы болсаң да рақмет!..
Бұл бала біз түрмеге отырғалы біздің терезенің алдынан өстіп сан өтті. Терезеге көп таяу келмейді. Батылы жетпейді. Кім екенін, кімнің қызы екенін білмеймін... Бірақ, жүзіне әбден таныс болып алдым. Бір түрлі жақын көріп алдым, бір-екі күн көрінбесе, терезеден іздеп отыратын болдым. Қапастағы тұтқынның темір торлы терезесінің алдына торғай келіп жырласа яки тұтқынның ызғарлы, қараңғы бөлмесіне күлімдеген алтын күн алтын нұрын шашып түсірсе, яки терезенің көзінен қарап отырған тұтқынға жібек жел көк даланың жас иісін әкеп бүріксе, даланың жұпарын әкелген жібек жел беті мен мойнына торғындай желбіреп келіп оралса, тұтқынның жарақатты жанына шипалы дем салынғандай болады. Келе-келе, әлгі қарындас анадайдан ақырын басын изеп, ишарат қылып, менімен амандасып өтетін болды.
Бір күні бір кішкене қызық болды. Бізге біреу «ертең пәлен кісі атылмақ...» деген жасырын хабар берді.
Түс мезгілі еді. «Атылмақ» хабарды алып, біздің бөлмедегі жолдастардың бәрі үн-түн жоқ, тұнжырап отырды. Бәріміздің де ия қол, ия аяғымызда темір шынжыр. Ауыр ой басып, мен де түрегеп тұр едім. Бәріміз де әлсіз, мұршасыз, қалшия қарап қатып қалған едік. Бір мезгілде көзім терезеге түсті... Әлгі қарындасым келеді екен. Үстінде қос етекті ақ көйлегі. Шашында қызыл жібек лентасы. Бұралып, жай аяңдап, терезеге қарап келеді екен. Тұнжырап басып, тұншықтырып тұрған қара тұман шайдай ашылып кетті...
Жұлып алғандай, шынжырларымды шылдырлатып, атқып терезеге шықтым. Жолдастарым да ұйқыдан шошып оянғандай шошынысып, жалт-жұлт қарасты. Бәрі де суық жүзбен таңырқасып қалды.
Маған: «Немене?.. Немене?..» — десті.
Мен: «Әлгі қарындасым кетіп барады!..» —дедім.
Жолдастардың кейбіреулері таң болды. Кейбіреулері «түу!», — деді.
Бір күні, анау күні келетін қала әскерлерінің бастығы түсіп, орнына жаңа бастық келді деп есіттік. Айтқандай ертеңінде Сербов пен түрменің бастығы бас болып, саудырап жалт-жұлт еткен бір топ «төре» түрмеге келді. Кілттерін салдырлатып, біздің есікті ашып, алдымен түрменің бастығы кіріп келіп, күжілдеп: «Түрегеліңдер!» — деді. Біз тұрдық. Қылыш, мылтық асынған ұлықтар саудырап кіріп келді. Бәрінің аңшының иттеріндей көздерін алмай, қайпаңдап, аузына қарағандары — бір едірейген жас жігіт. Жас төре қалпағын көшедегі бұзақы мастарша киген. Белінде мылтық, жанында қылыш. Қолында шолақ қамшы. Кіріп келіп, екі аяғын талтайтып керіп тұра қалды:
— Е!.. Көбі қазақ қой! —деді.
Сербов әрқайсымызды «мақтап», — «мынау пәлен, анау пәлен» деп, әр түрлі сипаттарымызды, «қасиеттерімізді» айтып тұрды...
Жаңа келген ақ әскерінің бастығы осы жас жігіт екен. Аты Кончаров, Қызылжардікі.
Ақмоланың әкімдері күндіз-түні сарт-сұрт жүрумен, мас болумен болды.
Омбы мен Қызылжар, Көкшетау жақтарда талай жолдастарды өлтіріпті деп есіттік. Ақмолада енді сотпен өлтірмек деген хабар аламыз.
Қамаудағы жұрт енді «өлім» деген сөзге бойлары үйренді.
Бостандықтан күдер үзілді.
Қамаудағы көп жолдастарды екшеп босатып, жетпіс-сексендей ғана, ылғи «әсіре қызыл» дегендерді алып қалып, жауапқа да шақырмай қойды. Тұтқындағы біздің алпыс-жетпістей қызыл әскерді Қызылжарға жіберді. Бұлармен бірге Совдептің құлауынан екі-үш-ақ күн бұрын Омбыдан келіп, бізбен бірге түрмеде жатқан жолдас Кәлегейұлын да (Калегаев) жіберді.
Кей уақытта: «ақтардың күші азайыпты, енді қызылдар күшейіпті. Ақтарды бірте-бірте қусырып келе жатыр дейді...» — деген хабарды да алып қоямыз. Отырып әр түрлі болжау айтамыз. «Түбінде қызыл жеңуі хақ, бірақ оны біз көре алмай кетеміз ғой», — десеміз...
Біраз күн өтті.
Жолдастар ап соққандай жүдеді. Беретін асы — ылғи қара су мен сырты күйік, іші шикі қара нан. Бұған да үйреніп алар едік. Бұған да онша жүдемес едік. Жүдететін бізге келетін сансыз ұлықтың адамшылықтан тысқары қорлықтары, мазақтары. Жүдететін қаптаған ауыр ой. Жүдететін темір шынжыр. Жүдететін — күн сайын алып отырған «атады» деген хабары және түрменің тар ауасы, тас едені.
Кейде қайрат азайып, қажитын болдық. Кейде қатайып, қайраттанатын болдық. Түрменің он екі бөлмесінің бәрінде біздің кісілер. Бір есігі ашық жататын бөлмесінде ұрлықпен жататын қазақтар бар. Күнде, әр бөлмедегі жолдастарды түрменің ішкі қамау қорасына шығарып, он минет-бес минөттен бой жазғызып жүргізеді. Темір шынжырлар кіріп-шыққанымызда түрменің ішін жаңғырықтырып тұрады.
Бір күні біздің бөлмедегілер қамау қораның ішінде бой жазып жүр едік. Қамау қораның ішінде мылтықтарын ұстап қарауыл солдаттар тұр. Түрменің төрт-бес бөлмесінің терезесі қамау қора жақта. Біз қамау қорада жүргенде, терезелері қамау қораға қарап тұрған бөлмелердегі жолдастар терезелерінен бізге қарап тұрады. Кейбір қайратты жігіттер жарқылдап, ашық жүзбен ишарат қылып амандасады. Кейбір уайымшыл жолдастар мұңды, қайғылы жүзбен тек бас изеп қана амандасады.
Біз қамау қорада шынжырлаулы қасқыр күшіктеріндей ерсілі-қарсылы жүр едік. Сол күні бір үлкен уайымды күн еді. Халіміз өте қиындықта еді. Қамау қораға қараған терезелердің ашық көздерінен қайғылы жүзбен жолдастар қарап тұр екен. Терезенің төрт қырлы, торлаған кереге көз темірінен ұстап, иегін сүйеп, Кондратьева деген әйел жолдасымыз бір зарлы өлең айтып отыр еді. Кондратьеваның даусы әдемі еді. Оның зарлы даусы қобыздың дауысындай еді. Өлең — бір тұтқынның өлеңі. Өлеңінің және оның әнінің еңіреген зары, Кондратьеваның қалтыраған зарлы әдемі даусы барлық тұтқындардың күйінген жүректерінің күйін бір-ақ ауыздан айтып отырған тәрізді еді. Күйінген зарлы өлеңді тыңдап, жолдастардың көбінің көңілі босады. Көбі қамықты. Кондратьева зарлап отырды. Көздерінен мөлтілдеген жас ақырын домалап тұр екен.
Бір күні біздің бөлмені ашып, кілтшімен әлгі есігі ашық жататын бөлмедегі ұрлықпен жатқан қазақтардың біреуі үлкен құшақ жап-жаңа шапқан көк шалғын алып келді.
Қазақ: «Түрменің жұмысына алып барып еді. Әдейі сіздерге мына шалғынды шауып әкелдім...» — деп, бізге берді.
Қуанғанымызда есеп жоқ. Шалғынды бәріміз құшақтай алдық. Дәл анасына тұс-тұсынан еркелеген, сағынған балалардай шаттандық, көк шалғынды иіскеледік. Құшақтадық. Төсімізге бастық. Кенелдік те қалдық. Баймағамбет шалғынның біразын көпке шейін құшақтап, иіскеп отырды. Міне, бостандықты, жаздың көк шалғынын сағынғандық сондай!
Терезеден қарап отырамын. Қарындасым екі күн, үш күнде бір өтіп жүреді. Ишаратпен бас изеп амандасамыз. Терезенің бір мұрттау тұсындағы көгалды ойпаңға балапандарын шұбатып, күн сайын ақ қаз өтеді. Кешегі шүйкедей сары үрпек балапандар күн сайын зорайып өсіп келеді. Тәлтіректеген балапандар күн сайын құс бейнесіне кіріп келеді.
Кейде түрмеде әр түрлі күлкі боларлық істер де болып қояды... Беретін асы қара су мен сырты күйік, іші шикі қара нан болған соң, әрине, тәуір асқа ынтықпыз. Жылқының сүр қазысы, сүр шұжығы тұра қашса, тұра қуғандаймыз. Сырттан ас өткізбейді. Қарауыл қапы. Бірақ «аңдушыны алушы жеңбей қоймайды». Түрмеге кейде ұрланып, жіптіктей болып сүр қазы, сүр шұжық келіп қалады. Келгенде, тұтасымен келмейді. Және бір күнде келе алмайды. Анда-санда келеді. Қарауылдың ішінде бізді астыртын тәуір көретін адам болғанда келеді. Шүберекке тігілген, бір қарыс яки жарым қарыс шұжық есіктің жұдырық сыймайтын тесігінен топ ете түседі. Тесіктен еденге топ ете түскен сопақша кесекті, Құсайын құмай тазыша қағып алады. Шұжық түсерде, сұр тазыдай Құсайын тесікті аңдып отырады. Өйтетіні — шұжық түсетін күні терезенің тұсынан Құсайынның келіншегі өтеді. Терезеден қарап тұрған бізге ымдап қалады. Келіншектің қыбыр еткен саусағын көз шалып қалғанда, жем көрген аш бүркіттей қылғынамыз.
Тесіктен топ ете түскен сүйем шұжықты Құсайын қағып алып, бүркітше бүріп отырады. Бірдей қылып бөліп жеуге пышақ жоқ. Қолымен бөлуге болмайды. Тістеп бөлу керек. Әркім өзі тістеп алу керек. Құсайын шұжықты тұтамдап отырады. Бірдей қылып әркімге тістетеді. Әркімге өлшеп, шұжықты бір еліден шығарады. Шұжықтың өзге жерін қолымен жауып ұстап отырады. Әркім шұжықтың Құсайынның қолынан шығып тұрған жерінен тістеп алады... Тістеп алатын кезек Байсейітке келеді. Құсайын Байсейітке ұсынады. Байсейіт шұжыққа аузын таяп келеді де, бетін өлімсіретіп басын кейін тартады. Басын шайқап күрсінеді.
Құсайын:
— Е, неге тістемейсің? — дейді.
Бетін бейшараландырып, Байсейіт:
— Қайтейін, тістегенде бұл тамақ бола ма! — дейді. Құсайын:
— Е, көпті қайдан табамыз. Тістесейші! — дейді.
Байсейіт мұңайып:
— Жоқ, өздерің жей беріңдер... Бәрімізге тұтамдай шұжық тамақ бола ма? Жей беріңдер. Мен-ақ аш болайын... — деп күрсініп жата кетеді.
Бәріміз үйіріліп Байсейітке қайрат береміз.
— Шұжықтан Байсейітке көбірек бер... — дейміз.
Құсайын шеңгелдеген тұтамынан шұжықты көбірек шығарып, Байсейітке ұсынады. Байсейіт өлімсіреп басын көтереді. Шұжыққа көзінің астымен қарап қояды. Екеуі көздерімен аңдысады. Құсайын ұсынады. Байсейіт күшін өлшеп, баяу қимылдап, қабаған шортанша төніп келеді. Шұжыққа аузын тигізіп тұрады. Шортанша сарт еткізіп қауып кеп қалады. Құсайынның қолын қоса қабады. Шұжықты қоя беріп, тістелген қолын қымсынып жұлып алады. Шұжық тұтасымен Байсейіттің аузында қалады. Жартысы Байсейіттің аузына кіріп кетеді. Сыймай қалғанын Байсейіт шеңгелдеп екі қолымен бүріп алады. Құсайын қайта тап беріп, шұжыққа таласады. Байсейіттің аузынан қалғанын жұлып алады...
Міне, осындай күлдіргі қылықтар да болады.
Шұжықты көбірек жеген соң, Байсейіт азырақ көңілденіп алады. Әңгімелер сөйлейді. Өзінің айтып қоймайтын бір орыс тілмаштан үйренген орысша қалжың өлеңін айтады. Өлеңнің аты «Қазақ әйелінің ашығын шақыруы»
Өлеңі мынау:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет