Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту


КІНДІК ҮКІМЕТ ПЕН СІБІР ҮКІМЕТІ



бет39/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53
Байланысты:
Тар жол, тайғақ кешу. Сәкен Сейфуллин

КІНДІК ҮКІМЕТ ПЕН СІБІР ҮКІМЕТІ
Самар қаласын большевиктер алысымен Уфада мемлекет кеңесінде сайланған кіндік үкімет Омбы қаласына көшіп келген еді. Содан бері көп уақыт өтті. Бірақ кіндік үкімет іспен өзін жұртқа білдіре алмай, суға батқан кісідей Омбының қалың қара саясат әдісіне батып жоғалғандай, жым-жырт болған еді. Жаңаша орыс газеттері осының себептерін білдіріп отыр. Кіндік үкімет пен Сібір үкіметінің арасында бірсыпыра тартыс болыпты. Бірін-бірі көп уақыт арбасты. Мемлекет кеңесінде салынған саяси жол, еткен серт, ішкен ант бойынша кіндік үкімет жалпы Россияның ісіне шеңбер, абыройына қорған болмақ еді. Кіндік үкіметінің әмір-жарлығына автономия үкіметтері бас имек еді. Өмір жүзінде осы айтылған шарттары Омбы қаласында орындалмаған көрінеді.
Газеттердің хабарларына қарағанда, Сібір өкіметі әкімшілікті бауыр басқандық мінез көрсетіп, өз отанынан шыға жайылып, әдепсіздік қылып, кіндік үкіметінің алдынан кесе-көлденең өте берсе керек. Сондықтан «Өтпес жарлық бойға қорлық» дегендей кіндік үкімет үнін шығармай, Сібір үкіметімен тек іштен ғана арбасып, көп уақыт жым-жырт жатыпты. Соңғы келген хабар екі үкіметтің келіскендігін білдіреді. Бұл хабарша кіндік үкіметінің жанында министрлер кеңесі жасалмақ. Кеңеске кіретін министрлерді екі үкімет ынтымақпен тағайындап, Сібір үкіметі уақытша жоғала тұрмақ.
Әзірге алынған хабарлар осылар. Кіндік үкімет жалпы Россияға бас үкімет болып, айтқанын қылғызып отыр ма, жоқ бар өмірі Сібір үкіметімен, я басқа үкіметпен саудаласумен өте ме, мұны алдымыздағы уақыт көрсетер.
ЖЫРАҚ КҮНШЫҒЫС ЖАЙЫ
Уфада болған «Мемлекет кеңесі» одақтас мемлекеттерімізден: Америка, Жапония, Франция, Италиядан Владивостокқа келген әскербасылар мен елшілердің алдынан шығып, жол болсын айтып, Россияның саяси күйін ұғындыру үшін бұрын Россияның уақытша үкіметінің бас министрі болған князь Львов Колосовты жіберген еді. Жалпы Россия телеграфтың тілшісіне Колосовтің айтқаны:
— Біз «Мемлекет кеңесі» тапсырған жұмысымызды көңіліміздегідей орындай алмадық. Орындауға Жырақ күншығыстың саяси күйі келтірмеді. Владивостокқа біз Сібір үкіметінің аға министрі Благогудский келіп жатқанда бардық. Владивостокқа әкімшілік жүргізген бір емес, бірнеше үкімет бар екен. Олар — Лавров (Дербер) бастаған автономиялы Сібірдің уақытша үкіметі, іс білгіш, епті кабинетіне (министрлер) Владивостоктың ескі чиновниктері кірген. Жанарал Құрбаттың үкіметі және Бугунскийдің үкіметі бұлардың бірде-біреуін басқа мемлекеттер үкіметі деп танымай отыр екен. Сонда да кейбіреулері, мысалы: Құрбаттың іске епті кабинеті бізді одақтас мемлекеттер өкіметі деп таниды деген жалған хабарларды таратып отыр екен. Дәл осы күйде Болгутскийдің Омбылық (Күншығыста Сібірдің демей, Омбылық үкіметі дейді екен) үкіметі де отыр екен. Одақтастардың өкілдеріне барып жолыққанда, кейбіреулері жылы жүзбен қарамапты. Жалпы Россияның кіндік үкіметін таныту туралы бізден бұрын ешкім сөз айтпапты. Үкіметтің көптігі одақтас мемлекеттермен сөйлесуге аса жайсыз болды. Түбінде Россияның шымбайына бататын көрінді. Біз барған кезде «Амур үкіметі» деген тағы бір жаңа үкімет шықты. Владивостокта Россия әскері жасалған жоқ. Саяси күйіміздің мұндай былыққанының үстіне күншығыс қытай жолы туралы, мемлекеттер арасында ашылған мінез барлығы өткен әкімшілік күнін көксеген Күншығыстағы кейбір таптардың жат күшіне сүйеніп, ескі тәртіпті кайта тірілтпек болғаны саяси күйімізді асқындырыпты. «Уақытша билеуші» атанған жанарал Құрбаттың үкіметі Жапонның басымырақ таптарының өкілдерімен сөз қосып, іс қылғаны да, қылмақшы болатыны да анық көрінеді. Құрбатты сүйеп қолына ұстаған орыс байлары Россияның ұлттығына қарсы іс қылып отыр...
Міне, ақтардың үкіметтері осындай. Қайтсін, бәрі де үкімет болғысы келеді! Бәрінің зоры, күштісі Омбы үкіметі. Өзге уақ үкіметтер өздерінін кішкентай аудандарында ғана тыпырлап жатты.
Ал Семейдегі «Алашорданың» үкіметі өз ауданын да билей алмады. Билік Омбы үкіметінің қолында болды. Семейдегі «Алашорда» үкіметінің істегені тек қазақтан — «Алаш әскері» деген әскер жасап, Омбы үкіметінің әскерімен бірге большевиктерге қарсы Жетісу майданына жіберіп жатты. Сонсоң «Алашорда» Семейде «Совдепке кірдің», «Большевик болдың...» — деп, Нұрғали Құлжанұлын айыптап абақтыға жапқызды. Және елдегі болыстық дауларға, араздық партиясына қатынасып жатты. Семейдегі «Алашорда» мен Земство бастықтарының көбі Тобықты елінің ісіне көбірек қатынасты. Мәселен, мынадай бір іс болды:
Семей уезінде, Тобықты деген елде Мұсатай деген және Ике деген кісілер бар. Екеуі де ауқатты адам болса керек. Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады.
Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді. Өйткені Семейде «Алашорда» бастықтарының бірі — Икенің туысқаны. Олай болған соң қазақша, «Алашорда» да Икенікі болады. Сонан соң Мұсатай турашылықты Совдептен іздейді. Әрине, турашылықты Совдептен табады. Совдепті, большевиктерді қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, «Алашорда» күшейіңкіреп шыға келген соң, Мұсатай қуғынға түседі. Мұсатайды «қазақтан большевик болған», «социалшыл» бола қалған, алдауыш бұзық деп «Алашорда» жазушылары газеттеріне жазады. Әрине, Мұсатай социализмді қайдан білсін! Есіткен де жоқ. Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» — деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады.
Miнe, Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметінің» бітірген жұмыстары осындай болған. Осындай қылықтарынан Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметін» және Земствосын жұрт «Тобықтының Алашордасы», «Тобықтының Земствосы» деген кездері де болған. Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға «Алашорданың» ішінен жалғыз-ақ Мұқаметжан Тынышпайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оған болмаған.
«Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышпайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышпайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған, міне жайлар осындай болған.

VII. КОЛЧАК ӘКІМШІЛІГІ


Колчак әкімшілікті өз қолдарына алардан бұрын-ақ патшашылдар бұрынғыдан да жаман хайуандық мінездерін көрсетті.
Қала мен далаға құтырған қасқырлар тиді. Қасқырдың көзіне қан толып, аузы арандай ашылып, тілі қарыс түсіп кетті. Қасқырда дамыл жоқ. Қасқыр ес-түсін білмей шабуда. Қасқыр тұмсығын сұқпаған жер жоқ, таланбаған ел жоқ.
Жұртта үрей қалмады. Күн тимеген талай жанға дүре тиді. Адамға жазықсыз талай момын шаруалар зорлық пен қорлық көріп, отбасында күңіренді. Қалың еңбекші бұқара халықтың басында ысқырып қамшы ойнады.
«Әй деген ажа болмады, қой деген қожа болмады», сөз бетке тиді, шыбық етке тиді.
Мұжықтан солдат алып жатыр. Бірақ мұжықтар жастарын солдатқа лажсыз беріп жатыр. Кей жерлерде бермейміз дегендер болса, дүрелеп, кезіккендерін түрмеге әкеліп қамап жатыр.
Мас болып алып, түрменің бастығы мен казак-орыстан болатын қарауылдың бастықтары және соқтыққан бейбастық офицерлер келіп, түрмедегілерді де дүрелеп кететінді шығарды.
Совет үкіметі құлаған жерлердегі әртүрлі уақ ақкөт үкіметтердің өздері де бұл құтырған қасқырлардың беттерінен қорқып, іри бастады. «Еңбекші тап», «Бұқара халық», «Бостандық» деген сөздерді жаңылып айтып қалған газеттер аузына құм құйылатын болды.
Бостандыққа қарсы газеттерден ар кетті. «Алаштың» газеттері ақ төбеттің қасындағы бұралқы күшікше, бұрынғы қалпында «алаштаған», «аластаған» «дәмді» сөздерін қоймастан жазып, шәуілдеп жатты. «Жауыз большевикке қазақтан кімде-кім жанасса, Алаш ортасынан аластап шығарып тастау керек» деген үйреншікті сөздерін бұрқыратып жатты.
«Қазақтан кімде-кім большевик болса, ұстаған жерде жазасын беріңдер», — деп қайрат шашқан болып жатты (Бейшара!..).
Ақмоладағы «Алаштың» уездік советінің бастықтары қазақтан ақша жинамақ болған екен. Мәнтен молда мен Түсіп Ізбасарұлы деген екі бастығын Ақмоланы билеуші ақтың ұлықтары үш ай абақтыға жауып тастады. Бұл достың досқа қылған сияпатшылығы. «Алаштың» ұлықтарына біздің қарсы екенімізді орыстар, әрине, жақсы біледі.
Түрменің бастығы Ростов деген орыс біз отырған бөлменің құлпын ашып кірді де күліп:
— Сіздерге бүгін отағасы келетін болды... Өңкей жас жігіттерге бір отағасы керек қой деп, Мәнтенді әкеп сіздермен бірге отырғызатын болдық — деді.
Мен күліп:
— Рақмет! — дедім.
Жұмабай түсін суытып:
— Бізге ондай жуанның керегі жоқ. Бізден басқа жерге кіргізіңіз оны! — деді.
Ростов күліп:
— Жарайды, Нуркин! Осында келсін, сонсоң отағасын «жақсылап сыйларсың...» — деп, көзін қысып күлді де, шығып кетті...
Кеш еді. Түрменің іші қараңғы. Сықсиған, кей кезде жағатын жаман шамын жаққан жоқ еді. Қараңғы бөлмелерден ақырын күңкілдер естіледі. Анда-санда, тас еденді тақырлатып, кілттерін сылдырлатып, тұтқындардың құйқа тамырын шымырлатып, ұзын ауыз үйді жағалап кілтшілер өтеді. Біз қараңғы бөлмеде күңкілдесіп отырмыз. Ақырын тұрып терезенің тесігінен сығалаймын. Жер аппақ. Кеш қараңғы. Аспанды қаптаған қара бұлт тұнжырап жерге төніп, жерді басуға таянған тәрізді. Түнерген аспаннан жерге ызғарланып қар қылаулайды. Кеш қараңғы. Көк те қараңғы. Сәуле жоқ. Жерді аппақ қар басқан. Түрменің іші түннен де қараңғы. Түрме бөлмесінің терезесінің ауа кіретін бір көзі ашық. Ашық көзден бөлмеге, бір жат хайуанның дем алысындай сасық ауа шығып, таза ауа уілдеп кіреді. Жапсар бөлмеден екі тұтқын әйелдің қосылып салған зарлы әні естіледі. Әндері жылау тәрізді. Әндері қалтырап, үзіліп-үзіліп шығады. Мұңды, зарлы әндері жүректің нәзік тамырларын қозғайды. Жырлайды екі әйел. Жырлағандары еңіреген жылау сияқты...
Біз отырған бөлменің құлпын ашып, түрменің бастығы мен кілтшілер қаракөлеңкеде бір қазақша киімді жуанды бөлмеге кіргізді.
Түрменің бастығы есік алдында тұрып, тағы да күліп: — Ал, міні, отағасыларың! Күтіп алыңдар, — деп есікті жапты.
Қаракөлеңке түрменің бөлмесіне кіріп келген жуан қазақ бірдемені құшақтаған бойымен:
— Ассалаумалейкум! — деді.
Көтерген көрпе-жастығын сәкіге қоя салып, тақтай сәкіде отырған бізбен амандасуға жылдам қимылдап қолдарын созды.
Жағалай қолымызды ұстады... Жалғыз-ақ Жұмабайға қолын соза бергенде, Жұмабай:
Тарт қолыңды, ит! — деді. — Қарашы, ұялмай қолын әкеле жатқанын, жауыздың! Кет әрмен! Біздің ішімізде отырма! Енді түрмеде де біздің соңымыздан қалмайын дедің бе!.. Кет, отырма қасымызда! — деп, Мәнтеннің сәкіде тұрған көрпе-жастығын еденге лақтырып тастады.
Мәнтен бізге жалтақтап қарап: Бұл қалай, қарақтарым? — деп отыра кетті.
— Қой, Жұмабай! Саған не болды? Молдадан енді осы жерде кек алмақшымысың?.. Қой, молданың қолын ұста! Не керек орынсыз бүйту! — деп, біз Жұмабайды тоқтатып, басып жайластырдық.
Мәнтеннің көрпе-жастығын сәкіге алып қойдық. Мәнтенмен амандастық. Сөйлестік, хал-жайларын сұрастық.
Мәнтен «Алашорданың» бізге қылған істеріне өкініп, бармағын шайнаған болып отырды. «Алашорданың» уездік советінің төрағасы Түсіп Ізбасарұлы түрменің аурулар жататын бөлмесіне кіргізілгенін айтты.
Ертең ерте біз отырған бөлменің есігіне Түсіп келіп тұрып, есіктің тесігінен бізбен амандасты.
Біз күлісіп:
— Е,е, Түсеке!.. Достарыңыздың сыйы қайырлы болсын! Ештеңе етпес!.. «Тұлпардың өз тұғы өзіне май...» деген, өз жолдастарыңыздың сыйы ғой! — дедік.
Түсекең мұндай сөздерге жөндеп жауап бере алмайтын кісі еді:
— Өй, өткен істі не қыласыңдар енді! — деді.
Түсіпті кіргізген түрменің бөлмесін «больница» дейтін. «Больницаның» есігі жабылмайтын. Күнде бізді 15 минут түрменің ішкі қорғанына бой сергітуге шығарғанда, Түсіп бізбен сөйлесіп жүретін болды. Және біз бөлмемізде жабулы отырғанымызда да Түсіп есікке келіп, есіктің тесігінен бізбен сөйлесіп кететін болды. Өзгелердің өйтіп тесіктен сөйлесіп тұрғанын көрсе, бақылаушы кілтшілер жазаландырушы еді. Түсіпке тимейтін болды. Сыйлайды. Түрмеде отырған большевиктер, орыстар Түсіпті көп білмейді. Мәнтенді жақсы біледі. Өйткені Мәнтен большевиктерді тергеген комиссияның мүшесі еді. Комиссия бәрімізден жауап алғанда қасқиып отырып, Мәнтен большевиктердің есінде қалған еді. Сол себепті Мәнтен түрмеге алынып, біз отырған бөлмеге кірді дегенді ести сала, өзге бөлмелердегі орыстар көруге құмарланыпты.
Таңертең бөлмелерінен шыққан уақыттарында, біздің есікке келіп, тесігінен сығалап бізбен сөз қатысып, Мәнтенді көрісіп кетті. Кейбір тентектеу жігіттер Мәнтенді боқтап та кетті. Бір-екі күннен соң түрменің бастығы Ростов келіп, біз отырған бөлменің құлпын ашып кіріп, бізге:
— Қалай, Мәнтенді отағасы қылып «сыйлап» жүрсіңдер ме? — деп, Жұмабайға қарап, көзін қысып, ымдап:
— Жақсылап сыйлаңдар! —деп тағы да Жұмабайға қарап, иегін қағып шығып кетті.
Әуелі мен мұнысына түсініңкіремей қалып, артынан түсіндім: «Мәнтенге қысым қылсын» деп жүр екен.
Түрменің бастығы келіп кеткеннің соңынан, бірінші бөлмедегілерді бой сергітуге ішкі қорғанға шығарған екен.
Біздің есікке түрмедегі большевиктердің ішіндегі ең тентегі Макалкин деген жігіт келіп, тесіктен қарап тұрып, Мәнтенді балағаттап, боқтап, бізге:
— Сендер Мәнтенді неге жай отырғызасыңдар! — деп ұрысты.
Ендеше мұны бізге жіберіңдер, біз сыбағасын берейік! — деп кетті.
Мәнтен қорықты. Қайтсін?.. Ертеңінде Мәнтенді түрменің бастығы келіп, біздің қасымыздан алып, Макалкин отырған бірінші бөлмеге апарып кіргізді.
Мәнтен бірінші бөлмеге кірісімен, Макалкин қарсы түрегеліп, балағаттап, боқтап, біраз сабап, қысым қылып, сәкі астына жатқызыпты.
Ертеңінде бой сергітуге шыққанда, Мәнтен біздің есікке келіп, тесіктен:
— Қарақтарым, ана Макалкин дегенге айтып, қойғызбасаңдар болатын емес!.. Сәкен, сен барып айтпасаң, ана Макалкин қоятын емес! — деп, қатты өтініш қылып кетті.
Ішкі қорғанға шығарғанда, мен бірінші бөлменің есігіне келіп, тесіктен Макалкинді шақырып алып:
— Сен енді ана Мәнтенге тиме, не қыласың! — деп кеттім. Бой сергітуге шыққан сайын, ішкі қорғанда ерсілі-қарсылы жүріп жүрген бізбен Түсіп келіп әңгімелесіп кетеді. Және біз бөлмемізде отырғанда да келіп, есіктің тесігінен бізбен сөйлесіп кетіп жүреді.
Түсіп өте қорқақ кісі. Әңгімесінің көбі:
— Сен қалай деп ойлайсың, мені не қылар екен, ә?.. Қайтер екен, ә? — дейді.
— Кім білсін не қыларын! Өзіңіздің кешегі жолдастарыңыз ғой, — дейміз.
— Жоқ, сонда да не қылар екен, ә, ә? — деп қоймайды. Нeшe ай қол-аяққа темір шынжыр салынып, атылуға ұйғарылып отырған, тағдыры қылыштың қырында, пышақтың жүзінде тұрған бізде жұмысы жоқ!.. Жолдастарының ашуымен үш айға жабылып қалған өз халдерін: «Қалай болар екен» — деп қайта-қайта сұрайды.
— А, ай, «Алашорда...» Бейшара, қайтсін!
Бір күні есікке Түсіп келіп, тесіктен:
— Өй, біреуің келіп кетші, — деді.
Біз ас ішіп отыр едік.
— Не, немене? —деді Жұмабай.
Жұмабай тұрып барды.
— Ей, Жұмабай, мені не қылар екен ә-ә? Не қылар екен? — деді.
Жұмабай түсін суытып, әбден ыза болып кетті де:
— Сені атады екен! Сендерді большевиктерден бұлар қауіпті деп таныпты. Сендерді атады қып-қызыл қылып! — деді.
Түсіп шошып кейін шегініп қалды. Біз, Жұмабайдан басқа, Абдолла, Бәкен, мен үшеуміз күліп жібердік.
Міне, «Алашорданың» кейбір «кемеңгерлеріне» түрменің ішінде де азырақ ұшырастық.
Не қылсын?.. Бұларды түрмеде көп жатқызбайды, шығарып қоя берді. Қарғаның көзін қарға шұқи ма?... Біз жата бердік...
Бір күні Ростов орнынан қалып, түрмеге бастық болып Сербов «қаһар» келді. Сербов сұр жыланша ысқырды. Сербов патшашылдың барып тұрғаны. Кешікпеді, бір күні Сербов түрменің әр бөлмесіне кіріп, адмирал Колчактың «Жалпы Россияға» жалғыз өзінін ғана бас билеуші болғандығын жариялады.
Сербов шатынап, қаһарланып алды. Бір мезгілде біздің бөлменің құлпын ашып, кілтшілер мен Сербов келді.
— Сібір үкіметі және одан жоғары директория қалып, күллі Россияны билеуге енді диктатор болып адмирал Колчак тағайындалды. Отан жауынгерлік тәртібіне қойылады. Енді бұдан былай түрмеде отырғандардың ішінде кімде-кім жөн жүрмесе, атылады!.. — деп, жыланша ысқырып шықты.
Енді халіміз жаман үстіне жаман болатын болды...
Бір күні түрмеге жаңадан бір-екі кісіні әкеп, бір қараңғы бөлмеге тықты.
Сұрасақ, Түркістан жағынан, Жетісу жағынан қашып келген бір-екі большевик қызметкерлер екен.
Бірінің аты — Павлов, бірінің аты — Пиянковский.
Колчак билікті өз қолына алған соң жүгенсіздік, бұзықтық, жауыздық бұрынғылардан да жаман күшейді.
Енді эсер мен меньшевик партияларының нағыз шын мүшелерінің өзін қуа бастады. Колчакқа әкімшілік әперген патшашылдар жалпы Россияға үкімін жүргізбек болған директорияны тұтқынға алып, бөлек-бөлек қуалап жіберді.
Директория мүшелерінің бәрі эсер партиясының бастықтары еді. Чернов, Авксентьев, Зинзенов, Вольский. Бұларды бездіріп қуып жіберді. Эсер партиясының Сібірдегі бастықтарының бірі — Омбыдағы жазушы Новоселов деген еді. Новоселов Керенский заманында құрылған Сібір үкіметінің бір мүшесі еді. Сол Новоселовты тал түсте Колчактың жендеттері Омбыда атып өлтірді. «Тынышсыз» деген эсер мен меньшевик партиясының талай адамдарын абақтыға салып қойды. Қысқасы, Колчактың шашбауын көтергендерден басқа бұрынғы «саясатшылардың» бәрін қуып, быт-шыт қылды. Патшашылдардың дәуірі айқын жүрді.
«Көпшілік», «халық», «бостандық» деген сөздер біреудің аузынан шыға қалса — дереу үнін өшіретін болды. Адал ниетті жұрт Колчактың майданынан қашты. Жалғыз-ақ Колчактың қасында жұмыскердің қанына семірген бай отырды. Шен алу үшін крестьянның қанын шашқан жандарал отырды. Бай мен жандаралдың табағын жалаған оқыған адамы мырза отырды. Шашын жалбыратып поп отырды. Таспиғын сыртылдатып молда мен мүфти отырды. Бұлармен сыйлас шетелдердің байларының қулары отырды. Және бәрінің есік жағында текенің шытасына салған насыбайын ерніне жымырып, шырт еткізіп түкіре түсіп «біздің алашорда» отырды. Есік алдында сымдай болып, Николайдың приставы тұрды. Пәтуалар арақпен байланатын болды. Батасы — патшаны тілейтін салауат жыр (Боже, царя храни) болды.
Жарлықты қамшымен жасайтын болды.
Бір күні мені түрме кеңсесіне апарды. Бұрын бір школдың кітапханасынан мен бір словарь алғанмын. Менен сол туралы түрменің бастығы Сербов жауап алды. Сербов пәтері сол кеңсесі екен. Қарасам кроватьтың тұсында Николай патшаның суреті ілулі тұр. Суретті қызыл шүберекпен айнала шырмап қойыпты. Суреттің астында бір карабин мен әдемі күміс қынапты қылыш айқасып ілулі тұр. Оның астында ақ тақта шүберекке жазған патшаны тілеген жазу (Боже, царя храни) тұр.
Міне, осымен батырың ниетін білдірмек! Колчактың жендеттері арам қулықтарын бүркеуді қойған.
Бір күні, түн ортасында, түрме бөлмелерінің жалпы ұзын ауыз үйінде біреулердің тықырлап жүрген дыбысы естілді. Салдырлаған кілттердің дыбысы шықты. Ашылған есіктің салдыры естілді. Күмбірлеп-самбырлап сөйлеген дауыстар естілді. Біз ойланып, тыңдап отырмыз.
Бір мезгілде:
— Матрос Авдеев! — деген дауыс естілді.
Күңгірлеп сөйлеген шаңда шұң дауыс шықты. Сербовтың дауысын таныдық. Қасында және бір бөтен дауыс бар.
Сербов:
— Тұр тізеңнен! Жылдам! — деді.
— Тұрғанда не қыл дейсіңдер? — деді біздің жолдас матрос Авдеевтің даусы.
— Тұрғанда, патшаға салауат айтасың! (Боже, царя храни) — деді Сербов.
— Мен ендеше тіземнен де тұра алмаймын, патшаға салауат та жырлай алмаймын! — деп күрілдеген Авдеевтің даусы шықты.
— Жырлайсың, ит! Жырлатамыз біз! — деген дауыстар шығып, Авдеевті бірдемемен салып қалғандай болды.
— Еркек болсаңыздар, мені атып тастаңыздар!.. Жақсы адам болсаңыздар, тұтқынды ұрмас едіңіздер! — деді Авдеев.
— Сөйлеме, жырла патша жырын, жауыз! — деді Сербовтар.
Тағы да салып қалғандай дыбыс шықты.
— Өлтіріп тастасаңыздар да мен патшаға салауат жырламаймын! Мен еңбекші халықтың бірлік ұранын (интернационалды) ғана жырлай білемін. Еңбекші халыққа патшаның керегі жоқ! — деді Авдеев.
Тағы да Авдеевті салып қалды. Авдеев қайыспады. Авдеев жырламады. Авдеев қажымады, қайыспай тұрып алды. Колчактың «батырлары» біраз ұрып қойды.
Салдырлатып-самбырлатып, боқтанып келіп, екінші есікті ашты. Тағы да:
— Ә-ә, Павлов!.. Амансың ба, көгершінім! — десті.
Балағаттап боқтап жатыр.
— Отыр тізеңмен! Жырла, патшаның салауатын! — десті ақырып.
Тағы да шаң да шұң дауыстар шығып, салып қалғандай болды.
Екі-үш дауыс ақырып:
— Жырла жылдам! —деді.
Тағы да салып қалғандай дыбыс естілді.
Павлов шыдай алмалы. Павлов тез сынды...
Павлов патшаның салауатын «Боже, царя храни» деп жырлап жіберді.
Бұл Павлов Түркістан жағынан келіп, тұтқынға алынған Павлов екен. Бұл жырлады. Жырды естіп тұрған тұтқындары замен күйініп жылады. Павлов жырлай бастағанда, Сербов шақылдап:
— Қолдарыңды көтер! Под козырек! — деді.
Жыр біткен соң, Павловты қоштап:
— А-а, қорқақ ит! Батыр емес не едің? Не қылмап едің? Он бес минуттен қалғаныңды қырам деп бұйрық қылушы едің ғой?.. Батыр емес пе едің, жауыз! Қорқағын қарашы, иттің! — деп, тағы да ұрған дыбыс шықты.
Павловтың енді ойбайлаған дауысы шықты. Енді тек ұра берді. Боқтап, балағаттап ұра берді. Ұрған сайын Павлов ойбайлап жатты.
Біраздан соң ойбайлаған дауыс әлсірей бастады. Ақырында дауыс әрең шықты. Боқтап, балағаттап, қорлап Павловты тастап, Авдеевтер отырған бөлмені тағы да барып ашты. Тағы да самбырлап сөйледі.
— Авдеев, сен жігітсің! Сен ерсің. Сен біздің жауымызсың, бірақ жау болсаң да жақсы адамсың! Жауласуға тұратын адамсың. Анау Павлов кісі емес! Ол аяқ астында жорғалап жүретін хайуан! — десті.
Тағы да қоразданған Сербовтың мынадай даусы шықты:
— Бұл Авдеев большевиктердің қызыл әскер штабының бастығы еді. Бұл нағыз ер. Өлімнен қорықпайды. Әнеугі күні біз Совдепке қарсы көтеріліс жасағанымызда, бұл шын ерлігін көрсетті. Біз Совдепті тұтқынға алып, қамап қойып, әскерлерінің штабына барсақ, Авдеев мылтығын ұстап тұр екен. Бізді штабына кіргізбей, бір қолында наган, бір қолында бомба, азғантай әскерді ертіп, атысуға даярланып, көшеге шықты.
— Қаруларыңды тастап, беріліңдер! —деп мен айқайлап едім:
— Берілмейміз! Шамаларың келсе бізді аямаңдар! Біз енді қазір ата бастаймыз! — деді.
Бұл қорықпады, — деп Сербов Авдеевтің ерлігін айтқан болып, өзін Авдеевтен де батыр қылып, қоразданып сөйлеп тұрды. Енді самбырлап біз отырған бөлмеге таянды. «Левый эсер» Смокотин адвокат отырған бөлмеге келіп, оны біраз айналдырды. Смокотин — қарт кісі. Заты казак-орыс. «Левый эсерден» коммунист болған қажырлы адам еді. Ол Сербовтың ақырғанынан қорықпады. Тілін тартпады.
— Жарайды, сен шал казак-орыс болсаң да жолдан азған адамсың, бірақ әйтеуір казак-орыс болғандықтан қажырлы, тәуір адамсың! — деді Сербов.
Одан келіп, тағы да «левый эсер» адвокат Трофимовтың отырған бөлмесін ашты.
Трофимов Ақмола большевиктеріне жөн сілтеп ақыл үйреткен кісі еді. Трофимовқа Ақмоланың байлары мен төрелері өте өшіккен еді. Сербов Трофимовты біраз боқтап, балағаттап тастап, бізге келді.
Біздің есіктің құлпын ашып, салдыратып кіріп келіп. Сербов ақырып:
— Түрегеліңдер! — деді.
Біз түрегеліп тұрдық.
Сербовтың қасында кілтшілер, түрменің қарауылының бастығы және арқа қазағының күпісін, етігін киген бір-екі бөтен орыс жігіттері.
Сербов мазақтай күліп, әлгі қазақша киінген жігітке қарап бізді көрсетіп:
— Міне, қазақ бөлімі, тақсыр жүзбасы! (Господин сотник) — деді. Қазақша киінген жігіттер кекете күліп:
— А-а, бастықтар екен ғой! (Ах, начальство, значит) — деді.
Сербов:
— Бұлар большевиктердің балапаны еді. Бірақ балапандарды ержеткізбей, ұшуға жібермей, қанаттарын шауып тастадық,—деді.
Сербов мастау көрінді...
Ертеңінде білдік. Павловты қылыштап, мыжғылап кеткен екен.
Міне, түрлері осындай. Түрмеде жай тиыш жатқан кісі бейнетті, қорлықты анықтап көрмеген кісі. Түрмедегі тұтқынды әкімдер күнде боқтап, күнде балағаттап қорлап, күнде «атамын» деп отырса, қиыншылық сонда ғана көрінеді. Сонда ғана түрменің не екені білінеді екен. Сонда ғана түрмеде отырған кісінің де қандай екені көзге көрінеді.
Тағы да крестьяндардан әскер жинай бастаған. Бірінші ретте де, екінші ретте де крестьяндар талай жерде ақтардың әскеріне баруға риза болмаған. Сол себепті бірінші ретте де, екінші ретте де крестьяндардан көп кісі абақтыға жабылып, біраз жатып шыққан. Соңғы әскер жинаған реттерінде «үкіметке қарсылық қылды», «жастарға әскерге бармаңдар, бұлардың өзіне қарсы тұру керек деді» деп, «ел бұзғыш» деп, біз жатқан бөлмеге бір Гоппе есімді немісті әкеп жапты.
Гоппе — жиырманың ішіндегі жігіт. Менің қасымда жатты.
Ақмола уезінде «Інжар», «Тәуірше» поселкесінің немісі. Шүйіркелесіп сөйлесіп, мен Гоппеден немісше тіл үйреніп жаттым.
Бір күні, түн ортасында, салдырлатып біздің бөлменің құлпын ашты. Біз ұйықтап жатыр едік. Оянып, үрпиісіп бастарымызды көтердік.
Мылтықты екі солдат пен бір кілтші кіріп келді:
— Гоппе! Тұр! Айда, жүр! — деді.
Гоппе:
— Қайда апарасыздар? — деді.
Солдаттар:
— Айда, жүр! Жауапқа барасың!.. — деді.
Гоппені алып кетті. Біз күтіп отырдық. Түрмеде үн жоқ. Темір торлы терезеден қарадық. Қанатын жайған қара түн дүниені қаптап түнерген. Қап-қара аспан төмен салбырап түскендей. Қаптаған ақ көбелектей жай қалықтап аспаннан ақша қар жауып тұр. Терезеге қараған түрменің ішкі қорғанын аппақ қар басқан. Қорғанның іші де тым-тырыс. Жолдас Гоппені ақ көбік шашқан қара пәле қара түн құшағына алып жұтып қойды. Біраз уақыт өтті...
Бір мезгілде тықырлатып салдырлатып келіп, тағы да есікті ашып, Гоппені бөлмеге енгізіп жіберіп, есікті жауып кетті.
Гоппе сенделіп келіп құлады.
— Не болды? Не болды? — деп Гоппені жатқыздық. Гоппе қасындағы мені құшақтап, сөйлей алмай жылап қоя берді.
— Айтшы, қызылдар келе ме, келмей ме? Қашан келеді?— деді.
Мен:
— Жылама, баламысың?.. Жылама, келеді қызылдар, келеді! — дедім.
— А-ай,бәлем-ай!.. Келсе!—деп тісін қайрап, жұдырығын түйді.
Гоппені алып шығып, түрменің қасындағы орыс моласына апарыпты. Төрт казак-орыс мылтық дүмімен ұрып, Гоппені қарға домалатып, өздері шаршағанша ұрыпты.
Міне, «тәртіп» осындай.
Түрменің бір бөлмесін аурулар жататын «аурухана» дейді. Бұл ауруханасы өзге бөлмелерден тәуір. Есігі күндіз ашық тұрады. Мұнда ауру болып, біздің Нұрғайын мен учитель Горбачов жатады. «Алашорданың» Түсібін де ауру болмаса да осында кіргізген. Онысы — «Алашорданың» кісісі деп, өзгемізден бөліп, құрметтеп ұстағаны. Ауруханаға бір жаман фельдшер келіп жүреді, фельдшердің киімі жаман, нашар. Фельдшер келгенде, ауырған тұтқын кілтшіге айтып барып фельдшерге көрініп, дәрі сұрайды.
Бір күні азырақ науқастанып, кілтшіге айтып, ауруханаға бардым. Жаман фельдшер мен Сербов және доктор Благовещенский тұр екен.
Маған:
— Сіздің неңіз ауырады? — деді.
Мен:
— Бір шаншу қадалып кетпейді, соған дәрі болар ма екен? — дедім.
Сол күні «құдай иіп» келген доктор Благовещенский мені көрді. Фельдшерге бірдеме деген дәрі бер,—деді. Фельдшер бетін күле тыржитып:
— Мен жылдам жазылатын у берер едім, — деді.
Таң қалдым. Бұл сорлыға не керек?.. Дәл, құдды «Алашорда» сияқты!.. Бейшара!..
Анау аюдай ақырған Сербов — түрменің бастығы, «большевиктерді бітіру» комиссиясының төрағасы, өзі зор оқулы, техник. Ол жауыздық қылса, большевиктерге қарсы болса, мақсұты белгілі. Жұртқа, бұқараға әкім болғысы келеді. Әкім болады. Ал мына шалбарының арты жыртық фельдшер сорлыға не керек екен, ә? Бейшара... Бейшара!.. Құдды Кольчактың босағасында отырып, тымағын қисайта киіп, күпісін қымтана түсіп, текенің шытасындағы қонышына тыққан насыбайын алып ерніне салып, шырт түкіріп қойып: «Большевикті құртамыз» деген «Алашорда» тәрізді бейшара!..
Бұрын «учредительное собрание шақырамыз» деуші еді. Енді Кольчак қақшиып алған соң, учредительное собраниені қойып, «ұлт кеңесін шақырамыз (национальный совет)»—дейтін болыпты.
Бір күні түрмеге Омбыдан келген прокурор келді.
Прокурор жағалап біз отырған бөлмеге кірді.
Біздің кім екенімізді сұрады.
Айттық. Сонсоң ұлық шығуға бұрылып жүре бергенде, мен:
— Мүмкін болар ма сізден сөз сұрауға? — дедім.
Ұлық тоқтап:
— Не сұрайсыз? — деді.
Мен:
— Бізге сот бола ма?.. Қай уақытқа шейін мұнда отырамыз? — дедім.
Ұлық:
— «Ұлт кеңесіне» дейін отырасыздар, — деді.
Қызылдардың Уфа мен Орынбордың маңайында жүрген кезі еді.
Мен:
— «Ұлт кеңесі» тез болатын шығар? — дедім.
Ұлық маған біраз қарап тұрып:
— Әзір бола қоймас! — деп шығып кетті.
Біз есік жабылған соң, ақырын күлістік...
Сөйтіп жата бердік.
Бір күн бір күнге ұқсас. Бір түн бір түнге ұқсас. Жапсар бөлмеде екі-үш әйел отырады. Бірі – біздің жолдасымыз Кондратьева деген әйел. Бірі — абақтыға неше түсіп шығып, қайта түсіп жүрген Петракеева деген әйел. Әйелдің екеуі кеш сайын қосылып ән салады. Екі әйелдің қосылған мұңды даусын, екі әйелден шыққан қапас зарды тым-тырыс тұнжыраған түрме кеш сайын тыңдайды. Сарғайған жүз, қайнаған көкірек екі әйелдің зарымен бірге сарнайды. Әйелдердің әдемі дауыстары қалтырап шығады. Еңіреп жылап шығады. Жүректің нәзік тамырлары да олардың зарына қосылып, сызылып, сарнап жылаған тәрізді. Екі әйелдің жылаған тәрізді әні созылып-созылып, үзіліп-үзіліп зарлайды. Бостандықты сағынған қасірет зар болып шығады.
Кеш ұзақ. Кеш таусылмайтын тәрізді. Кешпен бірге екі әйелдің еңіреп сарнаған зары да ұзақ. О да таусылмайтын тәрізді. Кеш ұзақ, қараңғы.
Түрме де қараңғы. Темірлі терезе сығыраяды. Жерде аппақ суық қар. Темір құрсаулы тас сандықта сұп-суық ызғарлы... Түнерген кеш, ызғарлы кеш, қараңғы кеш еңіреген зарды есітер ме?.. Темір құрсаулы тас сандық — ызғарлы түрме — о да меңіреу... Тұтқынның зарын меңіреу түрме сезер ме?.. Дүлейге, меңіреуге бекер зарлама, талпынған жан!..
Бір күні бізді төртінші бөлмеде отырған көп жолдастардың ішіне апарып қосты. Көпшілікпен де тұрмыс бір қалыпта. Дойбы ойнаймыз, әңгіме айтамыз. Ұрланып келген кітап болса оқимыз. Түрме бір қалыпта: кір, лас, сасық, тығыз.
«Максималистен» большевик болған шаштаразшы Мартылого деген екеуміз жолдастарға әр түрлі мәселе туралы баяндама қыламыз.
Солайша күн өте берді...

VIII. АТАМАН АННЕНКОВ ОТРЯДЫНЫҢ ҚОЛЫНДА




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет